Жалындаған жастық шағын соғыс өрті шарпыған ұрпақ өкілдерінің қай-қайсысына болмасын қара ормандай қалың елдің басына төнген сол бір ауыр жылдарды еске алудың өзі оңай емес. Сол кездегі өрім жас, бүгінгі Ұлттық Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Досмұхамед Кішібеков сол бір қатал да қатыгез уақыттың ауыр жүгін, оның батпандай салмағын бастан кешкендердің бірі. Бір құптарлығы, ауызбен айтып жеткізгісіз ауыртпалық жас жігіттің ерік-жігерін шыңдап, қиындыққа қарсы тұруға ықпал етті. Ұлы Отан соғысы басталғанда небәрі 16 жасқа толған Досмұхамед Кішібеков бүгінде 85-тің асқаралы асуына көтерілді. Күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленген ғалымның елімізде философия ғылымының өркендеуіне қосқан үлесі қомақты. Өзінің ғылыми еңбектеріндегі философиялық түйін, тұжырымдарын ғана емес, сонымен қатар, ғұмырлық қағидасында бәрінен де ұлттық мүддені жоғары қоя білген азаматтың есімі бүгінде көпшілікке жақсы таныс.
Сөз реті келгенде атап айтарлығы, ғалым кешегі Бүкілодақтық «Білім» қоғамы басқармасының мүшесі ретінде алыс шетелдерге – АҚШ, Жапония, Франция, Италия, Египет, Алжир, Түркияға және басқа да мемлекеттерге сапар шегіп, жұртшылық алдында лекция оқыпты. Мәселен, Америкадағы Колумбия, Франциядағы Сорбон және Жапониядағы Хиросима сияқты іргелі университеттердің ғалымдары мен профессорлары алдында оқыған лекцияларының шетелдіктер тарапынан жоғары бағалануы көп нәрседен хабар берсе керек.
Алыс шетелдерге сапарлардың қай-қайсысы болмасын өзіндік ерекшеліктерімен есте қалатындығы белгілі. Дегенмен, солардың арасында көңілге ерекше әсер қалдырған, ұмытылмастай кездесулерге кеңірек тоқталған да жөн сияқты. Ғалымның есінде ұзақ уақыт сақталып қалған, сондай маңызы жоғары жолсапарлардың бірі Америка Құрама Штаттарында екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 30 жыл толуына арналып, ұйымдастырылған кездесуді еңбек ардагері ерекше атап айтады. Оның өзіндік себептері де бар болатын. Өйткені, бұл делегацияның құрамында атақты қолбасшы, маршал Г.Жуковтың рөлін орындаған дарынды актер М.Ульяновтың, көрнекті кинорежиссер С.Герасимовтың болуының өзі оның мәнін арттыра түсетіндігі айтпаса да түсінікті. Ал, қазақ ғалымының Капитолияда конгрессмен Хоу мырзаның қабылдауында болып, онымен пікір алмасып, әртүрлі сауалдарға аудармашы көмегімен нақты жауап бергенін бүгінде еске түсірудің өзі тіптен қызық. Сол кездесуде Досекең өз кезегінде Хоу мырзаға капиталистік қоғамдағы, сол елдегі ұлттық қарым-қатынас мәселесі, аз ұлттар проблемасы жөнінде сауал қойғанымен, оған жарытымды жауап ала алмағанын қынжыла әңгімелейді. Әйткенмен, делегация басшылары Капитолиядағы қабылдаудың түсіністік пен достық жағдайында өткендігін айтқан. Оған қоса, әлем Қазақстанды әлі толық тани алмай жүрген кезеңде қазақ азаматының ғалым ретінде ежелгі тарихы тасқа қашалып жазылған туған халқының данышпандық тағылымы, кешегісі мен бүгіні туралы ғылыми ізденістері мен таным кеңістігі шын мәнісінде де назар аударарлықтай болғандығы құптарлық жәйт.
ҚР ҰҒА академигі Досмұхамед Кішібековтің көшпенді қоғамдағы философиялық проблемаларды, әсіресе, қазақ халқының сыры терең тарихын, әдет-ғұрпын, тілі мен ділін зерттеуге арналған еңбектері, ең алдымен, мазмұнының тереңдігімен және айтар ойының ашықтығымен ерекшеленгендігін әріптестері де, шәкірттері де құрметтеп айтады. Бұл орайда, ғалымның «Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең», «Мәдениет және өркениет», «Қазақстандағы өтпелі кезең: проблемалар мен қиындықтар», «Тарих философиясы және қазіргі кезең» сияқты ауқымды ғылыми еңбектерін атап көрсетуге әбден болады.
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіндегі философия кафедрасында бүгінгі күнге дейін табан аудармай, елу жылға жуық еселі еңбек етіп, оның ішінде 32 жыл философия кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған Досмұхамед Кішібекұлының алдынан дәріс алған шәкірттердің арасында өздерінің ғылымдағы ғана емес, өмірдегі үлкен жетістіктерін қадірлі де құрметті ұстаздарының еселі еңбегімен, оның жүрегінің жылуымен байланыстыратындар аз емес. Ол ұстаз ретінде өткен уақытта жалпылай алғанда жиырма екі ғалым дайындапты. Олардың арасында ғылым докторлары және ғылым кандидаттары көптеп саналады. Мәселен, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Көпжасар Нәрібаевтың айтуынша: «Досмұхамед Кішібекұлы – өресі биік, білікті, таным кеңістігі кең ғалым, абыройлы азамат». «Ежелгі тарихы сан ғасырлар қойнауында жатқан ұлы қазақ халқының менталитетін түбегейлі зерттеу менің ойымша, екінің бірінің қолынан келмейді. Мұндай үлкен жүкті көтеру үшін ғалым туған халқының перзенті ретінде оны шын пейілімен құлай сүюі қажет. Ұлттық идеяны көпшілікке түсіндіріп, талдап бере білу – өресі биік ғалымның ғана қолынан келеді. Ал, енді Досекең, міне, осындай ұлағаты мол адам және мейірімді әрі қарапайым азамат. Мен сияқты шәкірттері ұстазымыздың маңдайымыздан сипаған аялы алақанының жылуын әлі күнге дейін ұмытпаймыз», дейді ол өз ойын ортаға салып.
– Қызылордадағы педагогикалық университетті бітіргеннен соң, Алматыдағы Ғылым академиясының аспирантурасына келіп түскен менің ғалым ретінде танылуыма есімдері әлемге әйгілі – Қаныш Сәтбаев, Дінмұхамед Қонаев сияқты қоғам қайраткерлері мен профессор Г.Е. Глезерманның көмегі мен игі ықпалы мол болды. Қазақстан Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлы мені Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясына қарасты философия институтына оқуға жіберіп, «белгілі мерзімде сонда кандидаттық диссертация қорғауың керек» деген қатал талап та қойды. Тосын ұсыныс сол сәтте мені қатты қобалжытты, өйткені, үйленгенмін, бір балам бар болатын, – дейді Досекең сөз арасында, – Қаныш ағаға: «Мәскеуге бармай-ақ, осында Алматыда кіші ғылыми қызметкер болып жүре берейін», деген өтінішімді де жасырмай айттым. Менің осы жағдайымды түсінген академия президенті: «Мәскеуде, аспирантурада оқуыңды одан әрі жалғастырасың, қаржы жағынан қам жеме, мен Сергей Ивановичке қоңырау шаламын», – деді сабырлы қалыппен. Содан, қарапайым ауылдан білім қуып келіп, қатардағы аспирант болып жүрген мен Мәскеу қаласының дәл орталығында орналасқан «Якорь» қонақ үйінде үш жыл бойы шалқып тұрдым. Сөйтсем, Қанекең айтқан Сергей Иванович – КСРО Ғылым академиясының президенті, атағы жер жарған академик Вавилов екен. Мен сондай ірі тұлғалардың ұшан-теңіз қамқорлығын көрдім, сол үшін де оларға өмір бойы алғысымды айтудан ешбір жалыққан емеспін,– дейді Досмұхамед Кішібеков.
Иә, Досекең мына өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген адам десек, оның қандай жағдайда болмасын ақиқатты ашып айтатындығын әріптестері де, өзгелер де көзімен көрген, талай рет құлағымен естіген. ҰҒА академигі Баян Рақышев бір кездегі В.И.Ленин, қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде өзі ректор болып, басшылық жасаған жылдары – 1986 жылдың 19 желтоқсанында жоғары оқу орнына КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі Соломенцевтің келіп, қазақ ұлтшылдығына байланысты жиын өткізген екен. Сонда профессор Д.Кішібеков алаңдағы оқиғаның не себепті болғандығын тайсалмай тұрып, дәлелдеп беріпті.
Мектеп бітірісімен, 1943-1946 жылдар аралығында Кеңес армиясы қатарында болып, Батайск қаласындағы А.Серов атындағы ұшқыштар даярлайтын әскери-авиациялық училищеде оқып, әскери ұшқыш мамандығын игеру оған оңайға соқпаған. Бірақ, бала кезден өзіне жоғары талап қоя білетін оны қатал уақыт темірдей тәртіпке үйретіп, ерік-жігерін жани түсті. Философ-ғалым бұл саладағы азды-көпті табыстарын сол жылдардың жемісі деп есептейді. Өткен уақытқа көз жіберсе, Мәскеудегі Курчатов атындағы Атом энергетикасы ғылыми-зерттеу институтының оқытушы-профессорларымен жүздесуі, олардың алдында оқыған лекциясы, өзге де тәлімі мен тағылымы мол, мазмұны терең жүздесулер арада қанша жыл өтсе де ойына оралып, көңіліне қуаныш ұялатады.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.