Жаһандық кеңістікте Қазақстанды кезекті жауапты іс күтіп тұр. Мемлекетіміз алдағы жылдың жазынан бастап Ислам Конференциясы Ұйымының тізгінін ұстап, төрағалық етеді. Төраға болу төрде отыру дегенді ғана білдірмейтінін көрдік. Төрағаға артылатын жүктің салмағы ауыр, жауапкершілігі жоғары, міндеті де көп екенін еліміздің ЕҚЫҰ-ға жетекшілігі дәйектеп берді. Ендеше ислам әлеміндегі ең беделді ұйымның тізгінін ұстар тұста еліміз тағы да бір ілкімді бастамаға жол бастады.
Кеше Алматыда алғашқы Мұсылман қолжазбалары мен артефактілерін жинақтау, сақтау және қалпына келтіру жөніндегі мамандардың аймақтық кездесуі болып өтті. Расында да мұндай басқосу тұңғыш рет өткізіліп отырған жайы бар. Осы мәселеге қатысты Орталық Азияның мамандары қазақ жерінде тоқайласып, қордаланған мәселелерді ортаға салды.
Бұл бастамаға ҚР Білім және ғылым министрлігінің Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ислам ұйымы (ISESKO), ҚР Ұлттық кітапханасы және Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы ұйытқы болды.
Егер еліміз бүкіл Орталық Азия елдері секілді ғасырлар бойы ислам өркениетінің қалыптасуы мен дамуына қомақты үлес қосып келеді десек, оған дәйек болар дүниелер жеткілікті. Біздің сөзімізге араб жазуымен жазылған, қомақты мөлшерде мемлекеттік қорлар мен жеке қорларда сақталған аса құнды қолжазбалар да кепіл бола алады. Қазақ, шағатай, түрік, араб және парсы тілдерінде жазылған қолжазба жәдігерлерде Орталық Азияның тарихы мен мәдениетіне қатысты аса құнды мағлұматтар келтірілген.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ислам ескерткіштерін анықтау, зерттеу, санаққа алу және насихаттау сынды жұмыстар жандана түсті. Осыған орай, ғылыми және практикалық мәні бар өзекті мәселелер туындап, ол тікелей ұлттық кадрларды дайындайтын мұсылман қолжазбаларының жалпыұлттық ортақ қорын, яғни Қазақстандағы орталықты құруға да қатысты болды.
Осынау кездесуді өткізудегі мақсат – мұсылман қолжазбаларын зерттеу жөнінде тәжірибе алмасу, қазақстандық және маманданған мекемелер арасындағы әріптестік аясын кеңейтуді көздейді.
Сонымен мұсылман қолжазбалары бойынша Орталық Азияның палеография мен кодикология саласының мамандарын, еліміздегі ғылыми-зерттеу институттарының, архивтерінің, кітапханалары мен музейлерінің жетекші деректанушы мамандары мен сарапшыларын тоғыстырған аймақтық кездесуде маңызды мәселелер талқыға түсті.
Егер қандай да бір халықаралық ұйым аясында экономика мен саяси мүдделерге қатысты ымыраға келу оңайға түспегенімен, дәл осы мәселеде, мұсылман қауымның ортақ игілігіне айналған көне қолжазбаларды көздің қарашығындай сақтауда алауыздық болмайтыны аян еді.
Кездесу қабылдаушы Қазақстан тарапынан құттықтау сөз, жылы лебіздерден бастау алды. Осыдан кейін жиналғандар бірден іске көшті. Сессияларды Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор Меруерт Әбусейітова жүргізіп отырды.
Алдымен ақпаратқа қол жеткізу, мәдениет пен білім беруді еркін бағдарламамен қамтамасыз ету мәселесіне байланысты еліміздегі «Коммуникация және ақпарат» бағдарламасының ұлттық маманы С.Карпов сөз алды.
Егер қолжазба мұрасын пайдалану және оларды жинақтау, тізімге алу мен сақтауда өзекті мәселелер туындап жатса, оны Ұлттық кітапхана мамандары бес саусағындай біледі. Өйткені, еліміздегі ең бай, орталықтандырылған кітапханада сирек қолжазбалар бөлімі бар. Және мұндай талай құнды қолжазбалар жыл өткен сайын күтім сұрап тұрғаны белгілі. Бұл туралы Ұлттық кітапхана директорының орынбасары З.Шаймарданова баяндады.
Сөз кезегі тигенде Тәжікстандағы А.Дониш атындағы Жазбаша мұра және шығыстану институтының Қолжазбаларды сақтау және каталогқа енгізу бөлімінің меңгерушісі Қ.Елчібеков қолжазба жәдігерлерді сақтау мен өңдеуге қатысты өз тәжірибелерімен бөлісті.
Көне артефактілерді қайта қалпына келтіруде артық қыламын деп, тыртық етіп жатқан жағдай көрші Қырғыз елінде де бар болып шықты. Мәселен, Орталық Азиядағы ең көне мұнаралардың бірқатары осы елде. Бес ғасырға жуық сақталған сәулет өнерінің сирек үлгілерін реставрациялау барысында қателіктерге жол беріліп отырғаны айтылды. Солақай шешімдер осынау көне ғимараттардың келбетін ғана өзгертіп қоймай, көне жазбаларға да нұқсан келтірген. Мысалы, қалпына келтіру барысында Манас күмбезінің қас бетіндегі көне жазулар көп өзгеріске ұшыраған. Жалпы мұндай өкінішті жәйттердің орын алатынын өзге елдер де жоққа шығара алмас. Дегенмен Қырғызстандағы Тарих және мәдени мұра институты, археология секторының меңгерушісі Қ.Ташбаева көне қолжазбаларды жинақтау мен сақтауға, насихаттауға қатысты талай тірліктер атқарылғанын нақты мысалдармен баяндап өтті.
Мәдени мұраны сақтау туралы Қазақстан мен ИСЕСКО арасындағы ынтымақтастық туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі Жанат Зәкиева баяндады. Осы арада айта кету керек, ИСЕСКО Ислам Конференциясы Ұйымының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
Зәкиева ханым ИКҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноглудың ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінде айтылған: «Ислам Конференциясы Ұйымы 1998 жылдан бастап алғашқылар қатарында өркениеттер үнқатысуы тұжырымдамасымен жүрді» деген сөзін еске салып өтті. Ақиқатында алдағы үш жылда Ұйымның негізгі басым бағыты Еуропадағы антиисламдық науқандарды қаперге ала отырып, әлемдік өркениеттің дамуына үлесін қосқан және қосып та жатқан ислам мәдениеті мен өркениетінің ең үздік табыстарын тарату мен дамыту болып табылмақ.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі 2011 жылы Қазақстанның аталмыш Ұйымның Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне төрағалығы ИКҰ-ның халықаралық сахнадағы беделін көтеруге айтарлықтай ықпал етуге тиіс дегенді нақты атқарылатын шаралар легімен дәйектеді.
Сондай-ақ ИСЕСКО-ның Алматыдағы соңғы отырысында 2015 жылы Алматы ислам мәдениетінің астанасы деп жарияланған. Бұл мәртебе де бізге ұлттық бірегейлігіміз бен мәдени ерекшелігімізді танытуда аз міндет жүктемейді.
Сонымен аймақтық кездесу көтерген мәселеге қайта оралсақ, еліміздің Ұлттық мұрағатындағы мұсылман қолжазбаларын электронды-сандық форматқа ауыстыруға қатысты бірқатар қиындықтар туындап жатқаны белгілі болды.
Қалай десек те, аймақтық кездесу ислам әлемінің бары мен жоғын түгендеп берді. Шетел мұрағаттарындағы құжаттарды анықтау мен көшірмесін алу тәжірибесі туралы Алматыдағы Орталық қалалық мұрағаттың директоры А.Ботанов баяндаса, Орталық Азиядағы мұсылман қолжазбаларын зерттеу жайын тарих ғылымының докторы Ә.Муминов ортаға салды.
Қытай мұрағаттарында сақталып келе жатқан қазақ хандарының түркі тілінде жазған хаттары да айналамыздағы көршілерімізді елеңдетіп өтті. Мәдени мұра ретінде қолтаңбалы өнер туындыларын сақтау жайы күн тәртібінен қалыс қалған жоқ. Сол сияқты Теһран қаласындағы кітапхана қорларындағы сақталған қолжазбаларды каталогқа енгізу мәселесі кезек күттірмейді.
Ал сирек кітаптар мен қолжазбаларды биобұзылудан сақтау қазір құжаттарды қайта өңдеу қызметіндегі кітапханашы-биолог мамандардың басын қатырып отыр. Оның жай-жапсарынан Ұлттық кітапхана қызметкері Н.Жұмаділова хабардар етті.
Қорыта келгенде, Мұсылман қолжазбалары мен артефактілерін жинақтау, сақтау және қалпына келтіру жөніндегі мамандардың алғашқы аймақтық кездесуі жан-жақты, көп қырлы болды.
Жиын соңында кездесуге қатысушылар Қазақстанда өткен маңызды бас қосуды ұйымдастыруға, қаржыландыруға қолдау көрсеткен Білім беру, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымының (ИСЕСКО) жетекшісі доктор Абдул Азиз Осман әл-Тувайжриға алғыс білдірді.
Қолда бар дүниелерді көздің қарашығындай сақтап, ғасырлардан ғасырларға жеткізу үшін ИСЕСКО-ға мүше азиялық мемлекеттердің арнаулы мекемелері мен ғылыми-зерттеу институттарының күшін біріктіру туралы мәміле жасалды.
Сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық кітапханасының базасында сирек кітаптар мен қолжазбалардың электрондық каталогын жасақтауда сәйкес тренингтер сериясын ұйымдастыру келісілді. Және ИСЕСКО-мен бірігіп сирек қолжазбалар мен кітаптарды қалпына келтіру, түптеу және консервациялау жөніндегі мамандар даярлау жайы ойластырылды.
Оған қоса Қазақстанда Орталық Азия өңірінің мұсылман қолжазбалары мен артефактілерінің бірегей электрондық каталогы ережесінің жобасын жасау келісілді.
Қазақстанда бүкіл әлем зерттеушілері үшін қолжетімді «Орталық Азия аймағының сирек қолжазбалары мен кітаптары» атты мамандандырылған сайтын жасақтау үшін ИСЕСКО тарапынан қаржы бөлу мәселесі ойластырылды.
Бұл айтылғандар тұңғыш рет өткен аймақтық кездесу жасаған қорытындылардың бір парасы ғана. Нәтижесі алдағы күндердің еншісінде.
Аймақтық кездесу аясында «Қазақстан Республикасындағы мұсылман қолжазбалары» сериясы бойынша көрме ұйымдастырылды.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.
________
Суреттерді түсірген Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ.