«... Оның жырлары жаттауға жеңіл емес еді, бірақ бүкіл халық ең болмаса бір өлеңін жатқа біледі. Оның жырлары әнге арналмаған болатын, бірақ еліміздегі бүкіл ұлт пен ұлыстар оның қаламынан шыққан «Менің Қазақстанымды» оң қолдарын жүрегіне басып, тік тұрып шырқайды. Кеше осы әнмен Желтоқсан көтерілісіне шыққан, бүгін де, ертең де осы әнмен келешекке қадам басады. Ақын бақыты деген осы», деді Жұмекен Нәжімеденовтің 75 жылдығына арналған кеште ақын Ұлықбек Есдәулет.
«Сен әдебиетке екінің бірі болып келген жоқсың, құбылыс болып келдің» деп Қадыр Мырзалиев айтқандай, поэзия әлеміне құбылыс болып келген Жұмекендей арда ақынның биыл айы оңынан туған жыл. Ақын Мемлекеттік сыйлыққа ие болып, жырларына жұрты жауһар тақты. Міне, 75 жылдығы да лайықты дәрежеде аталынып өтуде. Осы сөзіміздің бір айғағындай, кеше Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Жұмекен Нәжімеденовтің мерейтойлық кеші өтті. Жыр сүйер қауымды арқалантып кеткен жиынға жастар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шығармашылық кешті Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин ашты. Ал мәдениеттің ордасы болған алматылықтардың жүрекжарды тілегін қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов жеткізді.
Ақынның мерейтойына арналған мәйекті ой ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Жыры жұмбақ Жұмекен» дейтін баяндамасы болғаны ақиқат. Ақынның бүкіл болмысына тереңдеп, сөз маржанын теріп, жиналған халықты ойға бөлеп өткен сөз соңы Жұмекеннің жырларына ұласты. Жұртшылық ақын сөзіне жазылған, бұрын айтылмаған жаңа әндермен қауышты. «Сарын» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен әншілер Сара Тыныштығұлова, Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева, Марта Төлепбергенова кештің сәнін келтірді.
– Егер ағамыз арамызда жүрсе, тұлпар мінер еді, сол тұлпарды отбасы мінсін, – деген тілекпен сахнаға шыққан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің ақынның жары Нәсіп апамызға қошемет көрсеткені де жарасты болды. Бұл тойдан Атырау облысы да қалыс қалмады.
Өзі айтқандай, Жұмекенмен «жүгіріп жүргенде» жолдас болған ақын Тұманбай Молдағалиев та жүрекжарды сөзін жыр шумағымен жалғастырды. Ақынның тойына Шымкенттен қазақтың қос ақын қызы Әселхан Қалыбекова мен Ханбибі Есенғарақызы да жеткен екен. Олар да жылы лебіз білдірген. Шәміл Әбілтаевтың шабытты күйінен кейін сахнаға ақынның жары көтеріліп, халыққа, жиналған жұртқа шынайы ықыласын білдірді.
Биыл еліміз үшін де, біз үшін де жақсы жыл болды. Көптен күткен қуаныш келіп жетті. Оқырман Жұмекенді жақсы көретінін дәлелдеді. Республиканың әр түкпірінен танитын да, танымайтын да адамдардың құттықтаулары келіп жатыр, дей келіп, Нәсіп апамыз одан әрі поэзияны құрметтегені үшін жиналған жұртқа рахмет айтты.
Айнаш ЕСАЛИ.
_______________
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.
Алматы.