31 Желтоқсан, 2010

Жүректерге жұлдыз жауған күн

501 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Бір күнде тапсырылған әлеуметтік және өндірістік нысандар толағай қуаныш сыйлады Бораннан кейінгі қар жа­мыл­ған дала тым-тырыс. Аспан да бұлттан тазарған. Ты­мық аязды таң қараңғысында алыстан жы­мыңдаған жұлдыздар тым сирей қоймаған екен. Облыс әкімі Сергей Кулагиннен бастап, облыс басшылары, журналистер мінген көліктер керуені шал­ғай­да жат­қан Денисов ауданына беттеді. Аудан орталығына келген газ желісінің алауы таң қараң­ғы­сын­да жағылды. Қуаныштан ұйық­та­май, қыстың ұзақ түнін көзімен атырған аудан орталығының тұр­ғын­дары, облыс басшылары, кө­гіл­дір отынның желісін тартқан «Агрогазстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшы­ла­ры мен мамандары, журналистер – барлығы тақиясы түсердей шал­­қайып, аспанға лапылдаған алау­ға қарады. Ол осы күнді са­рыла күткен ауылдағы ағайын­ның көңіл қуанышының көрінісі іс­петті. Алау шарпыған айнала таң қараңғысын серпіп, аспан­да­ғы жұлдыздар да жерге төгіл­ген­дей тамаша әсер берді. – Алауды сөндіруге асық­паң­дар, бұл тарихи сәт! – деген дауы­сы шықты облыс әкімінің. Иә, олай дейтін жөні бар. Өйт­ке­ні, облыста отыз жылдан бері магистральді газ құбырының құ­ры­лы­сы жүрмепті. Жаздың орта­сын­да арқасын күнге күйдіріп оты­рып, қысқы отыны мен кө­мі­рін ойлайтын ауылдағы қоңтор­ғай тірлік ағайынға көгілдір отын айға қолын созған армандай ғана болатын.Тәуелсіздік алған жыл­дар­дан кейін бірінші рет 2010 жылы облыста газ құбыры са­лын­ды. Республикалық бюджеттен бөлінген 1 миллиард теңге қар­жыға отыз шақырымнан аса «Перелески-Денисов» магистральді газ құбыры төселіп, оның төменгі қысымды желілері Денисов ауылы мен оған іргелес Некрасов, Антонов, Алчанов ауыл­дарына да тартылуда. Әзір­ге Денисов ауылында жүзден аса үйге көгілдір отын кірді. Николай Авдиенко – бұрын осы аудан басшылығында болған ардагер. Коммунистік партияның айт­қа­ны болып тұрған кезде Николай Васильевич аудан орталығы мен оған жақын елді мекендерді газ­дан­дыру жөнінде мәселе кө­тер­ген екен. Бірақ сол мәселе ма­ңызды күйінше жылжымай ор­нын­да қалған. Көгілдір отынның керектігі кімге де болса түсінікті болғанмен, аумалы-төкпелі уа­қыт ештеңеге мұрша бермегені рас. Міне, енді көгілдір отынның рахатын биылғы қыс алдымен Николай Васильевич ақсақал көретін болды. – Ризамын. Президентіме рах­мет! Қазақстан гүлдене берсін, істеген істерің алға баса берсін! Отын іздемей, үйін газбен жылы­тып отырған ауылдағы жұртқа бұдан артық не керек?!. – деді Николай Авдиенко газбен жылыған өз үйінің төрінде отырып. Жыл бойына республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген 1,5 миллиард теңгеге об­лыста 90 шақырым құбыр төселді. Ол келешекте 3 мың үйге көгілдір отын әкелетін бо­лады. Алдағы жылы Қамысты, Қарабалық, Қостанай ауданда­ры мен Лисаков, Рудный қала­ла­рында бұл іс жалғасын табады. Оған бөлінген қаржы 2 миллиард теңгеге жетеді. Денисов ауданы мен Лисаков қаласы қатар жатыр. Нарықтың қиын жылдары есік-терезесі үңі­рейіп, босап қалған ғимараттар мұнда да болған. Музыка мектебіне арналған үйдің қаңқасы бүкіл №1 шағын ауданның құ­тын қашырып тұратын. Кетіп бара жатқан жылдың басында оны қайта жөндеп, жалға берілетін тұрғын үйге айналдыру қолға алынған болатын. «Лисаковрудстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ескі тіксең есің кетеді» демеді, мектепке арналған ғимараттың қаңқасынан қуыр­шақтай етіп тұрғын үйді жасап шығарды. Енді 82 жас пәтерлі болды. Бүгінгі уақыт өлшемімен қарағанда, ескі ғимаратты жөн­деп, пәтерге айналдыру керемет таңқалдыратындай жаңалық бол­мауы да мүмкін. Ал бұл үйдің ерекшелігі басқада. – Осы үйден жиырма пәтерді Қостанайдағы, Рудныйдағы жетім балалар үйлерінің түлек­те­ріне беріп отырмыз, қалғаны бюджеттік мекемелер қызметкер­ле­ріне, жас мамандарға берілді,–деді облыс әкімі Сергей Кулагин. Сібірлеп атқан таңдағы сиреген жұлдыздар пәтердің кілтін қолына қысып ұстаған Қанағат Дауылбаевтың жүрегіне жауған­дай, жас жігіттің қуаныштан жүзі жайраң қағады. «Үйленген едім, баламыз да бар. Енді ба­сымда баспанам да болды, Лисаков қаласында құрылысқа жұ­мысқа орналастым», деген оның сөзінен ертеңге деген сенімі білінеді. – Мұндай қолдау, мұндай қамқорлық болмаса, жетімдіктің азабын тартқан балалар өмірден жеңіліп те қалар ма еді. Ал облыста жетім балалар үйінен шыққан 656 жас бар. Соңғы бес жылда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында жүз жетім бала пәтермен қамтамасыз етілді. Жергілікті әкімдер пә­терге жиһаз бен тоңазытқышқа дейін әкеліп береді. Бүгін пәтер берілген жетім балалардың бар­лығы да осы қалада жұмысқа орналастырылды, – дейді бала­лар­дың құқын қорғау жөніндегі облыстық департамент дирек­то­ры Ольга Ковалевская. Облыс әкімі Сергей Кулагин үйдің қы­зыл лентасын қиып тұрып, ал­да­ғы 3-4 жылда облыстағы жетім бала­лардың барлығын дерлік баспанамен қамтамасыз ететінін айтты. Лисаковпен арасын Тобыл стансасы мен Әйет өзені бөлетін Рудный қаласы Жаңа жылдың алдында тіпті тоты құстай құл­пырып кетіпті. Негізі кеншілер қа­ласының алып қадамы тау көтерген Толағайды елестетеді. Бір Соколов Сарыбай кен өндіру бірлестігінің өзі неге тұрады. Үстіміздегі жылы мұнда метал­илек зауыты ашылды. Ал алдағы жылы металл өнімдері зауы­ты­ның құрылысы басталмақ. Бұл екі зауытты да республикалық ма­ңызы бар, индустриялық кар­таға енген инновациялық-инвес­ти­циялық жобалардың көкесі деу­ге болар. Ал қаланың ортасын­дағы балалар ауруханасы кешені 2007 жылы Президент Нұрсұл­тан Назарбаевтың бастамасымен бастау алған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының ая­сында қайта жөнделді. Ол бюджет қоржынынан бөлінген 3,4 миллиард теңгеге түсті. Маман­дар­дың айтуына қарағанда, 200 төсектік аурухана кешенінің жөн­делуі мен жабдықталуы жа­ғы­нан оның елімізде теңдесі жоқ. 1 миллиард теңгеге жуық ақ­шаға шетелдік озық үлгідегі жабдықтар алынды. Аурухана кешенінде 400 адам қызмет ететін болады. – Мұнда 500 грамм болып шала туған шарананы шетелдік озық құралдардың арқасында жетілдіріп, бала етіп алуға мүм­кіндік бар. Сонымен қатар, мешел, неврологиялық сырқаттар сияқты ауыр науқастарды емдейміз, – дейді аурухана кешенінің бас дәрігері Наталья Паратикова. Бір кереметі, сол күні «100 мектеп, 100 аурухана» бағдар­ла­масы бойынша облыста балалар ауруханасы кешеніне басқа тағы да екі медицина мекемесі тап­сырылды. Қостанай қаласында қан құю орталығы жаңадан салынған төрт қабатты жаңа үйге көшті. Өйткені, 1964 жылы салынған ғимарат медицинаның бүгінгі талаптарына жауап бере алмайтын еді. Жаңа ғимаратта 18 мың литр қанды өңдеп, сақ­тауға мүмкіндік бар. Мұндағы озық үлгідегі тоңазытқыштар қан плаз­масын сақтаудың нағыз алтын стандартына сәйкес келеді. Ал об­лыс орталығындағы №4 жаңа емхана күніне 500 адамды қабылдай алады! Мұнда 600 миллион тең­геге шетелдік түрлі медициналық құрал-жабдықтар алынды. Міне, жылдың соңғы күн­дерінің бірінде облыста осынша жаңа әлеуметтік нысандар өмір­ге жолдама алды. Дәл сол күні жылына 65 миллион дана жұ­мырт­қа өндіретін «Жас қа­нат-2006» құс фабрикасы мен тәулігіне 150 тонна сүт өңдей алатын «Милх» кәсіпорны то­лық қуатында жұмыс істегендерін мәлім етті. «Милх» сүт зауытының өнімдері еліміздің бірнеше облыстарымен қатар, Ресейге де шығарылады. Бұл екеуі де жылдың инвестициялық жобаларының қатарында бола­тын. Құс фабрикасында – 150, сүт өңдеу кәсіпорнында 60 адам жаңа жұмыс орнын тапты. Жылдың соңғы күні жұлдыз жауғандай! Ал олар жерде сәуле шашады... Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы.