31 Желтоқсан, 2010

Алаштың ардағы туған елге оралады

657 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
2010 жылдың соңғы сәтінде елімізде тағы бір жағымды жаңалық болды. Ол қазақтың адал ұлдары мен отан­шыл патриоттарын ұзақ уақыттан бері мазалап, тіпті қатты қа­паландырып жүретін бір сұраққа жауап табылғандығы еді. Еліміздің бір топ патриот азаматтары өздерінің бастама­шы­лы­ғымен қысқа ғұмырын туған халқы үшін, қансыраған да­ла­сы үшін сарп еткен арыстан жүректі, «аплатон ақылды» Смағұл Сәдуақасовтың Мәс­кеу­де қалған сүйегін туған елге жеткізуге әрекет етіп жүретін. Енді сол іс сәтті аяқталып, мәскеуліктермен келісім болыпты. Біз осы істерді ұйымдастырып, оның басы-қасында болған белгілі азамат, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі талай комиссияны басқарған  Сабыр ҚАСЫМОВТАН болған жайды анықтап сұраған едік: –  Смағұл Сәдуақасов 30-ға жетпеген жасында-ақ Қазақ­стан­ның Мемлекеттік жоспарлау коми­те­тінің төрағасы, Жастар ұйы­мы­ның бас­шысы, Оқу-ағарту халко­мы, «Еңбек­ші қазақ» газе­тінің бас ре­дакторы сияқты қызметтерді ат­қарып, істеген жерлерінің бәрінде өз халқының мүддесін белсенділікпен қор­ғап отырған. Смағұл Сәдуақасовтың кейбір ға­на еңбектерін айта кететін бол­сақ, ол басшы қызметте істеп жүр­ген жыл­да­рында Қазақстанның мем­лекеттік және территориялық тұтастығы үшін белсенді түрде кү­ресті. Соның ішінде Семей об­лы­сы­ның Қазақстанға қо­сылуына күш салды. Қазақ­стан­дағы ұлттық теңсіздік мәселелерін көтеріп, ВКП(б) басшылығына «14-тің ха­тын» ұйымдастырды. Қа­зақ­стан­да­ғы жаңа «коммунистік отар­лауға» қарсы күресте ол ең басты идеолог жә­не халыққа барынша танымал ли­дер болды. Голощекин бастаған билік тобының халыққа қарсы істе­рін ашық әшкерелеген оны қар­сыластары топшыл, жікшіл деп айыптап, «садвокасовщина» де­ген термин қалыптастырып, ха­лық­ты оған қарсы қоюға тырысты. Жаппай қырғынға әкелген «кіші октябрь» саясатын болдырмауға бар­­лық күш-жігерін жұмсаған Сма­­ғұлды голощекиндік билік Қа­зақстаннан аластатып жіберген еді. С.Сәдуақасовтың саяси беделі мен ықпалын таныған Сталиннің өзі оның Қазақстанда тұруына тыйым салған. Артынан, Смағұлдың айт­қан­дары айдай келіп, тіршіліктің жалғыз көзі – алдарындағы малды тартып алып, етке өткізгеннің кесірінен қазақ халқы қынадай қы­рыл­ғаны белгілі. Осы уақыттарда алыста жүрген С.Сәдуақасов 33 жа­сында жұмбақ жағдайда қаза болады. Оның жары Елизавета Бө­кейханқызы (1971 жылы қайтыс болған) өле-өлгенше Смағұлдың қазасы НКВД-шылардың қолынан кел­генін айтып өткен. НКВД қыз­мет­керлері мәйітті де ешкімге көр­сетпей, тепсе темір үзетін жігітті «жұқпалы аурудан» өлді деп жариялап, өртеп жіберген. Ал күлі Мәскеудің Дон зиратының қой­ма­сына қойылған болатын. Біздіңше, өкі­меттің Смағұлдың көзін тезірек жойып жіберуінің себебі – Қазақ­стан­дағы аштықтың себептері мен сал­дарының  ашылып қалуынан қо­рыққандықтан сияқты. Голощекиншілер Смағұлдың өзі түгіл ру­хынан қорқып, оны өлген соң да «халық жауы» деп жариялаған... – Смағұл Сәдуақасовтың денесін Қазақстанға жеткізудің қандай сыры  бар? – Смағұл Сәдуақасов өз хал­қын сүюдің және сол іс жолында аян­бай, тіпті мерт болудың жар­қын үлгісі. Оны саясаттағы Шоқан Уәлихановқа теңеуге болады. Ол да қазақ ас­па­ны­ның ерте «аққан жұлдызы» болды. Сонымен бірге, оның өмірі нағыз ер­ліктің үлгісі, жастарды патриотизмге тәрбие­леу­де таптырмас құрал. Бірақ ары­сы­мыз­дың денесі қазақ ғұр­пы­мен жерге берілмегендігі былай тұр­сын, өртелген күйінде кішкентай ға­на ағаш табыттың ішінде әлі күнге көрмеде тұрғандай болып өзге дінге сенген мәйіттердің ара­сында жалғыз жатыр. Ал бізде то­пырақтан жа­рал­ған адамның денесі жерге берілуі керек деген қа­ғидат ежелден бар. Мә­йіт жерге бе­рілмесе, оның жаны тұ­рақ­тай алмай, шарқ ұрып қина­ла­ты­нын дін өкілдері де айтып отырады. Сондықтан халқымыздың елім деп еңіреп өткен арда азаматын халық дәстүрімен жерге бермесек ол біздің елдігімізге сын, қазақша айтсақ, сүйекке таңба болады. – Енді мәйітті қалай тап­қа­ны­ңызды, ресейлік билік өкіл­дерімен қандай келісімдер бол­ға­ны ту­ра­лы айтып берсеңіз. – Маған С.Сәдуақасовтың денесі Мәскеу молаларының бірінде қал­ғаны туралы патриот азаматтар жиі айтатын еді. Соны жүрегіме түйіп жүрген басым өткен жылдың қараша айында Мәскеуге өз жұ­мыс­тарым­мен барған сапа­рымда оны іздеп көр­мек болдым. Мен кезінде Орта­лық комитеттің Қоғам­дық ғылымдар академиясында оқы­ғаным бар, сонда бірге оқыған кейбір жолдастарым қазір үлкен қызметтер істейді. Со­лар­дың кө­ме­гімен Дон зиратының қой­ма­сынан Смағұл ағамыздың мә­йітін таптым. Бар болғаны 35х45 см-лік жәшікте арысымыздың күлі сақ­талып, сыртына «С.Садвокасов» деп жазылып, туған және өлген жыл­дары көрсетілген екен. Шағын фотографиясы сарғайып кеткен. Жанында жерленген кейбір мәйіт­тердің басына гүл қойылған, сыр­ланған, ал біздің ағамыздың басына ешкім келмейтіні де көрініп тұр. Содан, зираттың меңгерушісі А.Трифоновпен сөйлесіп, ол ар­қы­лы қаланың ритуалдық ор­та­лы­ғы­ның бастығы С.Романовпен тілдесіп, мәйітті қалай алудың жол­да­рын білдік. Сөйтсек ол, туған-ту­ыс­тары өтініш жазса, мәйіт сот ше­шімімен ғана беріледі екен. Бірақ С.Сә­дуақасовтың ешқандай туысы жоқ. Әйелі 1971 жылы қайтқанын жо­ғарыда айттық, жалғыз ұлы Ескендір Ұлы Отан соғысында қаза бол­ған. Қарындасы Орынбасар да Сма­ғұлдың қайғысынан ауыр нау­қас­қа ұшырап, ерте дүние салған. Мәс­кеуде тұратын әйелінің туыс­та­­ры­нан жанашырлық көре ал­ма­дық, олар­дың әбден басқа ұлтқа бұрылып кеткені білініп тұр. Телефон арқылы сөйлескен едік. «Біз­дің мазамызды алмасаңыздар екен» деген сөздер айтты... Сосын басқа жолдарды іздеуге тура келді. Ендігі жол – Қазақ­стан­нан Мәскеу мэрінің атына арнайы өтініш хат жазу болды. Мі­не, сол хатты алып, Мәскеу мэ­ріне бардық. Ол біздің хатымызды өзінің орынбасары Ю.Рослякқа жөнелтті. Өз кезегінде ол хатты қызмет көрсету департаментінің бастығы М.Орловқа жібергенін біліп отыр­дық. Әрине, біздің өті­ні­ші­міздің аяқсыз қалмауына мәс­кеу­лік азамат­тардың көмек­тес­ке­нін айтып, оларға ризашылы­ғым­ды білдіре кетуге тиістімін. Со­ны­мен не керек, бізді, яғни барша қа­зақ халқын қуантқан сүйінші хабар жуырда келіп жетті. Смағұл Сә­дуақасовтың денесін алып кетуге рұхсат беру туралы өкім жел­тоқ­санның 24-інде шығыпты. Сүйінші хабар біздің орталық билікке де жеткізіліп, мәйітті елге жеткізуді ұйымдастыру жөнінде Мә­дениет министрлігіне арнайы тапсырма берілді. – Қуаныш құтты болсын.  Халқымыз үшін жүрекжарды ха­барды ең алдымен «Егеменге» айтып бергеніңізге үлкен рахмет. – Енді ше... Смағұл ағамыз кезінде «Егеменнің» алғашқы бас редакторларының бірі болып, га­зеттің беделі мен танылуына үлкен қызмет істеген адам ғой. Сондықтан бұл – алдымен сіздердің де қуаныштарыңыз. – Рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.