31 Желтоқсан, 2010

Жаңа қалашықтар бой түзеп келеді

503 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тұрғын үй құрылысын дамыту­дың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде об­лыс орталығында көркіне көз қы­зығатын жаңа қалашықтар шоғыры пай­да болды. Петропавл қала­сы­ның бас жоспарына сәйкес салын­ған оларға «Орман», «Шығыс» атау­­лары беріліп, өзіндік  аба­т­тан­ды­рылуымен ерекшеленеді. Cолардың бірі «Юбилейный» ша­ғын ауданында бой көтерді. Осы  аумақта Петропавл  әскери инс­ти­ту­ты, басқа да әлеуметтік нысандар ірге тепкелі тұрғын үй құрылысы жан­дана бастады. Соған орай қо­ғам­дық көліктер саны көбейтілді. Соңғы екі жыл бедерінде 310 пәтерлі 4 көп қабатты ипотекалық үй пайдалануға беріліп, қызыл­жар­лық­тар қоныс тойын тойлады. Би­ыл мамырда 90 пәтерлі  ком­му­нал­дық үй өз есігін айқара ашса, жуыр­да  60 пәтерлік ипотекалық тұрғын үй­ге ақ халатты абзал жандар қо­ныс­танды. Олардың арасында қан құю орталығының, облыстық, балалар ауруханаларының, он­кология­лық, психоневрологиялық диспан­сер­­лердің жас мамандарымен қа­тар, пәтер кезегінде 10-15 жыл тұрғандар да бар. Мұның алдында ғана 80 пәтерлі «дәрігерлер үйі» қолданысқа берілген болатын. Қалалық емхананың бірінде тіс дәрігері болып істейтін Жұлдыз  Байзақованың баспана күт­­кеніне 15 жылдан асыпты. Енді, міне, денсаулық сақтау саласында табан аудармастан 20 жыл еңбек етіп келе жатқан оның көптен бергі арманы орындалып,  «Тұрғын үй құрылысы» бағдарламасын айрық­ша бақылауға алған Елбасына деген шексіз алғысын ақтарыла айтты. Онкологиялық диспансердің  эндо­скопист дәрігері Евгения Иксано­ва­ның да қуанышында шек жоқ. Қарағанды медицина  академия­сының түлегі осыдан үш жыл бұрын Қызылжар өңіріне арнайы жол­дамамен келген екен. «Юбилейный» шағын ауданын­да пайдалануға берілген жаңа ипо­текалық үйдің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Серік Біләлов жыл аяғына дейін тағы 60 мың шаршы метр баспананың тап­сыры­латынын,  медицина қызмет­кер­лері үшін  көп қабатты 3 үйдің құ­рылысы аяқталып қалғанын жеткізді. Қыстың алғашқы айында 342 пәтерлік үш жалдық-коммуналдық үй тапсырылады. Бұдан тысқары  4 жал­дық-коммуналдық, 1 ипотека­лық үй­лердің құрылысы басталады. Мә­дени-әлеуметтік нысандар тұр­ғы­зумен де айналысатын боламыз, деді аймақ басшысы. Біз осы жерде  «Тұрғын үй құ­ры­лыс жинақ банкі» жергілікті филиалының жетекшісі Балахмет Молдиновты жолықтырып,  қол­же­тім­ді пәтерлерге ие болу мүмкіндігі жайлы сұраған едік.  Оның ай­туын­ша, Мемлекет басшысының Жол­да­уы дағ­дарыс сабақтарын барынша ескере отырып тұрғын үй құрылыс са­лымдары жүйесіндегі зор әлеует­ті ашып берген. Соған орай түрлі сала қызметкерлерінің қымбат емес ипо­те­калық несие алуына қолайлы жағдай тудырылған. Мәселен, жо­ғарыда біз сөз еткен Евгенияға  үш бөлмелі пәтердің бір шаршы метрі 56515 теңгеге түскен. Екінші дең­гейлі банк­тердің несиелік ставкасы 4 пайыздан аспайды. 15-20 жылдың ішінде қиналмай өтеуге әбден болады. Жыл аяғына дейін тағы 215 дәрігер баспаналы болады деп күтіліп отыр. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.