31 Желтоқсан, 2010

Егінсудағы сәби Тасқын

627 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жаңа жыл. Жаңа арман. Жа­ңар­ған ауыл, жаңаша тірлік. Иә, бәрі жаңа. 2010 жылғы көктем­де­гі су тасқынынан кейінгі Қызыл­ағаш, Егінсу, Ақтоған елді мекен жұрт­шылығы тірліктің жаңа ба­ғы­тына түскен. Сәулетті құры­лыс, әр ша­ңы­рақтағы өмір де өз арнасымен жалғасқан. Десек те жағдайды тағы бір көруге ниет жасадық. Біз жолға шыққанда ақ қауырсындай қар жапалақтап жауып тұрды. Айнала аппақ, кіршіксіз. Табиғат-ананың ақ­пейілі­мен көз ілмейтін көңіл де бір сәт дамыл тапқандай болды. Қызылағашқа да келдік. Ауыл­дық округ әкімі Сәулеш Амитова мен жетекші маман Дәулет Естібаев жұмыс орнынан табылды. Олар ауыл­дың әсте бітпейтін тірлігі жай­лы жарыса әңгімеледі. Қыстың қамы, отын-су мәселесі. Бәрі де рет-ретімен атқарылған. Ұтымды ұйым­дастырса, бітпейтін іс жоқ, деген. Осы­лайша көктемгі апаттан кейінгі жұ­мыстың жүйе­лен­геніне риза болдық. Десе де, қызылағаштықтар өз­дерін әбігерге салған, талайдың жү­регін жаралаған 12 наурызды ұмыт­пайды. Ес жиған қазіргі кезде кино­ның таспасындай көз алдарынан сол оқиғалар тізбектеліп өтеді. Су тас­қыны кезінде ха­лықты құтқару ша­ра­ларымен ай­на­лысқандар жайлы айтуды ұна­тады. Әсіресе, Дәулеттің ай­тары көп. Қызылағаш ауылының тұр­ғыны, 25 жастағы чешен ұлты­ның өкілі Қазыбек Сипцуевке айтар алғыстары ұшан-теңіз. Ол 12 нау­рыз күні түнімен «ГАЗ-51» авто­ма­шинасының бортына халықты тиеп, Талдықорғанға жеткізіп, жер­­лес­тері­не деген ерекше ықы­ласымен танылыпты. Көлтабанға 11 наурыз күні көмір апарған ол, кешкісін үйіне келеді. Сол кезде ауыл дүрлігіп, алды жолға шығады. Су қоймасы ке­мерінен асып, апатты жағдай туын­дағанын естіп, жиналған біраз адамды қалаға жеткізеді. «Ауыл­дан кетуге бел буғандар қа­тары өсіп, бактағы бензинім тау­сылғанша қатынадым», деді қа­зақ­ша мүдірмей сөйлейтін Қазы­бек. Ол өзінің бұл әрекетін ерлікке баламайды. Әйтеуір ауылдас­тары­на өзінің көмегі тигеніне қуанады. Қызылағаш ауылын бір түнде жермен жексен еткен алапат тас­қын түске таяу Егінсу елді мекеніне де жеткен. Құтқару шара­лары ерте қолға алынып, тұрғын­дарды тікұшақпен Талдықорғанға жеткізгендіктен, халық зардап шекпеген. Буырқанған су ауылға кіріп, тұрғын үйлерді зақым­дайды. Мектептің екінші қа­ба­тына жиналған көпшілік те тасы­малданады. Алғашқы тікұшақпен аяғы ауыр Қарлығаш Қырбасова да облыс орталығына жеткізіліпті. Ертесіне, 13 наурыз күні толғатып, перзентханаға түседі. «Қуаныш пен қорыққан» бірдей демекші, жас келіншек аман-есен босанып, дүниеге балпанақ­тай ұл келеді. Жұмабектің от­ба­сындағы Мөлдір, Әли, Мұса, Нұр­бай есімді бүлдіршіндер қатарына шарана қосылады. Өкініштісі, олар­дың үйлерін су шайып, баспана өзек­ті мәселеге айналған екен. Перзентханаға облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов сый-сияпатын, алқызыл гүлін ала келіп, Қарлығашты сәбиінің өмірге келуімен құттықтайды. Бәрі де ойдағы­дай болатынына сендіреді. Кейін об­л­ыс әкімі Серік Үмбетов ананы ар­найы құттықтап, жақсы­лар­дың жо­лын берсін деп көрім­дігін ұсын­ғанын олар риза пейілмен айтады. Облыс басшысынан бата алған кіш­кентай сәбиге аға­йын-туған ақыл­даса келе, Тасқын деп ат қояды. Егінсу ауылының шығысын­дағы жаңа салынған Жұмабек пен Қарлығаштың шаңырағына келгенде, қыстың қысқа күні айна­ланы қараңғылыққа ала бастады. Үй жылы, тұрмыстары көңілді. Ал­тын алқалы ана – Жаңыл Ала­матыдан келіпті. – Тасқын – көктемдегі жұртты дүрліктірген апаттан кейінгі қуа­нышымыз. Міне, олқылықтың ор­ны толды. Үйіміз жөнделді. «Апат айтып келмейді», деген. Жақ­сы мен жаманға шүкіршілік айтатын халықпыз. «Ауылды су шайды» дегенді естігенде жаным жай таппа­ды. Әйтеуір балаларым аман екен. Енді жиі келіп тұрамын, – дейді ұрпағы үшін алаңдаған кейуана. Ауылдық округ әкімі Баян Құр­­манғалиева да округке қарас­ты Егінсу мен Құмтөбе разъезінде 7 мыңнан астам халық тұратынын айтады. Тұрғындар негізінен мал шаруашылығымен айналысса, бү­гінде 42 шаруа қожалығы өз жұ­мыстарының ауқымын кеңейте тү­сіпті. Тасқыннан кейін ауыл­да­ғы су шайған 22 үй жаңадан са­лынса, 42 үйге күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілген. «Қазақ­стан Темір жолы» ұлттық ком­па­ниясының демеушілігімен 11 үй қайта тұр­ғы­зылып, қосымша 7 үй жөн­де­ліпті. Ауылда дәрігерлік қо­­сын, пошта ғимараты қайта са­лынған. Елді мекендегі бүл­дір­шіндерге жаңа бала­бақша салы­нып, қазіргі кезде 70 сәби тәр­биешілердің аялы алақа­нын­да көрінеді. Жұмабектің көршілері Замир Рахимов, Баян Мұсанова, тағы бас­қа­лары жаңа 2011 жылды қар­сы алу үшін дайындық үстінде. Егінсу­лық­тар да көктемнің ызғар­лы күнінде тікұшаққа дейін авто­көліктерімен аб­дыраған жұртты тасыған Нұрлан Тұ­рысбеков, Нұр­сағат Жанкотов, Ма­рат Әде­нов, тағы басқаларының өз­деріне деген жанашырлығын ұмыт­пай­ды. Қиын­­дықта қолұшын бергендер есімі жиі айтылатыны сон­дықтан. Егінсу ауылын артқа тастап, біз де жолға шықтық. Көз алды­мызда Қырбасовтар отбасындағы жылы­лық, сәби Тасқынның алаң­сыз нұр­лы жүзі ұрпақ жалғас­ты­ғының дә­леліндей. Өйткені, оның есімі көк­темгі қиындықты тағы бір еске сал­ды. Сәби есейіп, ол күндер де біз­ден алыстайтынына сендік. Жақ­сы­лығымыз көп бол­сын, деген Жаңа жылдық тілек тілге орала берді. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. Суретте: Сәби Тасқын әжесі­нің, ата-анасы мен бауырлары­ның ортасында.