29 Желтоқсан, 2010

Ән Розасына – алқызыл джип

419 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жаңа жыл қарсаңында халқымыздың сүйікті әншісі, Қазақстанның халық әртісі Роза Рым­ба­ева әрқашан өзіне тілектес өнер сүйгіш қауым­мен бірге тағы бір қуанышқа кенелді. Эстрада жұлдызына AllurAuto автомобиль компания­сы­ның Алматы­дағы бас кеңсежайында SsangYong­Actyon жүрдек мәшинесінің кілті салтанатты жағдайда табыс етілді. Алқызыл түсті осынау әсем джип көлігі конвейерден 35-ші болып шыққан екен. Зауыттық нөмірі «35» деп таң­баланған автомобиль әншінің шығармашылық жолының 35 жылдығына орай оған жақында Қостанай қаласындағы «Қазақстан Агромашхолдингі» АҚ автоқұрастыру кәсіпор­ны­на барған сапары кезінде сыйға тартылған-ды. Аталмыш кәсіпорында оңтүстіккореялық танымал Ssang­Yong жүрдек көліктерін өнеркәсіптік құрас­тыру жолға қойылғаны мәлім. – Роза Қуанышқызына біз осы автомобильді айрықша мерей-мақтанышпен тарту етеміз, – деді AllurАuto автомобиль компаниялары тобының бас директоры Андрей Лаврентьев Роза Рым­бае­ваға көлік кілті мен тиісті құжаттарын және раушан гүл шоғын беріп тұрып. – Біз Қазақстанда құрас­тырылып жатқан Санг Йонг джип автомо­билінің сапасы мен сенімділігіне кепілдік ете аламыз. Бас директор айтса айтқандай, Қостанай қа­ласында өріс алған автоқұрастыру өндірісін жақында ғана Оңтүстік Кореядағы бас зауыттан келген өкілетті делегация ресми түрде инспекциялап, іс жайымен танысқан болатын. Сол кезде көліктің қазақстандық құрастырмасының са­пасы ТМД аумағындағы әріптестер арасын­дағы таңдаулысы деп танылды. Айта кетсек, мұндай автомобильдер Ресейдегі екі және Ук­раи­надағы бір зауытта шығарылуда. Сөйтіп, джип мәши­не­сінің Қостанайдағы құрастыру сапасы Оңтүстік Кореядағы бас кәсіпорында шығарылған автомобильдермен бір деңгейде болып шықты. Отан­дық өндіріс өрлеуінің Жаңа жылмен тұспа-тұс келген жарқын айғағы, міне, осындай. Қостанай қаласындағы автоқұрастыру кешеніндегі Роза Рымбаеваның қысқа да болса нұсқа концерті отандық эстрада жұлдыздарының Қа­зақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қолдау мақсатындағы шығарма­шылық сапары аясында өрнектелді. Атақты әншінің өзі: «Зауыттарда мен көптен бері ән салған жоқ едім. Кеңес кезінде шептік концерттерге қатысатынымыз, құрылыстардағы өнер көрсетулерде болатынымыз есімде. Бірақ дәл осындай жағдайда тәуелсіз еліміздегі осы заманғы өндірісті көзбен көруім мен үшін үлкен жаңалық болды. Ең бастысы, бүгін таңда елімізде индустрия дамып, экономика көтеріліп келеді. Біздің отандық кәсіпорындар халық сұра­нысына ие өнімдер шығара бастағандығы қуан­тады», деп атап көрсетті. Өнерімен экономикамызды өрлетуге атсалы­сып жүрген сүйікті әншіміздің мерейіне біз де қуа­намыз. Ал, қостанайлық кәсіпорын келешекте жыл сайын 25 мың автомобиль шығаруды жоспарлап отырса, ол бүкіл еліміз үшін мерей емес пе. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.