31 Желтоқсан, 2010

Референдум тағайындауға қолдау

494 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен сәрсенбі күнгі жалпы отырыс барысында парла­мент­ші­лердің Конституцияға Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту туралы өзгеріс енгізуді қарастыру мәселесі бойынша республикалық референдум тағайындау туралы ұсынысына қолдау білдірілді. Осыған орай депутаттар Мемлекет басшысына тиісті Үндеу қабылдады. Бұдан кейін депутаттар күн тәр­тібіндегі заң жобаларын қа­ра­ды. «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Салық­тық әкімшілендіруді реформалау жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» заң жобасының негізгі мақсаты – экономикалық дамуға және еліміз экономикасының бә­се­кеге қабілеттілігін арттыруға көмектесетін, тұрақты да тиімді жұмыс істейтін салық жүйесін құ­ру. Ол жөнінде қаржы минис­трі Болат Жәмішев айтып берді. Заң жобасы талқылаудан өтіп, толықтай мақұлданды. Сол сияқты 2009 жылғы 11 жел­тоқ­сан­дағы Кеден одағының өсім­дік­тер карантині туралы келісіміне өзгерістер енгізу туралы хат­таманы ратификациялауға қа­тысты заңдық құжат та депутаттар тарапынан толықтай қолдау тапты. Аталған хаттамада Кеден одағының кедендік аумағынан карантинге жатқызылған өнімді әкету тараптардың халықаралық міндеттемелеріне және ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатыны айқындалады. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев түсінік берді. Сонымен бірге 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісіміне өзгерістер енгізу туралы хат­таманы ратификациялау заң жобасын күн тәртібінде қараған депутаттар толықтай мақұл­да­ды. Ол жөнінде Денсаулық сақ­тау министрі Салидат Қайыр­бекова мен депутат Бағила Бай­мағамбетова жан-жақты мәлі­мет берген болатын. Бүгінгі отырысымыз – би­ыл­ғы жылдағы соңғы жалпы оты­рыс. Санаулы сағаттарда 2010 жылдың соңғы күнпарағын жа­бамыз. Өткен жыл еліміз үшін жемісті де жеңісті жыл болды. Мемлекетіміздің дағдарыстан кейінгі тұрақты әрі теңгерімді дамуының мықты іргетасы қа­ланды. Қазақстанның жаңа он­жылдықтағы стратегиялық даму жоспары, сонымен бірге, 2014 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бекітілді. Елі­міздің Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақтастық ұйы­мына табысты төрағалық етуі, әсіресе, Ұйым мүшелері Сам­ми­тінің 11 жылдан кейін Астанада өткізілуі Қазақстанның ха­лықаралық дәрежедегі абырой-беделін асқақтатып қана қой­май, еліміздің ішкі бірлігі мен азаматтарымыздың патриоттық сезімін одан әрі бекемдей түс­кен оқиға болды. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына 2010 жылғы  Жолдауында және төртінші сай­ланған Парламенттің төртінші сессиясын ашу кезінде сөйлеген сөзінде біздің биылғы жылғы заң шығару қызметіміздің бас­ты бағыттарын айқындап берді. 2010 жылы депутаттар кор­пусының Үкіметпен иін тіресе қоян-қолтық жұмыс істеуінің арқасында еліміздің құқықтық базасы қоғамдық өмірдің сан түрлі салаларын реттейтін 130 заңмен толықтырылды. Біз елді одан әрі демо­кра­тия­ландырудың құқықтық базасын жасап, Қазақстанның қазіргі даму сатысы үшін стратегиялық маңызды болып табылатын бір­қатар экономикалық заңдарды қабылдадық. Олар мемлекеттің дағдарысқа қарсы шараларын әрі қарай іске асыруға, эконо­миканы әртараптандыруға және оның өсімін ынталандыруға, сондай-ақ әлеуметтік міндетте­ме­лердің орындалуын қамтама­сыз етуге бағытталды. Президент қол қойған «2011-2013 жылдарға арналған рес­публикалық бюджет тура­лы» Заңда азаматтардың тұр­мыс сапасын арттыру мен жұ­мыссыздыққа жол бермеу, ша­ғын және орта бизнеске қолдау көрсету, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламаларын қаржыландыру көлемін елеулі түрде көбейту мәселелері көз­делді. Елбасының халықты әлеу­мет­тік қамсыздандыру жөнінде берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында зейнетақы­мен қамсыздандыру жөніндегі заңға да тиісті өзгерістер енгізілді. Орайы келгенде айта кету керек, 2010 жылы бюджет са­ласы қызметкерлерінің жалақы­сы мен студенттер шәкіртақысы және зейнетақы мөлшері 25%-ға көбейтілген болса, келесі жылы олар тиісінше 30%-ға көбейтілетін болады. Жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында әлемнің көптеген елдері әлеу­меттік төлемдер мөлшерін қыс­қартып жатса, біздің елімізде олардың көбейтіліп отырғаны дағдарысқа қарсы шаралардың дер кезінде ұйымдастырылып, жүзеге асырылуының арқасы деп білеміз. Парламент «Ғылым ту­ра­лы», «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры­ның» мәртебесі туралы» заң жобаларын қабылдады. Аталған заңдардың алдыңғысы ғылым саласын басқарудың жаңа үл­гісін орнықтыратын болса, кейінгілері отандық ғылым және білім саласында Елбасының тікелей бастамасымен іске асы­ры­лып жатқан серпінді жобаға байланысты болып табылады. Қабылданған заңдардың бір парасы құқық қорғау сала­сын­дағы реформаға қатысты болды. Қазақстан Республикасы Прези­дентінің «Қазақстан Респуб­ли­касында құқық қорғау қызметi мен сот жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi шаралар ту­ралы» 2010 жылғы 17 тамыз­дағы Жарлығын іске асыру мақсатында Парламент 16 заң жобасын қабылдап, Елбасының қол қоюына жіберді. Бұл заң­дарда негізінен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, со­нымен қатар, қылмыстық жа­за­ны ізгілендіру мәселелері қамтылды. Биылғы жылы, еліміздің ха­лықаралық байланыстарын реттейтін 78 құжат ратифика­цияланды. Осы қысқаша шолудың өзі біздің палатамыздың, жалпы Пар­ламенттің 2010 жылы ауқым­ды жұмыс атқарғанын көр­сетеді. Баршаңызды алдағы Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Келесі жыл да бүкіл еліміз, барша хал­қымыз үшін құт-береке жылы болсын! Қызметімізге жаңа табыс, отбасыларымызға мол бақыт дарытсын, деді О.Мұха­мед­жанов. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.