Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
* * *
Ұшқан құс, жүгірген аңның бәрі тіршілік үшін күреседі. Ал адам ше? Адам да мына тәтті өмiрге тамсанып өту үшін ғана емес, артында із қалдыру үшін тырбанады, тірлік кешеді. Ақылына ақыл қосқысы келеді. – Е, Жаратқан Ием, бізді өстiп артықша жаратқаныңа мың да бір алғыс! – деймін өмiрлiк жарым Тұрғанайға. – Раха-ау, не болды? Бүгін бұрын-соңды естімеген сөз айттың ғой, – дейді жылы жымиған зайыбым. – Бұл туралы бұрын да ойлап едім. Енді бүгін есіме түсіп... Кейінгі кездері естіп жүрген бір ән бар емес пе, «Бәріміз пендеміз ғой, періште көкте ғана», деп келетін. Сол рас. Әйтпесе мына мен ғана емес, жер басып жүрген адамдардың бәрі Аллаға адам етіп жаратқаны үшін мың алғыс емес, миллион алғыс айтар еді. Міне, елу жылдың жүзі болды, біз әрбір күнді осылай күліп, әдемі әзілімізді араластырып өткiзiп келеміз. Тарыққан кездеріміз де өткен. Кісі есігін сағаладық, азын-аулақ жалақымен жан бақтық. Сол уақытта да жан-жағымызда не ішем, не жеймін демей, аяқтарын алшаң басып жүргендер ұшырасқан. Сондайларға қызыққанымызбен, дәл солардай болсақ екен демеппіз. Өйткені, біз дүние байлығын мұрат тұтпадық. Мұратты істерді алға салдық. Біз үшін жан байлығынан асқан дәулет жоқ еді. Сөйтiп, жеттік қой бүгінге. «Жақсы әйел – Құдайдың сыйы», дейді екен аталарымыз. Не деген ғажап сөз, ә?! Өте тауып айтылған. Арғы жағындағы ойды айтқызбай ұғатын, дегеніне құлақ асып, құрақ ұшатын, азаматым ғой, ардақтым ғой деп үнемі ерін арқа тұтып, ту көтеретiн әйелдер көп те шығар. Бірақ, жақсы көптiк қыла ма? Әлгі, көкайыл біреулерін көргенде, еріксіз «тәубе» дейтініміз де бар... Шыны керек, оқырман, мен сондайда барымды асырып, жоғымды жасырып, абыройымды аспандатып жүретін жан жарымды жақсы көрiп кетемін. Менің осы сөзiме қарап: «Немене, бұрын ұнатпаушы ма едіңіз?..», дейтін шығарсыз, қымбаттым. Жо-жоқ, ұнатпасам – үйленем бе? * * * «Рухани жақындық рулық жақындықты тәрк етеді» депті белгілі көсемсөз шебері, баспагер Жақау Дәуренбеков. Міне, сөзмерген деген осындай болса керек! Айтқан ойы атылған оқ сияқты, тура ойыңа дөп тиеді. Кеңестер Одағы тарап, еркіндік деген осы екен деп байлық бөлiсi мен билік бөлінісіне ойымыз ауып еді, жүзшілдігіміз де жанданып, рушылдық ауруымыз да асқынып шыға келді. Таныс-тамырлық жайлады. Коррупция көркейдi. Жақсы мен жаманды шатастыратынды шығардық... Осы жағы жанымды жейді, қинайды. Шыдай алмай, тіпті шай ішіп отырып та күйзелісімді сездіріп қоятыным бар. – Раха-ай, сен ғана емес, елдің бәрі дәл осылай топшыласа ғой, – дейді ойымды құптаған Тұрғанай. Кейде өзi де әңгімеме қосылып кетеді. Бүгінмен шектелмей, немере-шөберелерiмiз тірлік кешетін келешегіміз мазалайды. Қандай заман болар екен, қайтіп өмiр сүріп, қызмет жасар екен дейміз. Біз бұрын да сондай едік. Енді егде тартып, жүзіміздегі әжімдеріміз тереңдеп, шашымыздың ағы қоюланған сайын ойланатын-толғанатын, тіпті толғататын сәттеріміз көбейдi. Ашығын айтқанда, балаларымыз үшін ғана емес, солар қабырғасын қатайтып, шаңырағын тіктей түсетін Қазақ елінің ертеңі үшін де ой кешеміз... Иә, сөйтiп таң атады. Тұрғанайдың баптап берген бірер кесе күрең шайын ішіп алып, елу жылдай есігінде жүрген оқу ордасындағы жұмысыма кетемін. Жұмыс деген жақсы-ау, шіркін! Ойың да, бойың да сергиді, ел-жұртпен жүздесесің. Аудиторияға еніп, есіліп сөйлейсiң. Бір дәрісім екіншісіне ұқсамаса екен, тыңдаған студенттер одан да бетер елітіп, құлақ түрсе дейсің. Бір кездері Тұрғанай да сабақ берген. Қатардағы жай мұғалім емес, ғылыми дәрежесі бар, доцент еді. Әттең, денсаулығы... Байлықтың зоры – деннің саулығы екен. Оны өзi де айтады. «Егер аяғым сау болса, тілім сайрап тұр ғой, Раха-ау!» – дейді. Білімі де, біліктілігі де жетеді. Әлі де берері мол, үйретері көп Тұрғанай жеңгесін бүгінде қара шаңырақты шайқалтпай, жайқалтып ұстап отырған Тілектес Есболов інім, шәкіртім шеттетпей, өмiрiн өткiзген кафедрасында ұстар еді. Кадрдың қадірін білетін азамат қой. Мына менің өзiмдi екі күннің бірінде жақсы сөз, ыстық ықыласымен аялап қояды. – Рахымжан аға, біз де адамбыз. Біздің де қателесуге қақымыз бар шығар. Сондайда түзетіп қойыңыз, асып бара жатсақ, басыңқырап қойыңыз, – дейді әңгімесіне әзілін астарлап. – Ой, сендер мықтысыңдар ғой! Біз сендерді осал болсын деп өсiрген жоқпыз, осылай болсын деп мәпеледік. Мемлекет тәрбиеледі, ендігі кезек сендердікі, – деймін. Жүріп келе жатып айтамыз, күліп отырып сыр шертісеміз. Күлкі – өмiр. Қандай шаруаны да көңiлдi бастап, көңiлмен атқарсаң сәтті шығады. Дәмі тәтті болады. Әйткенмен, өмiрдiң өз соқпағы, қиыр-шиыр жолдары бар емес пе? Әркім әрқалай жүреді. Әрқилы мінез, түсініктері болады. Жақсыларына жанассаң, жаның жайланады; тынысың кеңіп, өмiрдiң ғажаптығын сезіне түсесің. Ал қыңырларымен, қисықтарымен жүзбе-жүз кеп қалсаң... Енді сондай кісі өмiрлiк жарың боп шықса ше? Азаматқа одан артық азап бола ма?.. * * * Бір данышпан: «Айнала-төңiрегiңе жарық сәулеңді шашып жүр, басқа біреудің көлеңкесi түспесін», депті. Айтып тұрған жарық сәулесі – жақсы істерің мен жылы лебіздерің, ал көлеңкесi – кесірлі сөз, кедергі тірлік қой. Оны қазақ қиянат дейді. Құдай қиянаттан сақтасын! Бәрі-бәрімізді сақтасын!!! – Әй, Раха, – дейді ханым десем де, жаным десем де жарасатын Тұрғанайым, – екеуміздің түтін түтеткенімізге осы қыста елу жыл толады екен ғой. – Не дейді?! Шынымен-ақ, жарты ғасыр зу етіп өте шыққаны ма? – деймін таңданып. – Алпысыншы жылдың ақ қарлы қысы емес пе еді, екеуміздің үй болғанымыз?.. – Ойпырмай, ә?! Міне, ұшқыр уақыт, зымыран жылдар деген... Сен мені ойландырып тастадың-ау, Тұраш-ау. Не істесек екен, а? Саған қандай тарту жасасам?.. – Білмеймін ғой, досым-ау! Қолыңда ақ құсың боп қонақтап отырмын ғой, – дейді ол ақтарыла күліп. * * * Мен өз өмiрiмдi үйленгенге дейінгі және үйленгеннен кейінгі деп екі кезеңге бөлемiн. Үйленгенге дейінгі өмiрiңнiң бар тынысы жеке басыңның төңірегінде өрбидi. Әрине, әке-шешең – тілекші, тәрбиеші, жанашыр. Олар мен үшін деп дүние жиды, тырбанып тіршілік жасады. Ойларының тазалығы, маған деген ықыластарының мөлдiрлiгi бойыма нұр болып құйылды. «Кекті болма, текті бол», – дейтін еді екеуі. Менің әке-шешем оқығаны кем болса да, тоқығаны қисапсыз мол жандар болатын. Өмірдің өз сынынан өткен. Бастан кешкен жақсыдан да, жаманнан да ой түйген. Мені ес біле, етек жаба еңбекке баулыды. «Арайлы таңды қарсы ал», дейтін еді-ау, жаны жәннатта болғырлар. Тектілік те – Тәңірден. Соны ұштай түсетін өзiңсің. Ісіңмен, сөзiңмен, жасаған жақсылықтарыңмен кім екеніңді көрсете аласың. Бүгінде текті атаның ұрпағы болып көрiнгiсi келетіндердің күні туды. Жетпіс жыл бойы әкесі мен атасының бай-бағылан болғанын айтудан жасқанып келгендер көпсiп, мақтанатынды шығарды. Рас-өтiрiгiн кім білсін, енді кеп аяқ астынан: «Біздің арғы атамыз би-болыс болған немесе мыңғырған мал ұстап, малай жұмсаған. Текті атаның ұрпақтарымыз», дейді. Әрине, мақтанған да жақсы-ау. Бірақ, өз басым өйтiп мақтана алмаймын. Арғы аталарымның қарапайым тірлігін, тазалығын, еңбекқорлығын, кісіге қиянат жасамағанын, адамгершіліктің ақ жібін аттамай ғұмыр кешкенін айтамын. Әкем де, әкемнің туған інісі де сұм соғыстың құрбаны болғанын, ел басына күн туған алмағайып шақта алғашқылардың бірі боп аттанып, азаматтық арын ту еткенін мақтан етемін. Одан арғы аталарымыз халық батырлары бастаған қолдың құрамында болғаны сөзсiз. Ат үстінен түспеген. Жау келді дегенді естісе, ер-азаматтардан қалыспай жасанған жауға қарсы шапқан. Екінің бірінің басына хан болуды, билік пен батырлықты жазбаған. Тіпті бар ғой, адалдықты, азаматтықты да екінің бірінің басына жазбаған. Оны ұстана білу де әркімнің өзiне сын. * * * Қазір «тоқта» десе – қарамайтын, «ақша» десе – қалт тұратын бір заман болды ғой. Ақша билеп тұр. Көп нәрсенің қадірі қашты. Не көп, академик көп. Аты бар да заты жоқ «атақтылардың» арасында «академикпін» деп айтуға именетін болдық. Ел аналардың дәреже-деңгейіне қарайды да, «ә, сен де сондай академик екенсің ғой» деп қала ма деп қиналасың. Өзіңнің бұл атақты баяғыда, осыдан жиырма-жиырма бес жыл бұрын алғаныңды айтып, онсыз да жетпей жатқан алтын уақытты сарп еткің келмейді. Себебі, бұл атақтар маған татитын еңбегім үшін берілген. Бір рет қана емес, үш рет берілген. Сатылатын емес, дауыс беріп сайланатын сарабы қатал шақта берілген. ҚР Ұлттық Ғылым академиясына да, Ресей Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы мен Халықаралық аграрлық білімдер академиясына да сөйтiп сайланғанмын. Ол аз болса, Д.Н.Прянишников атындағы КСРО Мемлекеттік сыйлығын, одан кейін А.И.Бараев атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығын ғылымдағы қол жеткен табыс, жетістіктерімізді елеп-ескере отырып берді. Егер бітірген бірдеңеміз болмаса, осыншама сыйлыққа қолым жетер ме еді. «Сенгеніңнен сүйенгенің мықты болсын» демекші, сүйенгенім, шынында да, мықты еді! Ол – адал еңбегім. «Еңбектің емшегі егіз» екен, атақ-дәреже де, марапат-сыйлықтар да өз ретімен келе берді, беретін билік бере берді. Өңіріме тағылған тәуелсіз еліміздің «Құрмет» ордені де, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағы да осы ойымның айқын дәлелі. * * * «Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзiң де тілейсің, бағың өскен соң өзiң ғана тілейсің» дей ме ұлы Абай. Расында, солай. Ата-анаң әлпештейді, ұлағатты жандар бар білгенін үйретеді, үлкендер білген өсиетiн айтып бағады. Иә, әлі күнге дейін жадымда тұр, ол ақырған ақпанның кезі-тін. Әскер күні – 23-ші ақпанның қарсаңында алтыншы сыныптың бетке ұстар үш баласын комсомолға өтуге қырық шақырым қашықтағы аудан орталығына апаратын болды. Арасында мен де бармын. Содан бір күн бұрын ғана Елеш әкем: – Балам, міне, есейді деген осы. Енді комсомол боласың. Нұрлы болашағыңның басы бұл. Мен тілекшімін, айналайын, – деді дауысы бәсеңсіп. Әлденеге именгендей түрін сезініп: – Айта беріңіз, әке, – дедім. – Айтсам... енді бұрын да айтып едім ғой... Сенің шын әкең сұм соғыстың құрбаны болды. Мен соны жоқтатпай, әке орнына әке болып жүрмін, шырағым. Сен жалғыз тұяқсың. Әкенің атын шығаратын сенсің. Өзі де, көзi де болатын сенсің, айналайын. Несін жасырайын, батпай да отырмын,.. – деп және бір кідірді. – Әке, мен енді бала емеспін ғой. Не дегіңіз келсе де, тартынбай айтыңызшы. – Айтсам... айналайын, комсомолға өткеннен кейін қолыңа қызыл билет береді. Оған кім деп жазылар екен деп, соны ашып айтуға батпай отырған жайым бар, айналайын... – Елдің бәріне Елештің баласымын деп жүрмін ғой, әке. Сіз маған әкенің шапағат-шуағын шашқан асыл адамсыз. Мен сізді ұмытпаймын! Айтқан сөзiм – сөз. Қашан да Елешев боп өтемiн. Өз әкемді де ұмытпаймын. Нұр-жүзі сақталмаса да, аты-жөнi – жүрегімде. Мен Сарыбас Сұлтанғалиевтің кіндігінен жаралған ұлмын ғой. Алайда сіз ол кісіден бір де кем емессіз. Сізді ұмыту – жасаған жақсылықтарыңызды естен шығару, ол ойым түгілі түсіме де кірмейді, әке, – дегенімде, көңiлi кем кісі емес пе, мені құшақтай алды. «Айналайын, айналайын» деген үні де дірілді естілді. Көзiнен бір тамшы ыстық жастың ыршып шыққанын, оны қолының қырымен білдіртпеуге тырысып сүртіп алғанын көрмесем де, ішім сезіп тұрды. Мен де жылап жібердім. – Ел-е-еш-ев боп өтемiн, әке. Билетті сөйтiп аламын, әке! – дедім жинақталып. – Сөйт, шырағым. Барым да, нарым да сенсің, айналайын. Жер басып жүрсем, қолымнан келгеннің бәрін өзiңе арнаймын. Бар жақсылықты саған жасаймын, жаным, – деді бар ықыласымен. Қандай әңгіме десеңізші. Еркек кіндікке зар қылып қойған қу тағдырды, сондай қайғыны жүрегіне жүк еткен асыл адамды ұмытуға бола ма? Сонымен, мен сөзiмде тұрдым. Елешев Рахымжан деп жаздыртып, қып-қызыл билет алдым. Оған қайта-қайта қарап, қараған сайын өзгеше күйге бөлендiм. Иә, құрметті оқырман, мен мұны не үшін айтып отыр дейсіз? Әрине, мақтан үшін емес. Өйткені, дәл осыған ұқсас әңгімені менің тұстастарымның қай-қайсысы да бастан кешкен. Олар да мен секілді әсерленген. Ленин комсомолының қатарына өтуді, Компартияның мүшесі болуды мәртебе көргенiмiз – өмiр шындығы. Ол дәуір сондай еді. Әлгі ұйымдарға мүше болу – үлкен жауапкершілік жүгін мойынға арту еді. Бізді солай баулыған. Сондай мектептің түлегі едік біз. Елмен қалай сөйлесу қажет, жүру-тұрудың мәдениеті, қоғамдық істерге араласу, қайырымды болу, көпшiлiктi бағалау, ортаны сыйлау, қысқасы, адамдық болмыс мәселесі еді үйретері. Бүгінде отаншыл деп жүрміз ғой, ол уақытта оны патриотизм рухы деуші едік, осы жағына айрықша мән берілетін. Демократиялық ұғымдар сіңірілетін. Елдің иесі сендерсіңдер деп үйрететін. Сондай ойды иландырып айтатын. Шынында, қай-қайсымыз да соған ынты-шынтымызбен сенетін едік. * * * Уақыт шіркін алтын ғой. Ойға алған жұмысыңды жасасаң – жасап қалдың, әйтпесе оны келер күні атқаруға тиіссің. Осының бәрі өтiп жатқан өмiрiң. Сол себепті де мен мектептегі шағымнан уақыттың парқын білуге ұмтылдым. Негізгі жұмысым қайсы? Содан соң не істеуім керек? Расын айтқанда, менде студенттік кезде де елтең-селтеңге уақыт болмады. Күнделікті сабақтың сыртында қоғамдық жұмыстарым көп. Жексенбі күннің екінші жартысында ғана қолым босаңсиды. Тұрғанай сұлуға қарай тұра ұмтылатын кезімді сол күнге жоспарлаймын. Кей аптада аяқ астынан шыққан аса қажетті бір шаруалар киіп кетеді. Ол осыған әбден үйренді. – Үйренгем жоқ, сен соған еріксіз үйреттің ғой, – дейді бүгінде жастық шағы алыстаған, әжелік ауылына қоңсы қонған Тұрғанайым. – Айналайын, енді қайтейін? Бәріне өзiң кінәлі. Қалтасында ақшасы аз маған қарамай, қалталы басқа бір жігіттің қолтығынан қармасаң, күнде күлкі, күнде той – жүрер едің қыдырып... – деймін. – Әй, мен де білем-ау, – дейді күліп. – Ақшасы көптi емес, ақылы көпті іздедім ғой... «Адам қанша секірсе де, басынан биік секіре алмайды». Мен қанша жерден мықтымсимын дегеніммен, өйте алмас едім. Өйткені, артымнан апта сайын кеп тұратын ақша жоқ. Әке-шешем күнделікті жанбағыспен ғана отырған жандар. Қайта, ол кісілердің жағдайын ескеріп, қайткенде де салмақ салғым келмеді. Мәселен, төртiншiнi тәмамдаған жазда бөлiм бастығы: «Елу өгiзшенi бағып, семіртіп етке өткiзу керек. Кімде-кім соны жасаса, әлгі елу малдың біреуін өз таңдауларың бойынша беремін», деді. Сол кезде балалардың арасынан: «Ағай, ағай, мен бағайыншы, мен бағайыншы!» деп суырылып шықтым. «Кеттік ендеше, қане, санап ал!» деді. Барып арық-тұрақ елу өгiзшенi қабылдап алдым. Содан бастап күндіз-түні ойлайтыным – алдымдағы малдың амандығы. Таң құланиектене айдап кетемін. Күн қызғанша ұзатып бағамын. Өрісін күнде ауыстырамын. Қараңғы түскенше соңында жүремін. Ол да түк емес-ау, ең қиыны су болды. Тұрған жерімізде су тапшы. Құдық суын бересің. Ол отыз-отыз бес метрден алынады. Айналасы шегенделген құдық. Ауылдың бар малы сол жерден су ішеді. Менің қиқарлығымды қараңыз, әуелі өкiметтiң малы ішсін деп ешқайсысын жолатпаймын. Әр өгiзше кемі бір жарым-екі шелек су ішеді. Қанып ішпей, кетпейді. Міне, осы жұмыстар қаншалықты азапты болса да, қайтпадым, абыроймен атқардым. Сондай қайсарлығымды көрген үлкендер бір жағы қызығады, бір жағы разылық танытады. «Көрерсiңдер, мына баладан түбі бірдеңе шығады. Жеке малыңды қоя тұр деп жолатпайды. Өзі өкiметшiл», дейді. Сонымен, екі ай жаз өте шықты. Бір өгiзшенi де жоғалтпай, ит-құсқа жем қылмай, өсiрiп-бағып, жұнттай қылып семіртіп, етке өткiздiм. Бөлiмше басшысы сөзiнде тұрып, таңдаған малымды берді. Сол маған киім де, тамақ та, қалам-қағаз да болды. Міне, еңбектің дәмін осылайша татып өстім. Әу баста сіңген әдет қалады екен. Студент шағымда курстастарым ауыл-ауылдарына кетіп жатқанда, мен академияның Геоботаника институты ғалымдарымен экспедицияға бірге шығып, еңбек еттім. Онда да еңбегіңе қарай ақы төлейдi. Бұл бір қыры болса, екінші жағы, келешектегі ғылыми жұмыстарыңа материал жинайсың, тәжірибе жинақтайсың. Күзге салым Алматыға оралғанда қалтамда қомақты қаржы болады. Сол кезде өзiмше жомарттық жасауға мүмкіндік туады. Жер-жерден Алматыны сағынып, аңсап келген Тұрғанай мен жаны жақын құрбыларын бірге ала шығып, Медеуді аралатамын, паркті көрсетемiн, кешінде кинотеатрда жүріп жатқан қызықты сеанстарға апарамын. Ыңғайы келгендей болса, мейрамханаға отырғызамын. Арақ-шарап дегенді татып алмаймыз. Би билейміз, көңiл көтеремiз. Біз, сол уақыттағы менің замандастарымды айтамын, материалдық байлықты емес, рухани байлықты әуелгі кезекке шығардық. Аз ғана ақшамыз болса, кітап дүкендерін араладық. Әуезов атындағы театрда жүрген қойылымдардың ішінде көрмегенiмiз кемде-кем. Ондағы басты рөлдерде ойнайтын сахна саңлақтарының бәрін дерлік танып алғанбыз. Премьерасын тамашалауға асығамыз. Себебі, қойылымның ең бір есте қалатын кезі сол. Оған автор да шақырылады. Қазақ әдебиеті мен өнерiнiң бетке ұстар қаймақтарының бәрін ұшыратасың. Маң-маң басып Мүсірепов келе жатады, зайыбымен. Мына тұстан Сәбең шығады, Мәриям апай екеуі. Мұхтар Әуезовті де талай рет көрдiк. Қойылым соңынан спектакльді сахналаған бүкіл құрам сахна төрiне көтерiледi. «Автор, автор!» деп айқайлайды, қол соғады күллі зал. Сөйтiп, сахнаға шықпасына қоймайды... * * * Жақсы бола білгенге, жаны ізгі адам атана алғанға не жетсін! Ондай жандар қай жерде де, қандай ортада да қадірлі. Өйткені, өмiрдiң сәні мен салтанатын кіргізетін кісіні халық ардақтайды, алақанында ұстайды. Ол – қоғамның байлығы. Ондайлар ұлтқа да, ұлысқа да бөлiнбейді. Дүйім жұртқа ортақ адам болады. Өз өмiрiмде сондай жандардың талайын кезіктірдім. Бірге туған бауыры болсам бір басқа, туып-өскен топырағым да бөлек. Бірақ, сол кісілер қажет жерінде болысты, қаржылық жағынан қарайласты, қызметте өсуiме ықпал етті. Қызмет дегеннен шығады, мектепті алтын медальмен бітіргенім секілді, жоғары оқу орнын да үздік аяқтадым. Қызыл диплом алдым. Ешкімді жұмыссыз қалдырмайтын заман ғой. Ең жақсы жерлерге ең әуелі балы жоғары қыз-жігіттерді жібереді. Бізбен бірге Тамара дейтін қыз да бітірді. Әкесі – министр. Мен оған ілесіп үйіне барып тұратынмын. Әкесі Михаил Григорьевич Рогинецпен әңгімелесіп, талай мәрте қатар отырып дәмдес те болдым. Қызы сабаққа онша емес. Мені жақын тартып жүретін себебі де Тамараның оқуына байланысты. Білгенімді үйретемін. Шешесі де жақсы кісі. Бір жағы әзілдеген болып, бір жағы ішкі есебі шығар: – Рахимжан, если ты будешь жениться, я с удовольствием Тамару тебе отдам, – дейтін еді. Сөйтiп, үздік бітіргеніме қарай ең бірінші жолдама маған бұйырды. Тамараның балы төмен, соған қарай комиссия мүшелерінің алдына соңына салым барды. Әкесі – министр, солай бола тұра Алматыда алып қалмай, Есікке жіберді. Қараңызшы, министрдің жалғыз қызы!.. «Әй, мұның бәрі жәй, сырт көз үшін жасалған сырғытпа тірлік қой. Әлі-ақ көрерсіңдер, ол осы жерден бір жайлы орынға жайғасады», деді бірге оқыған жолдастар. Бірақ, бәрі басқаша болды. Тамара Есік қаласы емес, арғы жағында «Қаратұрық» дейтін кеңшардағы орта мектепке барып, биологиядан сабақ беріп, жергілікті ұйғыр жігітіне күйеуге шықты. Міне, мен соған куәмін. Қазір министрлер былай тұрсын, ауданның әкімі немесе ауданның сот саласы мен прокуратурасында жүргендер сөйте ме?.. Әрине, әділетсіздікке өкiнесiң. Министрдің баласы – министр, генералдың баласы генерал болып жатыр. Егер сол шіркіндер атқарған ісіне лайық болса, жөн-ау. Әйткенмен мүлде олай емес қой!.. Қайран, Қадыр көкем айтқыш-ақ! «Өзгеге адал бол, өзiңе қатал бол», дейді. Басқа емес, мемлекеттік үлкен лауазымда жүргендердің адалдықтан айнып, қоғамның мүддесін жеке бастарының мақсатынан төмендетiп, тіпті мүлде ескермейтін жағдайға дейін жеткеніне Президенттің өзi күйініп, күйзеліп сөйледi. «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келеді де, бір-бір креслоға қонжия кетеді. Ненің не екенін білмейді. Сол орында не үшін отырғанын айта алмайтындардың әбден көбейгендiгiнен халық қасірет шегуде», деді. Міне, сондайларға Ауыл шаруашылығы министрі болған Рогинецтің принципшілдігі үлгі-өнеге болса ғой, шіркін! * * * Дана Ескендірден: – Сіз неге туған әкеңізден гөрi тәлімгерлеріңізді әз тұтасыз? – деп сұрапты. Сонда ол: – Әкем маған өтпелi өмiрдi ғана берді, ал тәлімгерлерім мәңгілікке баратын жанымды жанып, бекемдеді, – деп жауап берген екен. Әрине, әкенің орны бөлек. Әке өмiрiн жалғастырасың. Үміті боп жанасың, шырағы боп жарқырайсың. Ол – жалғыз, жеке-дара. Ал тәлімгерлерің көп. Олардың бірі сөзiмен дем берсе, екіншісі ісімен жебейді. Мен үшін сондай орны өзгеше ағалардың бірі – Хайдар Арыстанбекұлы Арыстанбеков. Бір күні сол кісі қабылдауына шақырып, әңгімелесті. Жаңадан бір факультет ашылады екен. – Рахымжан, сен соған декан боласың, – деді бірден. Әуелгіде тосылып қалдым. Содан үндемей отыруды қолай көрмей: – Хайдар Арыстанбекұлы, егер сіз күнделікті ақыл-кеңес берсеңіз, мен болайын, – дедім. – Ақылың жетеді, тек қана батылдығың жетсе, бітті! Байқауымша, сен одан кенде емессің. Қане, осы қазір өтiнiшiңдi жаз, – деді. Сөйтiп, тура отыз үш жасымда сайлау додасына салды да жіберді. Сонымен, көп дауыс жинап, жаңадан құрылған факультеттің жас деканы боп шыға келдім. Сол уақытта институтта қаншама факультет бар. Кілең декандар ректораттағы жиналыс, басқосуларда жиі-жиі жүздесіп қаламыз. Іштеріндегі ең жасы мен болатынмын. Оған дейін деканның орынбасары, я басқадай қызметтер атқарғаныммен, бастапқыда «апырай, қалай болар екен?» деп жасқаншақтағаным рас. Өйткені, іргесі енді ғана қаланып жатқан факультет, ректордың сенімінен шыға алар ма екенмін дедім. Жоқ, бірте-бірте шаруамыз ширай бастады. Арада екі жыл өткенде жаңадан ашылған факультетіміз институт, тіпті қаланың жоғары оқу орындары арасында ғана емес, республика ауқымында, одан кейін бүкіл Кеңестер Одағындағы салалық білім беру жүйесінде жақсы жақтарынан жиі-жиі ауызға алынып, мақталатын деңгейге көтерiлдi. Міне, сол кезде ғой Хайдекеңнің дүйім елдің көзiнше: – Рахымжан, күнделікті көмектесiп, ақыл-кеңес беріп тұрсаңыз ғана декан боламын дегенің есіңде ме? Содан бері үш жыл өттi. Сен менің ақылыма ділгер болмай-ақ, қаншама істер атқардың, біз ойламаған жетістіктерге қол жеткіздің. Осы бетіңнен танба! – деп ризашылық білдіргені. * * * «Арыстандай арпалысып еңбектенген адамның қолына бақыт құсы өзi келіп қонады. Қуыс кеуде жазғандар ғана: «Бәрі тағдырдан!», дейді. Тағдырды қаһармандық істеріңмен жең; алда-жалда ынта-жігерің табысқа жеткізе қоймаса, онда сенің кінәң жоқ!» дейді ежелгі үнділіктер. Кандидаттық жұмысым сәтті қорғалды. Енді алдымда докторлық диссертация тұрды. Ресейлік ғалым, өзiме ұстаздық еңбегін аямаған азамат Андрей Васильевич Соколовпен келісе, кеңесе отырып, фосфорлық тыңайтқыштардың өсiмдiктерге тигізетін әсері жөнiнде зерттеуді арнайы тақырып етіп алдым. Іздену барысында әлемге осы сала ғылымының асқан майталман академиктері Борис Алексеевич Ягодин, агрохимияның негізін салған Андрей Васильевич Петербургский, Семен Иосифович Вольфкович, Петр Михайлович Смирнов, Дмитрий Александрович Коренков, белорус ғалымы Тамара Никандровна Кулаковская, украиндық Петр Александрович Дмитриенко және басқа да ғұламалармен дидарластым, талай симпозиумдар мен семинарларға бірге қатыстық. Ондай басқосуларға көптiң бірі боп қана қоймай, жасап жатқан жұмыстарым жөнiнде сөз сөйлеп, баяндамалар жасадым. Ғылыми еңбегім көз алдарында екшелді. Соның арқасында 1984 жылы Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының ғылыми кеңесінде докторлық диссертациямды ойдағыдай қорғап шықтым. Бірақ, өкiнiштiсi, арада екі күн өтпей әлдекімнің ВАК-қа жазған «домалақ арызы» қуанышымды судай басты. Құдай-ау, сондай алып бара жатқан мін болса екен! Бәрі іштарлықтың кесірі. Әрине, қатты қынжылдым. Қорғаған жұмысымның құнын білетін ғалымдар да «әттеген-айлады». «Рахымжан, ерегіскенде екі рет қорға!», деді. Сөйтiп, екінші рет қорғадым. «Сорлы суға тышады, боғы қалқып шығады» деген ғой аталарымыз. Әлгі арызсымақта өзiнше шегелеп көрсеткен «кемшіліктердің» бәріне дәлелді жауап беріп, түгелімен жоққа шығардым. Ғылыми кеңестің мүшелері тағы да бір кісідей дауыс берді. Желдің қайдан ескенін, бәленің қай тұстан қылтиғанын ішім сезді. Бірақ, Қадыр ақын айтқандай, «Өзгені кешіре білдім, өзiмдi өсiре білдім». Соның нәтижесінде жауымды көбейтпей, еңбек еттім, алаңсыз жүрдім. Жүректі де, жүйкені де сақтайын дедім. Өзімнің бар саналы өмiрiмдi өткiзген қара шаңырақта ректор болмадым демесем, қызметке өкпем жоқ: мен атқармаған лауазымды орын қалмады. Зейнет демалысына шыққан соң да қадірім қашпады, агрохимия және топырақтану кафедрасында меңгеруші бола жүріп, ізімнен ілескен жастарға жетекшілік еттім. Әрбір профессор, академик мен секілді шәкірттер тәрбиелей алса, жаман болмас еді. Мәселен, осыған дейін отыз тоғыз ғылым кандидатын, он төрт ғылым докторын қорғатыппын. Солардың арасында бір шәкіртім – Ақылбек Күрішбаевтың еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі, екінші бір шәкіртім – Андрей Леонидович Ивановтың Ресей Ғылым академиясының вице-президенті болып жүргенін, Абдулла Сапаровтың институт директоры, Сағынтай Елубаевтың университет ректоры екенін мақтаныш сезіммен ауызға аламын. Сондай-ақ кейінгі жылдары агрохимия, топырақтану, өсiмдiк қорғауға қатысты ғылым саласында зерттеулер жүргізіп, ғалымдық жолға түскен азаматтардың ішінен Мақтаарал ғылыми-зерттеу институтының директоры Ибадулла Үмбетаев пен Шортандыдағы орман шаруашылығы орталығының директоры, академик Болат Мәжинұлы Мұқановты, Механикаландыру ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Сейітқазы Қашуовты, Өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры Абай Сағитовты бөле-жара айтар едім. Өзіміздің университеттегі Тастанбек Атақұлов, Әлімбай Балтабаев, Сағынбай Қалдыбаев, Қизатолла Мұхамедкәрімов секілді кафедра меңгерушісі, декан болып жүрген Раушан Рамазанова, Амангелді Үмбетов, Маржан Салықова, Алма Мәлімбаева секілді шәкірттеріммен тек қана тыңайтқыш, топырақ жағдайы емес, жалпы ауыл шаруашылығын өркендету мәселесінде қоян-қолтық араласа жұмыс істеудеміз. * * * Жақсы сөзге жан ұйиды. Жақсы жұмыс жігеріңді жаниды, жаның ләззат алады. Алдымдағы ілім-білімге баулыған ағаларымыз бен апаларымыздың сүйген ісіңмен айналыс дейтіні содан екен ғой. Иә, солайы – солай шығар. Алайда азаматтың абыройын асырып, еңбегін жандыратын ең әуелі алған жары екеніне ешкімнің айтар дауы бола қоймас. Сондықтан қай кезде де жанашырым, желеушім де, демеушім де бола білген аяулы жарымды ауызға аламын. Әйел – ер азаматтың тағдыры ғой. Бағын да ашатын – әйел, соры болатын да – әйел. Өйткені, жаман әйелді жеңу мүмкін емес. Егер мықты болса, әлемді билеген Александр Македонский әйелі Олимпианы дегеніне көндiрiп, ойға алғанын істетер еді-ау! Алайда олай болмай: «Менің барлық соғыстарымның ішіндегі ең жойқыны – әйелім Олимпиамен болған соғыс», – деп жазыпты өз өмiрi жөнiндегi жазбаларының бірінде... * * * «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» деуші еді ауылдың үлкендері. Бес жылда білістік дегенімізбен, өмiр – ұзақ жол. Бұл әркімге сынақ. Соған сынбай, шыдай аламыз ба? Тұрғанай кезіккен сындардың бәрінен сүрінбей өттi. Қарағаны менің қас-қабағым болды. Күліп жүрді, ән салдырды. Бұлбұл-екеш бұлбұл да жаны жай тапқан, табиғаттың тамылжыған шуақты шағында ғана сайрайды. Жүзімнің жарқын, ойымның ашық, күлкімнің келісті болғаны – мың қыздың арасынан таңдап алған Тұрғанайымның арқасы. Ғылымның соңында жүрдім. Айлап студенттермен жолсапарлайтын, өндiрiстiк тәжірибелерін бірге өткiзетiн жылдар қалды артымда. Үйге қарайтын, бала тәрбиесіне алаңдауға мұршам болмады. Сондай тығырықтың бәрінен құтқарған – Тұрғанай. Мұратымызды мәпелеп, ел қызығатындай етіп өсiрді. Кейін Құдай Индирадай келінді кезіктірді. Екеуінен көрген Ақмарал, Ардақ, Кәмила есімді үш немереміз бар. Ақмаралымыз магистратурада оқыса, Ардағымыз КИМЭП-тің үшінші курсында, ал Кәмиламыз ең сүйіктіміз, өйткенi, небары бес жаста. Ата мен әженің айтар әңгімелері немерелеріне көбiрек ауа береді екен. Қолымыз қалт етсе, солардың арасында болуға асығамыз. Өмір өткiншi. Даналар айтқандай: «Таудың өзi де бірте-бірте шөгедi, жұлдыздар да ерте ме, кеш пе сөнедi». Қалатыны – естелік. Балаларыңа жинап берген дүние – дүние болмайды. Олар да өз өмiрлерiн өздерiнше құрып, біз өткен соқтықпалы, соқпақты өмiр жолынан өтуi керек. Біз сондай тәрбие беріп едік, енді ұлымыз бен келініміздің іздерінен ергендердің кісілік келбеттерін қалыптастыра алсақ, ол да үлкен еңбек, ата мен әженің қасиетті еңбегі. «Адамдардың жасаған ісінің ең жақсысы – жақсы тәрбиелеген бала-шағасы және қиянатсыз жасаған саудасы» демей ме Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өз хадистерінде. Сауда-саттық әулетіміздің маңдайына жазылмаған, бізге еншілісі – адал еңбек, рухани ізденістер. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің бізден талап ететіні де – осы. * * * Шығармашылығы келешекке кететін, қазақ өлең әлемінің көкжиегi боп желкілдеп тұратын жырларды көп жазған Қадекеңді – Қадыр ағамды әрбір шумағындағы емес, әрбір тармағындағы ұйыған ойлары үшін пір тұтам. – Әй, осы Қадекең әйелдер туралы да көп жазады, – дедім бір күні «Алматы ақшамы» газетінде берген нақыл сөздерiне көз жүгіртіп. – Е, не депті? – дейді Тұрғанай. – Не депті дейсің бе? – дедім күліп. – Әйелдің бар ауыртпалық, қиыншылығын жүрегінен өткiзгендей: Тағдыр дегенің бірде боран, Бірде құйын... Әйел болу дегенің сондай қиын, Сондай қиын... – депті. Бұл ойлары оған ұнап кетсе керек: – Е, сен қалай деп едің? Егер мықты болсаңдар, бір күн әйел боп көрiңдершi! – деді ширығып. – Ойбай, Тұраш, сенікі жөн. Қадекең екеуіңді құптамай, маған не көрiндi? – дедім ығына жығылған болып. – Мен енді басқа бір ойын айтайын: Жақсы әйел – татулықтың іргесі, Жаман әйел – темір торлы түрмесі. – Рас қой, Раха, үйдің үй болмағы ең әуелі әйелден. Ол қытымыр, көкайыл боп жолықса, іске олақ, салдыр-салақтығы және қосылса, ондай әйелді қай еркек жөндейдi? – деп тереңдеп кетті Тұрғанай. – Еркек еркектігін жасап бір ұрар, одан кейін қол көтергендей болса, сол сәтте милицияға шағымданып айдатып жіберсе қайтеді? – Ойбай, арғы жағын айта көрме! Ондайлар өзiмен кетсін... Иә, көрдiк қой талайын. Сонда азаматтарын аяғанбыз. «Алғаның жаман болса, көңiлiң жарым» деген, сыртта керім жігітіміздің үйде пұшайман күйге түскенін көргенбiз. «Атың жаман болса, арманың кетеді; алғаның жаман болса, мейманың кетеді» демекші, не дұрыстап іше алмай, не емін-еркін көсiлiп отыра алмай – кеткенбіз. Сондай бір жолы алтын ұямның табалдырығын аттай бере: – Әй, Тұрғанай, сен менің бақытым екенсің! – дегенмін. – Сен бүгін жаңалық ашқандай боп кірдің ғой, Раха-ау! – деген ол айдай жүзі шырай шашып. – Күнде осылай дегім келеді. Алайда жұмысбасты боп айтуды ұмытып кетіп жүрмін ғой, – деймін. Ол да күледі, мен де күлемін. Әлгінде ғана куә болған көңiлсiз жай өз-өзiнен ұмытыла береді. Лажы болса, тек қана жақсылықты ауызға алып, ізгі жүректі жандармен жиі-жиі жүздескен жөн-ақ. Олардан жан жылуын аласың, көңiл-қошың көтерiледi. Ал сондай жан өмiрлiк сыңарың болса ше? Бір мезет жан жарыңды қолпаштап қойған да жақсы. Бұл жай көңiл үшін емес, өмiр үшін қажет. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзi хадистерінде: «Әділ, жақсы адам әйеліне биязы мінезбен, мейірімді қарым-қатынас жасайды. Әділетсіз адам әйелдерді қорлайды, төмендетiп ұстайды. Әйелдерге жақсы, жылы сөз керек. Әйел ол сөздердi ерекше бағалайды», дейді. * * * 1960 жылы әке-шешемді қуандырайын, ел-жұртымды көрсетейiн деп пойызбен жолға шықтық. Ұзақ жол. Вагонның іші көңiлдi. Жол-жөнекей жабырқай қоймайсың. Ып-ыстық шайымызды ішіп, әңгімеміз жарасып отырып, ара-арасында Тұрғанай «тү-у, ауылың не деген алыс еді!» деп қояды. Арғы жағы да тиіп тұрмаған жер екенін құлағына құйып, ойын үйрету үшін: «Бұл деген ең азабы ғой. Арғы жағы небары үш-ақ жүз шақырым, зу етіп жетіп барамыз» деп қоямын. «Жолдары жақсы ма?» «Керемет! Жалтыраған асфальт жол ғой. Арғы жағымызда Ресей жақын. Мәшине деген тоқтамай зулап ағылып жатады». «Жақсы болды ғой, – дейді жас балаша қуанып. – Біздің Түркістанды көрдiң ғой, айналасы мидай жазық. Жазы ыстық. Жеміс-жидек, көкөнiсі мол. Қысы-жазы үзілмейді, қандай рахат! Сендердің жақта да жасыл ағаш көп шығар. Табиғаты қалай?» – дейді сауал үстіне сауал қойып. «Ой, ол жағын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес! Қаптаған көл, сулы жер. Сулы жердің нулы болатынын өзiң де білесің. Көлдерiмiз бірінен кейін бірі жалғасып жатады. Үсті қиқулаған аққу құс, қаз-үйректен бір арылмайды. Оралдың бүкіл орыстары сонда. Өзі, біз ондайға жоқпыз ғой, Ақкөл, Қаракөл, Шөптiкөл, Жиектікөлдiң рахатын көретiн тек қана солар. Балығын жейді, жаз бойы жағасында жалаңаштанып қыздырынып жатады. Өздерінің әйелдері де қызық», – деп қоямын. «Тү-у, қандай ғажап жерде туғансың сен! Көлi де, шөбi де көп екен. Орман-тоғайлы өңiр әдемі болады ғой», – дейді көргенше асығып. – Рахаңның алдайтынын қайдан білейін, – деп, сол сөзiм әлі күнге дейін есіне түссе күледі. – Түні бойы жүріп, таңертең қарасақ, мидай дала. Ырымға көрсететiн ағашы болсайшы! Бір ағаш жоқ-ау, бір ағаш... «Күліп жүрсең, мысқалдап ет жинарсың; күлмей жүрсең, мысқалдап дерт жинарсың». Сондықтан күліп жүруге ілік іздеген жөн-ақ. Қазақтың туабітті табиғаты солай жаратылған емес пе? Осындай өршiл мінез, қасиетті болмасақ, біз әлдеқашан-ақ жер бетінен құрып кететін ұлт едік. Ниетіміз таза, жүрегіміз ақ. Қырық жылдық қырғыннан да, жүз жылдық жаугершілік заманнан да, алапат аштықтан да аман шыққанымыз, өсiп, көбейгенiмiз осы ниетіміздің түзіктігінен. Әйтпесе, жоңғар шапқыншылығы, жоңғар қырғыны дегенді тарихтан өте жақсы білеміз. Ал ата-бабаларымыз алысып өткен, аямай жеңген сол жоңғар халқы қайда өзi, бар ма, жоқ па?.. Міне, мен соларды жеңген батыр халықтың бір баласымын ғой. Ата салтымызды ардақтаймын, дәстүрімізді сақтаймын. Әлгі бабалардан берілген киелі сезім, өршiл мінез, өжеттiгiмiздi жоғалтып алмауымыз үшін үйде де, түзде де айта жүремін. – Әй, Раха, осы қасиетіңмен ата дәстүрін аттап кетпейтін мына мені де иліктіріп, қолыңа қондырдың-ау! – дейді әзілі аузынан түспейтін Тұрғанай. – Өзің емес пе, қолтығыма жармасқан. Қараға қыздарын бермейтін қожалардың қатып қалған дәстүрін бұзған да өзiң. «Бір күн төре бола салсаң нең кетеді» дегенің есіңде ме? – деймін күліп. – Ойбай-ай, оны шығарған мен емес, Ғалия жеңгем ғой. Сол кісі ғой кеңес берген... Расында, солай болған. Барған бетте, оңашалап: – Айналайын қарағым, саған жасы үлкен кісілер, аталар, апалар келгенде «қай русың?» деп сұраса, «батыстың төресiмiн» де. Әйтпесе бұған дейін біздер бірде-бір қызымызды басқаға ұзатқан емеспіз, – деді ақырын ғана. – Жеңгей-ау, мен қайтіп төре боламын? – деп келе жатыр едім, күлді. – Айналайын, екеуің бір-бірлеріңді қалап қосылған екенсіңдер, бақы