Өткен сенбіде «Көрме» сауда-көрме кешенінде «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсы өтіп, оның 2010 жылғы жеңімпаздары анықталды. Көрме-конкурсты ашқан Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастардың бүкіл жүйесін модернизациялау міндетін алға қойып отырғанын айта келіп, көрмеге қатысушыларды Қазақстанның дамуына қосқан зор үлестері үшін құттықтады.
Қай кезеңде болмасын, сапа саласында сайыстар өткізіп, оны дәстүрге айналдыру ісінің кәсіпорындарда сапа менеджментін дамытуда оң нәтиже берері сөзсіз. Соның негізінде ұйымдастырылған «Қазақстанның үздік тауары» атты көрме-конкурстың басты мақсаты – отандық кәсіпорындар мен ұйымдар өнімдерінің сапасын арттырып, оның қызметін өзектендіру, Қазақстан рыногын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жағдай жасау, сонымен қатар, сапа идеяларын көпшілікке тарату. Көрме-конкурсқа осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында өңірлерде өткен бизнес өкілдері арасындағы сайыстардың 145 жеңімпаз кәсіпорны қатысты. Аталмыш кәсіпорындардың тек республикалық деңгейде емес, сонымен бірге Кеден одағы рыногына шығуға да мол мүмкіндіктері бар.
Айта кетелік, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін әлеуметтік мәселелерді шешуге ынталандыру, осы саладағы оң тәжірибені көрсету және кеңінен тарату мақсатында бекіткен болатын. Осыған сәйкес, Премьер-Министрдің орынбасары — Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев өзінің құттықтау сөзінде: «Республикалық деңгейде өтіп отырған көрме-конкурс қазақстандық бизнес қауымдастық өміріндегі елеулі оқиға. Өз өнімдеріне «Қазақстанның үздік тауары» деген жоғары мәртебе алуға ұмтылып отырған кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің саны жыл сайын арта түсуде. Бүгінде қазақстандық кәсіпорындар өз өнімдерінің сапасын арттыруда қосымша инвестицияға мүмкіндік алды. Мәселен, олар дағдарыстан дамуға дейінгі кезеңдерден өтті. Ал конкурсқа қатысушылар санының жыл санап артуы ел экономикасындағы оң тенденцияны көрсетуде. Конкурстың барлық кезеңдерінің жеңімпаздары мен қатысушылары өздерінің бизнестегі бақуаттылығы мен сапалы әрі сертификатталған өнімдер шығарып, көршілес елдердің өндірушілерімен табысты бәсекелес бола алатындығын дәлелдеді», – деді.
Көрме қорытындысы бойынша конкурстық комиссия үш номинация бойынша жеңімпаздарды жариялады. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясына сәйкес, І дәрежелі дипломант атағын Павлодар облысының «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, ІІ дәрежелі дипломант атағын Алматы облысының «Қайнар АКБ» ЖШС, ІІІ дәрежелі дипломант атағын Солтүстік Қазақстан облысынан «Петропавл құрылыс материалдар зауыты» ЖШС иеленді. Ал «Халық тұтынатын үздік тауарлар» конкурсына 54 компания қатысқан болса, дәл осы номинация бойынша Қарағанды облысынан «Сантехпром» ЖШС І дәрежелі, ОҚО «Химфарм» АҚ ІІ дәрежелі, сондай-ақ, «Экотон-Батыс» ЖШС ІІІ дәрежелі дипломант атанды. Соңғы «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясына 60 ірі компания қатысып, І дәрежелі дипломант атағын «Рахат» АҚ иеленсе, ОҚО «Юникс» ЖШС ІІ дәрежелі, ШҚО «Өскемен құс фабрикасы» АҚ ІІІ дәрежелі дипломант атағын жеңіп алды.
Ал бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсына қатысу үшін республиканың барлық өңірлерінен 434 үміткерден өтініш келіп түскен екен. Оның ішінде кейбір компаниялар бірнеше номинациялар бойынша материалдар ұсынған. Комиссия қорытындысына сәйкес, «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша «Қазақстан темір жолы» АҚ (Астана қаласы) пен «Галицкое» ЖШС (Павлодар қаласы) І дәрежелі дипломант атанды. «Отқанжар» ЖШС (Қарағанды облысы), «Атамекен» ЖШС (ОҚО), сондай-ақ, «Тамас» ЖШС (Алматы облысы) ІІ дәрежелі дипломант атағы берілді. Ал, ІІІ дәрежелі дипломант атағына «Мерей и К» ЖШС (Ақтөбе облысы), «Азат и Д» ЖШС (Қостанай облысы) және «Сәулет» ЖШС (ШҚО) ие болды. «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (Маңғыстау облысы) және «Степногор тау-химия комбинаты» ЖШС (Ақмола облысы) І дәрежелі, «Лисаковская монтажная фирма-Имсталькон» ЖШС (Қостанай облысы), «Бином» ЖШС (Жамбыл облысы), «Степное» ЖШС (Ақтөбе облысы) ІІ дәрежелі, сондай-ақ, «Алпясбаева» ИП (Павлодар облысы), «Таскала-дән» ЖШС (БҚО), «Агрофирма «Ирина и К» ЖШС ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Ал «Үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын» номинациясы бойынша «Казфосфат» ЖШС (Жамбыл облысы) және «Казгермунай» БК ЖШС (Қызылорда облысы) І дәрежелі дипломант атанып, «Титан» ЖШС (ШҚО), «Мұнайаспап» АҚ (Алматы қаласы) және «Көкше-Полиграфия» АҚ (Ақмола облысы) ІІ дәрежелі, сондай-ақ, «Арқалық» ҰШ (СҚО), «Павлодар басқару колледжі білім беру ұйымы» ЖМ (Павлодар облысы), «Алтын-Әсел» ЖШС (Ақтөбе облысы) ІІІ дәрежелі дипломант атанды. Тағы бір айта кететін жәйт, осы жылдың 21 желтоқсаны күні «Қазақстан» орталық концерт залында Елбасының қатысуымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсының Гран при жүлдесі берілетін болады.
Шағын және орта бизнес өкілдері арасында әділ бәсекелестіктің орнауына жағдай жасайтын мұндай шаралар кәсіпкерлердің инновациялық белсенділігінің артуына, саланы басқарудағы әлемдік ұстанымдарының ілгері жылжуына, олардың сапалы өнім шығарудағы жұмыстарының тиімділігін арттыруға мол мүмкіндік беретіні белгілі. Мұндай өнімдер тұтынушылардың сұранысына, техникалық ережелер мен стандарттардың заманауи талаптарына жауап беріп қана қоймай, сонымен бірге отандық тауарлар рыногының дамуына айтарлықтай үлес қосатын болады.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.
------------------------------------
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.