15 Қаңтар, 2016

Төрт жылда – 61 нысан

328 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMGM7209Жамбыл облысында 2012-2015 жылдар аралығында «100 аурухана» жобасы шеңберінде 4 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Ал осы жылдар аралығында «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана салу» жобасы аясында 24 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы аяқталып, салтанатты түрде ашылды. Жалпы алғанда, республикалық және жергілікті бюджет есебінен 2012-2015 жылдары 61 денсаулық сақтау нысаны салынды. Елбасының тапсырмасына сәйкес, еліміздің азаматтары, әсіресе, ауыл тұрғындары ста­­ционарды еркін таңдау құқы­ғын пайдаланады. Бүгінде олар өз еркімен облыстық, респуб­ликалық деңгейлердегі емдеу мекемелерін таңдап, тиісті көмек алуда. Емдеуге жатқызу бюросы порталы науқасқа медицина ұйымын еркін таңдауға мүмкіндік ұсынады. Қазіргі таңда науқастардың сұраныстарын неғұрлым то­лық қанағаттандыруға, ресурс үнем­дейтін технологияларды белсенді түрде дамытуға мүмкіндік беріліп отыр. Ауруханалар стационарлық көмек көрсеткені үшін ақыны бұ­­рынғыдай төсек-орын санына қа­рай емес, көрсетілген меди­ци­на­­лық қызметтер көлеміне және нақ­ты шығындарына сәйкес алып отыр. Осының нәтижесінде сара­ланған еңбекақы төлеу жүйесі енгі­зіліп, еркін таңдау құқығы арқылы нарықтық қатынас қалып­тастырылып, ресурстарды тиімді қолдану қамтамасыз етілді. Бұл дәрігерлердің біліктіліктерін көтеруге ынтасын арттырды және медицина қызметкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін дамытуға ықпал етеді. Бұл жүйеде қаражат төлеуге облыс бойынша 2015 жылдың 10 айында 1426111,0 мың теңге бөлінді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңбе­рінде халықты дәрілік заттармен қамтамасыз етуге бөлінген қара­жат мөлшері 2012 жылы – 20,6 млрд. теңге, 2013 жылы – 26,5 млрд. теңге, 2014 жылы – 28,9 млрд. теңге, ал 2015 жылы 30,5 млрд. теңгені құрап отыр. Ана мен бала өлімін төмендету «Саламатты Қазақастан» мем­лекеттік бағдарламасының бас­ты міндеті және мақсаты болып табылады. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың үлес салмағы өте зор. Балалар ме­кемелері мен босануға көмек­тесетін ұйымдарды жабдықтау 2014 жылы 82 пайызды құрады. Қазақстандағы экономикалық өсудің арқасында отандық медицина қарқынды дамып, жаңа биіктерді бағындыра бастады. Таяуда Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Мырзатай ауылдық окру­гінде 60 орындық туберкулезге қар­сы диспансер пайдалануға беріл­ді. Аурухана құрылысына 1 168,4 млн. теңге, ал медициналық құ­рал-жабдықтар үшін 149,6 млн. теңге жұмсалды. Әлеуметтік маңы­зы бар нысанды жобалау және оның құрылысын жүргізу жұмыстарымен «Национальный центр Құрылысконсалтинг» ЖШС мен «Темир-Строй Сервис и Ко» ЖШС айналысты. Үш қабаттан тұратын бұл ауруханада 9 бөлім бар. Бұл диспансер Байзақ ауданы тұрғындарына жоғары кәсіби стационарлы медициналық қызмет көрсету және алдын алу шараларын өткізумен қатар, туберку­лез­ге шалдыққан науқастарға ке­шенді ем-дом жүргізетін болады. Денсаулық сақтау саласындағы қарқынды құрылыстар мұнымен тоқтамайды. Енді биылғы жылы Тараз қаласындағы 300 орындық көпсалалы аурухана мен Меркі және Талас аудандарында 2 емхана пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.