31 Желтоқсан, 2010

Ұлтшылдықтың арғы жағында фашизм сығалайды

580 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Желтоқсанның басында Мәскеудегі Манеж алаңында радикалды жастардың акциясы көп адамды мықтап ойландырған оқиға болды. Ол жайында әңгіме ел ішінде де, сыртта да осы күнге дейін созылып келе жатыр, сірә, жаңа жылда да айтылатын болар. Манеж ала­ңын­­­­дағы оқи­ға­дан жұрт хабардар. Он­да футбол жан­күйері Егор Сви­ри­довтің қаза бо­луына бай­ла­ныс­ты бес мың­дай адам бой көр­се­туге шық­қанда, орыс­­­тар мен кавказдықтар ара­сында қақ­тығыстар болған. Нақ­тырақ айтқанда, ұлт­шыл­дық кө­ңіл күйдегі жастар «Ресей – орыс үшін!» деген ұран тастап, Кавказдан шық­қан­дар­ға тиіскен. Бұл оқиға желтоқсанның 11-і күні сенбіде болса, 15-і күнгі сәрсенбіде жалғасуы тиіс еді. Жалғасты десе де бол­ған­дай. Тек Мәскеудің өзінде 1384 адам ұсталып, милиция бө­лім­шесіне жеткізілген. Олардан қару ретінде пайдалануға бо­ла­тын заттар тәркіленген. Сәрсенбі күнгі оқиға тек Мәс­кеуде ғана емес, елдің екінші астанасы Петербургте, сон­дай-ақ Ростов, Тольятти сияқ­ты қа­лаларда да болып, ау­қымы ай­тарлықтай кеңіген. Пе­тер­бургте – 174, Ростовта – 177, Тольяттиде 30 кавказдық ұс­талыпты. Жалпы, кавказдық­тардың жолы бола қоймағанға ұқсайды. Ресейдің жетекші га­зетінің бірі орыс ұлт­шыл­дарын олар көтерген транс­парант­та­рына, ұрандарына қарай айыр­ған шығар, ал кав­каз­дық­тарды қалайша ұстады екен деп таң­данса, оған жауапты Питер тұр­ғыны береді: «Менің күйеу балам Әлішер қызымды күтіп тұрғанда ұстап әкетіпті, тек орыс болмағаны үшін!», деп күйінеді. Ал Тольяттиде орыс ұлт­шыл­дарына милиция ауыз­ша ескертумен шектеледі де, сонда келген 30 кавказдық жігіттің бәрін бөлімшеге жөнелтеді. Алалау болғаны, көбіне кав­каздықтарды кінәлау басым болғаны аңғарылады. Әйтпесе Мәскеуден басталып, елдің біраз қалаларында жалғасқан тәртіп­сіз­дік­тердің бас­та­ма­шылары ұлт­шыл-па­триоттар бол­ғаны даусыз. Ал кавказ­дық­тар­дың  әре­кет­терін ба­сын­ған ұлт­шыл­дардың бұза­қылығына жауап деп си­паттауға болар еді. Футбол фа­наты Егор Сви­ридовтің қазасына ұлт­шыл­дық сипат берудің де жөні жоқ екен. Оны прокуратура анық­тап отыр. Оның өлімін ұлтшыл-патриот­тар бас­қалар­ға тиісу үшін, өздерінің қара ниеттерін жүзеге асыру үшін пайдаланған. Ұлтшылдық-фашистік кө­ңіл күй Ресейде біраздан бері көрініс тапқаны жасырын емес. Фашистік идеяны ашық ұс­танып жүр­ген скинхедтік ұйым­дар қазір бұл елде кең тараған. Оларға еркіндік берілетініне таң­данасың. Сондай-ақ соңғы кезде ұлтшыл-патриот­тық ұй­ым­дар мен қоз­ға­лыс­тардың әрекеттері де экс­тре­мистік сипат алып бара жат­қаны жұртты таңданды­рып қана қой­май, шошын­дыра бастады. Ресей билігінің белсенді қолдау­шы­сы, чешен көсемі Рамазан Қады­­ровтың: «Мен қазіргі сая­сат­ты түсін­беймін: балалар­ды ұстай­мыз, ал оларды көшеге алып шық­қандарға ешкім тиіспейді, –  деп күйінуін де түсінуге болады. – Бұл қалай? Мәскеу ішкі істер басқармасының бастығы бетін маскамен жауып ал­ған­дармен әңгімелеседі. Олар Чешенстанда болса, оларға қарсы танкіден, гаубицадан оқ атар едік. Ал біз олармен әңгі­мелесеміз...». Ұлтаралық, ұлысаралық қа­­тынас өте нәзік. Ол назардан бір сәт тыс қалса, салдары да қиын. Неміс фашизмін айт­па­ғанда, күні кеше Юго­сла­вияның негізгі ұлтымын деп, басқаларға өктемдік білдірген сербтер ақырында бір аймағы – Косоводан да айырылып тынды. Тарихтың сабағын жұрттың бәрі ескергені жөн. Мамадияр ЖАҚЫП.