31 Желтоқсан, 2010

РИЗАМЫЗ САҒАН, 2010!

596 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін біз елімізді әлемге әйгілі  ете түскен  2010 жылдың соңғы күнін тарих төріне разылықпен ұзатып саламыз.

Жемісті, жеңісті жолымыз жалғаса берсін,  ардақты ағайын!

Ел рейтингі көтерілген жыл

Халықаралық рейтинг агенттігінің бағасы осындай

Қазақстан экономикасы әлем­дік дағдарыстан сүрінбей өтіп, дамудың жаңа баспалдақтарына қадам басты. Оны биылғы жыл­дың экономикалық табыстарынан да, қаржы саласының тұрақ­та­нуы­нан да анық байқауға болады. Жақында Standard & Poor`s (S&P) халықаралық рейтинг агент­тігі Қазақстан Рес­публикасының ұзақ мерзімге арналған тәуелсіз несиелік рейтингін тағы да жоғары бағалады. Атап айтқанда, еліміз­дің шетелдік және ұлттық валюталар бойынша міндеттемесін тиісінше «ВВВ-» және «ВВВ»-дан «ВВВ» және «ВВВ+»-ке дейін көтерді. Сонымен бірге, қысқа мерзімді тәуелсіз кредиттік рейтинг міндеттемелері бойынша шетелдік валюта рейтингі «А-3» және ұлттық валюта бойынша рейтинг шкаласын «kzAAA» дәре­жесіне дейін көтерді. Ал ұлттық валюта бойынша қысқа мерзімді тәуелсіз несие рейтингі міндеттемесі «А-3»-тен «А-2»-ге дейін арттырылған. Қазақстанның және Қазақстанның Даму банкінің рейтингілері бұрынғысынша тұрақты болып қалуда. S&P рейтинг агенттігінің болжамынша, Қазақстанда 2020 жылға таман мұнай өндіру екі еселенеді. Тікелей шетел инвестициясы жылына орта есеппен ІЖӨ-нің 8 пай­ы­зы­на тең болады деп болжануда. Агенттік сарапшыларының пікірі бойынша, 2011-2013 жылдары еліміздің ІЖӨ өсімі орта есеппен 7 пайыз болмақ. Экономиканың осындай қарқынмен  қалпына келу үрдісі фискальдық көрсет­кіш­тердің өсуіне алып келеді. 2010 жылдағы сыртқы экономикалық ахуалдың жақсаруы елдің қар­жы­лай және бюджеттік резерв­тері­нің тиісінше 4,2 миллиард және 5,9 миллиард АҚШ доллары кө­лемінде өсуіне әкелді. Бұл өз кезегінде елдің сыртқы актив­тері­нің өтімділігін ІЖӨ-нің 8 пайыз деңгейіне дейін көтерді. Агенттік сарапшылары алда­ғы жылдары да Қытай тарапынан қазақстандық энергия ресурс­та­ры­на ірі инвестициялар салу жал­ғасатын болады, деген пікірде. «Біз Қазақстан Республикасы эко­номикаға және қаржы сек­то­рына байланысты проблема­лар­ды бола­шақ­та да фискальдық және сырт­қы ахуалдарды төмен­дейтпей-ақ шешетін болады деп күтудеміз, –  дейді S&P-ның несиелік сарап­шысы Фрэнк Гилл. – Біз сонымен бірге, шикізат баға­сының бұрын­ғы­сынша жоғары дәрежеде бо­луы және экспорт көлемінің ұл­ғаюы ел Үкіметінің инфрақұ­ры­лымдық жобаларды дамытуына оң ықпалын тигізіп, 2013 жылдары бюджеттің жақ­саруына жағдай жасай­тын­ды­ғына сенімдіміз». S&P халықаралық агенттігі сон­дай-ақ «Қазақстан темір жолы», «Қазтеміртранс», «Қаз­Мұнай­Газ», «ҚазТранГаз» сияқ­ты мемлекеттік компания­лар­дың рейтингін де жоғары ба­ғалады. Бұл компаниялардың рейтингі Қазақстанның тәуелсіз рейтінгімен бірге көтерілуде. Мәселен, «Қазақстан темір жолының» АҚ-тың ұзақ мерзімді несие рейтінгін «ВВ+»-тен «ВВВ-»-ке дейін көтерді. Ал Қазақстан темір жо­лы­ның серіктес ұйымы – «Қаз­теміртранс» АҚ-тың рейтингі «ВВВ-»-ке дейін көтерілді. «Қаз­МұнайГаз» мұнай-газ хол­дингі­нің рейтингі «ВВ+»-тен «ВВВ-»-ке дейін арттырылған. S&P агенттігі «ҚазМұнайГаз» Барлау. Игеру» компаниясының, «ҚазТрансОйл», «Қазпошта», «Аг­рарлық несие корпо­ра­ция­сы» компанияларының, «Қазақ­те­леком» және «KEGOС» АҚ-тардың рейтингтерін де бекітті. S&P халықаралық рейтинг агенттігі «Самұрық-Қазына» мем­лекеттік қорына эмитенттік несие рейтингін шетелдік валюта бойынша «ВВВ» және ұлттық валюта бойынша «ВВВ+» дә­режесіне дейін көтеріп, қор рей­тингі­нің Қазақстанның тәуелсіз несие рейтингіне сәйкес екендігін дәлелдеді. Мұндай жоғары дәрежедегі инвестициялық клас­ты иелену «Самұрық-Қазына» қорына тиімді қаржылық несиелер алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қор қаржы­лан­ды­ратын отандық кәсіпорындар мен қаржы институттарына да өте тиімді жағдай жасайды. Сонымен бірге, халықаралық агенттік «Самұрық-Қазына» қо­ры­ның мемлекеттік холдинг екенін ескере келіп, оған жоғары несие рейтингінің берілуі елдегі экономикалық ахуалдың жақ­са­рып келе жатқандығына айқын дәлел болатындығын атап көрсе­те­ді. Бұл өз кезегінде Қазақстан Үкіметі мен мемлекеттік қор тарапынан іс жүзіне асырылған дағдарысқа қарсы іс-қимыл ша­рал­арының табысты өткендігінің бе­лгі­сі. Бұл орайда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ»  АҚ-тың мем­ле­кеттің 100 пайыздық қатысуымен 2008 жылы құрыл­ғанын айта кету керек. Қор жұмыс істей бастаған жылдар ішінде еліміздің эконо­микалық және қаржылық ахуа­лын жақ­сар­туға айтарлықтай үлес қосып отыр. Еліміздің экономикасының би­ылғы жыл қорытын­ды­сын­дағы жоғары табыстары алдағы уақыт­тағы индустриялық-иннова­ция­лық даму белестерінің биік бола­тындығының дәлелі. Ха­лықара­лық агенттік сарапшылары мұны бірауыздан дәлелдейді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.