31 Желтоқсан, 2010

Елбасымен біргеміз!

1442 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды

Референдум – демократияның маңызды институты

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт МЕЛДЕШОВПЕН әңгіме – Бақыт Сәрсенбайұлы, 27 желтоқсан күні Орталық сайлау комиссиясының отыры­сын­да референдумның баста­ма­шы тобын және оның рес­пуб­ликалық референдумға ұсы­­нып отырған мәселесiн тiркеу ту­ра­лы қаулы қабыл­данғаны белгілі. Нақты осы саяси шара жайын сөз етпес бұрын, жалпы референдум туралы аз-кем айта кеткен артық болмас еді. – Референдум – демократия­ның маңызды институты болып та­былады. Референдум арқылы қа­был­данған шешімдер жоғары заң­дық күшке ие, қандай да бір қо­сымша бекітуді, қуаттауды қа­жет етпейді және мемлекеттің бүкіл аумағында қолданылуы мін­детті болып табылады. Бұл – азамат­тар­ды мемлекет өмірінің маңызды сұ­рақтары бойынша ше­шім қабыл­дау­ға қамту ар­қылы демокра­тия­ның ауқымын кеңейту және да­мы­ту жолы. Өйткені, референдумда халық құ­қықтық шығармашылық сана­тын­дағы шешім қабылдайды. Әлемнің көптеген елдерінде референдум кеңінен қолданыла­ды, ал кейбір мемлекеттерде жеке­леген жағ­дай­ларда ғана өткізіледі. – Яғни, референдум өткізу­де әлемдік тәжірибе көп бол­ды ғой, сонда. – Иә. Мысалы, Швеция тари­хын­да соңғы екі ғасырда 300-ден астам референдум өткен кө­рі­не­ді. Кейбір деректерге қа­ра­ғанда, XX ғасырдың өзінде ғана мемлекеттік даму мәселелері бойынша Еуропада – 101, Азия елдерінде – 18, Америкада – 25 референдум болған. Мұндай тәжірибе біздің елімізде де бар: Қазақстанда 1995 жылы екі референдум өткізілді. – Енді әңгіме ауанын елі­міз­дің референдум туралы заң­на­ма­сына қарай бұрсақ. Ре­фе­рен­думға әзірлік қалай баста­ла­ды? Кімнің референдум өткізу туралы бастама­шылық көтеру­ге құқығы бар? – Түптеп келгенде, мемлекеттік биліктің бірден-бір бас­тауы – халық болса (Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясы­ның 3-ба­бының 1-тармағы), референдум – халықтың осы билікті нақтылы жү­зеге асыруы­ның, қоғамдық ерік пен халық пікірін білдірудің ай­шықты да айқын жолы. Қазақ­стан Рес­публикасында референдумдар өткізу тәртібі Конституциямен және 1995 жылғы 2 қа­ра­шада қабылданған «Республи­ка­лық ре­ферендум туралы» Конс­ти­туциялық заңмен реттеледі. Референдум туралы Консти­туция­лық заңның 11-бабына сәйкес, референдум тағайындау туралы бас­та­машылық ету құқығы Қа­зақ­стан Республикасының Пре­зи­­дентiнде, Парламентiнде, Үкi­ме­тiн­де және республикалық рефе­рендумға қатысу құқығына ие 200 мыңнан кем емес азаматтарда болады. Референдум өткiзу туралы бас­­­тамашылықты азаматтар көтер­­­ген болса, құрамына Қазақстан Рес­пуб­ликасының әр облысынан, ас­­та­насынан және респуб­лика­лық маңызы бар қалалардан кемiнде үш-үштен өкiл кiретiн рефе­рен­думның бастамашы тобы құ­ры­лады. Өздеріңізге белгілі, үсті­міз­дегі жылдың 23 желтоқсаны күні Өскемен қала­сында сан жағынан еліміздің барлық облыстарын, ас­танасы мен республикалық ма­ңы­зы бар қалаларын тең мөл­шер­де бiл­дiретiн 850 азамат қатысқан жи­налыста 320 адамнан тұратын бастамашы топ құрылған бола­тын. Заң талабы бойынша, ре­фе­рен­думның бастамашы тобы мен оның референдумға ұсы­нып отыр­ған мәселесі Орталық сайлау комиссиясында тіркелуі тиіс. Бастамашы топ ұсынған құ­жат­тар негізінде 27 жел­тоқсан күні Ортсайлаукомның отырысында ре­ферендумның бас­тамашы то­бын және оның республикалық референдумға ұсынып отырған «Сіз респуб­ликалық референдумда Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың президенттік өкілеттіктері мерзімін 2020 жылғы 6 жел­тоқ­санға дейін ұзартасыз ба?» мә­се­лесiн тiркеу туралы қаулы қабыл­данды. Заңнамаға сәйкес, референдум бастамашылары барлық облыстарды, Қазақстан Респуб­ли­касының астанасы мен Ал­ма­ты қаласын тең мөлшерде білдіретін кемінде 200 мың аза­мат­тың қо­лын, яғни әрбір өңірден 12,5 мың­нан кем емес қол жи­науы тиіс. Сондықтан баста­ма­шы топқа тіркеу туралы куә­лік­пен бірге белгіленген үлгідегі қолдап қол жинау парақтары берілді. Бұл референдум туралы заңның 14-ба­бы 2-тармағына сәйкес. – Бастамашы топтың ендігі жердегі міндеті 200 мың аза­мат­тың қолын жинау дедіңіз. Бұл жұмыс заң бойынша қа­лай жүргізілуі тиіс? Қойы­ла­тын талаптар қандай? – Референдумның бастама­шы тобы азаматтардың қолын жи­нау­ды тiркеу туралы куәліктi алған күннен бастап ұйым­дастырады, мұны бастамашы топ мүшелерi жүзеге асырады. Әрбiр азамат қол қою парағына тек бiр рет қана қолдап қолын қоюға хақылы және бұл кезде жеке басын куә­ландыратын құжатын көрсетуі тиіс. Қол қою парағына азамат­тың қолы қойылады, сондай-ақ оның аты-жөні, тұрғылықты же­рi, жеке басын куәландыратын құ­жаттың деректемелерi және қол қойған күнi жазылады. Тол­ты­рылған әрбiр қол қою пара­ғына қол жинаған адам өз қолын қояды. Белгiленбеген үлгiдегi қол қою парақтары, сондай-ақ осы Конституциялық заңның өзге де талаптары бұзылып тол­тырылған қол қою парақтары жарамсыз болып табылады. Қол жинау аяқталғаннан кейiн үш күн мерзiмде толты­рылған қол қою парақтары аумақ­тық сай­лау комиссиясына тапсы­ры­луы тиіс. Заңнамамен белгіленген мөлшерден артық қол қой­ыл­ған қол қою парақ­тары аумақтық сайлау комис­сиясына толты­ры­луы­на қарай тапсырыла алады. Сайлау ко­миссиялары аумақтық әділет органдарының қызмет­шi­лерiн қатыстыра отырып, қол қою парақтарындағы азамат­тар­дың қолының дұрыстығын тек­се­редi, тиiстi хаттама жасайды және оны Орталық сайлау ко­мис­сиясына жiбередi. Расталмаған қолдар, қол жинау мен қол қою парақтарын ре­сiмдеу тәртiбiнiң бұзылғаны анықталған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясының төр­аға­сы Орталық сайлау комис­сиясына тиiстi ұсыныс енгiзедi. Біз мұн­дай ұсыныс түскен күн­нен бастап бiр ай мерзiмде жөн­сiздiкке жол берген бастамашы топ мүше­ле­рiнiң қызметiн тоқ­тату туралы, ре­ферендум ту­ра­лы Консти­ту­ция­лық заң талап­тарының бұ­зылғаны анықталған қол қою па­рақтарын жарамсыз деп тану жө­нінде шешiм қа­былдай аламыз. – Сонда, қолдап қол жинау­ға барлығы қанша уақыт беріледі? – Қолдарды жинаудың шекті мерзімі Конституциялық заңмен белгіленбеген. Бұл үдерістің ұзақ­тығы республика азамат­та­ры­ның бастамашылықты қол­дау­ы­на және бастамашылардың өз­дерінің ұйымдастырушылық мүм­кіндіктеріне байланысты. – Референдум өткізу ту­ра­лы шешімді кім қабылдайды? – Заңнамамен референдум тағайындау құқығы Қазақстан Республикасының Президентiне берілген. Ал референдум өткізу бастамашылығын республика аза­­маттары көтеріп отырған­дық­тан, референдумға қатысу құ­қы­ғы бар екi жүз мыңнан кем емес республика азаматтары референдум тағайындау туралы республика Президентiне тiлек бiлдiруі тиіс. Бұл үшін баста­машы топ қол жинау аяқталған күннен бастап он күннен кешiктiрмей тол­ты­рылған қол қою парақтары мен жиынтық деректердi Орта­лық сайлау комиссиясына жiбередi. Ортсайлауком қол жинаудың нәтижелерiн қорытынды хатта­маға енгiзедi. Референдум өт­кiзу туралы ұсыныс қол жинау­дың нә­тижелерi жайындағы қорытынды хаттамамен бiрге Қа­зақстан Рес­публикасының Пре­­зидентiне жiбе­рi­ледi. Бұл референдумның бас­тамашы то­бынан құжаттарды алған күннен бастап бiр айдың iшiнде іске асырылуы тиіс. Егер Президент республикалық референ­думды өт­кізу туралы Жарлыққа қол қойса, референдум заңна­ма­мен көзделген тәртіпте өткізі­леді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.

Президент пен халық біртұтас

Алдан СМАЙЫЛ, Бекболат ТІЛЕУХАН, Парламент Мәжілісінің депутаттары. Біз Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың өкі­леттігін ұзарту жөніндегі бастаманы қуаттайтынымызды мә­лімдей оты­рып, қазақстан­дық­тар­ды осы бас­таманы қолдауға шақырамыз. Қазақ халқы, барша қазақ­стандықтар тағы бір тарихи өр­леу мен серпіліс кезеңінде тұр. Біз өзіміздің ел алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершілігімізді толық сезіне отырып, республика барлық жағынан әлеммен үзеңгі қағыстырған тұста саяси және әлеуметтік зерделілік танытуға тиіспіз. Экономикасы қарыштап дамып, алдағы күндерге бүгін­гі­ден де зор міндеттер қойып отыр­ған және сол мұрат-мақсаттарды іскерлікпен шешуге кіріскен Қазақстанды қазіргіден де қуатты қарқынмен дамытудың бірден-бір кепілі – республикамыздың Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев. Халық бір ауыздан  және ерекше жүрек жылуымен Ұлт Көшбасшысы деп таныған аса көрнекті мемлекет қайраткері тарихи қысқа мерзімде жүзеге асыр­ған саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени шаралар рес­пуб­ликамызды ТМД аясында ғана емес, Азиядағы қуатты мем­лекеттің деңгейіне көтерді. Ел­басы толық аумақтық тұтастықты сақтау арқылы тәуелсіз мем­ле­кеттің іргесін нығайтты. Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық бірлікті қалыптастыру арқылы Қа­зақстанды ынтымағы жарасқан, достық атты теңдессіз құн­ды­лыққа сүттей ұйыған, тілегі де, жүрегі де бір ұлттардың сәулетті отанына айналдырды. Шетелдік инвестициялар мен ішкі даму қорларын ұлғайта отырып, ашық нарықтық экономикаға негізделген үдемелі экономиканы өріс­тетті. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті арқылы әлем Қазақстанды саяси зерделі ел ретінде таныды. Біз ел Президентінің осынау тарихи тағдырлы жеңістерін  зор алғыс сезімімен жоғары баға­лай­мыз және мақтан етеміз. Зама­нымыздың ұлы қайраткері ретінде Қазақстанды әлем төріне шы­ғарғаны үшін, туған халқының дана перзенті ретінде ата жұр­ты­мыздың бағын жандырғаны үшін, әсем де айбынды Астанамен салтанатымызды асырғаны үшін мың да бір рахмет айтамыз. Біз Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың өкілет­тігін ұзарту жөніндегі бастаманы қызу қуаттай­мыз. Кемелді бүгініміз үшін де, бү­гіннен де сәулетті болуға лайық ертеңіміз үшін де қолдаймыз. Қазақстандық патриотизмнің бүгінгі ұраны – Президент пен халықтың біртұтастығы. Біз қазіргі таңқаларлық жетістігімізді одан әрі баянды етуге ұм­тыл­сақ, өзі­міз­дің және келер ұрпақ­тың тағды­рына сенімді бол­ғы­мыз келсе, Қазақ­стан­ды Орталық Азияның ғана емес, еуразиялық ұлан-байтақ ке­ңіс­тіктің қуатты да беделді мемлекеті ретінде кө­руді қаласақ, ішкі бей­біт өмір мен ұлттық рухани гүл­денуді таңдасақ, жаңа ХХІ ға­сыр­дың төріне Елбасымен бірге қадам басуға тиіспіз. Бұл қазіргі зымыран уақыттың талабы. Бұл – өр­кен­де­ген, талғампаз да зерделі хал­қы­мыздың талабы. Бұл – барды ба­ға­лай білген, асылын ардақтай алған көкірегі ояу барша азаматтың мұраты. Біз қазақстандықтарды ұдайы өркендеу мен дамудың таңдауы болған осынау мұратты қолдауға шақырамыз.

Кәсіподақтар бастаманы қолдады

Сәрсенбі күні Астанада Қазақстан Кәсіп­одақ­тары  федерациясы бас кеңесінің кеңейтілген оты­рысы болып, оған халық шаруашылығы және әлеу­меттік сала кәсіподақтарының барлық ұй­ым­дарынан өкілдер қатысты. 2 миллионға жу­ық ха­лық­ты құрайтын ұйымдардың атынан кел­ген де­ле­гаттардың бәрі де Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев­тың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдады. Кеңейтілген отырысты Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің сөзінде кәсіподақтардың азаматтық қоғамның құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да елдегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардан шет қалмайтынын, әрқашан мемлекет ішіндегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, конфессияаралық  келісімді жақтап келгенін айтты. Біз, деді төраға, Ұлт Көшбасшысына деген сенімімізді үстіміздегі жылдың маусым айында болған ХХІІ съезімізде де айтқан болатынбыз. Сол республикалық форумға қатысқан делегаттар өздері қабылдаған қарарда: «Елдегі ең үлкен қоғамдық ұйым – кәсіподақтар қозғалысы Президент Н.Назарбаевқа әрқашанда өздеріне қағидатты түрде қолдау білдіретіндігі үшін ризашылығын айтады», деп атап көрсеткен еді. Біз сол сөзімізден айнымаймыз және Президентті әрқашан қолдаймыз. Делегаттар арасынан сөйлеген белсенділердің бәрі де Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін референдум арқылы 2020 жылға дейін ұзартуды дұрыс деп санайтынын жеткізді. Соның ішінде өскемендіктер атынан сөйлеген «Қазақмыс» АҚ  «Белоусов» тау-кен байыту комбинаты кәсіп­ода­ғы­ның төрағасы Д.Уахитов референдум туралы идея­ны өзінің жерлестері көтергенін мақтан ететінін айтты. Біздің мемлекеттің басында нағыз көш­бас­шы тұрғанына бәріміз де мақтануымыз керек, деді ол. «Арселор-Миттал» АҚ металлургтердің «Жақ­тау» кәсіподақ ұйымының төрағасы В.Дубин кез келген адамның көшбасшы бола алмайтынын ауызға алды. Ол мамандардың зерттеуі бойынша барлық адамдардың арасынан тек 5 пайызының ғана қолынан мұндай іс келетіні анықталғанын жеткізді. Меніңше, деді ол, көшбасшы болу дарынын адамға Құдай береді, ал халықтың жүрегіне жол тауып, танымалды болуға тек орасан еңбек пен жанкештіліктің арқасында ғана қол жеткізуге болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың бойынан осы қасиеттердің бәрі де табылады. Кеңейтілген отырыста сөйлеген атом энергети­ка­сы саласы еңбеккерлері кәсіподағының төрағасы Г.Кузьмин, Жамбыл облыстық кәсіподағынан Г.Орынбаева, «ПетроКазахстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кәсіподағынан Е.Дүйсенов, Ақтөбе облыстық бі­лім және ғылым қызметкерлері кәсіподағынан А.Мұ­қашева, Астана кәсіподақтары кеңесінен С.Мың­баев және басқаларының бәрі де Елбасының пре­зиденттік өкілеттігін ұзартудың маңызды екенін жеткізді. Отырыс қорытындысы бойынша барлық кәсіподақтар мүшелеріне арналып қабылданған мәлімдемеде делегаттар: «Біз Президентпен бірге Отанымыздың жарқын болашағы жолында еңбек ету міндетін мойнымызға аламыз» делінген. Жақсыбай САМРАТ.

Тығыз топтасқандықтың белгісі

Елбасының өкілеттігін ұзарту жөнінен референдум өткізуге байланысты еліміз бойынша  314 621 қол жиналды Бейсенбіде Елбасы Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуға байланысты бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топ мүшелерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Оны бастамашы топтың жетекшісі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жүргізіп отырды. – Өскемендегі жиыннан бері небәрі бір аптадай ғана уақыт өтсе де республика жұртшылығы бастаманы қызу қолдап, Елбасымен бірге екендерін іс жүзінде дәлелдеп берді, – деді Ерлан Бәтташұлы. – 30 желтоқсандағы сағат 15.00-дегі ақпарат бойынша республика бойынша 314 621 адам қол қойды. Атап айтқанда, Ақмола облысы бойынша – 18429, Алматы облысы – 33232, Ақтөбе – 16314, Атырау – 10575, Шығыс Қазақстан – 34560, Жамбыл – 18429, Батыс Қазақстан – 15106, Қарағанды – 31177, Қызылорда – 14200, Солтүстік Қазақстан – 15710, Оңтүстік Қазақстан – 25075, Маңғыстау – 90064, Павлодар – 18429, Қостанай – 21752, ал Алматы мен Астана қалалары бойынша тиісінше 19940 және 12689 адам Елбасымен бірге екендерін мәлім етті. Сонымен еліміз бойынша 314 мыңнан астам қол жиналды. Бірақ қол жинау 11 қаңтарға дейін созылатындықтан жұмыс одан әрі жалғаса бермек. Қалған оншақты күнде республика бойынша екі миллионнан астам қол жинаймыз, – дейді топ жетекшісі. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен.

Халық тілегін тап басқан

Күн өткен сайын Елбасымыздың өкілеттігін ұзарту жөнінде Өскеменде айтылған ұсыныс­тардың халық тілегін тамыршыдай тап басқандығы айқын сезілуде. Осы мәселенің «Нұр Отан» халықтық-демократиялық пар­тия­сы­ның Алматы филиалында тал­қы­лануы соның бір игі көрінісі бол­ды. Аталмыш шараға қоғам мен саясат қайрат­керлері, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау орган­дары­ның қызметкерлері, әскери қыз­метшілер, шағын және орта бизнес өкілдері қатысып, Қазақстан Пре­зи­дентінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу жө­нін­дегі бастамашы топтың ұсыны­сына орай ой-пікірлерін ортаға салды. Партия филиалының төрағасы, қала әкімі Ахметжан Есімов кездесуде осынау бастаманы еліміздің үздіксіз ілгерілеп алға басуын қамтамасыз ету қажеттігі  ретінде қарастыру керектігін атап көрсетті. Ол Нұрсұлтан Назар­баевқа республиканы оның қаз басып қалыптастыру жылдарында басқарудың қиын міндеті жүктелгенін қадап айтты. Кеңінен болжайтын көрегендік, батыл­дық пен байыптылық, жеке басы­ның асыл қасиеттері, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған салиқалы да сарабдал саясат, міне, осының бәрі, сайып келгенде, Қазақстан экономикасының нығаюына алғышарт жасады. Қазіргі уақытта республиканың ішкі жалпы өнімі Орталық Азия елдерінің бәрін қосып алғандағы ішкі жалпы өнімінен бір жарым есе асып түседі. Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында республика бү­кіләлемдік қоғамдас­тықтың алдында үлкен абырой-беделге ие болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төраға­лығы, Астана Саммитінің үлкен тағылыммен өткізілуі  ел Президентінің әлемдік ауқым­дағы көш­басшы ретіндегі күмәнсіз беделінің, сондай-ақ оның бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтама­сыз ету жо­лын­дағы жасампаздық қыз­ме­тінің арқасында мүмкін болғандығы және анық. Қазақстандықтар, соның ішінде ал­матылықтар да Нұрсұлтан Назарбаев саясатының жемісті нәтижесін әлеу­меттік-экономикалық саладан да көріп отырғандығы кездесуде атап өтілді. Жи­налысқа қатысушылар Президент өкі­леттігін 2020 жылға дейін ұзарту жө­нін­де референдум өткізу бастамасын бір­ауыздан қолдады. Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Басты бағдар – мемлекеттің тұрақты дамуы

«Әділет» демократиялық партиясы өкілдері Қазақстан Президентінің өкілеттілік мерзімін ұзарту жөніндегі референдумға қатысты баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Жиынға «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев, сондай-ақ, партия мүшелері қатысты. «Қазақстан XXI ғасырдың екінші онжылдығына әлемнің әртүрлі аймақтарында және біз­дің еліміздегі орын алған күр­делі жағдайларда қадам бас­қа­лы отыр. Қазіргі заманда тұрақ­ты­лық пен бірлік, ынтымақ пен алға даму жалпыұлттық көкей­кесті мәсе­ле­ге айналды. Бүгінде бұл құнды­лық­тар туралы ай­тып, қоя салу жеткіліксіз – ол құн­дылықтарды одан әрі дамы­ту, аялау, қорғау қажет. Елімізді осылайша жетіл­дірудің саяси бастамашысы да, оны өмірге әкелуші де Президент Н.Назарбаев екені талассыз. Сон­дық­тан, Өскемен қаласында жария етілген «Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкі­­лет­тігін ұзарту туралы мәсе­лені бүкілхалықтық тал­қыға салу» туралы бастамашы топтың ұсы­ны­сы қазір тұр­ғындар мен аза­маттық қоғам тарапынан ке­ңі­нен қолдау табуда. Біз қазіргі қол­даныстағы заңнама жүйе­сі­не сәйкес, бұл бастаманың жү­зеге асуына ешқандай заңдық кедергілер жоқ деп санаймыз», – деді партия төрағасы. Партияның ұсынған мәлім­демесінде, сондай-ақ, «Әділет» партиясының еліміздің тұрақты дамуының стратегиялық шешуші кілті ретінде Қазақстан хал­қы­ның басым бөлігі тарапынан қол­дау тауып отырған қазақ­стандық дамудың жолы мен бағытына қа­зір­гі жағдайлар мен мүмкін­дік­терді, объективті кедергілерді ескере отырып, жү­зеге асыру қажет деп са­най­тындығы айтылыпты. Басқосу кезінде партия төр­ағасының орынбасары Серік Әб­дірахманов та өз ойымен бө­лісті. «Осы жыл басында  сайлау бол­ғанын қалап, өзімнің жеке атым­нан Елбасының атына ашық хатпен шыққан болатын­мын. Әрине, сайлау – жаңару, дамуға ыңғай­лы­рақ. Адам­зат­тың тарихы оны дәлелдеді. Ал референдум – би­ліктің тағды­рын шешудің тағы бір жолы. Мен өз әріптестерімнің осы мәлімдемесін мақұлдап, осы­ған қосылдым», – деді ол. Оның айтуынша, референдум – қоғам дамуы мен оның тұрақтылығын қамтамасыз ететін шара болмақ. Жиын соңында партия төр­ағасы Н.Назар­баевтың президенттік өкі­лет­тігін 2020 жылға дейін ұзарту – мемлекеттің алға қойған мақ­са­тына сай келетіндігін атап көрсетті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.

Жарқын болашақ жолы

Облыс орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде ак­ция өтті. Онда бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі рес­пуб­ликалық бастамашы топтың ұсынысы бірауыздан қолдау тапты. Шараға еңбек, соғыс ардагерлері, «Нұр Отан» ХДП-ның, ша­ғын және орта бизнес, «Жас Отан» жастар қанатының өкіл­де­рі, денсаулық, білім саласының қызметкерлері қатысып, ұлы Абай елі көтерген бастамаға өз үндерін қосты. Геннадий ЗЕНЧЕНКО, Қа­зақ­станның Еңбек Ері, «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің бас директоры: – Мен Нұрсұлтан Әбішұлын Тәуелсіздіктің алғашқы кездерінен жақсы білемін. Бірнеше рет сенімді өкілі болдым. Содан бері еліміз қанша қиындықтарға кезіксе де, Елбасымыздың бастауы­мен сыннан мүдірмей өтті. Да­му­дың жарқын жолына түсті. Бү­гінде экономиканың қарыштай өркендеп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсар­ға­нын бәріңіз көріп отырсыздар. Тек биылдың өзінде Қазақстанда бірнеше халықаралық басқосулар өтті. Мұның бәрі Президенттің әлем мойындаған абырой-беде­лі­нің арқасында жүзеге асып келеді. Жүзден астам ұлт пен ұлыс­тың басын қосып, тату-тәтті бірлікте өмір сүру, ортақ мақсатқа жұ­мылдыра білу бағытында то­лайым істер атқарылды. Жуырда ғана инновациялық жобалар пай­далануға берілді. Осылайша жар­қын болашағымызға айқара жол ашылып отыр. Маргарита МАЦКО, Жазғы Азия ойындарының жеңім­пазы: – Елбасы биылғы Жолдауын­да халық денсаулығы Қазақстан­ның стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі екенін белгілеп берді. Бұл орайда саламатты өмір салтын нығайтуға және адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігін арттыруға үлкен мән беріліп отыр. Президенттің бастамасымен Қысқы Азия ой­ын­дарының елімізде өткізілуі бұ­қаралық спорттың өркендеуіне қозғау салып, талай спорттық бас­тамаларға мұрындық болды. Бүгінде мемлекеттік шаралар кешені ана мен бала өлімін азайту, аса қауіпті ауруларды төмендету, өмір сүруді ұлғайту секілді ма­ңызды мақсаттарға жұмыл­ды­рылған. Жиында еңбек ардагері, Петропавл қаласының құрметті аза­маты Александр Липовой, «Мәм­бетов және К» ЖШС-нің бригадирі, «Отан» орденінің иегері Арыстан Жұнысов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Елена Косенкова, тағы басқалар сөз сөйлеп, Ұлт Көшбасшысы – Тұңғыш Прези­дентіміздің салиқалы саясаты өз жемісін беріп, Қазақстан халқын достыққа, татулыққа ұйыстырып отырғанын жеткізді. Біздің қа­лауымыз – Нұрсұлтан Назарбаев! Оның батыл бастамалары мен реформаларына әркез қолдау білдіреміз. Біз оның елді адас­тыр­май, халықты соңына ерте ала­тынына сенеміз, десті олар. Акцияға қатысушылар облыс жұртшылығын Қазақстан Респуб­ликасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуға байланысты референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың үндеуін қолдауға шақырды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді

Жомарт ҚОШҚАРОВ, Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің ректоры,  экономика ғылымдарының докторы. Жыл өткен сайын ел тәуел­сіз­дігінің қадір-қасиеті арта түс­ке­нін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мемлекет мәртебесін өсіріп, ұлт абы­ройын асқақтату жолында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев ел-жұртын өрге сүйреп, өзінің өміршең ойлары­мен, жаңашыл бастамаларымен, са­рабдал саясатымен ерекше күш-жігер көрсетіп, егемен елдің еркін тыныс алуына қол жеткізді. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен жақын шет елдермен екі арадағы шекараны ың-шыңсыз бекітті. Алыстағы алпауыт елдермен мәң­­гі­лік достық туралы келелі келісімдерге қол жеткізді. Еліміз әлеу­меттік жедел жаңару жолына түсті. Қазақстанда кең көлемді саяси жаңару бағдарламасы қолға алынды. Мұның бәрі Қазақстанның әлеу­меттік, экономикалық және саяси дамудың үлкен бір кезеңін артқа тастап, сапалық жаңа сатысына көтерілгенінің айғағы. Осы жыл­дар ішінде елімізде ұлт­ара­лық татулық, дінаралық келісім берік орнығып, қоғамның тұ­рақтылы­ғы қамтамасыз етілді. Мұның бәрі Елбасы Н.Назар­баев­тың «2030 жылы Қазақ елі «Азия б­арысына» айналады» деген Стра­­тегиялық жоспарының арқа­сы. Мысалы, «Қазақстан-2030» стра­те­гиясы анық­тап берген білім беру жүйесінің алдында тұрған жау­ап­ты міндет егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосар білімді, мәдениетті жастарды тәр­биелеу болып табылады. Сол биікке жету үшін экономикамыз­ды көркейтуге нық қадам басу­дамыз. Елбасы, сонымен бірге, ауыл­дың экономикалық-әлеуметтік ж­ағ­­дайын көтеруге үлкен көңіл бөлінуін атап көрсеткен болатын. Қазір сол ауыл тұрғындарын алаң­датқан мәселелер де кезек-кезегімен шешіле бастады. Егемендік алғалы Қазақ­стан­ды әлемнің барлық елі, бар­лық жұрты таныды десек артық айт­қан­дық емес. Мемлекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, көп­теген беделді халық­аралық ұй­ымға мүше болды. Ал биылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Ас­тана оның ұлы жиыны – Саммитін өткізді. Бұл Саммиттің сәулесі талай жүрек­тер­ді жы­лытты. Жаңа ғасырдағы жаңа Қазақ­станның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында болып отыр. Қазақстан үшін ХХI ғасыр парағы парасат пен пай­ымға толы болуы үшін Елба­сы­ның білім мен ғылымды дамы­туға қойып отырған талабы аса биік. Жоғары білім беру сала­сын­да еңбек рыногының қажеттілік­терін, елдің индустриялық-ин­новациялық дамуының және жеке тұлғаның қажеттіліктерін қа­на­ғаттандыратын жоғары білім сапасының деңгейіне көшу көзделіп отыр. Елбасының айтуға тұрарлық еңбектерінің бірі – еліміздің та­лантты да алғыр жастарын «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша шетелде оқытып алуға жол ашуы болды. Нәтижесінде, қазір заманауи технологияның құла­ғын­да ойнайтын ойы оралымды, ақылы зерек жастар елдің бас­қару жүйесінде, ғылыми-зерттеу инс­ти­туттарында, өндіріс ошақ­та­рын­да білек түріп жұмыс істеуде. Астана қаласында бой көтер­ген халықаралық деңгейдегі жаңа университет білім-ғылымның жаңа биігіне, сапасы бөлек бай­тақ әлемге айналғалы тұр. База­лық орталығы бар, әлемдік та­лап­тарға жауап бере алатын, Мас­сачусетс технология инсти­туты, Гарвард, Оксфорд, Колумбия университеттері секілді жо­ғары оқу орны болмақ. Өйткені, «Назарбаев Университеті» біріншіден, ұлттық, сондай-ақ, дү­ниежүзілік деңгейде білім беруді қалыптастырып, Ота­ны­на қызмет ететін жастардың ой-санасын өсіріп, білім-білігін арт­тыруды мақсат тұтады. Бүгінгі Қазақстан өркениет пен мәдениеттің ең биік саты­ла­рына қол созып отыр. Тәуелсіз елі­мізде бейбітшілік салтанат құ­рып, болашаққа үміт артқан жар­қын істер жоспарлануда. Әлемді мойындатқан ел басшылары қа­зақ мемлекетімен санасатын деңгейге көтерілдік. Яғни, Қа­зақ­стан өзінің өнегесі арқылы ша­ғын халқы бар мемлекеттің бүкіл әлемнің дамуына қалайша ықпал ете алатынын көрсетіп берді. Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту, интеграциялық бастамалар, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ға жаңа серпін беру сияқты игілікті іс­терінің барлығы әлемдік қауым­дас­тық тарапынан жоғары бағаға ие болды. Енді біз осы қарқынды бәсеңдетпей, Қазақстанның және оның азаматтарының жетістіктерін сақтап, одан әрі дамытуға күш салуымыз қажет. Ол үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық ре­ферендумды өткізуді қолдап, оның нәтижелі болуына жұрт болып жұмыла атсалысуымыз керек. Неге? Өйткені, бұл шешім біздің бо­ла­шаққа деген сенімімізді нығай­тып, халқымызды біріктіре түс­пек. «Төртеу түгел болса, төбе­дегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді” демекші, қазақстан­дық­тар Ұлт Көшбасшысының айна­ла­сына бірігуі қажет. Сонымен бірге, осы жылдарда елімізді мекендеген ұлттар мен ұлыстар Президентіміздің биік адамгершілігін, кенен ақылын, ел бас­шы­сы ретіндегі кемел саясатын ай­қын аңғарып, жете таныды. Сон­дықтан Елбасының елге болсын деген еңбегін терең сезіне оты­рып, ішкі және сыртқы эконо­ми­каның өркендеуі үшін, қоғамдағы тұрақтылықты берік бекемдеу үшін, халықтың бірлігін нығайту үшін, биліктің баянды болуы үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі ұсы­ныс­ты «Жамбыл гуманитарлық-техникалық» университетінің пе­да­гогикалық ұжымы мен студенттері бірауыздан қолдап, қол жи­науға бір кісідей атсалысады. Жамбыл облысы.

Әлі де берері көп

Сайлау БІЛӘЛОВ, Социалистік Еңбек Ері. 2010 жылдың 23 желтоқсанында Өскемен қаласында ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту жөнінде форум өткізілген болатын. Сол форумда бастамашы топ құрылып, осы мәселе жалпыхалықтық референдумға ұсынылды. Кезінде Абылайханнан «Не арманың бар?» деп сұрағанда: «Үш жүздің басын қоссам деп едім, қоса алмадым. Қала салсам деп едім, сала алмадым. Қа­зақ­ты біртұтас ел етсем деп едім, ол арманыма да жете алмадым» деген екен. Алаш асылдарының осын­дай мақсатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ хал­қы­ның сан ғасырлық аңсаулы арманын іске асырып, Тәуелсіз Қазақстанды құру еліміздің Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің, нағыз ерлігінің арқасында болды. Өз ұлтының азамат­тарының басын қоса алмай жүр­генде жан­жалдасып, атысып жатқанда, Қазақстанда тұратын көптеген этнос өкілдері қазақтың қасиетті де берекелі шаңырағының астында топтастырылып, олар­дың бірлігін, ынтымағын нығайтудағы ұлтара­лық және конфессияаралық келісімді, қоғамдағы татулықты үйлестірудегі Мемлекет басшысының ерлікке толы еңбегін, бүгінде тек қана қазақстандықтар емес, бүкіл әлем көріп, мойындап отыр. Менің ойымша, біздің елі сенген, әлем мойындаған, ғаламат күш-жігерлі Көшбасшымыз бар. Президенттің елімізге бергені де көп, берері де көп. Сондықтан халқымыздың ол адамға сенім артарына күмәнім жоқ. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы.

Халық сенімі ерекше

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде Елбасымыздың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде жиналыс болып өтті. Бұл жиналыста шы­ғыс­қазақстандықтар Үндеуін игілікті бастама ретінде алғаш­қы­лар­дың қатарында қызу қуат­та­ған білім мен ғылым сала­сын­дағы интеллигенция өкілдері бол­ды. Бұған Алматы қала­сын­дағы зиялы қауым өкілдері, Ұлт­тық ғылым академиясының академиктері,  Ұлттық инженерлік академияның, жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, оқытушы-профессорлар құрамы, ғылыми-зерттеу институт­тары­ның директорлары және ғылыми орталықтар мен студент-жастар өкілдері қатынасты. Маңызы зор жиналысты Қа­зақ Ұлттық аграрлық универ­си­тетінің ректоры, ҰҒА академигі Тілектес Есполов кіріспе сөз сөй­леп ашып, тұғырлы тұлғамыз бо­лып отырған Президентіміз Н.Ә.На­зарбаев жөнінде мәні мен мазмұны терең  ыстық сүйіспен­ші­лікке толы лебіздерін білдірді. Оның айтқанынан «Елбасымен бір­геміз!» деген қазақстан­дық­тар­дың Елбасымыздың президенттік өкілеттігін ұзартуды қызу қуаттап, қолдап жатқанын аңғару қиын емес. Бұдан кейін сөз алған ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұ­рынов Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 жел­тоқ­санына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өт­кізу өз мерзімінде қолға алынып отырған мәселе екеніне орынды тоқталып өтті. Сонымен қатар Президентіміздің Қарағанды ме­тал­лургиясынан басталған ерен еңбегінің өсу баспалдақтарын байыппен баяндап шықты. Ал, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институ­ты­ның директоры Саттар Мәжитов күні кеше ғана ЕҚЫҰ Саммиті мен онда қабылданған декларация еліміздің абыройы мен беде­лінің тағы да өсе түскендігін нақ­ты дәлелдермен қадап тұрып айтты. Сол сияқты ЖОО қауым­дас­ты­ғының төрағасы Рахман Алшанов Қазақстанның әлемдегі алып отырған орнының айы­рықша екенін, Елбасымыздың жас­тар болашағына қанатты қам­қорлық көрсетіп келе жатқанын жанды мысалдар арқылы жайып салды. Алматы қалалық «Нұр-Отан» ХДП филиалы төрағасы­ның орынбасары Махамбет Бейдәлі, Қазақ қыздар мемлекеттік университетінің ректоры Шәмшә Беркімбаева, Қазақ ұлт­тық аграрлық университетінің про­фессоры, академик Рахымжан Елешов, осы университеттің «Биз­нес және құқық» факуль­те­тінің магистранты Еспол Атағұ­лов, тағы басқа сөйлеушілер Елба­сымыздың сегіз қырлы, бір сырлы асыл қасиеттерін таразы талқысына салып, сараптама жасап берді. Ел мен Елбасының арасындағы ажы­рамас бірлік пен ынтымақтастық­тың нығайып отыр­­ған­дығын өмір­дің өзін­дегідей етіп, көпшіліктің ор­тасына салды. Жиналысқа қаты­насу­шылар қаралған мәселе бой­ынша Үндеу қабылдады. Қанат ТӘКЕБАЕВ, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті баспасөз қызметінің хатшысы.

Еліміздің ертеңі үшін

Елбасына сенім көрсетіп, оның өкілеттігін ұзартатын референдум өткізу жөніндегі пікірлерге біздер Созақ ауданының кәсіпкерлері мен ауыл­шаруашылық құрылымдарының басшылары қол­дау білдіреміз. Қазақ халқының сан жылдар арман еткен, ақ найзаның ұшымен ел қорғаған асыл ерлеріміз аңса­ған тәуелсіздік таңындағы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың арқасында Қазақстанның атақ-даң­қы бүкіл әлемге танымал болды. Елбасымыз әлем­дік қаржы дағдарысынан да елімізді қиындықсыз алып шықты. Күні кеше аяқталған Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті еліміздің абыройын асқақтатып, көк байрағымызды биікке желбіретті. Елімізде 130 этнос өкілдері татулықта, ынты­мақ­тастықта өмір сүріп жатыр. Қазақстан экономикасы жыл сайын алға басып келеді. Елбасымыз кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау жасап, көмегін беруде. Бұл мақсатта Үкімет тарапынан субсидиялар беріліп, оны шаруашы­лығымызды ірілендіруге, дамытуға пайдаланудамыз. Бүгінгі күндері кәсіпкерлік саласы қарқынды даму үстінде. Лизингке техникалар беріліп, оны шаруашы­лықтарға пайдаланып, жермен жұмыс жасауға, ауылшаруашылық өнімдерін молайтуға мол мүмкін­діктер тууда. Ауылды  жерде тұрғандықтан ауылша­руа­шылық өнімдерін мол өндіріп, халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға өз үлестерімізді қосуда­мыз. Кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ешқандай кедергілер болып жатқан жоқ. Президентіміздің жыл сайынғы жолдауларында ауыл шаруашылығы саласын дамыту назардан тыс қалған емес. Ауыл шаруашылығын өркендетуге мемлекет тарапынан қолдау жасалып жатыр. Елбасымыз отандық тауарлардың  мол өндірілуіне барынша мән беру керек екендігін баса айтуда. Соған байланысты біздер кәсіп­кер­лер мен ауылшаруашылық құрылымдарының басшы­лары өнімді молайту жолында барынша еңбек етудеміз. Ел сенімін ақтап, көптеген игілікті істер атқарып жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдің көшін белестен-белеске биіктету үстінде. Елбасымыз арқылы Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Ол өркениетті елдердің озық үлгілерін елімізге алып келіп, Отанымызды дамытуға сүбелі үлес қос­ты. Президентіміздің бастауымен біздің алар асуымыз алда. Болашақта бізді үлкен жетістіктер күтіп тұр. Елбасымыздың бергені көп, берері одан да көп. Тәуелсіздігіміздің, мемлекетіміздің, көп ұлтты, көп конфессиялы Қазақстан халқының көшбасшысы бола білді. Сондықтан, Елбасының өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізуді қолдайтындығымызды білдіреміз. Біз Президентімізге сенеміз, әлі де халықты ұзақ жылдар іскерлікпен басқара береді деген сенімдеміз. Референдум өткізу жөніндегі шығысқазақ­стандық­тардың идеясын толық қолдаймыз. М.Сапаров, Б.Байғараев,  М.Әбілдаев,  З.Әбдіраманова,  Н.Бакенов, Ж.Садырханов. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы.

Жөні осы деп білемін

Б.САПОРОВ, зейнеткер, «Құрмет» орденінің иегері, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы. Еліміз егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет атанғаннан бергі жерде республикамыздың шығысында екі бірдей ауданның тізгінін қолыма ұстаған екенмін. Өз алды­мызға шаңырақ көтеріп, жас мемлекетіміздің уығын тіктеп жат­қан шақ­та­ғы қиындықтар күні бүгінге дейін көз алдымызда. Өткенді ұмытуға болмайды. Сол шақта елге жал­ақы мен зейнетақының уақытында берілмегені шындық. Бірақ, соның бәрі өтпелі кезеңнің қиындығы болып тарихқа айналды. Ел Елбасына, Ел