2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астана қаласында ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет және үкімет басшыларының Саммиті өтті. Бұл форум тек Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар, ұйымның барлық мүшелері үшін де аса маңызды оқиға болды. Алғаш рет бұл ұйымның азиялық бөлігінде және Еуразия құрлығының орталығында бұдан кейінгі кезеңдегі бейбіт дамудың барынша тиімді жолдарын айқындау мақсатында әлем мемлекеттері мен халықаралық ұйымдардың жоғары өкілдері арасында толық көлемді саяси пікір алмасу жүзеге асты. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті тек әлемдік мұхиттардың су кеңістіктері арқылы территориялық шектелген, барынша ауқымды координаттарда теңдестірілген қарым-қатынастардың дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды.
Форумда сөз алған тұлғалар Астана Саммитінің бастапқы кездегі халықаралық қауіпсіздік қатерлеріне жауап ретінде қалыптасқан негізгі қағидаттарға адалдықтарын атап өтіп, Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезеңінде ЕҚЫҰ мазмұнына жаңа толықтырулар енгізгендігіне ризашылықтарын білдірді. ЕҚЫҰ тарихындағы 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісі, 1990 жылғы Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясы мен 1999 жылғы Ыстамбұл келісімдеріне ендігі жерде ЕҚЫҰ-ның Астана Декларациясы қосылды. Еліміздің Астана Саммитін өткізуі бұл Қазақстанның ұйым тарихындағы сапалық жұмысы, әрі оның тарихында қалатын қызметі. Ұйымның Астана Саммиті мен халқымыздың қонақжайлығы арқылы Қазақстан Республикасын әлем жұртшылығы ерекше есте сақтайтын болды.
Егер де тарихқа көз салар болсақ, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Хельсинкиде қаланған басты қағидалары бар жалпыеуропалық қауіпсіздік құрылымдарының бейбіт дамуының күрделі жолдан өткендігін көреміз. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің қорытынды актісіне қол қою соғыстан кейінгі кезеңдегі әлемнің екі антагонистік жүйеге бөлініп, негізінде идеологиялық агрессия, қару-жарақты көбейту мен бірін бірі ядролық қарумен жойып жіберу қорқынышы жатқан «қырғи-қабақ соғыстың» барынша белсенді кезеңіндегі ұзақ мерзімге созылған келіссөздер үдерістерінің нәтижесі болып табылды.
1961 жылы жанталаса қарулану үдерісі өзінің шарықтау шегіне жетіп, әлем жаһандық апаттың сәл алдында ғана тұрды. Осы жылы КСРО Жаңа жер әскери полигонында алғаш рет сутегі бомбасын сынақтан өткізді, оның жарылу толқыны Жер шарын бірнеше рет айналып өтті. Семей ядролық полигонында 1949-1963 жылдар аралығында сынақтан өткен ядролық зарядтың жалпы қуат мөлшері Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2500 есе артық болды. Осы кезеңде климаттың біршама өзгеріске түсіп, суытқандығы байқалған.
Саясат саласында да мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың салқындағаны байқалды. «Қырғи-қабақ соғыстың» майдан шебі» Орталық және Шығыс Еуропа елдері арқылы өткен болатын. Еуропа құрлығының қауіпсіздігі Екінші дүниежүзілік соғыстың алапат салдарларынан кейін жаңа ірі көлемдегі қақтығыстың қатеріне ұшырады. Тек Еуропа елдері ғана емес, сонымен қатар, АҚШ, Кеңес Одағы, Түркия және басқа да мемлекеттер ядролық шабуыл өтінде тұрды. Қалыптасқан қиын жағдайдың одан ары ушығуына Берлин мен Кариб дағдарыстары, Чехословакиядағы «барқыт» төңкерісті басу және де басқа аймақтық қақтығыстар себеп болды. Бұған ядролық қаруға қатысты оқиғалар да қосылып отырды. Мысалы, 1966 жылы Испанияда АҚШ ӘТК екі ұшағы соқтығысып, соның салдарынан 4 сутегі бомбасы жоғалып кетті және де мұндай жағдайлар сирек емес еді. Әлем қайтадан қауіп-қатерлерді бастан өткерді, әрине, бұл жағдай еуропалық және әлемдік қоғамдастықты алаңдатпай қоймады.
Бұл жағдайларда геосаяси және идеологиялық мақсаттардан әлемдік тіршілікті сақтау талпынысы жоғары тұратындығын көрсететін жаңа алаң қалыптаса бастады. Бұл ЕҚЫК – Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңестің қалыптасуының негізгі факторы болды.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында көптеген елдер тұрғындарының санасында үлкен өзгеріс орын алды. 1972 жылы екі ұлы державаның басшылары Л.Брежнев пен Р.Никсонның ядролық қарусыздануға қатысты кездесуі өтті және бұл кездесу Стратегиялық қаруларды шектеу (СҚШ-1) секілді аса маңызды үдерістің бастамасы болды.
Дәл осы кезеңде, яғни 1972-73 жылдары Хельсинкиде Жалпыеуропалық кеңесті дайындауға қатысты көпжақты кеңесулер өтіп жатқан болатын. Осы кезден бастап жалпыеуропалық саяси үнқатысудың негізі қаланды, оның нәтижесі ретінде Хельсинки Қорытынды актісі мен ЕҚЫК кеңес форумы танылады.
Бірақ, 80-ші жылдарда жағдай қайтадан ушықты. КСРО мен АҚШ арасында қарсыластықтың жаңа толқыны қалыптасты. Батыс әлемі Мәскеу жазғы Олимпиадасына бойкот жариялады. АҚШ билігіне Р.Рейган әкімшілігінің келуімен жанталаса қарулану үрдісі космос кеңістігіне ауды. Дәл осы мерзімде Кеңес Одағы Ауғанстанға өз әскерін кіргізген болатын.
Бұл оқиғалардың барлығы ЕҚЫК келіссөздерінде көрініс тапты (1980-1983 жж. Мадрид кездесулері). Осы кезде АҚШ Ұлыбритания, ГФР және Италия территориясына өзінің орта қашықтықтағы зымырандарын кіргізу қажет деп шешті. Ал Кеңес Одағы болса, Варшава шарты аясында ГДР мен Чехословакия жеріне орта қашықтықтағы зымырандарды ұшыратын жылжымалы құрылғыларды кіргізу туралы жоспар жасай бастады.
Бұл тайталасудың жаңа нүктесі болды. Осы жағдайда ЕҚЫК елдерінің саясаткерлері әлемдік қоғамдастықты саналы, дұрыс шешім қабылдауға шақырып, «жан ұшыра айқайлай» бастады. Міне, осы кезден бастап жаңа құжат – Париж хартиясына дайындық жүре бастағанын айту керек.
Аталған құжаттың қабылдануының алғышарттары ретінде КСРО-дағы қайта құрудың басталуын, Женева кездесуі кезіндегі Р.Рейган мен М.Горбачев арасындағы өзара түсіністіктің көрініс беруін айтуға болады. Нәтижесінде 1990 жылдың қараша айында ЕҚЫК отырысында Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясы қабылданды.
Көп ұзамай КСРО-ның ыдырауы Еуропа құрлығындағы геосаяси жағдайдың өзгеруіне алып келді. Еуропа мен ТМД кеңістігінде жаңа тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Варшава шартының бұрынғы мүшелері енді НАТО құрамына кіре бастады. Сондықтан да, осы кезеңнің жағдайына жауап беретіндей жаңа құжат дайындау қажеттігі туындады. Орын алған барлық өзгерістерді есепке ала отырып, қайта жиналып қауіпсіздіктің жаңа қағидалары туралы келісу қажет болды. 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінде ұйымның жауапкершілігі аумағын кеңейткен және жалпыға бірдей қауіпсіздіктің негізгі элементтерін бекіткен жаңа Еуропалық қауіпсіздік хартиясы қабылданды.
Соған қарамастан, Ыстамбұлда қабылданған көптеген міндеттемелер жүзеге асырылмады. Осыған байланысты үстіміздегі ғасырдың басынан бастап ЕҚЫҰ үрдісіне қатысушылар арасындағы өзара қайшылықтар тереңдей түсті және халықаралық қауіпсіздік жүйесінде дағдарыстық белгілер айқын көріне бастады. Осы жағдайларда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер мүдделерінің теңсіздігі қалыптасты, ал ұйым жұмысында конъюнктуралық әдіс басым болып, жалпы әлемде, оның ішінде ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аумағындағы әскери-саяси жағдай өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Яғни, әлемдік сахнадағы саяси климат салқындау жағдайына қайта оралды.
Міне, осы қайшылықтарға балама ретінде ЕҚЫҰ төрағалығына Қазақстан кандидатурасы ұсынылды. Халықаралық қауіпсіздік жүйесінің жаңа қауіп-қатерлері жағдайындағы ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара қырым-қатынасының нашарлау үдерісі бұдан кейінгі уақытта да жалғасуы мүмкін еместігін түсіну орын алды. Еліміз еуропалық қауіпсіздік құрылымының модераторы рөліндегі үлкен жауапкершілікті мойнына ала отырып, ұйымның қызметіне қарқын беру мақсатында халықаралық сахнада белсенді бастамалар көтере білді. Қазақстан өз төрағалығын тек формальді түрде ғана өткізіп қоймай, уақыт талабы мен геосаяси жағдайға сай ЕҚЫҰ жұмысына жаңа дем берді. Қазақстан ұйымға төрағалығы кезінде бір жылдың ішінде ұйымның барлық істеріне белсенді түрде атсалысып, ерекше белсенділік көрсетті.
Осылайша, Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті өзгермелі заманауи әлемнің қатерлеріне қатысты жауап болды. Өзінің алғашқы минутынан-ақ оның жұмысында халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері салмақты және түбегейлі сараланатыны және оған қатысып отырған мемлекеттер мен ұйымдардың жоғары өкілдері халықаралық қоғамдастық алдында ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аумағындағы ғана емес, сонымен бірге, жалпы кең ауқымдағы қалыптасқан жағдайды қалай түсінетіндігін танытты. Бұл жағдайда ЕҚЫҰ мемлекеттері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері халықаралық қауіпсіздіктің қауіп-қатерлерін жоюға қатысты тиімді және кешенді бірлескен шаралар жасауға қол жеткізеді.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев Астана Саммитінің ашылуында сөйлеген сөзінде Ұйымды дағдарыстық жағдайдан шығарып, оның қызметін жандандыру мақсатында бірқатар маңызды ұсыныстар айтқаны белгілі, ЕҚЫҰ-ның қызметін бүгінгі күн талаптарына сай ұйымдастыру арқылы көптеген маңызды мәселелерді дер кезінде шешуге және алдын алуға болар еді. Мемлекет басшысы Астанада қауіпсіздік мәселелерін түбегейлі зерттейтін институт құру мәселесін көтергендігі өте орынды деп білеміз, өйткені қазір қарама-қайшылықтарды шешу кезінде мәселенің түйінін тарқатудан гөрі, оның алдын алудың тиімді екеніне елдің бәрінің көзі жетіп отыр. Сондықтан Елбасының ЕҚЫҰ Саммитінде ұйым шеңберінде қауіпсіздік бойынша әртүрлі проблемаларды болжау жұмыстарын атқаратын институттарды құру жөніндегі ұсынысы – мәселенің түйінін тарқатуға жасалған маңызды қадам. Қазір Ауғанстаннан шығатын есірткінің 70-80 пайызы Орталық Азия арқылы Ресейге, одан Батыс Еуропа елдеріне таралады. Бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ал діни экстремизм, лаңкестік сияқты өзге де әлеуметтік түйткілді мәселелер де қазір өзінің өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан жаңадан құрылатын қауіпсіздік институтында жүйелі әлеуметтік, саяси және тарихи зерттеу жұмыстарын жүргізген жақсы болар еді.
Сонымен бірге, Елбасы халықаралық ұйым аясында түрлі дағдарыстарды бақылаумен айналысатын ұйым құру қажеттігін тілге тиек етті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі таңда мұндай ұйым жоқ. Біріншіден, бүгінде бізде барлығы үш қоржын бар. ЕҚЫҰ-да дін мәселесі бойынша нақты бір құрылым жоқ. Екіншіден, әлемде қаржы, экономикалық дағдарыс болғаны мәлім. Ал осы дағдарысты қалай еңсеруге болады деген сауал туындаған тұста нақты жауап болмай шығады. Өйткені, осы дағдарыс мәселесімен айналысатын құрылым жоқ. Сондықтан аталған мәселелерді бақылап, олармен айналысып отыратын ұйымның болуы маңыздылығын атап өтті өз сөзінде Мемлекет басшысы.
Екі күнге жалғасқан қызу талқылаудан кейін ЕҚЫҰ Саммитінің қорытынды құжаты – Астана Декларациясы қабылданды. Хельсинки рухы Астана рухымен жаңғырды. Соңғы жылдары ұйымдағы орын алған дағдарыстық жағдайға Қазақстан төрағалығы жаңа дем беріп, Астана Саммитінің қорытынды құжаты ұйымның алдағы қызметіне үлкен серпіліс беретіні және оның өмірінде жаңа кезеңге бастау болары сөзсіз. 11 жылдың ішінде алғаш рет ЕҚЫҰ-ның Декларациясы қабылданды. Саммит ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің консенсусына қол жеткізудің оңай болмағанын көрсетеді, жиынға қатысқан мемлекет және үкімет басшылары саммиттің қорытынды құжатын қабылдаудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, соңғы 11 жылда бірінші рет өткізіліп отырған ЕҚЫҰ Саммитінің мүмкіндіктерін қалт жібермеуге тырысып бақты. Қазақстанның биылғы ұйымдағы табысты төрағалығы мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жүргізіп келе жатқан салиқалы да көреген сыртқы саясатының арқасында Астана Декларациясы бойынша ұйымға мүше мемлекеттердің барлығының мүдделерін бір жерге тоғыстырып, ортақ бір шешім қабылдауға келістіре алдық. Бұл оқиға ұйымның өмірінде жаңа кезеңге бастау болып отыр. Бұл – ЕҚЫҰ-ға мүше елдер халықтарының аса қауіпсіз әлемге деген үміті мен сенімінен шығатын ортақ тарихи жеңіс.
Әрине, ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелерді бір жылдың көлемінде немесе бір жиынның шеңберінде түбегейлі, толығымен шешу мүмкін емес екендігі белгілі, бірақ Қазақстан ұйымға төрағалығы кезінде бұрын айтылып, бірақ кейінгі жылдары консервацияға түсіп қалған аймақтармен белсенді түрде жұмыс атқарды.
ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінің Декларациясы Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын құруға бастау болары сөзсіз. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінде қабылданған қорытынды құжат – Астана Декларациясы ұйым өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы.
Нұрлан СЕЙДІН, Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты.
Ел тарихындағы теңдессіз оқиға
Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан өзін әлеуметтік-саяси және экономикалық жағынан қарқынды дамып келе жатқан, демократиялық және зайырлы мемлекет ретінде орнықтырды, өзінің тәуелсіздігін алғаннан бері тұтастық пен тыныштықты, жарастық пен жасампаздықты ұлттық идея мен ұлттық мүдденің басты бағыты ретінде мемлекеттік саясаттың өркендеуіне жол ашты. Тәуелсіз Қазақстан 19 жыл ішінде барлық бағыт пен ұстанымда өзін әлемдік қоғамдастыққа таныта білді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен біз экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңаруды тиімді жүзеге асырдық.
Қазақстанның әлемдік қоғамдастық тарапынан танылуының бір айғағы 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі болды. Осы тұрғыдан қарағанда, төрткүл дүниені дүбірлетіп, елордамыз Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ-ның Саммиті орны да, маңызы да ерекше жиынға айналды. Саммиттің еліміз қуатының қайнар бұлағы ретінде рухымызды көтеріп, болашақтағы мақсат-міндеттерімізді айқындаған бағдарламалардың темірқазығы болғаны да хақ.
Мемлекеттер арасында тыныштық, ел арасында бейбітшілік орнату, лаңкестік әрекеттердің алдын алу, әскери-саяси қауіпсіздік шараларын жетілдіру, сондай-ақ адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері қаралған саммитте Астана Декларациясы қабылданса, бұл – ұлы жиынның жемісті аяқталғанының көрінісі.
Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге шығаратын да біздің татулығымыз болса, осы бағытта университет халықтар достастығы бағытында нақты істерге қадам басып келеді. Атап айтар болсақ, бұған университет жанынан жұмыс істейтін «Шаңырақ» студенттер ассамблеясының қызметі, сондай-ақ таяуда Астана қаласында өткен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы шараларын қолдау, соған үн қосу, еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың достығы мен бірлігін, татулығы мен ынтымағын насихаттау мақсатында «Бір шаңырақ астында бірлігіміз жарасқан елміз» деген тақырып аясында Парламент Сенатының депутаты Т.М.Мұхамеджановтың қатысуымен өткізілген «Достық күні» дәлел бола алады. Атқарылып жатқан істердің барлығын ел болашағына қосылған үлес деп түсінеміз.
Жалпы, 2010 жыл еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы болды. Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық тізгінін абыроймен атқарып шықты. Ең бастысы – 11 жыл бойы үзіліп қалған ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет және Үкімет басшыларының Саммиті аса жоғары деңгейде өтті. Қазақ елі үлкен қонақжайлық көрсетіп, ұлттық дәстүрлерге беріктігін танытты. Астана Декларациясының қабылдануы, бірінші кезекте, Елбасының еңбегі десек, онда бүкіл Қазақстан халқының үлесі бар екені де талассыз.
Дархан ЖҰМАДІЛОВ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті.
Абыройымызды асқақтатқан форум
Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы Елбасының сарабдал саясаты, ұлағатты ұстанымы, экономикалық бағыттағы сәтті қадамдары Қазақстанды тұғыры берік мемлекет етіп қана қойған жоқ, әлемдік аренада танымалдылыққа жеткізді. Оның айқын мысалы Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті деу орынды болмақ. Бұл тәуелсіздігін енді ғана алған біздің ел үшін зор абырой, үлкен бедел, сондай-ақ, нанымды насихат. Астанаға жиналған ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің және 12 серіктес елдің басшылары мен үкімет жетекшілері, 69 халықаралық ұйым жетекшілері, 500-ге тарта үкіметтік емес ұйым өкілдері мен 1000-нан астам журналист Қазақ елінің қонақжайлылығын ғана сезініп қоймай, тарихи қысқа мерзімде әлемдік көкейкесті мәселелерді шешуге ұйытқы болатындай дәрежеге жеткенін мойындады. Бұл – үлкен тарихи оқиға. ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі әрбір қазақтың, қазақстандықтың мерейін үстем еткені шындық. Саммитке келген қонақтарды қабылдаған кездегі Елбасының риясыз көңілінің өзінен ізгіліктің лебі ескендей. Саммиттің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның егемендік алғаннан кейінгі даму жолына тоқтала келіп, қазақ жерінде 130-дан астам ұлттардың тату-тәтті, бірлікте өмір сүріп жатқанын, еліміздегі конфессияаралық келісімді басты байлық деп бағалады. Саясаттың да, діни наным-сенімнің де, экономикалық дамудың да тек бейбітшілік пен тыныштыққа, бақуатты тұрмысқа қызмет етуі қажеттігіне саммитке қатысушылар назарын аударды. Шүкір, осы тәуелсіздік жылдары қол жеткен табыстарымыз кім-кімге де ұялмай көрсетуге тұрады. Мұның өзі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың зор саяси еңбегі, үлкен мәмілегерлік жеңісі.
ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің әрқайсысына да қатысы бар бүкіләлемдік көкейкесті мәселелерді саммиттің күн тәртібіне шығарып, оларды ортақ ойласып шешуге атсалысуға жұмылдыру бойымызда мақтаныш сезімін туғызды. Бұған дейін 11 жыл бойы өтпеген ЕҚЫҰ-ның саммитін өзі осы ұйымға төрағалық еткен кезде қолға алып, сәтті өткізу қай жағынан алып қарағанда да атап көрсетуге тұрарлық жәйт. Қазақстан төрағалығының әсерлі, ықпалды, шешімді болғаны шетел қайраткерлерінің берген бағаларынан, сөйлеген сөздерінен айқын аңғарылды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстандағы ахуалды тұрақтандыруға және Ауғанстандағы қауіпсіздіктің сақталуына қосқан жеке үлесін атап өте келіп, әлемдік шиеленістердің күрмеуін шешуде, ұлтаралық қақтығыстарды болдырмау жолында ЕҚЫҰ-ның мол мүмкіндігін пайдалану үшін оның жұмысын жетілдіру қажеттігіне назар аударды. Мұндай ойды Ресей президенті Дмитрий Медведев те қозғады. Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі президенті Роза Отунбаева болса, ұлтаралық қақтығыстардың бүліншілікке әкелетінін өз еліндегі оқиғалармен сабақтастыра әңгімеледі. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның саммиттегі ой-пікірдің ертеңгі жұмыстарға негіз қалайтындай шешімдерге алғышарт жасауы керек деген ойы да ұтымды шықты.
Қазақстанда өткен саммит әлем тарихында «Астана Саммиті» деген атпен орын алары сөзсіз. Ұлы Дала әрқашанда халықтардың басын қоса білген. Қонақжайлық, құрметтеу, дос таба білу – халқымыздың мінез-құлқына, әдет-ғұрпына терең сіңген қасиеттер. Саммит кезінде біз осы қасиеттерімізді анық көрсете алдық. Меймандарымыз риясыз көңілдерімен аттанды елімізден. Сөйтіп, Саммит ел тарихына алтын әріппен жазылды.
Әрине, келген қонақтар тек саяси мәселелерді ғана талқылап қоймай, халқымыздың бай мұраларымен, тарихымен, мәдениетімен, өнерімен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен танысты. Бізге пайдалы жағы да, керегі де осы. Осындай әлемдік деңгейдегі өнегелі істеріміз бен салиқалы саясатымыз тек мақтануға ғана қажет емес, бейбітшілік сүйгіш халқымыздың болашақ ұрпағының бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға, алдыңғы толқынның осы бағыттағы сара жолын ілгері апару үшін де қызмет етуі тиіс деп есептеймін.
Еркін ҚҰРМАНБЕКОВ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.
Ақтөбе облысы.
Астана саммиті – ұйым дамуына даңғыл жол
Бұл саммит халықаралық деңгейдегі тарихи оқиға болды. Саммитті өткізу арқылы біз ЕҚЫҰ жұмысына жаңа серпін беретін болдық. Себебі, уақыт өткен сайын жаңа проблемалар қатары өсіп, оны жаңаша көзқараспен, жаңа сипатта шешу қажеттігі туындады. Мәселен, «Еуропа үшін бір саясат және Азия үшін мүлдем басқа саясат әзірлеу мүмкін емес. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысынан кейінгі әлем тәртібінің жаңа моделін ойластыру қажет. Барлық жерде қордаланып қалған ұлтшылдықты, діни төзбеушілікті, нәсілшілдікті, ксенофобия мен антисемитизмді тиімді еңсеру үшін ЕҚЫҰ әлеуетін белсене пайдалану керек. Ұйымның Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясы қажет. ЕҚЫҰ экономикалық-экологиялық өлшемнің дамуына баса назар аударуы қажет», – деп салмақты саясат ұсынған Елбасымыз Ұйымға мүше елдер басшыларына саммит өткізудің қаншалықты маңызды екеніне көзін жеткізді.
Іс басындағы төраға ретінде жұмыс ерекшелігіне тоқталсақ, ЕҚЫҰ қызметіндегі үш өлшемді бірдей алып жүрдік. Үш себет бойынша Қазақстан талай мәселелерді дер кезінде көтерді. Біздің төрағалығымызға дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өз назарын тек адами өлшемдерге көп бұрады, қалған екеуіне оншалықты мән бермейді деген пікірлер айтылып келген. Біз жыл бойына осы үш өлшемді де ақсатпай қатар алып жүруге үлкен мән бердік. Алып жүрдік те.
Біз төрағалық кезінде Таулы Қарабақ мәселесін бейбіт түрде шешуге тырыстық. Ауғанстан мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ауғанстандағы ахуалды жаһандық қауіпсіздік, терроризмге қарсы күрес, діни экстремизм және есірткі саудасы тұрғысынан қарастырдық. Қырғызстандағы кешегі саяси төңкеріс пен ұлтаралық қақтығыс кезінде де біз бас болып, ұйым аясында да көмек беруден аянып қалған жоқпыз.
Саммитке қатысқан мемлекет және үкімет басшыларының, ЕҚЫҰ-ға мүше және оған әріптес елдер мен халықаралық және аймақтық ұйымдар өкілдерінің, өзге де жоғары лауазымды тұлғалардың Қазақстанның төрағалық мерзіміндегі халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалағаны мақтаныш сезімімізді тудырды. Алқалы жиында Елбасымыз ЕҚЫҰ жұмысының басымдықтары гуманитарлық өлшемдер, демократиялық институттарды дамыту, тәуелсіз БАҚ, адам құқығы мен бостандығын қорғау екендігін тілге тиек ете отырып: «Бұл – біздің дамуымыздың маңызды шарты. Сонымен қатар, заманауи қауіп-қатерлерге лайықты жауап беру үшін ЕҚЫҰ-ның өзінің даму үрдісінде мазмұнды құрылымдық өзгертулер қажеттігі туындауда. Біз Ұйымның себеттері мен институттарының санын ұлғайтуды ұсынамыз», – деді. Жыл бойы Ұйымның «осал тұстары» мен артықшылығын саралай білген Елбасымыздың бұл ұсынысының ұтымды шыққаны анық.
Қорыта келгенде айтарым, ЕҚЫҰ Саммитін өткізу арқылы біз әлемдік қоғамдастыққа ұйымның «Хельсинкиден Астанаға дейінгі» дамуын көрсетуге бірегей мүмкіншілік алдық.
Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры.
Талдықорған.
Саммит және самғау
Елім менің!
Бағыңның ашылғаны,
Ниетіңнің шашу боп шашылғаны,
Бірлігің мен берекең,
Ырыс-құтың –
Мәртебеңді айрықша асырғаны.
Ұлы істерді іркілмей тұстадың-ау,
Талабыңды тынбастан ұштадың-ау,
Төраға боп сайланып ЕҚЫҰ-ға,
Төбебилік тізгінін ұстадың-ау!
Елдігіңе мың бір шүкір, еткіздің,
Тілегіңе созып қолың жеткіздің,
Мынау жаңа ғасырда:
Жер-жаһандық –
Саммитті де тұңғыш болып өткіздің!
Адамзаттың жаңаша ойланғаны,
Бейбітшілік мұратқа айналғаны,
Шешу үшін түйткілді,
Кіл мықтының –
Астанаға жөн болды жиналғаны.
Болды ғажап бұл Саммит елеңдерлік,
Еңбегіміз өтеліп,
Еленді ерлік.
Назарбаев ғаламды дүр сілкінтті
Қасиетімен Өзінің кемеңгерлік!!!
Жақсыларды әп-сәтте баурап алды,
Марғасқалар бас шайқап, қайран қалды,
«Адамзатқа керегі – Бейбітшілік,
Бірігейік, – деп , – біздер!» ұран салды.
Шертті әлемге Елбасы дүйім датты,
Бейбіт күннің қадірін пайымдатты,
Ынтымаққа шақырып, адамзатты,
Қазағын да,
Өзін де мойындатты!!!
Хамитбек МҰСАБАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері.
Қостанай облысы.