22 Желтоқсан, 2010

Қуан, қазақ!

913 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Бұл қазақ қазақ болғалы не көр­меді, нені бастан кешірмеді, осы “Қуан, қазақ!” деген сөзді іш­тей қайталап, өзіне неше мәр­те айтпады дейсіз. Талай рет айтқан болар. Беріден алғанда Абылай­дың ақ туының астында үш жүз­дің басы қосылып, бір ел, біртұтас мемлекет екенімізді өзі­міз де танып, өзгеге де мойын­датып, мерейіміз өскен сәтте бір қуанған, қуан, қазақ! деп бір айтқан болар­мыз. Одан беріде орыс патша­лы­ғының екі ғасыр­лық отаршыл оз­бырлығы құлап, оның орнына “тең­дік, бостан­дық” деп жар сала келген кеңес­тік билік тұсында өзіміздің “қа­за­қ” деген төл аты­мыз­ды қай­та­рып алып, Кеңес Ода­ғының құ­ра­мындағы Қазақ Рес­публикасы атанғанда бір қуан­ған, шын қуан­­ған болармыз. Бірақ қанша қуанғанымызбен, қанша мәз бол­ғанымызбен, мұның бәрі шын қуаныш емес еді. Ішіне бүк­кен бәлесі, байлаған шаласы бар қуаныштар екен мұның бәрі. Өз тізгінімізді өзіміз ұстап, өзімізді өзіміз билей алмадық. Ата-бабадан мирас болған ен даламыздың бай­лығы басқалардың қолында кетіп, шөміштен қағылдық, өз елімізде өгей, өз төрімізде өзге атан­дық. Тапқанымызды ит жеп жат­қан­дықтан, өзіміздікі өзімізге бұ­йырмай ашаршылыққа ұрындық, аштан қырылдық. “Қайда барсаң Қорқыттың көрі” дегеннің кері келді. Былай жүрсек – арба сы­нып, былай жүрсек – өгіз өлді. Аға­ға іні қарсы шығып, біріне бірі оқ атты. Оқ атпаса да бірінен бірі жау іздеп, бірін бірі ұстап беретін күн туды. Ата-бабаларымыздың түсіне де кірмеген “халық жауы” деген сөзді естідік. Сайып келгенде, осының бәрі халқымызға төніп тұрған 37-ші жылдар зұлматының ызғары, соның кесепаты екен. Өл­шесе өзімен кеткір сол қызыл қыр­ғын зұлмат әлі күнге халқы­мыздың жан жарасы болып жазылмай жалғасып келеді. Бірақ “орнында бар оңалар” деген сөз тегін емес екен. Орнында бар хал­қы­мыз қайта оңалып, қасиетті Қа­зақ­станымыз егемен ел атан­ғанда тағы бір қуандық, бір емес – мың қуандық. Шын қуандық. Бұл жол­ғы қуанышымыз шын қуаныш еді. Қазақстанның тәуелсіздігін сонау тегі бір түркіден бастап бұл күнде бүкіл әлем мойындап, бүкіл әлем әспеттеп отыр. Осы күнге жеткізген, осынау талай ғасыр тек арман болып келген асыл күнге жеткізген Елбасымыздың сөзімен айт­сақ: енді, міне, “Тәуелсіз қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты тату халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бү­гін­нен нұрлы, бүгіннен кемел бо­ла­шағы бар. Сол күнге берік сенім бар”. Бұ­ған қазақ қуанбағанда, кім қуа­нады. Қуан, қазақ! – дейтініміз осыдан. Қазақ төр деген сөзді, төр иесі деген сөзді қасиет тұтқан ха­лық. Төрде отырып сөз айтуға, би­лік жүргізуге кез келгеннің өресі жете бермеген. Төрдің де тө­рі бар. Бір елдің ғана төрінде оты­рып билік айту бір басқа да, 56 елдің басын қосып, Біріккен Ұлттар Ұйымы­мен үзеңгі қағыс келе жатқан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету бір басқа. Қазақстанның дәл осындай ұйым­ға төрағалық жа­сау­ға тәуекел етуі, тәуекел етіп қана қоймай, сол бастамасын әлем елдерінің бәріне мойын­да­тып, төрдің төбесіне шы­ғуы қандай беделі бекем дейтін ел­дің де басына жүз жылда бір қонар бақ құсы емес пе! Қазір Қазақ­станды білмейтін ел жоқ. Ол кім­нің арқасы? Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың, оның ке­мең­герлігі кемел саясатының ар­қа­сы. Бұл сияқ­ты көреген басшы бас­таған ел­дің тұлпары алысқа шабады, ал­майтын асуы бол­майды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық ете бастағанына он бір ай шамасы болған екен. Сырт көз- сыншы. Әлемдік деңгейдегі аузы уәлі сарапшылардың айтуына қа­­ра­ғанда, Қазақстан төрағалы­ғы іскерлікпен, белсенділікпен өтіп жа­тыр. Іс-қимылға, Ұйым жұмысына жан бітті. Әлем мемлекеттеріндегі ұлтаралық қақты­ғыс­тарды реттеуге, сөйтіп тұрақ­ты­лық пен қауіп­сіз­дікті қамтама­сыз етуге байла­ны­сты жаңа қа­дам­дар жасалды. Ау­ғанстан, Гру­зия, Молдова, Тә­жікстан, Қыр­ғызстан, Қарабақ про­блема­ла­рын реттеу жөніндегі іс-шара­лар, міне, осыған дәлел. Бас­қа­сын айтпағанның өзінде, ата көр­шіміз Қырғызстандағы төтен­ше жағдай­ларды жайғастыру жө­нін­­дегі батыл да байсалды іс-қи­мы­­лы­мыз бен жанашыр қадам­дары­­мыз көрген көз сүйсінер­ліктей іс болды. Қырғыз еліндегі осындай жанжал өршіп тұрған кезде Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына Қазақ­стан­ның төрағалық етуі тағдыр­дың ең үлкен сыйы, ал көршілес аға­­йынның ең үлкен олжасы бол­ды деп білуіміз керек. Қазақ “тек отырсаң – тоқ оты­рарсың” деген сөздің мәнісін ұғып өскен халық. Ол ешкіммен өздігінен жанжалдасып та көр­ген емес, өзгенің жанжалына ара­ласып жеккөрінішті болуды да қаламайды. Мәселен, Косо­во­ның, Абхазия мен Оңтүстік Осе­тияның тәуелсіздігін тану тура­лы мәселе көтерілгенде Қазақ­стан өз дегенінен қайтқан жоқ, бұл елдердің тәуелсіздігін мо­йын­­дамаған қал­пын­да қалды. Сөй­тіп, халықара­лық қоғамдас­тық пікірін жоғары қоятынын көрсетті. “Бүгінгі таңда біз Қазақ­стан­ның төрағалық миссиясы сәтті өтуде деп санаймыз,– деді Ресей Сыртқы істер министрлігі жал­пы­еуропалық ынтымақтастық де­­­пар­­таментінің директоры Владимир Воронков. – Бұған нақты дәлел – ЕҚЫҰ-ның кеңістігін жауып тұрған Еуроатлан­тика­дағы атмосфера жақсара баста­ды. Қазақ­станның арқасында ЕҚЫҰ-дағы бір жақты ло­ги­ка­ның қабырғасы “сөгіліп”, өз­ара теңдік пәлсапасы орнығып келеді”. Төрағалықтың тағы бір тамаша табысы сол, ЕҚЫҰ-ның жо­ғары деңгейдегі кезекті саммиті Астанада өткелі отыр. Бұл бас­та­маның да бұлақ көзінде Нұр­сұл­тан Назар­баевтың өзі тұрғанын сүйсіне ай­туымыз керек. Ұйым­ның ең соң­ғы саммитінен бері он бір жыл өткені белгілі. Сонша­лық­­ты үлкен үзіліс уа­қытында дағ­дарысқа ұшырай қоймаға­ны­мен, тоқырауға тап бол­ған Ұйым саммитін шақыру тура­лы сали­қа­лы ой тастады. Әр сөзін мың тол­ғап, тобықтай түйінін ғана айта білетін көреген саясатшы өз баста­масын көпке қолдатып қана қой­май, Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымының саммитін Қа­зақстанда – Астана қала­сында ша­қыру туралы шешімге қол жеткізді. Салмақты сөз, сарабдал саясат деп осыны ай­татын болар. “Әлемдегі тәуел­сіздігін жа­ңа­­дан алған елдер­дің ешбіреуінің осын­дай ғаламдық ауқымдағы бас­қосуды өткізуге мүм­кіндігі болған жоқ”, – деп ерекше атап өтті Мемлекет бас­шы­сының өзі Нұрсұлтан Назарбаев кейін Астанадағы Бейбітшілік жә­не келісім сарайында өт­кен Қазақ­стан халқы Ассамблея­сының ХVІ сессиясында сөйле­ген сөзінде. Бұдан әрі Нұрсұлтан Назарбаев бұл саммиттің ерекше бас­қосу болғалы тұрғанына кеңірек тоқ­талып өтті. “Қазақстанға әлем­дегі 55 мемлекеттің, ірі-ірі халықара­лық ұйымдардың деле­га­циялары келеді,– деді ол өз сөзінде. – Біз өзіміздің қонақ­жай­лығымызды, дарқандығы­мыз­ды көрсетуіміз керек. Мәртебелі меймандарды ла­йықты қарсы алып, еліміздің сан-алуандығын, этномәдени бірлес­тік­теріміздің және Ассамблея­мыз­дың жұмыс тәжірибесін танысты­руы­мыз қажет. Мен қазірдің өзін­де әлемдік тарихқа енген Астана рухы деген ұғымның саналуан­дық­тағы сенім, келісім, төзімділік және бірлік қағидаттарына негізделген әлем құрудағы жалпыға ор­тақ ұмтылыстың символы бола­тынына сенімдімін!”. Той кімдікі болса, білек сонікі. Саммитті өткізу Қазақстан үшін зор құрмет болса, екінші жағынан мойынға салмағы түсер зор міндет. ЕҚЫҰ аумағындағы қауіпсіз­дік проблемалары, Ауғанстандағы ахуал және төзімділік мәселелері әлі де толық шешіліп болған жоқ. Еуразиялық экономикалық интеграция мәселелерімен де білек түріп айналысатын кез келді. Елбасымыз сонымен бірге ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тілдік, көші-қоңдық, діни, мәдени және білім беру саясаттарын өзгертіп, ортақ құжат жасайтын уақыт жетті деп есептейді. Нұрсұлтан Назарбаев ол ортақ құжатты “ЕҚЫҰ – жаңа онжылдықтағы төзімді­лік­ке бір қадам” деп шартты түрде атауды ұсынды. Мұның бәрі, әрине, мәселе­нің негізгі жақтары. Саммитке қатысу үшін елордамызға бұрын болып көрмеген мөлшерде қо­нақ­­тар келді. Атап айтқанда, дү­ние жүзі мемлекеттерінің 55 басшысы және өкілдіктері, халықаралық ұйым­дар­дың 65 жетекшісі, көптеген бұ­қ­аралық ақпарат құралдары өкіл­дері – барлығы 5 мыңға жуық адам келді. Сөйтіп, міне, Ас­тана­мыз ұлы дүбірдің ордасына ай­налды. Бұл – қазақ қазақ атан­ғалы болып көрмеген ұлы оқиға. Қуан, Қазақ! – деп бір-бірімізден сүйін­ші сұрайтын айтулы оқиға. Бірақ біздің халқымыз алмақтың да сал­мағы болатынын ешқашан ұмыт­пақ емес. Сондықтан, еліміз Астана Саммитін тас-түйін да­йын­­дықпен қарсы алып, асқан іскерлікпен, мәрт мінез ұйымшыл­дық­пен жоғары деңгейде өткізді. Жуыр­­да ел­орда­мызда ресми сапармен болып қайт­қан Австрияның феде­рал­дық экс-канцлері Альфред Гу­­зенбауэр ЕҚЫҰ-ға мүше мем­ле­кеттердің көптеген басшылары Астана Саммитіне Нұрсұлтан На­­зарбаевқа деген жеке құрметі үшін келеді деген пікір білдіре отырып, “сіздерге бұл форумды ұйымдас­тыруға бар­лығынан бұ­рын Нұр­сұлтан Назар­баевтың әлемдік дең­гейдегі зор беделі кө­мек береді”,– деп атап көр­сеткен болатын. Осы аталған сөзге бәрі­міз де ден қойып, құ­лай сенеміз. Астана Саммитінің елдік беделіміз бен абыройы­мыз­ды ас­қақ­­тату­дың жаңа бір кезеңі болып та­рих­қа енеріне еш күмән жоқ. Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ, баспасөз ардагері. АЛМАТЫ.