24 Желтоқсан, 2010

Қыстан қысылмайтын болды

444 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жаңа мыңжылдықтың табал­дырығынан аттағаннан кейін-ақ ел экономикасы оңала бастағаны мәлім. Соған қарамастан, жыл сайын қыс маусымы тақағанда семейліктер алаңдай бастайтын. Өйт­кені, әбден тозған жылу құ­бы­рлары мен қазандықтар қатты аязда қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуге кепілдік бере алмай жататын. Ақыры бұл мәселе Елбасының құлағына да тиді. Іле одан кейінгі жерде Үкімет те қозғалып, Семейді жылумен қамтамасыз ету мақ­сатымен кезең-кезеңімен қа­жет­ті қаржы бөліне бастады. Осы қаржыға ең алдымен жылу құ­бырлары ауыстырылды. Ал одан кейінгі жерде қазандықтарды ау­ыстырып, жөндеу мәселелері қол­ға алынды. Бірақ ол анау айт­қан­дай оңай шаруа емес екен. Ра­сында ондаған жылдар бойы шешімін таппай келген мәселені бір жыл ішінде шешу мүмкін емес-ті. Абырой болғанда, бұл істе де ілгерілеушілік бар. Айталық, қа­ланың Жаңасемей бөлігіндегі бірінші жылу-энергиялық орталы­ғын­да жаңадан салынып жатқан су ысытатын екі қазандық құры­лысы қызу қарқынмен жүргі­зі­луде. Олардың құрылысы келер жылдың осы уақытында бітуі тиіс болатын. Бір қуанышты жайт сол, солардың бірінің дайындығы – 95, екіншісінің дайындығы 50-60 пайыз мөлшерінде. Яғни, мұның алғашқысы жуық маңда іске қосылмақ. Жаңадан салынып жатқан осы екі қазандықтың құрылысына рес­публикалық бюджеттен 11 мил­лиард теңге қаржы бөлініпті. Осы орайда және бір айта кететін жайт сол, Павлодар қаласында жасал­ған бұл қазандықтар Семей өңі­ріндегі Қаражыра көміріне лай­ықталып шығарылған көрінеді. Қа­зандықтар құрылысымен айна­лысып жатқан «Свинецстрой» ЖШС де өздеріне жүктелген талапты үлкен жауапкершілікпен атқарған. Мұнда енді қазандықтардың өзін өзі электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызатын ар­найы турбиналар орнатылмақ. Он­ың маңызы қаншалықты екендігі айтпаса да түсінікті. Солай дей тұрғанмен, қала тұрғындарының көңіліндегі алаң біржола сейілді деуге болмайды. Өйткені, өткен жылғы қаһарлы қыс әбден қысып бергенде қалада көмір тапшылығы сезіліп, әбі­гер­лі шақ туған еді. «Биыл көмір мен мазут жеткілікті. Үкімет тара­пы­нан осы мақсатқа деп 361 миллион теңге қаржы бөлінді», дейді қала әкімінің орынбасары Төле­ген Данияров. Анада қалаға көмір жеткізілмей жатыр екен деген сөз де бос қауесет болып шықты. Қа­зірде қалаға күніне 37 вагон көмір жеткізіліп жатқан көрінеді. Сон­дықтан семейліктердің биылғы қыстан қысылмайтындықтарына сенім мол. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.