29 Желтоқсан, 2010

Азиада жаршысы

528 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстанның» VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті

Дүбірлі дода 32 күннен соң басталады

Тоғыз мың сақшы қорғайды

Азиада-2011 кезінде еліміздегі екі қалада қоғамдық тәртіптің сақталуын 9 мың полиция қыз­меткері қорғайтын болады. Бұл жайында Ішкі істер министрі Серік Байма­ғам­бетов мәлімдеді. «Жарыстар бағдарламалары ескеріле отырып, полиция ішкі әс­керінің күштері мен құралдары тәр­тіпке келтірілді. Бұл күндерде Ал­матыда, тұтастай алғанда, 3 мың по­ли­цей жұмыс жасайтын болады. Ал елімізді түгел ал­ған­да, 9 полицей мен ішкі істер әскерлері қо­ғам­дық тәртіпті ұстап, қадағалап тұруға қаты­сады», – деді ол. Жақында ғана Астанада болып өткен ЕҚЫҰ-ның Саммиті кезіндегідей Азиада да республикалық штаб құрылады. Түрік компаниялары ойындарға демеушілік жасайды Қазірдің өзінде Түркияның ірі компаниялары Астана мен Алматыда өтетін Қысқы Азиада ойындарына әріптестік және демеушілік бағдар­ламалар жасауға қызығушылық танытуда. Бұл туралы Ыстамбұлда өткен Қазақстандағы 2011 жылғы VII Қысқы Азиада ойындарының таныс­тырылымы барысында мәлім болды, деп хабар­лайды осы спорттық шараны ұйымдас­тыру комитетінің баспасөз қызметі. Осы рәсімнің кезінде: «Екі елдің эконо­микалық ынтымақтастығы қарқынды да­мып келеді, түрік компаниялары Қазақстанда кеңінен танылған. Түрік тарабы VII Қысқы Азиада ойын­дарының алаңын өздерінің іскерлік қабі­лет­терін әлемдік және қазақстандық қоғамға таныту мүмкіндігі ретінде пайдалана алады», –деді «2011 жылғы Қысқы Азиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекция­сы» АҚ-ның басқарушы директоры Берік Сарин. Ал Ойындардың 2011 жылғы 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Астана және Алматы қалаларында өтетіні аян. Судың өзі халал талабына сай ұсынылады «Азиадаға мұсылман елдерінен келетін спорт­шылардың талғамдарына сай тағам дайындау жағы да мұқият қарастырылған, – дейді Қазақ­стан Халал-индустрия ассоциациясы мен №57 стандарттау комитетінің төрағасы Марат-қажы Сәр­сенбаев. – Қазірге дейін 28 елден келетін қонақ­тар біздің Үкіметімізге хат жолдап, арнайы мейманханаларға орналасқанды дұрыс көретін­діктерін баяндады». Осының негізінде Үкімет Туризм және спорт министрлігіне тиісті тапсырмалар берді. Ал министрлік өз кезегінде Азия ойындары спорт және ұйымдастыру комитетіне нақтылы міндеттер жүктеді. Ұйымдастыру комитетінің мүшелері осыған орай жоғарыдағы ассоциациямен бірге халалдық сипаттағы ас мәзірін даярлап, керекті қонақ үйлерді таңдап қойды. Дәл қазіргі сәтте екі қаладағы 30 қонақ үй халал тәртібіне көшкелі отыр. Оларда берілетін ас түгелдей халал стандарты негізінде дайын­дала­ды. Төрағаның айтуынша, мұндай отельдерде тіпті судың өзі халал нормасына сай ұсынылады.

Азиадаға бір ай қалды

Жаңа жылда еліміздің атын төрткүл әлемнің аузына салатын тағы бір үлкен шара – Азиада ойындарының басталуына толық бір айдай ғана уақыт қалды. Осыған байланысты біз «2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті атқарушы дирекциясы» АҚ президенті Анатөлі ҚҰЛНАЗАРОВТАН айтулы шараға дайындық барысы туралы сұрап, сұхбаттасқан едік: – Қазір дайындық шара­ла­ры­ның соңғы кезеңі қызу жүр­гізіліп жатыр. Алдымен оның ауқымына тоқталатын болсақ, бүгінгі күнге дейін ойындарға қатысуға 27 ел тапсырыс беріп отыр. Бұл төрт жыл бұрын Чанчуньде болған Азиададан 2 ел артық деген сөз. Бұрын Азия ойындары Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея елдерінде кезекпен өткізіліп келген. Енді Азиада алғаш рет олардан басқа елде өтіп отыр, осының өзі біз­ге қосымша салмақ салады. Өйт­кені, бұл қазақстандық спорт­шылардың олимпиялық, әлемдік, азиялық ойындарда қол жеткізген табыстарын мойындау деген сөз. Біздегі спорт додасының ауыз тол­­тырып айтарлық айрықша ерек­шеліктерінің бірі – олар бір-бірі­нен мың шақырым жерде ор­на­лас­қан Астана мен Алматы сияқ­ты екі қалада өткізілмек. Мұн­дай тә­жірибе әлемде әлі күнге бол­ған емес. Егер біз ойындарды екі қа­ла­да абыроймен өткізе алсақ, онда да­йындық пен ұйым­дастыру­шы­лық тәжірибемізді үйренушілер та­былары даусыз. Жарыстар спорттың 11 түрі­нен өткізіледі. Бұл да бұрынғы Азиададан бір санға артық. Со­ның 7-уі Алматыда, 4-уі Астанада өтпек. Ашы­лу салтанаты ел­ор­да­ның Қор­ға­ныс министрлігі ста­дио­нының аренасында 30 қаң­тар күні болады. Келесі күні жарыс­тар басталып, олар 7 күн­ге созы­лады. Жабылу салта­нат­ы Алма­ты­ның Балуан Шо­лақ атын­дағы спорт са­райында 6 ақпан күні бол­мақшы. Ойын­дар­ға қатыса­тын спорт­шы­лар саны 3,8 мың­нан артық. Бірақ мұның өзін ең соңғы көрсеткіш деуге болмай­ды. Өйткені Азия Олимпиялық ке­ңесі­нің (АОК) шешімі бойынша аккредитациялау уақыты 31 қаң­тарға дейін созыл­ған. – Жүлделі орынға шақ­қан­да қазақстандық спорт­шы­лар­дың нәтижесі қандай бол­мақ деп болжануда? – Азиада ойындарындағы биік нәтижеге жету жолындағы тартыс жапон, кәріс, қытай және Қазақ­стан спортшы­лары­ның ара­­сында өтері даусыз. Қазақ­станның спорт басшы­ла­ры, атап айтқанда Туризм және спорт министрі Темірхан Дос­мұханбетов ұйымдас­тыру ко­ми­­тетінің 20 желтоқсанда болған 16-шы отырысында қазақ­стан­дық­тарға командалық есепте жүл­делі орындардың бірін алу мін­детін қойды. Ол үшін 25 ал­тын медаль­ды қанжығаға бөк­теру керек екендігі айтылып жа­тыр. Біз­дің спорт­шы­лардың қа­зіргі табыс­тарына қарап болжа­сақ, бұл мақ­сатқа жете аламыз ғой деп ойлай­мыз. Егер 25 алтын ал­сақ, онда тіпті бірінші орынға да ілігіп кетуіміз ықтимал. Әри­не, ал­дағыны Алла біледі, бірақ өзге жер­ден де олжа әкеліп жат­қан біздің спорт­шы­лары­мыз өз жерімізде де биік же­тістік­терге жетер деген үміттеміз. – Спорттық нысандардың да­йындық дәрежелері қандай? – Біз бүкіләлемдік қаржы дағ­да­рысына байланысты қаражат үнем­­деу мақсатымен арнайы Олим­пиада қалашығын салған жоқпыз. Бірақ барлық түрдегі спорттық нысандар­дың дайындығы бүгінгі күні толық аяқталып келеді деп айтуға болады. «Даму банкі» иелігіндегі «Шымбұ­ла­қтағы» жарыс алаң­дарының да­йын­дығын тезірек аяқтау туралы Президент Н.Назар­баевқа, артынан Ұйымдастыру ко­митетінің төрағасы, Премьер-Министр К.Мәсімовке уә­де етілген еді. Құрылысшылар сө­зін­де тұрып, қазір «Шымбұлақтағы» 4,5 шақы­рым­дық төмен зырлайтын трасса мен қанат жолдың құрылы­сын то­лы­ғымен аяқтап, 23 желтоқ­санда Мемлекеттік комиссия оны қабыл­дады. Сондай-ақ трамплин, биатлон кешендерінің құрылысы да аяқ­тал­ған, олар қазір шетелдіктерді де қы­зықтырып отыр. Атап айтқанда олар­­дың құрылысына жапон маман­дары қызығушылықпен шүйлігіп жүр. Әрине, «рекордтар фабрикасы» атанған Медеудің дайындығы да мамандар назарынан тыс қалған жоқ. Қазірдің өзінде онда 500 метрлік тестілік жарыста әлемдік рекорд жа­сал­ды. Медеудің спортшыларды қар­сы алуға жұтынып тұрғанды­ғы­ның бір белгісі осы болса керек. Жаңа жылдың басында бар­лық нысандар қабылданатын шы­ғар де­ген үміттеміз. Жалғыз-ақ «Тоба­ған» спорттық базасындағы акробатика ойынын өткізуге ар­налған алаң кешігіп қала ма деп күдік­тен­ген едік, өйткені оның құры­лысы кеш бас­талды. Шүу дегенде біз фрис­таил­ды да, акро­ба­тиканы да «Шым­бұлақ­та» өткі­зер­міз деп ойлағанбыз. Бі­рақ ар­ты­нан екі түр­лі спорт түріне ол жер тарлық ететін­дігі белгілі бол­ған соң «То­бағандағы» құрылыс қолға алын­­­ған. Қуаныштысы сол, бұл құры­лыс та уақытында аяқ­тал­ды. Кеше онда да тестілік жарыстар өткізілді. Астаналық базалар да өз жұ­мысын аяқтап келеді. Биылғы күз де ұзақ болып, біздің жұмыс­та­ры­мызды еркін аяқтауымызға мүм­кіндік берді. Жалғыз-ақ спорт­шылар құлағанда ұстап қалатын маттардың халықаралық нормаға сәйкес келмейтіндігі анықталған соң біз қа­лың­дығы 40 см бола­тын 92 матқа тап­сырыс бердік. Олар қаңтардың 20-ларында келіп қалады. – Белгіленген ұйымдас­ты­ру шараларының бәрі де іске асты ма? Бұл істе кедергі бол­ған жағдайлар болды ма? – Ұйымдастыру комитеті мен Астана және Алматы қала­лық әкім­діктеріне дайындық ба­ры­сын­да бар­лығы 278 шараны іске асы­ру жос­парланған бола­тын. Соның 234-і біз­дің Ат­қарушы дирекцияға жүктел­ген еді. Бүгінгі күні оның жартысы орындалды, ал 36-сы фи­налдық жа­рыстар өткізілетін күндерде іске асырылады. Қал­ған­дары қазір аяқ­талып келеді. Со­ны­мен бірге біз дайындық ба­ры­сын аң­дау үшін «штабтық ойын­дар» ө­т­кізуіміз керек. Онда Ас­тана­­дағы және Ал­маты­дағы штаб­тар жұмысының үй­лесім­ділігін ба­ғам­дауды алға қойып отырмыз. 1 қаңтарда бейне­бай­л­аныс орна­тып, бір-бі­рі­міз­ге да­йын­дық бары­сын баян­дайтын бо­ла­­мыз. Қазір ви­це-президент С.Ни­китинский мен IT-технология және радио­хабар­ла­рын та­ра­ту жө­ніндегі екінші вице-президент М.Қанғожин Алма­тыға кетті. Олар Алматы мен Ас­тана әкімдік­тері­мен жалғас­ты­рыл­ған бірлескен штаб жұ­мы­сы­ның режімінде жұ­мыстар ат­қару­да. Бірлескен штаб құр­ған себебіміз, жауапты адам­дар­­дың бір-бірін түр-түсінен та­нуына қол жет­кізу. Екі штабтың жұмысын үйлестіріп оты­ру аса қажет, бұл әсіресе ойын­дардың ашылған жә­не жабылатын күн­дері керек болады. – Ойындардың негізгі бөлі­гі Алматыда болса, келген қо­нақ­тар мен спортшыларды Ас­танадағы ашылу салтана­тына қалай жеткізесіздер? – Ол үшін «Эйр Астана» мен «СКАТ» авиакомпанияларының ұшақ­тарын жалдап қойдық. Бар­лығы жеті чартерлік рейс болады. Олар мәртебелі қонақтар мен жат­тық­­ты­ру­шы мамандарды жеткізсе, қатысу­шылар үшін «Қазақстан темір жо­лы» АҚ-тан екі қаланың ор­тасында еш жерге тоқтамай, жыл­дам жеткізетін литерлік по­йыз жал­данады. Жалпы, әңгіме кө­лік жайлы болып қалған соң спорт­шыларды тасымалдау жұ­мыс­та­рын да айта кетейін. Бұл іске біздің тарапымыздан барлығы 593 көлік қамтылды. Соның 321-і Алма­тыда да, 272-і Астанада жұ­мыс істейтін бола­ды. Біз көлік­тер­дің көбін «Таңдау» фирма­сынан жалдадық. Бұлардан басқа Ал­маты­ әкімдігі жаңадан 200 автобус қосатын бола­д­ы. Ал ас­та­на­лықтар ЕҚЫҰ сам­ми­тіне ар­найы сатып алынған 40 авто­бус­тың 33-ін спортшылар мен көрер­мендерді тасымалдауға беретін болды. Алматыда биік таулы аймақ­тарға адамдар апаруға 9-12 орын­дық, қуатты «Фольксваген» авто­бустары қолданылатын болады. Олар Медеу, Шымбұлақ, «Солдат сайындағы» жарыстарға спорт­шы­лар мен жаттық­тырушы­лар­ды, тө­ре­шілерді жеткізеді. – ЕҚЫҰ-ны көрген тәжі­ри­бемізден мұндай жиын­дар­да қо­нақүйлерге қатты көңіл бөліне­тінін білеміз. Азиадаға қанша қонақүй тартылды? – АОК талабы бойынша қо­нақүйлердің мәртебесі үш жұл­дыздан кем болмауы керек. Сол талапты ескеріп, Астанадан 9, Ал­матыдан 18 қонақүйді таңдап ал­дық. Олар қазір қонақ күтуге да­йын тұр. Барлығында да шетелдік тіл білетін волонтерлар мен студенттер жұмыс істейді. Волон­терлердің жалпы саны 3,5 мың адам. Сонымен бірге біздің ұйым­дастыру комитетінде жұмыс істейтін қызметкерлеріміз де бірнеше тілден біледі, соның ішінде 4-уі ғылым докторлары, 13 ғы­лым кан­дидаты. Олар қызмет­тер­дің жо­­ғары дәрежеде көрсетілуін ба­қы­лап отырады. Барлық қонақүйлерде тамақ­тан­дыру мәселесі шешілген. Кейбір жарыстардың кеш аяқталуын ескеріп, тамақтандыру орын­да­ры­ның түнгі сағат 12-ге дейін жұмыс істеуін қамтамасыз етеміз. Қабыл­данған тәртіп бойынша әрбір спортшы тәулігіне 6 мың килокалория күші бар тамақ ішулері керек. Бұл тәу­лігіне 4,5 мың теңге ақ­шаға түседі. Барлық қаты­су­шылар қон­ғаны, тамақтан­ғаны үшін тек 50 доллар ғана төлейді, қалған шы­ғын­ның бәрін ұйым­дас­тыру комитеті жаба­ды. Барлық қонақүй­лермен келі­сім-шартқа қол қойыл­ды. Соны­мен бірге бар­лық асхана­лар­да еу­ро­палық, азия­лық ас мә­зірі, сон­дай-ақ халал тағам­дар да дайын­далатын болады. – Спортшылар мен сыйлы қонақтарға көрсетілетін тағы да қандай қызмет түрлері бар? – Олардың қолдарына аккре­ди­тациялық карта беріледі. Со­ны­мен шекарадан өткеннен бастап, кедендік бақылауда жеңіл­дік, одан қаланың ішінде, қоғам­дық көлікке мінуде осы карта тегін жү­руге құқық бере алады. Ол қа­шан біздің елден кеткенше пас­портты алмастыра алады. Оны қолдан жасау мүмкін емес, ол халықаралық стандартқа сәй­кес жасалған. Онда тіпті жүре­тін жер­лері де анық көрсетілген. Со­нымен бірге оларға мәдени бағ­дар­лама бойынша демалыс­тар ұйымдастырылады. – Ашылу салтанаты туралы толығырақ айтып берсеңіз. – Бұл жұмыс Астана қаласы­ның әкімдігіне жүктелген. 20 жел­тоқсанда болған Ұйымдас­ты­ру ко­митетінің соңғы отырысы­н­да қа­ла әкімі И.Тасмағамбетов оның Ванкувердегі Қысқы олим­пиа­даның ашылу салтанатынан артық болмаса кем болмасын айт­ты. Ал енді Азиаданың алауын кім жаға­ды дегенге келетін болсақ, оны әзірге айтпай қоя тұралық. Бірақ біздің атақты спортшылары­мыз­дың бәрі де, соның ішінде Олимпиада чемпиондары Ж.Үшкем­піров, Б.Артаев, Е.Ибраимов, О.Шишигина, В.Смирнов және тағы басқалары оған қатыстырылады. Сонымен бірге спорт ардагерлері де  бар. Біз оларға ар­наулы киімдер дайындап жатыр­мыз. Бүгіннен бастап ашылу сал­танатына арнал­ған 50 мың билет сатыла бастады. Онда тек vip мінберге ғана билет сатылмайды, қал­ған орындардың бәрі саты­ла­тын болады. Ашылу салта­натына Ел­басы Н.Назарбаев пен АОК пре­зиденті Ас-Сабах қатысады. Та­ғы да қандай мемлекет бас­шылары қатысатынын мен айта алмаймын, бірақ ондай қо­нақ­­тардың бола­тыны да белгілі. – Осы шығындардың бәрі қандай қаражаттың есебінен жабылады және ол артынан ақтала ма? – Барлық шығындар біздің ұйымдастыру комитеті арқылы жұм­салады. Оған түскен қара­жат­тар туралы айта кететін бол­сақ, біріншіден біз 600 млн. тең­генің Азиадаға арналған арнау­лы моне­таларын шығардық. Со­ның бәрі сатылады деген үміт­теміз. Билет сатудан жарты млрд. тең­ге­дей қа­ра­жат түсетін шығар. Де­меу­ші­лер­дің көмегі де біздің кіріс бөлі­гіміздің үлкен бөлігін құрайды. Әрине, әлемдік қаржы дағдарысы олардың кей­бірінің қолын байлап отыр, бірақ дегенмен көмектер көр­сетіліп жатыр. Ең үлкен демеушіміз, әри­не, «Самұрық-Қазы­на». Ол бізге 3 млрд. теңге аударды. – Азиада күндерінде қала көліктерінің бағыттары өзгер­тіл­­мей ме? – Бұл туралы әзірге ештеңе белгілі емес. – Азиаданы ТВ-дан көрсету құқын кім жеңіп алды? – Оны оңтүстіккореялық «Саньон» компаниясы алды... Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.