Академик А.Сейтешов Алматыдағы Ұлттық кітапханада осы кітаптардың тұсаукесер рәсімін өткізді
Ажес Сейтешов қоғам мен өркениет жайлы, жас ұрпақ тағдыры жайлы тәуелсіздікпен сабақтастыра терең ой толғап жүрген ғұлама ғалымдарымыздың бірінен саналады. Академиктің 30 томдық таңдаулы педагогикалық шығармаларының тұсаукесері тәуелсіздік мерекесі тұсында өтуі де сондай жарқын нышанды аңғартса керек.
Ұрпақ тәрбиесіне арнап 30 томдық еңбек жазған ғұлама туралы кеңірек айтқан артық болмас. Зиял-парасаты шын мәніндегі рухани кемелдікпен, белсенді өмірлік ұстаныммен ұштасатын қазақстандық жас буын ұрпақтар толқынын тәрбиелеу оның темірқазық арманына айналды. Ғалым өз өмірінің соңғы 25 жылын осы арманның Қазақстанда жүзеге асуына арнады. Академик А.Сейтешов өз еңбектерінде қазіргі педагогика ғылымының заңдылық иірімдерін және Қазақстан жастарының рухани даму жолының қалыптасуын сөз етеді.
Ұлттық Ғылым академиясының шешіміне сәйкес шығарылған ғалымның 30 томдық таңдаулы педагогикалық шығармалары оның 1959-2009 жылдардағы, яғни жарты ғасырлық ғылыми-педагогикалық зерттеу еңбектерін молынан қамтыған. Оның таңдаулы педагогикалық шығармалары кәсіптік педагогика мен психологияның өзекті мәселелерін, жалпы педагогиканың жаңадан қосылған тармақтарын зерделейді. Сондай-ақ, қазіргі кәсіби білімнің дамуы, осы орайда кәсіпқой мамандарды қалыптастырудың ғылыми негіздері мен ұлттық кадрларды даярлаудың ерекшеліктері ғалым назарынан әсте тыс қалмаған.
Айтар болсақ, А.Сейтешов – кәсіптік педагогиканың негізін қалаушы, бұрынғы КСРО Педагогика ғылымдары академиясының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Ресей Ғылым академиясының құрметті мүшесі, Бүкіләлемдік кәсіптік білім ассоциациясының толық мүшесі. Соған қоса ол Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ауқымындағы «Ұлттық кадрлар даярлаудағы ықпалдастық пен сарабдалдық» мәселесі жөніндегі Үйлестіру кеңесінің төрағасы. Қазірде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінде ғылыми кеңесші болып қызмет атқаруда.
Профессордың өзі қалыптастырған ғылыми мектебі бар деп кәміл сеніммен айта аламыз. Осы кезге дейін ол 48 ғылым докторы мен 79 ғылым кандидатын даярлаған. Қырық жылдан астам уақыт философия, әлеуметтану, техника, геронтология, психология, экология, эргономика, гендік инженерия және педагогика саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып келеді. Соның нәтижесінде жанкешті ғалымның 48 монографиясы, 12 оқулығы, 200 кітабы, мыңнан аса ғылыми мақалалары жарық көрген. Аса ірі ғалым-педагог Ажес Сейтешовтің ғылыми мұрасы ХХІ ғасыр басындағы жаңа адамды қалыптастыру кезеңін айшықты бейнелейді.
Осы жайларды, ғалымның әлемдік және Қазақстан педагогикасына сіңірген еңбегін Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, профессор А.Құсайынов, педагогика ғылымдарының докторлары Л.Керімов, А.Қозыбайұлы және басқалар тұсаукесер рәсімінде айрықша атап көрсетті.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
------------------------------
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.