29 Желтоқсан, 2010

Өзгеге үлгі боларлық оқу клиникасы

434 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Халыққа сапалы медициналық қызмет көр­се­тудің кепілі білікті медициналық кадрларды дай­ындау мен олардың  кәсіби деңгейлерін шыңдау екен­дігі белгілі. Сондықтан да меди­ци­налық қыз­меткерлерді түрлі кәсіби оқу бағ­дар­ламаларынан өткізу өте маңызды. Соның ішінде денсаулық сақ­тау жүйесі жақсы дамыған ел­дердің тәжіри­бе­лерінен үйренудің орны бөлек. Осындай бағытта ақ желекті абзал жандардың біліктіліктерін көте­ретін, батыс елдерімен ты­ғыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан, отан­дық дәрігерлеріміздің шет­ел­дерге шығып тә­жірибе жинақтауына толық жағ­дай жасаған оқыту клиникалары республика бой­ынша жоқ­тың қасы деуге болады. Дегенмен де ел­ор­да­дағы жалғыз жұмыс істеп жатқан мұндай оқы­ту клиникасын көргенде осыған да шүкір делік. Астана қаласының Денсаулық сақтау сала­сын 2008-2010 жылдардағы дамыту және реформалау мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңбе­рінде қала әкімінің  қаулысымен «Астана қала­сының Денсаулық сақтау басқармасы» ММ «Оқу-клиникалық орталығы» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі құрылыпты. Мінеки, медицина кадр­ларының кәсіби біліктіліктерін көтеру, осы салаға қазіргі замандағы иннова­ция­лық технологияларды енгізу, денсаулық сақтау жүйесінде халықаралық деңгейге жету мақса­тында құрылған орталық бүгінгі таңда жемісті жұмыс атқарып келеді. Ол өмірге келгеннен бері біраз мемлекеттердің емхана, госпиталь­дары­мен тығыз байланыс орнатып, көптеген білікті дәрігерлер Астанаға келіп осын­дағы медицина қызметкерлеріне дәріс оқып та үлгерді. Мәселен  Гарвард университеті Медици­на­лық мектебінің білім беру бағдарламаларының клиникалық базасы және де АҚШ-тағы ең үлкен клиникалық ғылыми орталық болып саналатын, Бостон қаласындағы «Партнерс Хелс Кеар Систем» медициналық корпорациясымен жасасқан ын­ты­мақтастық нәтижесінде 1000-ға тарта отан­дық дәрігерлеріміз шетелдерге барып біліктіліктерін шыңдап қайтты. Аталған оқыту-клиникалық орталығының ди­ректоры Райхан Мусинаның айтуына қараған­да, статистикалық мәліметтер бойынша, бүкіл әлем­де медициналық манипуляциялардың дұ­рыс ор­ындалмау себебінен медициналық қате­лік­тер­ден туындайтын қауіп жыл сайын өсіп келеді. Осыған байланысты дүние жүзінде ими­тациялық оқыту медициналық кадрларын дай­ындау әдіс­терінің берері мол. Дәл осы әдіс аталмыш оқыту-клиникалық орталығында кеңі­нен қолданылатын көрінеді. Шетелдердің тә­жірибелеріне сүйене отырып бұл орталықта госпиталь базаларының негізінде симуляциялық тренинг-орталықтары  да қатар қызмет атқарады. «Партнерс» корпорациясымен ынтымақтас­тық шеңберінде оқу-клиникалық орталығында қазіргі замандағы симуляциялық тренинг-орта­лы­ғы құ­рыл­ды. Орталықтың 3 дәрігер-нұсқау­шысы  «Партнерс» корпорациясының  «Стратус» симуляциялық орталығында дайындықтан өтіп және америкалық кардиологтар бірлестігінен сер­тификаттан­дырыл­ды. Бүгінгі таңда біздің ор­талығымызда 3000-нан астам дәрігерлер оқы­тыл­ды. Біз тек медиктерді ғана емес, сондай-ақ еліміздегі спортшыларымызға да алғашқы жәрдем көрсету сабақтарын өткіземіз», – дейді орталық директоры Райхан Мусина. Орталықта Оңтүстік Корея, Германия, Жапония, АҚШ медициналық ұйымдарымен байла­ныстар жасалған. Сонымен, қалалық дәрігер-онкологтарға осы жылдың желтоқсанында Қа­зақстан-Корея ынтымақтастық шеңберінде Сеул ұлттық университетінің  шеберлік сыныбы ұй­ым­дастырылды. Қазір дипломнан кейінгі білім беру тұрғысында Санкт-Петербург медицина академия­сы­ның тәжірибе циклы өтіп жатыр. Және жел­тоқсанда халықаралық медико-био­ло­гиялық ем­деу-кеңес «Gally International» хол­дин­гінің  президенті, АҚШ-тағы Атланта университетінің кардиология мен неврология профессоры Гюмрих Али­евтің шеберлік сыныбы өткізілді. Бәсекелестікке икемделіп, болашақта сапа көрсеткішінің жақ­са­руына мұндай оқыту орталығының кең ауқымда ашылғаны өте орынды секілді. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. Астана.