Жаңа жыл қарсаңында халқымыздың сүйікті әншісі, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева әрқашан өзіне тілектес өнер сүйгіш қауыммен бірге тағы бір қуанышқа кенелді. Эстрада жұлдызына AllurAuto автомобиль компаниясының Алматыдағы бас кеңсежайында SsangYongActyon жүрдек мәшинесінің кілті салтанатты жағдайда табыс етілді. Алқызыл түсті осынау әсем джип көлігі конвейерден 35-ші болып шыққан екен. Зауыттық нөмірі «35» деп таңбаланған автомобиль әншінің шығармашылық жолының 35 жылдығына орай оған жақында Қостанай қаласындағы «Қазақстан Агромашхолдингі» АҚ автоқұрастыру кәсіпорнына барған сапары кезінде сыйға тартылған-ды. Аталмыш кәсіпорында оңтүстіккореялық танымал SsangYong жүрдек көліктерін өнеркәсіптік құрастыру жолға қойылғаны мәлім.
– Роза Қуанышқызына біз осы автомобильді айрықша мерей-мақтанышпен тарту етеміз, – деді AllurАuto автомобиль компаниялары тобының бас директоры Андрей Лаврентьев Роза Рымбаеваға көлік кілті мен тиісті құжаттарын және раушан гүл шоғын беріп тұрып. – Біз Қазақстанда құрастырылып жатқан Санг Йонг джип автомобилінің сапасы мен сенімділігіне кепілдік ете аламыз.
Бас директор айтса айтқандай, Қостанай қаласында өріс алған автоқұрастыру өндірісін жақында ғана Оңтүстік Кореядағы бас зауыттан келген өкілетті делегация ресми түрде инспекциялап, іс жайымен танысқан болатын. Сол кезде көліктің қазақстандық құрастырмасының сапасы ТМД аумағындағы әріптестер арасындағы таңдаулысы деп танылды. Айта кетсек, мұндай автомобильдер Ресейдегі екі және Украинадағы бір зауытта шығарылуда. Сөйтіп, джип мәшинесінің Қостанайдағы құрастыру сапасы Оңтүстік Кореядағы бас кәсіпорында шығарылған автомобильдермен бір деңгейде болып шықты. Отандық өндіріс өрлеуінің Жаңа жылмен тұспа-тұс келген жарқын айғағы, міне, осындай.
Қостанай қаласындағы автоқұрастыру кешеніндегі Роза Рымбаеваның қысқа да болса нұсқа концерті отандық эстрада жұлдыздарының Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қолдау мақсатындағы шығармашылық сапары аясында өрнектелді. Атақты әншінің өзі: «Зауыттарда мен көптен бері ән салған жоқ едім. Кеңес кезінде шептік концерттерге қатысатынымыз, құрылыстардағы өнер көрсетулерде болатынымыз есімде. Бірақ дәл осындай жағдайда тәуелсіз еліміздегі осы заманғы өндірісті көзбен көруім мен үшін үлкен жаңалық болды. Ең бастысы, бүгін таңда елімізде индустрия дамып, экономика көтеріліп келеді. Біздің отандық кәсіпорындар халық сұранысына ие өнімдер шығара бастағандығы қуантады», деп атап көрсетті.
Өнерімен экономикамызды өрлетуге атсалысып жүрген сүйікті әншіміздің мерейіне біз де қуанамыз. Ал, қостанайлық кәсіпорын келешекте жыл сайын 25 мың автомобиль шығаруды жоспарлап отырса, ол бүкіл еліміз үшін мерей емес пе.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.