Жамбыл аудандық мамандандырылған күзет қызметі сақшы бөлімінің қызметкері, полицияның аға сержанты Асхат Нүпбаевтың отбасы жуырда зор қуанышқа кенелді. Асхаттың зайыбы, Үмбетәлі ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері, жиырма жеті жастағы Эльмира Сәрсенбаева бір мезетте үш қыздың анасы атанды.
Эльмира 2007 жылы С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетін ойдағыдай бітірген соң жас маман ретінде осы ауданға қызметке келіпті. Балалар дәрігері мамандығын меңгерген келіншектің тұңғыш ұлы Мәди қазір төрт жастан асқан. Алланың құдіреті шексіз ғой, енді, міне, жастар шаңырағы Айман, Шолпан, Жұлдыз атты үш қыздың іңгәлаған дауысымен шаттыққа бөленді.
Аяғы ауырлаған соң арнайы дәрігерлік зерттемеден өткен Эльмира құрсағында үшем сәбидің тіршілігі басталғанын біліпті. Оны Алматыдағы әйелдерді босандыратын ғылыми орталықтың өзі тиісті қамқорлығына алып, шараналарды жеті жарым айлық мерзімінде кесарево әдісімен дүниеге келтірген. Сөйтіп, 2 килограмм, 1900 және 1850 грамм салмақта туған сәбилер қазір ананың аялы алақанында ширап келеді.
Үш қыздың есімін нағашы әжелері Кеңесбала қойыпты. Бүгінде нәрестелердің күтіміне көмектесіп, қызының қасында жүрген Кеңесбаланы әңгімеге тартқанымызда: «Түс көрдім. Аттарын осылай қой деп аян берді» деді ол.
Иә, бәрі де дұрыс қой, алайда, үш сәбиді өмірге келтірген жас ананың тұрмысын көріп көңіл қоңылтақсыды. Жас маман ретінде Үмбетәлі ауылына қызметке келген дәрігер бүгінгі күнге дейін біреудің қоржын тамын жалдап тұрып жатыр. Жағдайсыздық байқалады. Суды жарты шақырымдай жерден тасып әкелетіні тағы бар. Иә, жалдамалы пәтердің қуықтай бөлмелерінде енді шынымен қысылған жас отбасының алдағы тіршілігіне аялы қамқорлық қажет-ақ.
Бірақ оған мойып, салы суға кеткен ата-ана жоқ. Шүкіршілік жасайды. «Егемен еліміздің еңсесі көтеріліп, Елбасы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар пейілін салып жатыр ғой. Біз де қамқорлықтан кенде қалмаспыз, десек те, нәрестелер қосымша тамақтандыруды қажет етеді екен. Қаладан шалғайда болғандықтан, арнайы сәби асханасы жоқ. Сол жағы да қинайды. Айта берсе, қажеттіліктер жетіп артылады. Ал баспананың жағдайы бізді енді көбірек ойландыра бастады. Мейлі ғой, құдайдың бергеніне тәуба дейміз. Осыған дейін үйсіз де күн көріп келдік қой» дейді ертеңгі күніне бек сеніммен көз тігетін ақжарқын мінезді Эльмира.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы, Жамбыл ауданы.