29 Желтоқсан, 2010

Құрекең

767 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін
Қырық жылғы журналистік қыз­ме­тім­де мұндай қысылған емеспін. Ол кісі өмірден озып, көзден кеткелі бері көңі­лім­нің ең бір көрікті жеріне, жү­ре­гімнің жан аяғы баспас түкпіріне аялап сақтап жүр­ген ұлы ұстазым ту­ра­лы ойла­рым­ды сыртқа шығару қиын­ның-қиыны екен-ау өзі... Иә, ол кісі мен үшін басына самұ­рық­тан басқа құс қона алмайтын алып бәй­те­рек, жан баласы шыға алмайтын Эверест шыңы сияқты болып мәңгі ас­қақ күйінде қалды. Алғашқы редак­то­рым, ұлағатты ұс­та­зым ғана емес, ру­ха­ни әкем болды. Осы күні біреуден іл­гері, біреуден кейін де­гендей, қолы­ма қалам ұстап, қа­та­рым­нан қалмай, жур­на­лис­ти­ка деген ұшы-қиы­ры жоқ жа­зираның ша­ңын аспанға шы­ғарып жүр­ген жүй­рік­терден қара үзіп қалып қалмай, кә­деге жарап жүрсем, ол, ең алдымен, Құрекең сияқты құдіретті қа­лам иесінің алдын көргенімнің, ұлан-ға­йыр тәрбие­сі­нің титтей де болса там­шы­сын алып қалғанымның ар­қа­сы деп білемін. Ал ол кісінің бүгін ұл­ты­мыздың сөз өне­рін өрге сүйреп жүр­ген айтулы шә­кірт­тері де қаншама: Кеңес Юсупов, Қуа­нышбай Құрман­ға­лиев, Ұзақбай Доспанбетов, Мұ­рат Кү­лім­бетов... санай берсең осы­­лай кете береді. Дәл бүгінгі күні жүзге толып отыр­ған Құрекең көзі тірі кезінде-ақ өз за­ма­ны­ның аты аңызға айналған айтулы да айдынды азаматы еді. Ол кісі ту­ра­лы сол журфакта оқып жүргенде-ақ ара­мыз­да талай әңгі­мелер айтылатын. Сапар Байжанов, Шерхан Мұртаза, Камал Смайы­лов, Сейдахмет Берді­құ­лов... Міне, осы алып­тардың орта­сын­да маған не­­ге екені белгісіз Құре­кең­нің тұлғасы ерекше асқақ, болмыс-бітімі бөлек бо­лып көрінетін. Жолдама бөлісу кезінде деканымыз темір Темкең: «Дорогой, тебя Тургай ждет или партбилет на стол!» деп үс­тел­ді бірақ ала­қа­ны­мен салып қалды. Тым болмаса өзім туып-өскен Жез­қаз­ған да емес (ол кезде ол да облыс болып ашы­­лып жат­қан), түу алыстағы Тор­ғай... Тентіреп кетті деген осындай-ақ бо­лар. Көк­жиегі көгілдір таулармен көм­­керілген Алматыны кім қияды, оның үстіне үй­леніп те үлгергенмін. Тұң­­ғышымыз Са­матты асырай алмай ауылдағы ата-енемнің қолына бергеміз, енді жан­ұшы­рып жұмыс іздейін. Мектеп бітіргеннен кейін екі жыл ауылда сиыр бағып, партия қатарына өтіп келгем. Кө­кем жоқ. Бар сенерім сол.

Алла тағала тағдырымның соқпа­ғын әу баста-ақ Құрекеңмен табыс­ты­руға жазып қойған ғой, бір күні көше кезіп келе жатып, Совет пен Фурманов кө­ше­лерінің қиылысынан «Қазақстан» бас­пасы деген көрнекті маңдайшаны оқып қалдым. Оның директоры да бо­латынын қай­дан білейін, «ең бастығы осы шы­ғар» деп, «бас редактор Құр­ман­бек Әбіл­даев» деген жазуы бар ка­бинеттің есігін имене аштым. Сірә, соғыс ардагері болуы керек, бір қолы ептеп кемдеу, екі бетінен нұры тамған, қызыл шы­рай­лы, жылы жүзді кісі отыр екен. Қа­қа­лып-шашалып келген ша­руамды айтып жатырмын. – «Қазақстан коммунисі» жур­на­лы­ның қай­да екенін білесің ғой? – Білемін. – Білсең осы бетте дереу сонда бар да, менің атымнан бас ре­дакторына жолық. Ал жолың болсын! «Қазақстан коммунисі» журналы – міне! Мынау – қабылдау бөлмесі. Ал он­­да­ғы жазуды оқып шын мәнінде талып қала жаз­дадым: «Бас редактор Құрманбек Са­ғын­дықов». Иә, мен ең­бегінен диплом жұмысын қорғаған, аты маған ертегідегі аңыздай естілетін Құр­ман­бек Сағын­ды­қов мына есіктің ар­жа­ғында отырған көрінеді. Не ілгері ба­са­рымды, не кейін кетерімді білмей тең­сел­дім де қалдым. – Жәмкенов деген сен бе? – деп сұра­ды менің әрі-сәрі күйімді аңғарып қалған хатшы қыз. – Сені редактор күтіп отыр. Дереу әлдебір түймені басып емен есіктің ар жағына хабарлап та жіберді. – Кір, – деді сонсын. Енді шегінетін жер қалмады. Есікті ақырын ашып кіріп бардым. Ол кезде қа­зіргідей қытайдың ілмиген іркес-тіркес үстелдері жоқ. Кәдімгі еменнен жасалған шомбал мүліктер басшылар­дың айбынын асыра түсетін. Содан ба, әлде өзім аш­құр­сақ ілмиген студент болғансын ба, әй­те­уір орынтақта отыр­ған адам маған ай­рық­ша дәу болып кө­рінді. Еңгезердей аппақ кісі екен. Екі бетінен қаны тамып тұрған реңді адам. Ал енді бұрын-соңды мұндай сұсты жан­ды кездестірген емеспін. Тос­та­ған­дай от шашқан көзімен бас-аяғымды шо­ли қарағанның өзінде тізем дірілдеп қоя берді. Ана Құрекең мына Құре­кең­нің қасында тіпті баладай екен ғой. Бір- екі аттап барып, қалшиып қаттым да қал­дым. Екі жанары бүкіл денемді қа­рып барады, тынысым жиілеп, денем бой-бой болып тер­лей бастадым. – Қарағым бері кел, отыра ғой! О, ғажап, енді қарасам, манағы ыз­бар­­дың ізі де жоқ, екі беті нарттай жа­нып, жылы жымиып отыр. Сұсты жан­ның мейірі аса шуақты болатынын осы жолы аңғардым. – Шырағым, бізге жауапты хатшы­ның көмекшілігіне қызметкер керек еді. Жур­на­лымыз Орталық Комитеттікі бол­ған­нан соң міндетті түрде партия мү­ше­сін алуы­мыз керек. Естуімше коммунист екенсің, сол орынға бара ғой. Өзің­ді өзің көрсете білсең кейін бөлімге де ауыса жатарсың, – деді де, – әлгі Зұфар­ды шақыршы, – деп бұйырды. Кабинетке шашы ақ бурыл, сары кәстөм-шал­бары мен галстугы, кеңсірігіне ілінген көз­әйнегі зиялылығын айрықша айшық­тап тұрған егделеу бір кісі келіп кірді. – Зұқа, мына баланы әлгі Құрманбек жіберіпті, өзіңе көмекші етіп ал. Білмегендерін үйретерсің, жас жігіт қой, әлі-ақ ысы­лып кетеді. Дипломды журналист, ана­ған-мынаған шапқылата бермей, қо­лы­нан қаламын түсірме! Бұйрық да­йын­даңыз, қол қойып кетейін. Сөйтіп Алланың құ­дыретімен, Құре­кең­нің көмегімен жарты сағаттың ішінде рес­­публикадағы ең бас басылымның қыз­­­мет­кері болып, жиһаздары жар­қы­ра­ған жеке кабинетте шәниіп отырдым. Ал­дымда дер­бес телефон. Онымен көл-көсір қуа­ны­шымды айтып сөйлесейін десем, курс­тас­тарымда әлі телефон жоқ. Қы­зық­тың мұн­дай да түрі болады екен! Менің өмірімде өшпес із қалдырған ұла­ғатты ұстаз, асыл аға, қамқор басшы Құр­манбек Сағындықовпен өмір жолым осы­лай тоғысып еді. Бұл күнде осындай шуақ­ты жанмен кездестірген тағдырыма мың шүкіршілік айтамын. Мұның бәрін тәп­тіштеп жазып отырғаным, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бұрын танымақ тү­гілі, естіп-көрмеген маған жасаған қос Құ­рекеңнің кісілігін, анау-мынау күйкі сезімнен ада асқақ адамгершілігі мен еңбек есігін енді ашқан жастарға деген қам­қор­лы­ғын бүгінгі ұрпаққа айту еді. Сол кісі­лер­дің ішінде кеткен асыл арманы – тәуел­сіз­дік туы желбіреп, бодандықтан бостан бо­лып отырған бүгінгі күні мұндай өресі биік өнеге өрістей берсе, қанеки! Құрекең! Құр­ман­бек аға... Ол кісінің ұж­ым­­ды басқару әдісі ерек­ше еді. Еш­кім­нің ар-намысына тиіп, шап­­­­тығу деген аты­­­мен жоқ. Ма­те­ри­ал­ды тү­зет­кенде өзің «әттеген-ай» деп кү­дік­теніп немесе ті­лің­нің ұшына түспеген сөзіңді дәл тауып қоя­тын. Және ол түзет­кен­дерін міндетті түр­­­де ша­қырып алып түсін­діріп беретін. Сөй­­­­тіп қа­ла­мыңды әр ма­қа­лаң сайын ұштап оты­ратын. Ол кісінің сол кездегі өріп жүретін орысша сөз­дердің баламасын табу­да­ғы шеберлігі ерекше бола­тын. Мәселен, «пер­во­про­хо­дец» деген сөзді «ізашар» деп аударды. Бұл рет­­те бас редакторға бә­рі­міз де еліктеп бағатынбыз. Бөлім мең­ге­рушісі Әби­бол­ла ағамыз болса «пә­лен­бай орденнің кавелері» дегеннің орнына «иегері» деген сөзді сәтімен ойлап тапты. Мен де ағаларыма еліктеп «котельный» де­генді «қазандық» деп ау­дар­дым. Қазір ай­на­лымда жүр­ген бұл сөзді көргенде ортақ отар ішінен өз ма­лым­ды көргендей мәз бо­лып қаламын. Қысқасы бәріміз де күнделікті сү­рең­сіз мимырт тіріліктен ада, шын мәніндегі шы­ғар­машылық ша­быт үс­тін­де болатынбыз. Құрекең де жұмысқа кел­генде аса та­лап­шыл бол­­ғанымен, былайға өм­ір­­де ақ­жар­қын, көр­гені мен түйгені көп, өте әң­гі­мешіл мейірбан жан еді. Түрлі отырыс­тар­да, қо­нақ­­та, әңгіме тізгінін көбіне сол кісі ұс­тайтын. Ол кезде редакциялар ғи­ма­раты көк базар­дың жанында болғанын әлгінде айттым ғой. Алдын ала келісім бо­йынша, Күмісай деген бәденді келіншек редак­циямызға күн­де сәске түсте қы­мыз алып келетін. Сөз тиегі осында ағы­ты­латын. Мұн­дайда Құ­ре­кеңнің қызмет­тес серіктері Төлеубай Ыды­рысов, Орақ Смағұлов, Әби­болла Ахметов, Бек­мырза Баймаханов қы­зық әңгімеден қалыс­пай­тын. Кейде жұмыс аяғында да қалған қы­мыз ішілетін. Бірінші басшының дар­хан­дығы ғой, мұндайда әзіл-қал­жың­ның оты тіпті лаулап кетуші еді. Әсіресе екі құр­дас Әбекең мен Бекең аға­ла­ры­мыз­дың сөз қа­ғысулары керемет еді. Жа­сы­ра­тыны жоқ, кейде әңгіме қыза келе аяғы «жүз грам­ға» да ұласып кететін. Мұндайда бас редактор бас жағында біраз отырып, ая­­ғы­на таман ертерек шығып кететін. Сөйт­­сек, өздері еркін отырсын деген кеңшілігі екен ғой. Құрекеңнің түтіге ашуланғанын да көр­генім бар. Ол кезде мен бөлімге танымал очеркист Төлеубай Ыдырысов ағаның қа­ра­­мағына ауысқанмын. – Пушкин айтқан «шығармашылық азабын» тартасың енді. Соған төзе білсең та­лай рет ләззатты шақты бастан ке­ші­ре­сің, ал жолың болсын, – деп бас ре­дак­тор­дың өзі батасын берген. Төкеңнің де, Құрекеңнің де шын ұстаз екенін енді тіпті анық сезіндім. Олар бетімді онша қай­тар­май, жа­нымды тілгілеп тілдемей, сыйпай қам­шы­лап жүріп-ақ ақыры қаламыма жел бітірді. Сөйте-сөйте берілген тапсыр­ма­лар­ды қи­нал­май орындайтын дәрежеге жеттім. Бір күні ғұлама ғалым Қаныш Сәт­баев­тың 80 жылдығына орай мақала ұйым­дас­тыру керек болды. Ақылдаса келе Құрекең бастап, қалғандары қостап, сол кезде әр қы­рынан танылып, атағы дүрілдеп тұрған Евней Букетов ағамызға өтініш айтылды. Ұзамай ол кісіден керемет жазылған ма­қала да келіп жетті. Үйренсін деді-ау дей­мін, оны алдымен Төкең маған берді. Оны мен құныға оқып, қол тигізбеген қалпы Төкеңе қайтардым. Төкең Құрекеңе жеткізді. Сөйтіп, журналымыздың беделін бір көтеріп тастайтын дүние оқырманға жол тартуға дайын болып тұрған. Тіпті верст­ка­сы да келіп кеткен. «Сәтбаевтың 80 жыл­ды­ғы айтылмасын, оның серігі Русаков ту­ра­лы көбірек жазылсын» деген ЦК жақтан зілді пәрмен сарт ете қалсын. Өз басым Құ­рекеңнің дәл сол сәттегі айрықша ша­мыр­қанған ашуын бұрын-соңды көрген емеспін. Сол сәтте-ақ ЦК-ға барып, ұзамай біресе күреңітіп, біресе қап-қара болып тү­тігіп қайтып келді. Сол күні ол кісінің есігін ашуға ешқайсымыз батпадық. Ең батыл де­ген Төкеңнің өзі де беттемеді. Реті келгенде айта кетелік, осы мақала Тө­леубай ағамыздың ұқыптылығының ар­қа­сында, араға он жыл салып, ғұламаның 90 жылдығында ақыры журнал бетінде жа­рық көрді. Қайран ағалар-ай! ...Солардың бү­гін­гідей тәуелсіздік таңын көре алмай кеткеніне әлі күнге ішім ашиды. «Бір кем дүние!» Құрманбек ағамыздың баспасөз бас­шы­лары арасында болсын, республика кө­ле­мінде болсын беделі ересен биік болатын. Қызыл империяның қыспағы қышқаштай та­рылып тұрған кез еді ғой ол. Соған қа­рамастан біздің ұжым Құрекеңнің арқа­сында ешбір таршылық көргеніміз жоқ. Ол кісінің бас­шылығындағы басылымы­мыз­дың да Ор­та­лық Комитеттің саяси және тео­риялық журналы деген атағын жақсы ма­ғынасында толығымен ақтап тұрған беделді кезі. Қойшы әйтеуір, санаторий-ку­рорттарға және басқа да «жылы-жұмсақ» орындарға жолдама ал­ды­мен бізге тиеді. Ол кездегі ең басты проблема үй мәселесі еді ғой. Әсіресе өз ас­та­намызда тұрсақ та қа­зақ баласына үй алу деген бір жатқан қиямет-қайым бо­ла­тын. Ал біз­дің журнал Құрекеңнің тұсында бұл мә­селені толық шешкен бірден-бір ұжым еді де­сем, шын­дық­тан аулақ кете қой­маспын. Екі «Құ­рекең» демекші редак­ция­мызда корректор болып істейтін екі Шолпан да болатын. Ол екеуі де бірінен-бірі өткен тамаша кісілер еді. Әсіресе әкесі «Ілияс Жансү­гі­ров­пен бай­ланысы бар» деген жаламен ұсталып кеткен үлкен Шолпанның жөні бөлек-тін. Ол кісінің мен үй алғанда: «Шы­ғар­ма­шы­лығың ал­дыңда, өсіп келе жатқан жассың, айналайын, менің кішкентай болса да баспанам бар ғой» деп өз кезегін риза­шы­лық­пен бергені есімнен ешуақытта кетпек емес. Айтпақшы менің үй алуымның өзі қы­зық болды. Курстас досым Жанболат Аупбаев екеуміз Радищев деген көшеде пәтер жалдап тұрамыз. Әлгі үйдің әйдіктігі сұм­дық. Есіктен кірген адамға төрдегі адам қуыр­шақтай ғана болып көрінеді. Пәтер ақысын жалғыз өзім тарта алмаған соң Жанболатты жалынып жүріп, көшіріп әкелген өзім едім. Үйміздің үлкендігі бар болсын, отын шақ келмейтін бір керемет болып шықты. Қанша жақсаң да қабыр­ғасы сәл тершиді де қояды. Екеуміздің де ке­ліншектеріміздің екінші сәбилерімізге жас босанып отырған кезі. Бір күні жұмыс­тан келсек, олардың қабақтары салыңқы. Содан бар отынды өртеп жағайық келіп. Үй де ептеп ысып, әйелдеріміздің де қаба­ғы жылыды. Әлгі дәу залдың ортасында қаза­қы дөңгелек үстеліміз бар. Соған енді отыра бергенімізде төбеден бірдеңе жалп ете түссін. Аспанға қарасақ, сұмдық-ай, жұлдыздар жымыңдап, ай көрініп тұр. Сөйт­сек отты жаға берген соң шатыр ішіндегі бөшкенің суы тасып төгіліп, төбені ойып түскен ғой. Амал не, Жәкең екеуміз дір­дектеп жүріп әлгіні жауып қайта орал­дық. Әйелдеріміз болса жандары ашып, бәйек болып барларын аузымызға тосып жүр. Менің келіншегім медсестра еді, тіпті суға қосып ептеп спирт те ұсынды. Әлгіні ішкен соң бойым жылып, қара домбы­рам­ды алып Кенен атамыздың «Ақ ешкі» әніне салып Жанболатқа қарап бірер ауыз өлең де шығарып жібердім: Маңырайсың ақ ешкі-ау лағыңа, ой дүние-ай. Жетпей қойдым Алматы тұрағыңа, ой дүние-ай, Кел екеуміз Жанболат, зарланайық, ой дүние-ай, Жетер ме екен бастықтың құлағына, ой дүние-ай Астанам-ай, баспанаң-ай, Біреу емес, екеу болда-ай Жас балам-ай, ой дүние-ай! Қайран дүние, салдың күйге Жететін күн болар ма екен Тәуір үйге, ой дүние-ай! Содан суық тиіп ауырып, жұмысқа екі-үш күннен соң әрең шықтым. Жәкең болса жұмыстағыларға бәрін айтып берген екен, олар да әжептәуір дүрлігісіп қалыпты. Содан бір күні Кеңес Юсупов ағам үй алып, қоныс тойын жасады. Үш бөлмелі сың­ғыр­лаған жаңа үй. Үзіліс кезінде қолыма дом­быра алып, баяғы Кенен атамыздың мақамына салып әлгі әнді айтып бердім. – Ойпырым-ай, мен қызметкерімді бүй­тіп зарлатпаушы едім, – деп сондағы Құре­кең­нің қозғалақтап кеткені әлі есімде. Ертеңіне кабинетімізге апалақтап Орақ ағам кіріп келіп: «Сүйінші! Сен үй алатын болдың», демесі бар ма!? Сөйтсек әрі қа­рай әңгіме былай өрбіпті. Қонақтан қай­тар­да Құрекең көрші тұратын Орекеңді ма­ши­насына мінгізіп ала қайтпай ма. Жол үстінде Құрекеңнің зайыбы Сара тәтеміз: «Қарағайдай-қарағайдай болып жүріп, ана бір жас жігітті сонша зарлатып қойған­да­рың не?» деп қатты кейіпті. «Ендігі ісім со­нымен болсын», деп Құрекең сол жерде уәдесін бергенге ұқсайды. – Ол кісі айтты ма, бітті орындайды, үй алдым деп есептей бер, айналайын, – деп ап­тығады ақкөңіл Орақ ағам. Ақыры айт­қаны айдай келді. Екі-үш ай өтпестен-ақ бастығымыз қаланың «Қазақфильм» деген тау баурайындағы тәуір жерінен үш бөл­мелі сыңғырлаған дағарадай үйді ЦК-ның өзінен суырып алып шықты. Ұзамай көл-көсір қуанышымды су сепкендей қыла жаздаған бір суық хабар да келіп жетті. Кеңес өкіметінің өзіндік кереметтері де жетерлік еді ғой. Бүкіл ел тұтас бір лагерь сияқты. Қайда барсаң әйтеуір адам баласын қыса беру. Үй алғанда әр адамға 6 шаршы метрден аспауы керек деген де сондай қиястықтың бірі еді. Менің отбасым ол кезде төрт-ақ жан. Оның өзінде бір ұлым сыртта. Ал маған бөлінген пәтер 70 шаршы метр. Бұл енді мен үшін алын­бас қамал еді. Көңіл құлазып, үміт үзіле бас­тады. Осы арада Құрекеңнің беделі тағы да әлгі кедергілерді тас-талқан етті. Ол кісі бар қаһарын бойына жинап, сол кез­дегі ЦК-ның Іс басқарушысы Статенинге барған ғой. – Әй, осы пәтерді маған бергенің рас па? – Конечно, конечно, Курманбек Сагындыкович! – Ендеше оның ішіне, қой қамаймын ба, сиыр ұстаймын ба, әлде бір адам кіргіземін бе, екі адам тұрғызамын ба, жұ­мыс­та­рың болмасын, понятно! Ақырып теңдік әперген айбарлы ағам-ай! Сөйтіп ЦК-сымен қосып Мәскеудің наместнигі Статениннің аузына құм құйып келіп еді-ау сол жолы. Жалпы Құрекең мен үшін Орталық Комитетке үш рет барды. Бірінші Торғайға бе­рілген жолдамамды жойып, өзіне алып келді. Екінші осы үй алғанда. Үшінші рет Жоғары партия мектебіне түсерімде. Бұл оқу орны ол кезде болашағын ойлаған әркімнің арманы болатын. Өзі де теориялық білімді терең беретін. Соған бар құжаттарымды сол кездегі тәртіп бойынша облыстық партия комитетіне тапсырып қойғанмын. Сол жақтан тиісті шешім қа­был­данып аталмыш оқу орнына кетуге тиіс. Күз түсіп, оқуға баратын да мезгіл болды. Алайда әлгі құжаттарымнан хабар жоқ. Ептеп сыр тартып білсем, олардың маған жолдама беретін де ойлары жоқ көрінеді. «Басқа облыстың тумасы бізден неге кетуге тиіс», дейді ғой ептеп жершілдік ауруымен ауыратын обком хатшысы. Сондағы Құрекеңнің күйінгенін көрсеңіз. «Әй,құдай-ай, осы ел болып оңбайтын халықпыз ғой біз. Жастарымызды жете­ле­геннің орнына жерге бөліп жерлейміз кеп. Бұл елдіктің ісі емес», деп қатты ренжігені күні бүгін есімде. Сөйтіп ЦК-ға тағы барып барлық мәселемді шешіп берген. Қайта Орталық Комитет арқылы жолдама алып тіпті жолым болып еді. Бұл Құрекең ағамның маған жасаған соңғы жақсылығы еді. Сол жылы өзі де зейнеткерлікке кетті. Құрекеңнің өзім айрықша бағалаған және өмір бойы соны өнеге тұтқан қасиеті – ол кісі адамды елге, жерге, руға бө­лу деген күйкі тірліктен мүлдем ада еді. Оған алысқа бармай-ақ өзімді баласындай тәрбиелеп, туған әкемдей қамқор болғанын айтсам да жеткілікті шығар деп ойлаймын. Ал жоғары да аты аталған қызметкерлердің барлығы да ол кісіге жерлестігі жағынан жуықтамайтын адамдар. Бұл тұрғыда негізінен рулық, жерлестік негізге сүйеніп жа­сақ­талатын қазіргі «команда» деген пәле тіпті жиіркеніш сезімін тудырады. Талай та­ланттың, тәжірибелі қызметкерлердің тү­біне жеткен осы нәрседен арылу бүгінгі кү­ні тіпті елдігімізге сын болып отыр. Құрекең Жуалы өңірінің тумасы-тын. Бұл атақты Баукең – Бауыржан Момышұлы шыққан жер. Халық қаһарманы Бақытжан Ер­таевтың атамекені. Кешегі от кешу – Ұлы Отан соғысында Бауыржан екеуі бірін-бірі қалқалап, аман сақтап қалуға тырысып баққаны байқалады. Батыр Бәукеңнің әсері тиді ме екен, 8-дивизия құрамында зең­бі­рек батереясының саяси жетекші болып шайқасқа араласқан Құрекең ұзамай «Отан үшін» деген дивизия газеті редакторының орынбасары болып ауыстырылады. Ал оның редакторы кәдімгі Дмитрий Снегин еді. «Газет екі тілде шыққанымен, оның екі тілдегі нұсқалары бірін-бірі қайталай бермейтін, – деп еске алатын Құрекеңнің өзі. – Тек ең маңызды деген материалды ғана екі тілде бірдей беретінбіз. Газеттің апта сайын екі рет шы­ға­тын қазақшасын жал­ғыз өзім әзірлеп, тексті танымал әріп­тер­мен түгел қолыммен жазып шы­ға­тынмын. Өйткені әріп теруші орыс жігіті еді» Сөз орайында айта кетейік, Құрманбек аға­мыздың майданнан жаз­ған хаттары жеке бір әңгімеге лайық. Олар­дан сол кездегі ортақ Отанға деген жан­кештіліктің, биік патрио­тизмнің, сонымен бірге туған жерге деген сағы­ныштың лебі есіп тұр. 44-ші жылдың 3 шілдесінде «Сара, Кен­тай» деп басталатын хатында: «Тұрған жеріміз сондай әдемі. Айналамыз көл, қалың орман. Тек оқ пен снарядтың үні сәнін бұ­зады, әйт­песе, нағыз курорт се­кілді, Алайда, Жуа­лының ұлтарақтай же­­рін мұның шаршы шақырым жеріне ай­ыр­бастамас едім», деп ағы­нан жары­лады ағамыз. Төлеген Тоқтаров қаза бол­ғанда оның шешесіне майдандас достары Ахметжан Мұха­ме­дия­ров, Бауыржан Момыш­ұлы, Балтабек Жетпіс­баев, Мір­­қас Байсаров жә­­­не өзі қол қойып жаз­ған естірту хатты да не­гізінен Құрекең жаз­ғаны жазу мәнерінен анық көрініп тұр. «Қа­дірлі, әзіз ана!» деп бас­та­ла­тын бұл хат­ты тебіренбей оқу мүмкін емес. Әйгілі мерген Тө­леуғали Әбдібековке ол қаза тап­қан­нан кейін «Батыр» атағын алуға ұсынысты өз қолымен жазған да Құрман­бек Са­ғын­дықов екенін бұл күнде біреу біл­се, біреу білмес. Алайда сол кездегі қиям­­пұрыс сая­сат­­тың кесірінен 397 фа­шис­тің көзін жой­ған сайыпқыран снай­пердің ол атақты ала алмай кеткені тарихтан белгілі. «Бәукештің үзең­гі­лес жолдастарының бел­гісі Мәлік қой, депті Бауыржанның жары Жамал апайға жазған хатында. – О да айтулы ер жігіт, арыстандай айбатына, жол­ба­рыс­тай қайратына ақылын жолдас еткен аза­мат. Бауыржан екеуі қазақтың тари­хында орын алатыны даусыз, алып та отыр ғой». Ауылы басқа деп алалау жоқ. Не деген биік парасаттылық десеңізші! Тағы бір анықтай кететін нәрсе, Құрекеңнің өзіміз омырауынан талай рет көрген биік марапат «Қызыл Жұлдыз» орденін редакцияда жүргенде емес, қан майданда арпалысып жүріп алғаны даусыз дер едік. 43 жылы Сара жеңгемізге жазған хатында: «10 август күні дивизия командирі маған «Қызыл Жұлдыз» орденін тап­сырды», деп жазады ол. Ал «Отан үшін» газетіне осы жылдың қысына қарай барған. Онда да батыр Бауыржан жан досын қан қасаптан суырып алып сонда отырғызған тәрізді. Құрекеңнің батырға арнап жазған «Баукеш», «Ардақты Баукешім» «Баукештай», «Ардақты, сүйікті Баукеш» деген тәрізді керемет сыйластыққа, шынайы достықтың шуағына толы біраз хаттары бар. Жоға­ры­да айтқанымыздай, оның бәрін келтіре беруге бұл мақаланың жүгі көтермейді. Жалпы осы екі алып адамның достығы әріден, бала кезден басталған. Оның үстіне Әбділда Тәжібаевтың, Бауыржан Момыш­ұлы мен Құрманбек Сағындықовтың 20-шы жылдардың аяғында Шымкент техни­кумында Жүсіпбек Аймауытовтан дәріс алғаны тағы бар. Кейін бұл үшеуінің де қазақ әдебиетінің сардарлары болып шы­ғуына тұңғыш қазақ романы авторының да ықпалы болғаны даусыз. Құрекеңнің өзі Бауыржанның үзеңгілес серігі, қанды көйлек досы болғанын үнемі мақтанышпен айтып отыратын. «Батыр ту­ралы мен жазбағанда кім жазады, кірісіп жатырмын», дегенін талай естідік те. Оған ғұмыры жетпеді ме, әлде бітіре алмай кетті ме, ол жағын анық білмедік. Білетініміз, Құрекең қайтыс болғаннан кейін екі жылдан кейін шыққан «Хас батыр бейнесі» деген жұқалтаң кітап. Оның өзін өте ұсақ қаріппен басқан. Оның ішінде Мо­мыш­ұлынан басқа Панфилов, Тоқтаров, Әбдібеков, Мәлік Ғабдуллин сында аты аңыздай естілетін біраз батырлар суреттелген. Мүмкін осы әлгі айтып жүрген үлкен еңбегінің үлгеріп кеткен сілемі болар деп топшылаймын өз басым. Ал Александр Бектің Баукең туралы әйгілі романын «Арпалыс» деген атпен Құрекеңнің еркін аударып шыққаны мәлім. Бұған Баукеңнің өзі де риза болған. Оған батырдың 1957 жылы желтоқсан айында: «Данную работу не следует рассматривать как обычную подготовку к переизданию, а следует рассматривать как новую работу, как творческий перевод – переработка, куда автор-переводчик вложил немало сил и творческих поисков», деп оң батасын бергені бұлтартпас куә. Бұл басылымды Құрекеңнің мейлінше еркін аударғаны сондай, оған әрқашанда кірпияз Баукеңнің өзі «автор-аудармашы» деп баға беріп отыр. Осы кітаптың алғашқы әңгімесінің алғашқы жолы: «...майданға барған бетімде өр мінезді, өктем сөзді бір командирге кездесе қалдым» деп басталмай ма? Майдан қылшық суырғандай осы сөйлемді әу баста басқа тілде жазылған деп кім айта алар?! Жалпы Құрекеңнің аудармашылығы оның шығармашылығын сөз еткенде алдымен ауызға ілігетіні рас. Бұл ретте ол кісіні қазақ аудармасының абызы десек артық айтқандық болмас. Оның осы саладағы аса білгірлігін білген ол кездегі билік аса қиынға салып отырған ғой. Сонша терең жазылған Карл Мар­кс­тің «Капиталының» тұңғиығына дүние жү­зі ғалымдары әлі бойлай алмай, оған тамсанумен келеді. Осы кітапты, яғни «Капиталды» және М.Горькийдің «Ана» романы мен И.Тургеневтің «Аң­шының жазбаларын» біздің Құрекең қиналмай аударған ғой. Кезінде Әл-Фараби трак­тат­тарын тәржі­ме­леуге еш­кімнің тісі батпай қойғанда да оның Құрекеңе жүктелгені есімізде. Қарағанды қаласында Қали Аманбаев деген ақсақал осы бертінге дейін өмір сүрді. Кожедуб па, әлде Покрышкин бе екен, әйтеуір бір сұрапыл ұшқыштың ме­ханигі болған адам. Көп жылдар бойы радио-теле комитеттің облыстық бас­қар­масын басқарған сол кісі: «Елімізде те­левизияны орнықтырған бір адам бар, ол Құрманбек Сағындықов еді», дегеннен танбай кетті. Расында да Құрекеңнің осы еңбегі әлі күнге өз бағасын ала алмай келе жатқан сыңайлы. Бұдан екі жыл бұрын қазақ телевизисының 50 жылдық ме­рей­тойы болды. Онда да аты аталып жатқан Құ­рекеңді көрмедік. Ал Құрманбек Са­ғындықов біле білген адамға Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Радио және телевизия ха­барларын тарату жөніндегі коми­тетінің алғашқы төр­аға­сының бірі де бірегейі болды ғой. Бұл қызметтегі ол кісінің еңбегінің өте зор екендігін айғақтау үшін Дінмұхамед Қо­наевтың мына сөздерін келтірсек те жеткілікті шығар деп ойлаймыз; – Ұмытпасам 1961 жыл ғой деймін, осы бюджеттің жөнге келмей-ақ қой­ғаны, – деп бастапты ол кісі журналист Нина Савицкаяға берген сұхбатында. – Сол себепті оның шығыс бөлігін қысқартуға пәрмен бердік. Ал оны біздің білгіштер облыстардағы радио-телевизия стансаларын «қатыра тұру» есебінен жасапты. 15-16 стансаның орнына үше­уін-ақ қалдырған ғой. Министрлер Ке­ңесінің мәжілісінде бұған бәрі де үндемей келіскен, қарсылық танытқан Құрманбек қана болды. Ол тіпті ауыл­дағылардың мәдениетін тартып алып жатырсыңдар деп қатты кетті. Мен оның әншейін көрініп қалу үшін емес, шын дабыл қағып отырғанын түсіндім. Оның жанайқайының аржағында өз міндетіне деген жанашырлық жатыр еді. Сөйтіп біз облыстарда 9 станса кешенін салуға ақыры қаржы таптық, – депті елу жыл ел басқарған Димаш ағамыз. Құрекең 1988 жылы жер қара кезінде қайтыс болды. Жаназасын сол кезде аты шығып жүрген Тельман Сауранбеков тап-тұйнақтай етіп басқарып берді. Сонда өте-мөте тым күйзеліп жылаған екі адам­ды көрдім. Оның бірі «папалап» қоймаған үлкен баласы Кеңестің үйін­дегі келіні еді. Ұмытпасам ол белгілі қайраткер әйел Ғайнекен Бибатыр­о­ваның қызы болатын. Ал екіншісі батыр Бауыржанның ұлы Бақытжан еді. – Өз әкем көз жұмғанда мен дәл мұндай күйзелген жоқ едім. Өйткені артымда қысылсам – ақылшым, тәлті­рек­те­сем – таянышым екінші әкем Құрекең тұрды. Нағыз жетім қалғанымды бүгін ға­на шын сезініп тұрмын, – деп қабір ба­сында егілгенде жыламаған адам қалған жоқ. Құрекеңнің Бауыржанмен достығы олардың бүкіл отбасына жайылған ғой. Кезінде Жуалыда қанаттасып бірге өскен үш дос болыпты. Олар – Бауыр­жан Момышұлы, Құрманбек Сағын­ды­қов және Еркінбек Сауранбеков. Бір қызығы олардың достығы күні бүгін өз жалғасын тауып отыр. Осы кісілердің Бақытжан, Кеңес және Тельман деген үш ұлдары да достықтары жарасып араласып өскен. Ал олардан туған үш ұл Ержан Момышұлы, Мақсұт Сауранбеков пен Ғалымжан Сағындықов та ата­ла­ры­нан қалған ұлы достықты ла­йықты жалғастырып келеді. Бұл достық енді олардың балаларына да даруда. «Ор­нын­да бар оңалар», деген осы болса керек. Мен негізінен өз заманының алыбы Құрекеңнің өзіме ғана жасаған жақ­сылығын тілге тиек еттім. Ал ол кісінің менен басқаларға да, тіпті бүкіл елге жасаған шарапаты қаншама десеңізші. Шын мәніндегі өнегелі өмір, ғибратты ғұмыр. «Бұл ретте мен көз көрген тірі қазақтың біртуар азаматтары, әрі тұлғалары, ғалымдары Серікбай Бейсенбаев, Ермұхан Бекмаханов, Құрманбек Сағындықов, Мұхтар Жанғалиннің өмірлерін бүгінгі ұрпаққа үлгі дер едім», деп жазыпты мемлекет қайраткері Дәуірхан Айдаров. Түптеп келгенде түгел сөздің тобықтай түйіні де осы. *** Бірде интернетті ақтарып отырып бір бүлдіршіннің депутатқа жазған мына бір сауалын көзім шалып қалды. – Сәлеметсіз бе? Сізге қояр бір сауалым бар еді. Мен Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Құрманбек Сағындықов атындағы №4 орта мектепте оқимын. Мені мемлекеттік тілдің қолдану аясы нендей дәрежеде деген сұрақ ма­залайды, – деп жазыпты әлгі оқушы. Ағамыздың ауылында ата­сы­ның өр рухын бойына сіңірген Құр­манбектің құ­лыншақтары өсіп келе жатыр екен-ау, деген бір тамаша ой санамда жарқ ете қа­лып, бүкіл жа­нымды жа­ды­рат­ты. Лайым солай болғай. Әумин! Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.