Қарағанды жыл сайын жасанып, жайнап келеді. Көрікті әрі мәдениетті шаһарға айналдыру жолындағы іс-шаралар еліміздің мерейлі мерекесі алдында қанат жая түсіп жатыр. Мұз айдыны сарайы, теннис және бокс орталықтары, жаңа мешіт бой көтермек.
Қарағандылықтар қуана қабылдаған жаңалықтардың бірі халқымыздың үш ұлы алыбының еңселі ескерткіштері келесі жазда көрнекті тұстарда асқақтайтын болады. Бұдан былай қарай қаланың бас қақпасы – теміржол бекеті алдындағы алаңда меймандарды заңғар ғалым Қаныш Сәтбаевтың қоладан құйылған бейнесі қарсы алып тұрады. Ал Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті жанында Қаз дауысты Қазыбек би тұлғасы еңселенеді. Сонымен бірге орталық саябаққа Сәкен Сейфуллин көшесі жағынан кіре берісте ақиық ақын Қасым Аманжоловтың биік мүсіні орнамақ.
Ауыстырылған Ленин ескерткішінің орнына Тәуелсіздік стелласы қойылады. Оның айналасы тұрғындар демалатын әсем саябаққа айналады. Абай, Бұқар жырау, Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин қатарын толықтырғалы тұрған аталған үш алып ескерткіштері өлке тарихын ұқтыра түспек.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.