29 Желтоқсан, 2010

Сәкен мен Троцкий

935 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
– Осы Сәкен мен Троцкийдің арасы қандай болған? Оған ақын­ның өлең ғана емес, тұтас жинақ ар­нағанының сыры неде? Л.Д.Троцкий С.Сейфуллинмен кездесті ме, жоқ па, оны дәлелдейтін дерек қолымызда жоқ. Троцкийдің мұра­ға­ты біз түгілі, мәскеуліктердің де қо­лы­на әлі тие қоймаса керек. Бірқы­ды­ру ағайындар, әсіресе, еврейлер оны әу­лиеге айналдырмақ болып жан­та­лас­қандарына едәуір уақыт болды. Орыс шовинизмі оны онша қала­май­ды. Сталинді қаралау қажет болғанда ғана Троцкийдің аруағын еріксіз шу­ла­тып жатады. Ал, қазақтар оның 1927 жылы жер аударылып, Алматыға кел­генде көшеде ит жетектеп жүр­ге­нін білгеннен әріге бара қойған жоқ. Оның аты 30-жылдардағы қызыл қыр­ғын тұсын­да айыптауға негіз бол­ған­дық­тан, «аш құлақтан тиыш құлақ, сол пәлеңнен аулақ» деп бет сипай сал­ған сияқ­тымыз. Өйтпеске амал да жоқ. Мәскеу бәрін біліп-көріп отырды. КПСС Орталық Комитеті, оның жа­ғым­­паз басшылары «ВКП(б) тари­хы (қыс­қаша курс)» жарияланғаннан кейін Тро­цкийдің атқарған қызметі бы­лай тұрсын, атының өзін ауызға алу­ға тыйым салды. Әлдеқалай атала қал­са, қаралап көрсетуге тиіс болдық. Сонау 1918 жылғы Брест бітімі тұ­сын­да-ақ «Иуда Троцкий» деген атақ алып, азамат соғысындағы бас­сыз­дық­­та­ры мен рақымсыздығы қаулай келіп, көсемдік таласқа ұласқан болатын. И.­В.Сталин партияның бас хатшысы бо­лып сайланғаннан кейін бақ­та­лас­тық кү­шейіп, талай қоғамдық-әлеу­мет­тік мә­се­лелерде троцкийшілдік сыр берген еді. Қазан төңкерісін саналы түрде қа­был­даған, 1920 жылы Қазақ АССР Атқару Комитетінің Президиум мү­ше­сі ретінде «Еңбекші қазақ» газетінің жа­уапты ре­дак­торы, советтердің 1922 жыл­ғы үшінші съезінде Халық Комис­сар­лары Кеңесінің төрағасы болып сай­ланған С.Сейфуллин Мәс­кеуде, жо­­ғарғы жақта не болып жат­қаннан ха­барсыз еді деуге болмас. Өң­ге­ден бұрын газет пен үкімет басшысы әр­бір іс-әрекетті елден бұрын біліп, мән беріп, елеңдейтінін ескерер болсақ, онда Сә­кен ойланбай от басқан, әр қа­дамын жете аңғара ал­майтын пенде дей ал­майық. Қоғамдық әлеуметтік мәселелерде одақтаса кетіп, түтіндері бір бағытта шал­қитын А.В.Луначарскийдің өзінің қан­­дыкөйлек жолдасы жайындағы: «Троцкий чрезвычайно дорожит своей ис­торической ролью и готов был бы, ве­роятно, принести какие угодно лич­ные жертвы, не исключая своей жизни, для того, чтобы остаться в памяти че­­ловечества в ореоле трагического вож­­дя. Властолюбие его носит тот же ха­рактер, что и у Ленина, с тою разницей, что он чаще способен ошибаться. Не надо думать, что второй великий вождь русской революции во всем ус­тупает своему коллеге, есть стороны, в которых Троцкий бесспорно превосходит его: он более блестящ, он более ярок, он более подвижен. Нет человека, который мог бы заменить в этом отношении Троцкого», – деген мінез­де­мені Сәкен естімеді, білмеді деп айту қиын. Өйткені, «Қара бүркіт» (Арыс­­тан Дәуітұлы Троцкийге ар­най­мын) атты 1922 жылғы өлеңде осы си­паттаманың біраз көрінісі бар. Биікте бойын безеп таранады, Күнбатыс, Күншығысқа қаранады. Айнадан жердің жүзін анық көріп, Әлемді көзбен санап аралады, – деген мінездемені нақтылағанда «ай­бат­ты, түсі суық, қасын керген» деп суреттей келіп, Еу­ропа им­периа­лис­те­рінің «Гаага, Лозанна деген қалаларда биыл Еуропаның қа­зіргі жалмауыз сұм, сұғанақ үкіметтері Азия, Күн­шы­ғыс халықтарын сы­па­йылап, тірідей қалай жұтып қоямыз деп ке­ңес­кенін» айтып келеді де: Саңқылдап салды ұран, көкірек кернеп, Ұшуға оңтайланды қанат сермеп, Толғанды оңды-солды күшін  жиып, Не өлмек, не жалпы азаттықты көрмек! – болған «қара бүркіттің» мінез-қылығын да, іс-әрекетін де Л.­Д.Троцкийге ұқсатады. Сөйтеді де: Қыраным! Топшыңды жи, қанат қомда! Ұранды қаттырақ сал оңды, солға. Жауың көп алыста да, жақында да Ұшсаң да, отырсаң да қамсыз болма! – деп өзінің тілектестігін білдіріп, Троцкий сияқты әлемдік революция­ның болатынына сенетінін сездіреді. Бұл баллада «Еңбекші қазақ» газетінде 1923 жылы 14 қаңтарда, содан соң «Қы­зыл Қазақстан» журналының 14-­­санында жарияланды. Мен бұл деректі әдейі келтіріп отыр­­мын. 1923 жылы наурыз айында өткен Қазақстан коммунистерінің III конференциясында Сәкеннің «Азия (Ев­ропаға)» деген өлеңі үлкен айғай-шу шығарған болатын. Сәкен Халық Комиссарлары Кеңе­сі­нің төрағасы болып 1922 жылы қа­ра­ша айында сайланды. Сол жылы оның «Асау тұлпар» атты өлеңдер жи­нағы мен «Қы­зыл сұңқарлар», «Бақыт жо­лында» пье­са­лары жеке кітап бо­лып шыққанда, «Шолпан» және «Те­мір­қазық» журналдары мықтап сы­на­ған болатын. Бірақ, оған айылын жинамаған Сә­кен­ді енді саяси жақтан шалу керек деп, мән-мағынасы екі ұштылау «Азия (Ев­ропаға)» балладасына жабысқан-ды. Ол шығарма 1922 жылы 1 мау­сым­да жазылып, 8 маусымда «Еңбек­ші қа­зақ» газетінде жарияланды. Онан кейін 3 қыркүйекте «Тілші» көшіріп бас­ты. 1922 жылы 13 қазанда шыға бастаған «Шолпан» журналы өзінің 1-санында Сә­кен­нің осы өлеңіне ілтипат білдіріп, қыс­қарт­пай толық басып шы­ғарды. Демек, баллада көпшіліктің көңі­лінен шығады дей қой­мағанмен, таяу арада жарылатын мина барын сезген сияқты. Орынборға келгенге дейін бе, келгеннен соң ба, әйтеуір, Мұхтар Саматов аударған өлең ВКП(б) Орталық Комитетінің өкілі Е. Яро­слав­скийдің қолына тиіп, ол негізгі ба­ян­дамасында оны ұлт республикала­рын­да­ғы, әсіресе, Кир­гизия­дағы (1925 жылға дейін осылай атанған бо­ла­тынбыз) коммунистерді ұлтшылдықпен айып­тауға керекті материал деп тапты. «Ұлтшылдық, паназиаттық «уклонның» не екенін анық байқату үшін жергілікті жолдас жазған «Азия-Европа» деген өлеңді мы­сал­ға келтірейін. Мұнда белгілі бір идео­ло­гия­ның салқыны бар. Бұл таптық күрес емес, ұлттар күресі. Бұл – мәселені марксистік тұрғыдан түсіну емес», – деді Е.Ярославский. Алма Оразбаева сөйлеген сезінде Сә­кен Троцкий жолдасты «банда» деді деп пәле жапты. «Бенде» деген сөзді «банда» деп түсіндірді. Әңгіме қыза түсті. 14 қазақ ком­­мунисі Сәкенді бұлай сынауға бол­май­ды, «с первого момента открытия III всекиргизской партийной конференции наблюдается определенное течение, направленное к обвинению киргизских коммунистов в национализме. Нижеподписавшиеся киргизские ком­мунисты категорически протестуем против предъявленных обвинений в национализме» деп жазбаша мәлімдеме жасады. Сонда да кеулеп те керіп келе жатқан шовинистік көзқарас айылын жимай, Е.Яро­с­ловский: «Бұл өлең жайындағы пікірді мен даладан алғаным жоқ. Тоқтыбаевтың ма­қа­ла­сынан оқыдым, онда автор идеялық қа­те­ліктерді («Азия», «Иван мен Мырзабек») атап көрсеткен. Оны айтқан Тоқтыбаев, мен емес. Киргизияның жағдайын жақсы білетін жолдас осылай деп айтып отырса, оны мен неге айта алмаймын? Ұлтшылдық пен ха­лық­шылдықтың ықпалы бар, революциялық өлеңдермен қатар таза ұлтшылдық ба­ғыт­тағы өлеңдер де бар деп айта алғанда, мен неге айта алмаймын?» – деп бет қаратпай қой­ған болатын. Мұның бәрі 1937 жылы Сәкенді айыптауға негіз болды. Сәкеннің қиындық көрсе шыңдала тү­се­тін, сынға ұшыраса шамырқана түсетін мінезі осындай саяси мәселеден де айқын кө­рінеді. Конференциядан кейін, 29 наурызда «Ұлт­шылдық пен отаршылдық шовинизм» де­ген ащы мақала жазып, 1923 жылдың 14 қаң­тарында «Еңбекші қазақ» газетінде жа­рия­лады. 15 ақпанда «Қазақты қазақ дейік, қа­тені түзетейік» деп республика атын өз­гер­туді ұсынды. Көкек айынан бастап Ха­лық Ко­миссарлары Кеңесінде кеңсе істерін қа­зақ тілінде жүргізу жайын ептеп барлап көрді де 25 маусымда «Кеңселерде істі қазақ ті­лінде жүргізуге кірісу» туралы айбынды мақала жазды. Үлкен мәжіліс-жиындарда, сес­сияларда үзбей сөйлеп, газет-журналдарда 8 мақала шығарды. Орталық Атқару Ко­ми­тетінің төр­ағасы Сейітқали Меңдешев пен хатшы Жанайдар Садуақасовтың был­қыл­да­туына, жан-жаққа секемдене қарауына жол қалдырмай, 1923 жылы 22 қарашада қазақ тіліне мемлекеттік статус беретін декретті қабылдатты. 1924 жылдың 1 қаң­та­ры­нан бас­тап КАССР-інің барлық қазақ болыстары, 1924 жылдың 1 шілдесінен бы­лай қарай барлық уездер мен губерниялар қазақ тілінде іс жүргізуге көшіріледі деген ше­шім Сәкен үшін оңайлыққа түспегенін қа­зірдің өзінде анық сезінуге болғандай. Осындай ұлы мақсаттың жолында жүр­ген­де, бүкілодақтық көлемде кәсіп­одақ­тар­дың рөлі, жаңа экономика саясатын жүргізу, елді индустрияландыру, басқа да ірілі-уақты мәселелер жайында, әсіресе, В. И. Ленин дү­ние салғаннан кейін партияның бас хат­шы­сы И.В.Сталинге шабуылды күшейткен Л.­Д.Троц­кийге Сәкеннің құрметі азая қой­ған жоқ сияқты. 1924 жылы шығарған «Дом­быра» атты өлеңдер жинағын түгелдей Арыстан Дәуітұлы Троцкийге арнап қана қоймай, өзінің бар ой-пікірін білдіретін ар­найы өлең жазып, жинақтың бірінші бетіне бас­тырды. Ол өлең мынау: Арыстан Дәуітұлы Пайғамбар жалын сөзі иман берген, Сансыз ер жолында өлмек соңына ерген. Тілінен балы тамған, ақын бұлбұл, Мүлт кетпес тіл мен қолы бірдей мерген. Тарихтың ұлы дүбір арыстаны, Қырағы өткір, зейін данышпаны. Дүбірі жер мен көкті солқылдатқан Сан жаумен зор майданға алысқаны. Қайралған өткір алмас, тілі шешен Тарихтан шыққан жеке үздік көсем. Қол бастап, өзгерісте алып өткен Тар жолдан, тайғақ кешу аман-есен. Арыстан жалбыр қара аруақты Айбыны қалтыратқан алтын тақты. Жол бастап, жалпы адамзат бақытына Көрсеткен айнадай қып болашақты. Арыстан һәм пайғамбар сегіз қырлы, Ілімі жалшы бақыт, жалғыз сырлы. Сүйініп, шалқып сені жыр қылмаса Не қылад сорлы ақындар өлең-жырды?! Тарихтың зор қамытын мойнына артқан Үлгі алған орын басып, үлкен қарттан. Кейінгі жалпы елдің жас буыны Шаттанып жырлар талай еріп арттан. 1924 жыл, март Осы шумақтар әлгінде ғана мысалға алған А.В.Луначарский ойларының қазақ тілінде өлеңге айналғанын аңғартқандай. Ал, 1924 жыл Троцкийдің талай қате ой айтып, у-шуды көбейтіп жатқан кезі екені тарихтан белгілі. Елге айрықша керекті істерді жүзеге асырып жүргенде, Сәкеннің алдынан бәрі жа­пырыла бермегенін, қарсы шығатын күш табылғанын, оны ход-ходтап отырған билікті орын та­былғанын Сәкен жасырмайды. Өйт­кені, бұл Сәбит Мұ­қа­нов­тың сендіруі және біздің зерттеу еңбегімізде расталған бір шындық. Сәкеннің «ешуақытта өтірік де­генді білмейтін адам» (С. Мұқанов) бол­ғаны 1929 жылғы «Менің қа­телігім туралы» деген зорлықпен жазылған мә­лімдемесінен-ақ көрінеді. «Бір жылдан соң (яғни 1923 жыл орта­сы­нан былай қарай – Т.К.) біз Мең­деш­ұлы­на, оның жаңа құрылған жігіне және Коростолевке қарсы күрес бастадық. Онда біз Мең­дешұлын жағымталшыл (көттәкі), та­бан­ды пікірі жоқ, байлаусыз және «солақай» деп, Коростолевті отаршылыққа ымы­ра­шыл­дық қылады (отаршылдықпен жөндеп кү­рес­пейді) деп айыптадық», – дегендерді ашық айта келіп, өзінің Троцкийге өлең ар­на­ғанын есіне алады. «Партияның бас жа­ғы­нан қыңыр мінездер табылып (қателіктер деуге қимайды – Т.К.), соны ашып, ол қы­ңыр мі­нез­ге түскендер бір кезде бәріміз сеніп, әс­петтеген көсемдер болғанын (көсем­дер бол­ғанда, әрине, Қазақстан көсемдері емес) көргенде Кеңес өкіметінің жаулары шоқ-шоқ деп масаттанып, күліп тұрған тә­різденді», – деп сары уайымы қалың өлең­дер жазғанын мойындайды, ашық айтады. Сәкеннің Троцкийге арнап шығарылған өлеңдері ешуақытта ұмытылған емес. «Сейфуллиншілдікке» қарсы мақала жазғандар бісмілләні Троцкийден бастап, совет әде­бие­­тінің негізін қалаушы емес, небәрі одақ­тас деп тапқаны, ҚазАПП тұсында көз аша алмағаны, оның 1932 жылғы 1 съезде жа­са­ған баяндамасында Мұстафа Қайыпназаров: «Сәкен күні кешеге дейін ұлтшылдықты, ақсүйектікті жырлап келді. «Асау тұлпар», «Домбыра» жинақтарындағы көп өлеңде­рі­нің қателері табылып, жұртшы­лық бірнеше рет талқылады. Көбінде троцкийшілдікті жыр­лайды. Әсіресе, «Домбы­ра­да», «Экс­пресс», «Айт», «Азияда» түрік бірлігін көк­сей­ді. Расында Сәкен пролетариат ақыны болып көрген емес» (Қазақ пролетариат әдебиетінің жай-күйі мен алдағы мін­дет­тері. 1932 жыл, 16-бет) дегеннен кейін шы­ғарған қаулының да әуселесі белгілі. Сә­кеннің «шығармаларында бай, феодал салт-санасы, жергілікті ұлтшылдық, төңкеріске қарсы троцкизм сарындары бар». («Әдебиет май­да­ны. 1932 жыл, №4, 13-бет) дегеннен көз ашпай, 1934 жылғы кеңес жазушыларының бірінші съезінде осы пі­кір қылаң бергенде, «Сәкен бір кезде Троцкийді мақтаған» дейді. «Менің шы­ғар­маларымды  сынға алған­дар­дың кей­­біреулері осы сөзді қайта-қайта айта береді. «Көп шайнаған қартаның дәмі кетеді» дегендей, осы бір әбден дәмі кеткен сөз. Рас, мен ол кезде Троцкийді мақтап өлең жаздым», – деп ашық айтып, осы жө­нінде бұдан былай «күйсей беруді» (Сәкен сөзі) қою керектігін тілеген еді. Амал не, 1937 жылы Троцкий пәлесі бұ­рынғыдан күшейе түсті. Оны да өзі­міз­дің ағайындар жиі еске алып, ма­қа­ла­ла­рын­да көсілте жазды. Ф. Березовский 1936 жылы Минскіде өткен жа­зу­шы­лар­дың I пленумында: «Сейфуллиннің «Қы­зыл ат» поэмасы мен бірнеше туын­ды­сын­да троцкизмге іш тартатын саяси қателер бар» десе, Т.Елеуов деген: «Националистические взгляды С. Сейфуллина в свое время тесно переплетались с явно троцкизмом», деді. «Қазақ әдебие­ті» га­зетінің «Әдебиеттегі троцкист-буха­риншіл, ұлтшыл-фашист зиянкестерін же­ріне жете құрту керек» (13. 08. 37) деп дүниені шулатуы тегін кетпеді. 1937 жылы 24 қыркүйекте Сәкен тұт­қындалды. Оның «шын мәніндегі» троцкийшілдігін дәлелдеу үшін Мәскеуден ілік іздестіріп, троцкийлік орталықпен ті­келей байланысы болған деп көрсету үшін орыстың үлкен жазушысы Галина Иосифовна Серебрякованы Сәкеннің тер­геу ісіне иінін тауып араластырады. Ол жөнінде «Сәкен және Серебрякова» деген эссемде де, «Коммунист Сәкеннің ұлт­жандылығы» деген мақаламда да жаз­ғанмын. НКВД тергеушісі өзі жазған «хи­каяда» Сәкенді былайша мойын­да­та­ды: «Я действительно являюсь участником антисоветской националистической организации... Я давно являюсь сторонником Троцкого, как одного из организаторов борьбы с ВКП(б). Еще в 1922-24 гг. воспел его в своих произведениях. Я поддерживал антисоветские разговоры с Серебряковой и со своей стороны проявил националистические настроения», дегенді айтты дегізіп, осы тезисті бүкіл айыптау материалының, сот үкімінің ең негізгі бабына айналдырып жіберді. Өмірінде екі рет кездесу, біріншісі Александр Фадеевтің жұмыс кабинетінде, екіншісі Сәбит Мұқанов пен Сәкенді сая­жайына шақырып, қонақ қылу рәсімі Галина Серебрякованың 20 жыл азап-бей­нет шегуіне себепкер болғанын жа­зушы «Смерч» («Қара құйын») деген ро­манында былай баяндайды. «На конец мне предьявили обвинение. Единственным свидетелем против меня оказался, к величайшему моему изум­лению – старый большевик и приз­нан­ный основоположник советской казахской ли­тературы Сакен Сейфуллин. Этого человека я успела уже забыть, так как видела два раза в жизни... Отныне и долгие годы в моем деле появлялось именно это обвинение и только в 1956 году в августе, на заседании бюро Джамбульского обкома, где меня восстановили в правах члена партии, я узнала все, что уже тогда, в 1939 году, было известно следствию. Мне зачитали последнее, предсмертное заявление Сакена Сейфуллина, сделанное им на заседании выезд­ной сессии Военной коллегии Верховного суда, внесшей ему смертный приговор. «Я, Сакен Сейфуллин, заявляю, что не выдержав физических пыток, приме­нен­ных ко мне, оговорил писательницу Галину Серебрякову. Никогда я не имел с ней никакого контрреволюционного разговора и не видел ее мужа Сокольникова», деп жазғанын тебіренбей оқи алмай­сың. Осындай зұлымдыққа барғандарға не деріңді білмейсің. Қаншама қаһар төккенмен, олар өз дегендерін істеп кеткенін соттың мынадай үкімінен білеміз. Сәкенді айыптау қорытындысында: «С.Сейфуллин с 1922 года являлся скры­тым троцкистом, разделял контрреволюционную программу Троцкого, что в целях популяризации Троцкого, он выс­ту­пал в печати, посвящал ему свои произведения и вел троцкистскую агитацию среди националистов. Выполняя установки центра антисоветской организации, Сейфуллин проводил большую антисоветскую работу в области литера­ту­ры и вел вербовочную деятельность», дегенді көшпелі сот сессиясы: «Сейфуллин с 1922 года разделял троцкистские взгля­ды и проводил троцкистскую деятельность», деп қысқа қайырып, 2 минуттың ішінде қайран азаматты өлім жазасына кесті де жіберді. Міне, 1922 жылғы «Азия (Ев­ро­па­ға)», «Қара бүркіт» балладалары мен 1924 жылғы «Домбыра» жинағын Троцкийге арнап, наурыз айында жазған «Арыс­тан Дәуітұлы» өлеңінің әлеуметтік мәні осындай. Қазіргі уақытта қазақ ақын­дары кімге өлең-жыр, поэма арнамай жатыр, олардың тағдыры Сәкен шы­ғар­ма­ла­рындай болса, ақындықтың маңынан жүретін адам табылмай қалуы ғажап емес. Бірақ, өмір тоқтамайтыны сияқты, тарихта із қал­ды­ратын мәнді шығармалардың дү­ние­ге келгеніне не жетсін. Қаншама қасі­рет­ті болса да, Сәкендей ұлы азамат­та­ры­мыз­дың қазақ поэзиясында жарық жұлдыз бо­лып өткенін, артына ғибратты да даңғыл жол салып кеткенін қадірлеп, құрметтей білейік. Тұрсынбек КӘКІШЕВ, профессор. Алматы.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20