Ұзынағаш ауылының солтүстігіне қоныстанған 28237 әскери бөлім Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімімен аталады. Батыр қолбасшының «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген нақылына адалдық танытқан жауынгерлер оның туғанына 100 жыл толуын асқақ рухта өткізуді жоспарлап, жыл бойы жақсы істердің тиянағын келтірген еді. Жауынгерлер арасында майдангер жазушының шығармаларын оқып-үйрену, батырлығы мен батылдығынан тәлім аларлық әртүрлі шаралар өткізу мәселелері жалғасып, жақында мерей салтанаты атап өтілді.
Азаматтық қорғаныс саласына бейімделген аталған полк сарбаздары 1990 жылдан бері батыр есімін еншілеп келеді. Сардарлары мен сарбаздар алдында Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Валерий Петров, Алматы облысы әкімінің орынбасары Аңсар Мұсаханов, ҰҚК-ге қарасты ҰҚ академиясының бастығы, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов және басқалар сөйлеп, бүгінгі жастарды елжандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелеу мен қиын сәттерде халыққа дер кезінде көмекке келу мақсатындағы әрекеттеріне баға беріп, батыр Бауыржанның есіміне лайық әрдайым ептілік пен жауынгерлік жауапкершілікті жоғары ұстауды міндеттеді.
Шара барысында құтқару және апат зардаптарын жоюда жанқиярлық әрекеттер танытқан, әскери міндетін абыроймен орындаған офицерлер мен сарбаздар, әскери қызметшілер төсбелгілермен, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды.
Жиынға қатысқандар жеке құрамның салтанатты шеруін, сарбаздар жатақханасын, бөлім мұражайын аралап, әскери құтқарушылардың жаңа үлгідегі техникаларымен, зардап шеккендерді жедел құтқару әдістерімен танысты.
Батыр атындағы полктың мәдениет үйінде әскери бөлімнің жеке орындаушылары өнер көрсетті.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы, Жамбыл ауданы.