Ертіс жағасында орналасқан Курчатов қаласының көркін бүгіндері екі ірі кәсіпорын – Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркі ашып тұр. 2005 жылы Елбасының тікелей бастамасымен құрылған Ядролық технологиялар паркінің жетістігі жайлы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ президенті Абзал ҚҰСАЙЫНОВ әңгімелейді.
– Абзал Тұрсынбайұлы, жақында бес жасқа толған Ядролық технологиялар паркі аяғынан нық тұр десек, артық айтпаймыз. Оның алдағы болашағын қалай елестетуге болады?
– «Ядролық технологиялар паркі» аяғынан нық тұр деген сөзіңізбен келісемін. Шынымен де, бес жыл ішінде біз осы жерден әкімшілік-өндірістік және ЭЛВ-4 электрондарының өндірістік үдеткіші бар радиациялық технологиялар кешенін салдық. Ядролық технологиялар паркі базасында бәсекеге қабілетті өнім өндіруші бірнеше кәсіпорын бой түзеді. Мысалы, көбіктенген полиэтилен мен жабындық гидрооқшаулау материалдарының, темір жол саласына арналған тежеуіш құрылғылардың өндірісі желісіндегі тауарлар. Жақында біз тұмау, тері ауруларының алдын алу және емдеуге арналған радиациялық-тігілген фармпрепараттарды, ксенон қосындысы бар активтенген ауызсуды, табиғи және жасанды тастардан жасалған жылыту панельдерін, инфрақызыл жылыту элементтері пайдаланылған қыштарды шығару жұмыстарын бастап кеттік.
Технопарктің болашағы өте зор. Біздің бәсекелестік артықшылығымыз – ядролық жеделдеткіштерді пайдалануда. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ЭЛВ-4 электрондарының өндірістік үдеткіші өз жұмысын сәтті жалғастырып келеді. Қазір 2012 жылы іске қосылады деп жоспарлап отырған ИЛУ-10 импульсті бағыттық үдеткіші бар жаңа корпустың құрылысын бастадық. Сондай-ақ протондық үдеткішті орнату да жоспарда бар. Осы үдеткіштердің көмегімен айналасынан түрлі жаңа өнеркәсіптер тұрғызып, отандық кәсіпорындарды сапалы тауарлармен қамтып қана қоймай, қазақстандық үлесті еселейтін боламыз. Біз парк қызметінің басым бағыттары айқындалған Стратегия құрастырып қойдық. Ол атом энергетикасын, құрылыс саласын, медицинаны және т.б. қамтиды. Біздің міндетіміз – халық шаруашылығында сұранысқа ие тауарларды шығаратын өндіріс кластерін құру. Ең бастысы – бір орында тұрақтап қалмау. Мәселен, теміржол көлігінің тежеу бұйымдарын дайындау бойынша «Қазақстан темір жолы» АҚ ірі тапсырысын орындау үстіндеміз. Ұлттық компания бұрындары бұл құрылғыларды Ресей мен Украинадан сатып алатын. Енді біз оның отандық өндірушісі болып табыламыз. Ағымдағы жылы мұнай-газ құбырлары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қажетті жылу отырғызушы манжеттер мен таспалар шығаратын өндіріс құру жұмысына кірістік. Елде мұндай өндіріспен айналысатын бірде-бір мекеме жоқ. Оларды тек біздің қолымызда бар үдеткіштердің күшімен жасауға болады. Бұл жоба 2010-2020 жылдарға арналған Индустрияландыру картасына енгізілген. Менің ойымша, біздің технопарк кәсіпорындары тауарларын даналап емес, өндірістік көлемде шығаратын қазақстандық әріптестерінің арасындағы ең бірегейі. Біз Ресейдің, Украинаның технологияларын, сондай-ақ шетелдік инвесторларды көптеп тартудамыз. Мәселен, жақында ғана британдық грантты жеңіп алдық, жобаға 8 млн. теңге жарнамен «кіріп», 40 млн. инвестиция тарттық. Сонша көп ақша болмағанымен, бастама жаман емес. Алыс және жақын шетелдегі елдермен білескен кәсіпорындар құру да шетелдік инвесторларды тартудың бірден-бір жолы болып табылады. Құрылысы басталып кеткен базасында ИЛУ-10 электрондар жеделдеткіш құру көзделіп отырған корпустың көмегімен медицина саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізе аламыз. Ол радиациялық жолмен медициналық препараттар мен бұйымдарды зарарсыздандыруды қамтамасыз етеді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл зарарсыздандырудың ең озық түрі болып табылады. Бизнес-жобаға сәйкес, осы жерде медициналық шприцтер, катетрлер, бетперделер, бахилалар және т.б. шығарумен айналысатын медициналық кластер құрылмақ. Болашақта бұл технологияны Қазақстан бойынша таратқымыз келеді, мәселен, Астана мен Алматыда, батыс және шығыс шекарада радиациялық-технологиялық орталықтар құрмақ ниеттеміз. Бүгінгі күні шекарамызға еніп жатқан азық-түлік өнімдерін зарарсыздандыру мәселесі өзектілігін жоймай келеді. Олар: шай, көкөністер, жеміс-жидектер, түрлі қоспалар және т.б. Әдеттегідей, олар түрлі бактериялармен уланады. Егер біз шекараларда, айталық Батыс пен Шығыста, үдеткіштер орнататын болсақ, елге кіріп-шығатын тауарлардың бәрін зарарсыздандыра аламыз.
– Барлық жобаларымызды ойдағыдай жүзеге асыру үшін мамандандырылған кадрлар қажет. Өңірде оларды шаммен іздеп таппайсың. Бұл жағдайдың жолын қалай тауып жатырсыздар?
– Кадрлық мәселе шынымен де бар. Бұл жағдайдың жолын қалай тауып жатырмыз? Түрлі саладағы мамандарды қабылдап, өз есебімізден қайта оқытамыз. Көбіне шетелде. Өкінішке қарай, бүгіндері Қазақстанның бірде-бір жоғары оқу орны жоба менеджерлерін дайындамайды. Сондай-ақ инженерлер де тапшы. Біз электрон үдеткіштерін пайдалану үшін Новосібір қаласына 4 адамды оқуға жібердік. Қазір олар үдеткішке байланысты барлық жұмысты өздері жасайды. Екінші ИЛУ-10 үдеткішінде жұмыс жасау үшін Ресей Федерациясына келесі топты оқуға жіберетін боламыз. Сондай-ақ жақында бізде өткен халықаралық конференцияда Ресейден кадр дайындау мәселесі бойынша көптеген ұсыныстар түсті.
– Жоғары дәрежелі кадрлар жайы белгілі болды. Ал жұмысшы мамандарға қатысты қандай мәселелер бар?
– Мұндай мәселені де жоққа шығармаймыз. Бізге орта деңгейлі, мамандандырылған жұмысшылар өте қажет. Бұрындары оларды кәсіптік-техникалық училищелерде даярлайтын, қазір олардың саны саусақпен санарлық. Курчатов қаласында да, өкінішке қарай, мұндай оқыту мекемесі жоқ. Мұндай оқыту мекемесін ашу бойынша қолда қала әкімдігі, Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркінің біріккен жобасы бар. Алайда оның шешімі бюрократиялық іркіліске, нақтырақ айтсақ, қаржыландыру көзіне тіреліп тұр. Жақында Семейден жақсы жаңалық келді – жергілікті қаржылық-экономикалық колледж техникалық мамандықтарға қайта бағдарланбақ. Осыған орай олар біздің ұсыныстарымыз бен қажеттіліктерімізді сұрастырған. Бұл мәселе де оң шешімін табады деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Марат МАНАСПАЕВ, журналист.