22 Желтоқсан, 2010

Қуатты елдің қадамы да қарышты

627 рет
көрсетілді
42 мин
оқу үшін
Бір жылда 152 индустриялық жоба іске қосылды 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен әлемдік дағдарыстан кейінгі еліміздің алдағы даму страте­гиясы аясындағы 2010-2014 жылдарға ар­налған мемлекеттік үдемелі индус­трия­лық-инновациялық бесжылдық жос­пары бастау алғаны белгілі. Индус­трия­ландыру бесжылдығының алғашқы жы­лының өзінде елімізде жалпы құны 800 миллиард теңге болатын 152 ірі ин­дус­триялық-инновациялық жобалар іске қосылды. Осы мерзімде ел өңірлерінде 24 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасы қай­та жаңартылғаннан кейін жалпы құны 8,1 триллион теңгені құрайтын 294 жобадан тұратын жаңа кесте жасалынды. Бұл жобаларды іске асыру барысында құрылыс нысандарын салу кезінде 207 мың қазақстандық уа­қыт­ша, ал жобалар іске қосылғаннан кейін 161 мың отандасымыз тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ. Жобалардың 131-і республикалық индустрия­лан­ды­ру картасына енгізілсе, 163 жоба өңір­лік индустрияландыру картасына кіргізілген. Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Индус­трия­лық даму – бұл біздің жаңа он­жылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан та­бысты индустриялық держава болады – мен бұған әбден сенімдімін» деп атап көрсеткен болатын. Ақиқатында биыл бастау алған индустрияландыру бес­жыл­дығының алғашқы жылы еліміздің өркениет биігінен лайықты орын ала­тын әлеуетті де дамыған державаға лайық қадам жасағандығын паш етті. Міне, осы бір қарышты қарқынмен даму үрдісіне Мемлекет басшысының өзі сәттілік тілеп, бір мезетте 80 ірі ин­дустриялық нысанның тұсауын кескендігі де айқын дәлел болса керек. Үсті­міздегі жылдың бірінші жарты­жыл­дығында еліміз бойынша жалпы құны 380 миллиард теңгеден асатын 72 ірі өндіріс нысаны пайдалануға беріліп, 12 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Енді міне, екінші жартыжылдықта жалпы құны 450 миллиард теңгеден асатын 80 ірі инвестициялық жоба іске қосылып, тағы да 12 мың жаңа жұмыс орны ашы­лып отыр. Бір жылдың ішінде 152 ірі индустриялық-инновациялық жобаны іске қосу бұрын-соңды ешқандай мемлекет тарихында болып көрмеген құ­былыс. Бұл индустриялық өрлеу дәуі­рінің басталғандығының, егемен елі­міздің ертеңгі қуатты дамуының берік базасының іргетасы қалан­ғандығының айшықты айғағы болса керек. Қазақстан индустрияландыру карта­сы шеңберіндегі екінші жартыжыл­дық­та пайдалануға беріліп отырған кәсіп­орын­дардың тұсаукесерін өткізу сал­танатына келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен, еліміздің барлық өңірлерінде пайдалануға беріліп отыр­ған нысандардың макеттік көрмесімен танысты. Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко Мемлекет басшысына өңірде индустрияландыру картасы бой­ынша іске қосылған инвестициялық жо­балардың жайымен таныстыра келіп, екінші жартыжылдықта облыста жеті ірі нысан пайдалануға берілгенін атап көрсетті. Мемлекет басшысы облыс әкі­мінен өңірдегі еңбек өнімділігінің өсімі туралы сұрады. Мемлекет басшы­сының сұрағына әкім жауап бере алмай мүдіріп қалды. Елбасы өз сұрағына өзі жауап беріп, өңір бас­шысының облыс экономикасының ахуа­лын жете білмейтінін бетіне басып, ескерту жасады. Осындай бір келеңсіз жағдай Мемлекет басшысы Атырау облысының пай­да­лануға берілгелі отырған индустриялық жоба­ларының көрмесімен танысу кезінде де орын алды. Елбасы облыс әкі­міне өңірде мұнай-газ саласының ин­вес­тициялық жобаларынан басқа еш­қан­дай өндірістік кәсіпорын іске қо­сылмай отырғандығын ескертіп, сын тезіне алды. Мемлекет басшысы индустриялан­дыру картасы шеңберінде еліміздің барлық өңірлері бойынша пайдалануға беріліп отырған нысандардың макеттік көрмелерімен жан-жақты таныса келіп, арнайы ұйымдастырылған телекөпір арқылы бірқатар нысандардың ашы­луына сәт-сапар тіледі. ҚАРАҒАНДЫ__________________ Ел индустриясының қара шаңырағы Қарағанды өңірінің өндірісті өркен­де­тудегі қадамы жылдағыға қарағанда биыл қарышты бола түсті. Бұл жөнінде индустриялық жобалардың тұсаукесер рәсімінде Елбасына қысқа да нұсқа баяндаған облыс әкімі Серік Ахметов осы уақытқа дейін 9 ірі жобаның іске асырылғанын атады. Мұның өзі 800-ден астам адамның еңбекпен қам­та­масыз етілуіне ықпалын тигізбекші. Бұдан төрт-бес жыл бұрын қалт-құлт күйдегі Майқұдық құс фабрикасы қазір адам танығысыздай өзгеріс үстінде. Жобалық құны 1 миллиард 391 миллион теңгені құраған өндірістік кешенді жаңғырту бағдарламасы ойдағыдай орын­далғаннан бері келешекке үміт те үлкейген. Нидерланды, Жапония, Украина, Ресей елдерінің ең соңғы үлгідегі технологиялық құрал-жабдықтарымен жа­сақталып, жайнаған кәсіпорын алда­ғы уақытта жалпы қуаты жылына 137 мил­лион жұмыртқаға жеткізуді көздейді. Мұнда тағамдық жұмыртқа өндіруді белгіленген межеге көтеру үшін қолайлы жағдай бар. Тауықтар күтімі, ба­лапандар өсімі толық автомат­тан­дырылған құралдармен атқарылады. Фабрика Бұқар жырау ауданының экономикасы өрлеуіне сүбелі үлес қосуымен қатар әлеуметтік өміріне де елеулі өзгеріс енгізуімен жергілікті тұр­ғындарды қуанышқа бөледі. Құрамында еңбек ететін 180 адамның дені жастар. Қарағандының іргесіндегі шағын шаһар Саранның бұрынғы өндірісті ор­талықтардың бірі тұрғысындағы орны жылдан-жылға толысып келеді. Осында орналасқан «Евромет» ЖШС-нің кө­мір­ден металлургиялық кокс алу үшін жылу-техникалық кешенінің 2-ші кезегін іске қосуы құлашын кеңейте түсті. Соның арқасында бұдан былай қарай сырт жерден кокс импорттау күрт азаятын болды. Жылына өндірілетін 30 мың тонна кокс аймақ сұранысын қам­тамасыз етуге жетеді. Аталған жобаға арналған 500 миллион теңгенің 320 миллион теңгесін серіктестік өз қаржы көзінен бөлсе, 180 миллион теңгені Еуразиялық банктің несиелік көмегімен инвестицияға салды. Кәсіпорын өтімді өнімді өн­діруді жолға қою арқылы күш-қабілетін күшейтумен бірге қала бюджеті түсімін жылына 23 миллион теңгеге толықтыра алады. Тұрғылықты 45 азаматқа жұмыс тауып берілді. Қарағандының маргарин өнімдері тұтынушыларға көптен танымал. Енді оның өтімділігі одан сайын өсе түспек. Осындай бағыт ұстанған «Евразиан Фудс» АҚ жаңа технологиялық қон­дыр­ғыларды орнатуға басым көңіл бө­леді. Буып-түю жүйесі цехын толықтай қайтадан жаңғырту еңбек өнімділігін ұлғайтуға, өндіріс мәдениеттілігін көтеруге, өнім сапасын жақсартуға та­ғы бір үлгілі қадам жасатты. Бұл салада қолданылатын шетелдік заманауи техникалар сағатына 3 тоннадан 6 тоннаға дейін маргарин құюға жағдай туғызды. Дайын өнімдерді әр түрлі формада әрі әшекейлі қаптау да бұрынғыдан жылдам, сапалы атқарыла бастады. Іске асырылған осындай жобаларды таныстырып өткен облыс басшысы келесі жылы «Көктасжал» кеніші игерілетіндігі, «ҚазБелаз» бірлескен кәсіпорнында БелАЗ жүк көлігі құрастырылатындығы және қосалқы бөлшектер шығарылатындығы, «Сары Қазына» ЖШС катодты мыс өндіретін зауыт салатындығы сияқты ірі жобалардың көзделіп отырғандығына тоқталды. СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН  ................................ Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен индустриялық карта аясындағы нысандардың тұсаукесе­рінде үдемелі индустриялық-инно­ва­ция­лық даму бағдарламасы бойынша Қы­зылжар өңірінде іске қосылған ин­вестициялық жобалар жайында Сол­түс­тік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов баяндап берді. Облыста инвес­ти­цияның жалпы көлемі 27,6 миллиард теңгені құрайды. Ол бойынша 14 ин­вестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Олардың құрылысы кезінде бір мыңнан астам, ал пайдалануға берілгеннен кейін 1,8 мыңдай адамды жұмысқа тарту міндеті тұр. Салалық құрылымдары да әралуан: 6-уы – аг­роөнеркәсіптік кешені және ауыл­шаруа­шылық өнімдерін ұқсату, 3-уі – мәшине жасау, 2-уі – металлургия және тау-кен өнеркәсібі салаларын қамтиды. Үстіміздегі жылдың бірінші жырты­жыл­дығында 6 жоба пайдалануға беріліп, 500-ге жуық жұмыс орындары пайда болды. Екінші жартыжылдықта 4 жоба өмірге жолдама алып отыр. Бұ­лар­дың жалпы құны – 13,9 миллиард теңге. Аймақ басшысы Елбасы тапсыр­маларының мүлтіксіз орындалғанын айта келіп, серпінді жобалардың басым бөлігі елді мекендерде орналасқанын атап көрсетті. Аққайың ауданындағы «Леонов» ЖШС-де бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тауарлы сүт фермасы заманауи технологияларға сәйкес қайта жабдықталды. Шетелдік құрал-жаб­дық­тар орнатылып, 300-ге жуық асыл тұқымды сиырлар әкелінді. Бүгінде байлаусыз күтілетін 600 басқа арналған ғимаратта 60 адам жұмыс істейді. Таяуда Ақжар ауданының Ащыкөл елді мекенінде 60 мың тонналық элеватор кешені іске қосылды. Оның құрылыс жұмыстарымен «Богви» ЖШС-іне қарасты «Еңбек-Нан» компаниясы ай­на­лысты. 600 миллион теңгеге кана­далық құрал-жабдықтар орнатылды. Әрқайсысы 10 мың тонналық 6 сыйым­дылық астықты бір мезгілде та­зар­тып, кептіре алады. Жүк вагон­дары мен автомобильдер үшін элек­тронды тара­зылар қойылды. Астық қабылдау, кептіру, тазалау және сақтау жұмыстары ком­пьютер арқылы атқарылады. 80 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Осы­лайша жалпы сыйымдылығы 89 мың тоннаны құрайтын «Солтүстік-Ащыкөл» астық сақтау кәсіпорны жа­нынан 60 мың тонналық тағы бір жаңа элеватор кешені бой көтерді. «ЗИКСТО» АҚ-та астық тасымалына қажетті хоппер жүк вагондарының өндірісі игерілді. Жаңа үлгідегі жоба бойынша жылына 600 вагон құрастырылады. Биыл өндіріс орны одан әрі кеңейтіліп, контейнер тасымалдаушы жүк вагонын шығару қолға алынды. Келесі жылы бірнеше жоба бойынша жұмыс жалғасатын болады. Олардың қатарында «Сырымбет» тау-кен байыту кешені, Новоишим май өндіру комбинаты, «Наурыз-2030» жылыжай құрылысы бар. Қызылжар ауданында Қазақстанда баламасы жоқ, нанотехнология бойынша жұмыс істейтін «Биоплант флора» органикалық-минералды тыңайтқыштар өндіретін зауыттың құрылысы басталды. ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН...................................... Телекөпір шеңберінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша Өскемен қаласындағы катодты мыс зауыты іске қосылды. Зауыт басшысы Сергей Маскаленко жобаның еліміздің индус­трия­лық-инновациялық бағдарламасы ая­сын­да жүзеге асырылып отырған ма­ңызды нысандардың бірі екендігін атап көрсетті. Енді еліміз болашақта мыс өндірісінде дайын өнім өндіруге қол жеткізетін болады. Зауыт бүгінгі таң­дағы озық техникалармен жұмыс істейді. Телекөпірге қатысушы Динар Уә­лиханов өз сөзінде бұл кәсіпорынның шетелдік өндірістерден еш айырма­шылығы жоқ екендігін айта келіп, өзінің осындай өндіріс орнында жұмыс істейтінін бақыт санайтындығын жеткізді. Осыдан кейін Елбасы зауыттың пайдалануға берілуінің маңыз­ды­лығына тоқтала келіп, жаңа өндіріске сәт-сапар тіледі. ЖАМБЫЛ............................................... Бүгінде алыстағы ауылды «өрке­ниет­тен шалғай жатқан қияндағы қыс­тау» деп айту үшін алдымен жақсылап тұрып ойланып алу керек сияқты. Неге? Өйткені, Кеңес өкіметінің тұсында қаланы ғана қарық қыла беретін «ин­дус­трияландыру» дейтін игілігіңіздің кереметтері тәуелсіздіктің арқасында қазір алыстағы ауылдарға да жеткен. Мысалға, Мойынқұм ауданындағы Мыңарал ауылын алайық. Балқаш кө­лінен басқа алданышы жоқ ауыл маңы­нан жаңа өндіріс ошағының құрылысы басталғалы бері мұнда тіршілік ты­ны­сы анық сезіле бастады. Ауылдағы жұмыссыз жастар мен жасамыстар еуро­палық технологиямен жабдық­тал­ған цемент зауытына барып, қал-қа­де­рін­ше жұмысқа орналасып жатыр. Зауыт басшылары уәдесінде тұрса, бола­шақта мұнда тек қана ауыл тұр­ғындары арасынан шыққан білікті мамандар шоғырланбақшы. Ал оларды оқытып, білім беру мен біліктілік тәжі­рибесінен өткізу өнеркәсіп қожайын­дарының мойнындағы шаруа. «Жамбыл цемент өндіру ком­па­ния­сы» мен «Мыңарал Тас Компаниясы» ЖШС-лары іске қосқан бұл өндіріс ошағында шикізатты өндіруден бастап экологиялық әсері жағынан зиянсыз жоғары сапалы құрғақ цемент шығару және оны тұтынушыларға жөнелтуге дейінгі барлық жұмыстар қамтылған. – Облыстағы бұл үлкен жоба мемлекеттік үдемелі индустриялық-иннова­циялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Жұмыстың жалпы құны 40 миллиард теңге, ал өнеркәсіптің қуаттылығы жылына 1200 тонна жоғары сапалы цемент өндіруге жетеді. Зауыт Тәуелсіздік күні қарса­ңында, яғни 15 желтоқсан күні толық қуатында іске қосылды. Содан бергі санаулы күндердің ішінде 3 мың тоннадан астам цемент шығарылды, – дейді облыс әкімі Қанат Бозымбаев өңірдегі индустриялық-инновациялық жобаның межелі уақтысында жүзеге асқан қуанышымен бөлісіп. Бүгінде қазақ елін үлкен құрылыс алаңына теңеген орынды. Ал ол құ­рылыс алаңындағы мамандар үшін ең керектің бірі – барлық талаптарға сай сапалы цемент екені айтпаса да тү­сінікті. Сондықтан, Мойынқұм ауда­ны­нан еңсе көтерген жаңа зауыт өнім­де­рін Астана, Алматы, Балқаш жылу-электр орталықтары, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы сияқты тағы басқа да көптеген құрылыс нысан­дарына қазірден бастап жөнелте беруге әбден болады. Дәл қазір осы нысан­дар­дың талап-тілектерін қанағаттандыру үшін мамандар өнім түрлерін кеңейту барысында жұмыс атқарып жатыр. Олар­дың есебінше, зауыттың бір жыл­дық өнімінің құны 10 миллиард теңгені құ­райды. Ал бұл толағай табыс облыс эко­но­микасымен бірге аудан әлеуетін көтеру үшін де үлкен олжа болып саналады. Мыңаралдықтар қуанышында да шек жоқ. Неге десеңіз, индустриялық-ин­новациялық жобалармен бірге мәде­ниеттің өркениетті елдерге тән мәуелі де сәулелі қадаммен қатар адым­дайтыны анық. Мыңаралда оның да мысалы бар. Қазір ауылдан шыққан цемент өн­дірушілер үшін арнайы қалашық салу жоспарлануда. Ол қалашықтағы барлық талаптарға жауап беретін тұрғын үй­лердің кілттері зауыт жұмыс­шы­лары­ның қолына, құдай қаласа, келесі жылдың қыркүйек айында тимек. БАТЫС ҚАЗАҚСТАН.................................. Келесі кезекте Елбасы Батыс Қа­зақ­стан облысында Тәуелсіздік күні қар­са­ңында іске қосылған әрі жаңа жылға дейін пайдалануға берілетін нысандар макетімен танысты. Оның жалпы саны бесеу. Тек бір өңір үшін ғана емес, со­нымен бірге тұтастай республика көле­мінде айрықша маңызы бар нысандар мен жобалар жөнінде Мемлекет бас­шы­сына Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов баяндап берді. Оның біріншісі өткен аптада Орал қаласында іске қосылған – металл құ­ры­лымдарын ыстықтай мырыштау өн­ді­рісі. Көп жағдайларда қолда бардың қадірін білмей, бағаламай жататын кездер болады. Мұндай технологиямен оралдық өндіріс шеберлері бірінші рет беттесіп отырған жоқ. Бұған дейін де бұл бағыттағы желілер орнатылған болатын. Жобаның тағы бір тиімділігі – осындай желілерді қайта жаңғыртуға септігін тигізгенінде. Оның қуаты жы­лына 8500 тонна металл құрылым­да­рын ыстықтай мырыштауға есептелген. Сондай-ақ жоба осы бағыттағы им­порттың үлесін әжептәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, жаңа өндіріс республикада мұнай-газ кеніш­терін игеріп жатқан шетелдік ком­па­нияларды әлемдік стандарттарға сай отандық өніммен қамтамасыз ете ала­ды. Мырыштау өндірісіне италиялық құрал-жабдықтар орнатылған. Жоба құны 239,3 миллион теңге. Аталған жобаның жүзеге асуына байланысты жүзге тарта жаңа жұмыс орындары ашылды. Батыс Қазақстандағы Чинарев кен орнында құрылысы аяқталған газ дайындау кешені – республикадағы ең ірі жобалардың бірі. Осы арқылы та­зартылған және сұйытылған газ өн­діру­ге сонымен бірге ілеспе, қалдық газды пайдаға асыруға болады. Кешен өнді­рісі екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең­де жылына 1,5 миллиард текше метр газ тазартылып, 141 мың тонна сұйы­тылған және 750 мың тонна тұрақты газ өндірілмек. Екінші кезеңде өнді­ріл­ген өнім мөлшері екі есеге дейін арта­ды деп күтілуде. Аталған жоба экс­порт­тық өнім көлемін ұлғайтуға бағыт­тал­ған. Оның құны 28,2 миллиард теңге. Құрылыс индустриясын дамыту – Мемлекет басшысы қойып отырған бү­гінгі күннің биік талаптарының бірі. Бұл бағытта да Ақжайық өңірінде аяқ­талған жобалар баршылық. Солардың бірі ұсақ дисперсиялы фракциядан жа­салған есіктер мен жиһаз өндірісі. Аталған жоба өз қуатына толық қо­сыл­ған кезде жылына он екі мыңға дейін жоғары сапалы есіктер мен жиһаздар әзірлей алады. Шикізаты, діңгегі мық­ты болса – әзір өнімнің қай-қайсысын да ұзақ уақыт бойы пайдалануға бола­ды. Мұндай көзқарас әсіресе есік секілді үнемі қозғалыста болатын өндіріске өте-мөте қажет. Жобаны іске асырған «Алтимстройдеталь» ЖШС жетекшілері мәселенің бұл жағын да жан-жақты ойластыра біліпті. Мұндағы негізгі шикізат қарағай және өзге отқа да, суға да төзімді сапалы материалдар болып отыр. Ең бастысы оралдық құрылыс шеберлерінің өнімі ыстық пен ылғалға төтеп бере алуымен, деформацияға шыдамдылығымен ерекшеленеді. Осы кезге дейін мұндай өнімдерді еліміз Қытай мен Ресейден, Белоруссиядан алып жүрсе, ендігі жерде бұл импорт­тың үлесі әжептәуір қысқартылмақ. Газ бен су өндірісіне қажетті өнім­нің бірі – полиэтиленнен жасалған құ­быр­лар. Қазір республиканың кез келген түкпірінде өнімнің дәл осы түріне деген сұраныс өсіп келеді. Осы сұра­нысты өтеу мақсатында Орал қаласын­дағы Ержан Бахтияров басқаратын «Әлім» ЖШС әр түрлі диаметрдегі по­лиэтилен құбырлар шығаратын өндіріс орнын таяу күндерде пайдалануға беруді көздеп отыр. Оның негізгі құрал-жабдықтары Қытайдан жасалып жеткізілген. Жоба қуаты жылына 11 мың тонна құбыр өндіруге есептелген. Республика Президенті Н.­Ә.На­зар­баев отандық өндіріс жетекшілеріне газ айдау агрегаттары өндірісін ұйым­дас­тыру туралы жауапты тапсырма берген болатын. Осыған байланысты «Қаз­МұнайГаз» ҰК» АҚ-пен «Батыс Қазақ­стан мәшине жасау компаниясы» АҚ 2009-2013 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық туралы шартқа қол қойып, іске кіріскен еді. Бүгінгі күні тындырылған істер тізбегі айтарлық­тай. Соның нәтижесінде құны үш миллиард теңгеге тең үлкен жоба құры­лысы жаңа жылға дейін аяқталмақ. Елбасы осы үлкен құрылыстың макетімен танысып бүгінгі заманғы металл өңдеу жабдықтарына қатысты өз ой-пікірін жеткізді. Газ айдаушы агрегаттар мен газ-турбиналы электр стан­салары индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асырумен еншілес іс екеніне тоқталды. Өңірлермен болған телекөпір кезінде сөз сөйлеген Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовтің атап көр­сет­кеніндей, 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау үшін 2010-2014 жылдарға арналған мем­лекеттік индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасын іске асыру жұмыстары басталғандығы белгілі. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ел экономикасының жаңа сапалық деңгей­ге шығуын қамтамасыз ете отырып, оны әртараптандыру, қазақстандық қамтуды ұлғайту, шағын және орта бизнеске қолайлы мүмкіндіктер туғызу, негізгі назарды шикізатты өңдеу ісіне қарата аудару, экспортты күшейту, жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу мәселесін қамтиды. «Мемлекет басшысы ағымдағы жыл­дың басында қазақстандықтарға арнаған Жолдауында таяудағы онжыл­дықтағы теңдестірілген дамудың және жедел әртараптандырудың ең алдымен ұлттық экономиканың бәсекеге қабі­леттілігін арттыру есебінен қамтамасыз етілетінін айтты. Сондай-ақ, Президент Үкімет алдына үдемелі индустриялық өсу міндетін қойды. Экономиканы жаң­ғырту үдерісіне Парламент депутат­тарымен бірге «Нұр Отан» партиясы да белсенді араласты. Бұл ретте айта кетерлігі, индустрияландыру ұлттық идеяға, жалпы республикалық ауқым­дағы ұлы жобаға айналды», – деді К. Мәсімов. АЛМАТЫ...................................................... Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде Талғардағы ана мен балаға арналған дәрумендерге бай, таза табиғи сүт өнімдерін шығаратын «Амиран» зауытының тұсауы кесілді Ел дамуының табыстылығы әр са­ла­ның бәсекеге қабілеттілігіне байла­ныс­ты. Жолдауда 2014 жылға қарай азық-тү­лік тауарлары ішкі рыногының ба­сым­дығы отандық тағам өнімдерін құ­рау қажеттігі алға қойылды. Осы мақ­сатта үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық бағдарлама аясында өңірде 18,3 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында сүт өнімдерін шығаратын «Danone Berkut», майбұршақ майын өндіретін «Сары­бұ­лақ Компаниясы», майбұршақ өңдейтін «ЗПС Экстра» және басқа кәсіп­орындарды атауға болады. Жаңа жыл қарсаңында тағы бір жаңа кәсіпорын іске қосылды. Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов Талғар ауданынан 1 гектар жер телімін алып, ағымдағы жылдың қаңтарында корейлік инвесторлармен бірігіп, құрылыс жұмыс­та­рын бастаған еді. Енді міне, зауыт­тың барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, заманауи техникалық құралдармен жаб­дықталып, жұмыс толық автомат­тан­дырылып, ел игілігіне айналды. Еліміздің ертеңгі болашағы бүл­дір­шіндердің қалыпты өсуі мен ана ден­саулығын қорғауға назар аудару нә­тижесінде «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!» тақырыбындағы «Амиран» зауытының ашылуын тікелей телекөпір арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Қазақ тағамтану академия­сының бастамасымен тау етегінде са­лынған зауыт ана мен балаға арналған сүт өнімдерін шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Осылайша жаңа жылдан бастап бұрын көбіне шет елдерден тасы­мал­данған тағам түрлерін өзімізде шығаруға мүмкіндік туды. Бұл отандық өнім. Өзге өңірлердегі индустриялық-ин­новациялық жаңалық Жетісу өңірінде де жалғасып, тікелей телекөпір арқылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­қа тағамтану академиясының ди­рек­торы Төрегелді Шарманов құнды жобаның толық жүзеге асырылғанын жеткізді. – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Шы­ғарылатын өнімнің құпия сыры – Қазақ тағамтану академиясының көп жылғы зерттеу жұмысының нәтижесі. Өнімде ана мен бала ағзасына қажетті дәрумендердің тапшылығы ескеріліп, жиі кездесетін аллергия, анемия, дисбактериоз, диабет және басқа аурулар­ды емдеу мен оның алдын алуға мүм­кіндік туғызатынымен құнды. Ана мен бала денсаулығына қажеттіліктер ашы­тылған сүт қоспаларының құрамында бар және бай, – деді Тағамтану ака­де­миясының директоры Төрегелді Шарманов телекөпір арқылы «Амиран» зауы­тының ашылу салтанатында. Бұдан соң жауапкершілігі шектеулі серіктестік директорлар кеңесінің төр­ағасы Руслан Юн сөйлеп, кәсіп­орын­ның алдағы жоспарларына тоқталды. «Амиран» кешеніне 1 млрд. 300 млн.теңге инвестиция тартылды. Зауыт жылына 2,7 мың тонна түрлі сүт өнімдерін шығарады. Зауытқа 57 адам жұмысқа тартылған. Шаруа қожа­лықтарымен сүт өнімдерін сатып алу үшін келісім-шарт жасалған. Тұтынушылар зауыт шығарған балалар мен аналарға арналған ашы­тыл­ған сүт қоспалары мен ірімшік сық­пасы, түйіршікті ірімшік, балалар йо­гур­ты, сарысу негізіндегі сусын, ботқа дайындауға арналған сүт және 10 пай­ызды кілегейді іздеп әуреге түспейді. Бұл ғалымдар мен инвесторлардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өнді­ріске енгізілген жаңалық деуге болады. Тағамға таза табиғи сүттің емдік қа­сиеті пайдаланылып, адам ағзасына қажетті дәрумендермен толықтырыл­ған­дығымен ерекшеленеді. Телекөпір арқылы өткізіліп отырған тұсаукесерде аталған зауыттың атқару­шы директоры Ольга Путинцова сөй­леп, компанияның мүшесі ғана емес, екі ұлдың анасы ретінде шығарылған тағамдар тәтті және адам ағзасына пайдалы екендігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, қабылданған сүттің сапасына жоғары талап қойылатынын жеткізді. Содан кейін ол Мемлекет бас­шысынан еліміздің өскелең ұрпағының саламатты өмір салты үшін ауадай қажет жаңа зауытты іске қосуға рұқсат сұрады. Елбасы еліміздің болашағы – балалар үшін өте маңызды да пайдалы кәсіпорын өмірге жолдама алып отырғандығын атап көрсетіп, зауыттың жұмысына сәттілік тіледі. Осы күні екінші жартыжылдықта 11 млрд. теңгелік үш жобаның тұсауы кесілді. Олар: жоғарғы «А» сыныпты 60 мың жүк орнына арналған кешен, Достық бекетіндегі мұнай өңдеу қондырғысы және Есік жеміс консервілеу зауыты. Аталған жобалардың жү­зеге асуына байланысты 400-ге жуық жұмыс орны ашылып, өңір халқының әлеуметтік жағдайының жақсаруына негіз қаланды. ҚОСТАНАЙ.............................................. Қостанай облысында екінші жарты­жыл­дықта пайдалануға беріліп отырған индустриялық нысандар туралы облыс әкімі Сергей Кулагин Мемлекет бас­шысын жан-жақты хабардар етті. Сол нысандардың ішіндегі бірі де бірегейі «Қостанай ұн комбинаты» АҚ-тың макарон шығаратын фабрикасы еді. Бұл қуаттылығы жөнінен тек Қа­зақ­станда ғана емес, бүкіл Орталық Азия­дағы макарон шығаратын ең ірі кәсіп­орын болып табылады. Инвестициялық жоба негізі келесі жылы жазда тап­сы­рылу керек деп жоспарланған болатын, ал ол қазір ырғақты жұмыс істеп тұр! Жаңа фабрикада шығарылатын «Корона» макароны Қостанайдың жоғары сортты, сапалы бидайының ұнынан иле­неді. Көп көлемде өндірілген әрі өзіндік құны да шығанға шықпаған бұл азық дәл қазіргі қымбатшылыққа қара­ғанда арзан көрінеді. Базар толған түрлі азық-түліктің арасынан тұтынушының Қостанай макаронын іздеп тұратыны да оның құнын арзандатып отыр. Өйткені тауардың сөреде іркілмей тез өткені оның жұрттың қалтасына ауыр тимегенін де дәлелдесе керек. Бұл серпінді индустриялық инвес­ти­циялық жоба бүгінгі нарық талабына толық жауап береді. Алған адам сапа­сынан да, дәмінен де, сыртқы безендіру көркінен де инедей мін таба алмайтын макарон «Қазақстанда жасалған» деп мақ­танышпен айтуға лайық. Қазақ­стан­дық мазмұн, қазақстандық бренд осы­лай жасалса керек-ті! Оның сыртында фабрика тек макаронмен ғана емес, 80 адамды жұмыс орнымен де қамтамасыз етті. Компьютерлендірілген цехтардың ішінде жұмысшылар көлде жүзген ақ қаздардай аппақ желеңмен ғана жүріп жұмыс істейді. Алып фабрикадан саға­тына 4200 тонна макарон шығарылады. Ал әр отбасының дастарқанынан күн сайын табылатын сүйікті азық түрінің жылына 30 мың тоннасы өндіріледі. Фабрика бір макаронның кеспе, ұзын, қысқа, ұлу түрінде кесілген 20-дан астам түрін тұтынушыға ұсынады. Фабрикасы бар «Қостанай ұн ком­бинаты» акционерлік қоғамы жылына «Корона» деген брендпен экспортқа 35 пайыз сапалы ұн тартатын «Зерновая индустрия» компа­ниясының құрамына кіреді. ПАВЛОДАР............................................... Елбасының қатысуымен өткен телекөпір аясында Павлодар облы­сын­да «Каустик» акционерлік қоғамына қарасты жаңа химия зауыты іске қо­сылды. Жаңа дейтініміз, зауыт бұрын­ғы химия зауытының негізінде құрыл­ғанымен, қазір уақытқа сай барлық жағынан өзгерістерге ұшырап, тың өндіріс орны болып қайтадан жаңарып, қалыптасып отырғандығында. Жұрт­шы­лық естігенде тіксініп қалатын бұ­рын сынап қолдану арқылы өндірісін алға бастырған химия зауыты емес, жаңа жобаға, инновацияға, экология­лық қауіпсіздікті сақтауға қарай бет бұр­ды. Зауыт мамандарының айту­ла­рынша, каустикалық ұнтақ және хлор өндірістері бұрынғыдай сынап пайдалану әдісімен емес, енді мембранды тех­нология жүйесінде жасалады. Сон­дықтан, жеке меншік өндіріс орны болып құрылған күннен бастап өндіріс орны атына заты сай етіп химиялық өнімдерді жасап шығаруды мақсат етті. Небәрі бір жыл ішінде ескіден жаңа жасап шықты. Бұл бір, екіншіден, жаңа химия зауытына керекті шикізат көздері облыс аумағындағы тұзды көл­дер­ден алынатын болды. Алыстан іздемейсің. Отандық өндіріс деген осы. Сөйтіп, қуаттылығы жылына 30 мың тонна болатын хлор, каустикалық сода өндіру жобасы қолға алынды. Енді бүгін іске қосылған кәсіпорын жылына ыдыс-құтыларға құйылған 12 мың тонна сұйық хлор ерітіндісін, 20918 тонна натрий гипохлориді, 12 мың тонна тұрмыстық салада қолданылатын ағарт­қыш сұйықтар, 30 мың тонна каус­тикалық сода, 6,6 мың тонна натрий гипохлориді, 9,7 мың тонна хлор ерітінділері, 45 мың тонна тұз өндіреді. Жаңа зауыттың пайдалануға берілуіне бай­ла­нысты 150 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаның жалпы құны – 16,2 миллиард теңге. Бұл туралы телекөпір барысында акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Ерлан Орынбеков мәлімдеді. Ол Мемлекет басшысына бұл зауыт құрылысының алдағы жылдары ел экономикасын өркендетуге ерекше үлес қосатынын жеткізді. Елбасына бұл зауыт құрылысының алдағы жылдары ел экономикасын өркендетуге үлес қосатыны жөнінде айтып берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зауыт басшысын тыңдап болған соң өзінің осы зауыт құрылысын ба­қы­лауда алып келгенін, шынында бұл зауыттың еліміз үшін маңызы зор өндіріс орны екенін атап көрсетті. Зауыт каустикалық сода мен хлорды мембрандық технология бойынша әлем­­дік деңгейдегі жаңа өндірістік тех­нологияларды қолданып өндіретін бірден-бір кәсіпорын әрі өнімдері эко­логиялық жағынан таза. Бұрын бол­маған жаңа өндірістердің құрылуы экономикалық белестерге, сонымен бірге, әлеуметтің сан түрлі мәселелерін, соның ішінде, жұмыссыздықты шешуге септігін тигізеді. Жаңа технологияларға арқа сүйей отырып, шикізат қана шығармай, оны өңдеуге де қол жеткізуде. Ал зауыт құрылысына қажет инвес­тицияны «Қазақстанның Даму банкі» және «Эксимбанк» акционерлік қоғам­дары бөлді. Мұндай өндірістер қазақ­стандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономикалық өрлеуімізге үлес қосады. Себебі аталған өндіріс кә­сіпкерліктің басқа да түрлерінің да­муына қолайлы жағдай туғызады. Бұл өз кезегінде аймақтағы шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Жаңа химиялық өндірістің өнімдері саналатын сұйық хлор, тұз қышқылы және натрий гипохлорид құрамы зерт­теу, тексеріс-талдаулардан өтеді. Жаңа зауыт өнім шығаруда ас тұзын пайда­ланатын болады. Арнайы жолмен келіп түскен шикізат бірнеше кезеңнен тұра­тын өңдеуден өткізіліп, соңында жоға­рыда аталған өнім түрлеріне айналады. Бүгінде еліміздің тұрғын үй-ком­му­налдық саласы, мұнай саласы кәсіп­орындары негізінен сырттан келетін импорттық өнімдерге тәуелді. «Каустик» кәсіпорнында мембранды әдіс ита­лиялық «Uhdenora» компаниясының құрал-жабдықтары негізінде қолда­нылады. Бүгінгі таңда шетелден қажет­ті жабдықтар толығымен жеткізілген. Мамандар заманауи технологияның нә­тижесінде өнімнің сапасын ғана арттырып қоймай, сонымен бірге, энергия үнем­деуге де болатынын айтады. Екіншіден, жергілікті тұрғындарды алаңдататын эко­логия мәселесі, басшының сөзіне сенсек, жаңа өндірістің экологиялық қауіпсіздігі арнайы сертификат жүйе­сімен анықталыпты. Егер қор­шаған ортаға қауіптілігі дәлелденген болса, қаржы институттары бұл жобаны қол­дамайтын еді, оны жүзеге асыруға қатыспас еді. Үшіншіден, жаңа зауыт­тың іске қосылуы қала халқын жұ­мыспен қамту мәселесін де шешуге үлес қосып отыр. Биыл облыста құны 761,6 млрд. теңге тұратын және 8980 жұмыс орнын ашқан 51 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде Президент тапсырмасымен қолға алынған инновациялық жобалар саны бойынша облыс елімізде үздіктер қатарынан орын алып отыр. МАҢҒЫСТАУ................................................... Қазақстандық индустрияландыру кар­­тасына Маңғыстау облысынан жал­пы құны 536 миллиард теңгені құ­рай­тын және 27 мың жаңа жұмыс орны ашылатын 17 инвестициялық жоба енгізілген. 9 жоба ағымдағы жылы іске қосылды. Оның ішінде жалпы құны 32 миллиард теңге болатын 4 нысан бірінші жартыжылдықта іске қосылып, 580 жұмыс орны ашылған болатын. Енді, міне, жалпы құны 21,1 миллиард теңге құрайтын 5 жоба екінші жартыжылдық аясында пайдалануға беріліп отыр. Өңірде қосымша жаңадан тағы да 608 тұрақты жұмыс орны ашылды. Енді іске қосылып отырған инвес­тициялық жобалардың ішінде жабы­нара­лық қуыс плиталарын шығару зауы­­тының құрылысы бар. Бұл нысанның сметалық құны 900 миллион теңгені құраған. Зауытта 34 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Бұл өндіріс ошағы жылына ұзындығы 18 метр бо­латын 36 мың дана жабынаралық қуыс плиталарын шығарады. Өнім «Валлер» автоматтандырылған неміс техноло­гия­лық желісіне негізделген. Бұл ТМД елдерінде осындай технология бойынша жұмыс істейтін бірден-бір желі болып табылады. Зауыт шығаратын өнім импортты алмастыратын ішкі рынокқа бағдарланған. Облыста пайдалануға беріліп отыр­ған екінші нысан металл құрылғылар зауыты бойынша өндірістік алаң құ­рылысының жобасы. «ТеңізСервис» ЖШС іске қосқан бұл нысанның сме­талық құны 5,8 миллиард теңгені құрайды. «АтырауФлоуЛайн» ЖШС іске қосып отырған оқшаулауалды құ­бырлар өндіру зауытының сметалық құны 1,3 миллиард теңгені құрап, жаңа өндіріс орнында 38 жұмыс орны ашыл­ды. Бұл жоба «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында іске қосылып отыр. Зауыт шығаратын өнім – жылына 100 мың метр көлеміндегі әртүрлі диаметрдегі оқшаулауалды құ­бырлары, бірінші кезекте ішкі рынокта, оның ішінде «Каспий энергетикалық хабы», «Ақтау-Сити» қала құрылысы жобаларын іске асыру кезінде, сондай-ақ теңіз мұнай операцияларын қолдау­дың жағалаулық инфрақұрылым нысан­дарының құрылыстарында пайда­лана­тын болады. Облыста екінші жарты­жылдықта пайдалануға беріліп отырған келесі нысан – Ақтау қаласы әуе­жайындағы халықаралық жолаушылар терминалының құрылысы және ұшыру-қондыру жолағын жаңғырту жобасы. «АТМ Групп» ЖШС жүзеге асырып отырған бұл жобаның сметалық құны 10,9 миллиард теңгені құраған. 500 жаңа жұмыс орны ашылған. Телекөпір аясында Елбасы тұсауын кескен тағы бір инвестициялық жоба – Баутин кентіндегі бұрғылау ерітінділерін дайындау зауыты. «Эм-Ай Дриллинг Флюидз Интернэшнл, Б.В.» фи­лиалы іске қосып отырған бұл зауыт­тың жалпы құны 2,3 миллиард теңгені құрайды. Зауытта 36 жаңа жұмыс орны ашылған. Зауыт шығаратын өнім те­ңіздегі бұрғылау қондырғыларында пайдаланылатын болады. Экологиялық қауіпке тосқауыл қойылды. Зауытта бұрғылау ерітінділерінің қажет етілетін жоғары параметрлерінен құралған ұңғымаға мұнай негізінде жылына 84 мың тонна көлемінде айдауға арналған ерітінділердің толық тізбесі өндірілетін болады. Елбасы өмірге жолдама алған жаңа зауыттың жұмысына сәттілік тілеп, бұл жаңа өндіріс ошағы шыға­ра­тын өнімнің өте маңыздылығын айта келіп, бұрын мұндай өнімді сырттан импорт­талатынын енді өз еліміздің сұ­ранысын толық қанағаттандыруға мүм­кін­дік жа­са­лып отырғандығын атап көр­сетіп, бүкіл Маңғыстау облысының еңбеккерлерін еңбек жеңісімен құт­тықтады. ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН....................................................... Телекөпір шеңберінде Оңтүстік Қа­зақстан облысында іске қосылған ны­сан – Шымкент қаласынан 40 шақырым қашықтықтағы Бадам ауылындағы жаңа құс фабрикасы. Халық аузында күркетауық деп аталатын құстың 76 мың жұмыртқасы Канададан әкелінген. Канададан Алматыға ұшақпен жеткізіліп, Шымкентке мәшинемен тасы­мал­данған жұмыртқалардың тұқымы асыл­дығында дау жоқ. Болашақта күркетауық жұмыртқалары өз елімізде дайын­да­латын болады. Қазір фабрикада 70 мың күркетауық балапандары өсіп жатыр. Бұл – Қазақстанда күркетауық етін өндірістік негізінде өсіру бойынша бірінші инновациялық жоба және ин­дустрияландырудың республикалық картасына енген. Құс кешенінде құсты өсіру және етін қайта өңдеу өнеркәсіп негізінде бар­лық халықаралық стандарттарға және талаптарға сәйкестендірілген. Ауыл инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде, ауылды табиғи газбен қам­та­масыз ету, сонымен қатар, облыстың ауыл шаруашылықтары мен коопе­ра­торлары өсіретін өнімдеріне тұрақты сұраныс болады. Құс кешенінде қазір 230 адам жұмыс істеп жатыр. Өндіріс толық қуатына енген кезеңде олардың саны 500 адамға көбейеді. “КазАгроФинанс” АҚ қаржылан­дыр­ған жобаның жалпы құны 3294,5 млн. теңге. Бірінші кезекте 5 мың тонна, фабрика толық қуатына енгенде жы­лына 10 мың тонна құс еті өндіріледі. Өндіріске израильдік технология қол­данылған. Жоба аясында жоғары тех­нологиялық құрал-жабдықтар жетекші халықаралық кәсіпорындардан алынған. Өндірілген өнімнің 70 пайызы ішкі, ал 30 пайызы сыртқы рынокқа экспортқа өткізіледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір кезінде осы мәселелерді “Ордабасы Құс” ЖШС-ның директоры Мұрат Тағаев мәлім етті. Қой жеген қазақ енді жоғары сапалы күркетауық етіне де үйренеді. Жаңа жыл қарсаңында Астанаға да біразын жіберіңдер деп әзілдеген Елбасы жаңа жобаның іске қосылуына рұқсат беріп, өміршең болуына тілектестігін білдірді. АҚТӨБЕ................................................................. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қа­тысуымен тікелей эфир арқылы іске қосылатын анағұрлым маңызды рес­публикалық сегіз жобаның қатарында Мұ­ғалжар ауданындағы «ТемирСервис» ЖШС-ның фосфор ұнын өндіретін зауыты да бар. Жаңа кәсіпорынның жұмысшылары осынау салтанатты сәтке тиянақты дайындалыпты. Теле­кө­пірдегі кезегі келгенде «ТемирСервис» ЖШС-ның бас директоры Нұрдин Дамитов Елбасына мұнда жаңа қуат үнемдегіш инновациялық технология енгізілгенін, осында ауыл шаруа­шы­лы­ғына қажетті фосфор ұны өндірілетінін, оны пайдаланғанда дәнді дақылдардың түсімділігі 30 пайызға, майлы дақылдар 50 пайызға артатынын жеткізіп, зауыт­ты іске қосуға рұқсат сұрады. Осы жерде сөз алған оператор Талғат Сарқұлов кәсіпорынның агроөнеркәсіп кешені үшін өте тиімділігін атап өтті. Нұрсұ