Мемлекет басшысының атына еліміздің әр өңірінен Астана Саммитінің табысты өтуімен құттықтаған хаттар толассыз келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Алматы облысы, Талдықорған қаласының тұрғыны А.Жақиярұлы Қазақстан рухани ағарту орталығының ұжымы атынан жолдаған хатында: «Сіздің әлемдік деңгейдегі саммитті нәтижелі өткізудегі қажырлы еңбегіңіз, көрегендігіңіз, парасаттылығыңыз елімізді үлкен белестерге шығарып, қазақ халқының рухын көтерді», деп зор мақтаныш сезіммен жазады.
«Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ «Семей мәшине жасау зауыты» АҚ бас директоры Н.Омаров, кәсіподақ комитетінің төрағасы С.Нұралинов және «Нұр Отан» ХДП бастауыш партия ұйымының төрайымы С.Киселева жолдаған хатта Елбасын ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада табысты өтуімен еңбек ұжымы атынан құттықтайды. Хат авторлары: «Біз Астана Саммиті Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және демократиялық дамуына, қазақстандықтардың өмір сүру сапасының артуына серпін беріп, біздің тәуелсіздігіміздің ішкі саяси негізі болып табылатын халық бірлігі мен патриотизмді одан әрі нығайта түседі деп сенеміз», – дей келіп, бұл оқиғаның дәуірлік мән-мағынасын атап көрсеткен.
Мұндай мазмұндағы хаттар Рудный индустриялық институтының ұжымынан келді. Олар өз хаттарында ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен табысты өткенін атап көрсетіп, ізгі тілектерін білдірген.