Елімізде енді инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қажетті барлық мемлекеттік қызметті «бір терезе» қағидаты арқылы халыққа қызмет көрсету орталықтарынан-ақ алуға болады. Кеше Астанадағы осындай қызмет көрсету бөлімінің жұмысымен Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев танысты.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «бір терезе» қағидаты арқылы инвесторларға қызмет көрсету бөлімдері жаңа жылдан бері еліміздің барлық облыстарында іске қосылған болатын. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда қазіргі таңда инвесторларға қызмет көрсететін 19 бөлім жұмыс істейді. Оның екеуі Астанада, үшеуі Алматыда, ал қалғаны облыс орталықтарында орналасқан. Бұл бөлімшелер инвесторларға бюрократиялық және әкімшілік салмақты айтарлықтай төмендетеді деп күтілуде.
«Тез өзгеріске ұшырап отырған сыртқы жағдайларда инвесторлар мен шағын бизнес үшін бюрократиялық кедергілерді жоюға қатысты реформаларды жылдам жасау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы министрлікте басымдықты жобалар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызметті жүзеге асырдық. Біз барлық меморгандармен нормативтік-заңнамалық базаны қарастырдық. Енді биылдан бастап кез келген инвесторлар үшін кеңес беру мен барлық рұқсатнамалық құжаттарды ұсыну қамтылып отыр. Яғни, әрбір инвестор меморгандарға жүгінбестен, ХҚО-ға келіп, бір жерден 350 мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік жасалып отыр», деді Ә.Исекешев.
Бұл тұрғыда жерді пайдалану, құрылыс жұмыстарына қажетті құжаттар, сәулеттік-жобалау ғимараттары, инвестициялық шартты бекіту және басқа да қызметтер қамтылып отыр. Атап айтқанда, осы инвесторларға қызмет көрсету секторларында тиісті құжаттарды беру барынша қысқа мерзімде атқарылмақ. Мұнымен қоса министр қазіргі кезде мобильдік қызметтер бойынша жұмыстар жалғасып жатқандығын жеткізді.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында ақпаратқа қолжетімділік бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Биыл 4 маңызды портал құралатын болады. Оның негізгі мақсаты – барлық министрліктер сайттарда бағдарламалар, бюджеттер, сатып алулар туралы барша ақпаратты халық үшін қолжетімді етуге міндетті», деді Ә. Исекешев. Сондай-ақ, министр еліміздің инвестициялық ахуалына да қысқаша тоқталып өтті. «Әлемдегі дағдарыс салдарынан 2014 жылы инвестицияның төмендеуін байқадық. Талдау деректеріне сүйенсек, инвестициялар мұнай-газ және тау-кен секторларында төмендеді. Ал өңдеуші саладағы инвестиция көлемі өзінің деңгейін сақтап қалды», деді Ә.Исекешев. Осы орайда министр дағдарысқа қарамастан, индустриялық бағдарлама өңдеуші салаға оң әсер еткенін атап өтті.
«Біз инвесторлармен жұмыстарды жалғастырудамыз. Индустриялық бағдарлама бойынша жобалардың жалпы пулының 150-ден астамы шетел инвесторларының қатысуымен жүруде. Дағдарысқа қарамастан барша инвесторлар жұмыстарын жалғастыруда, яғни нысандарды жүзеге асыру мен тиісті құрылыс жұмыстары жүруде. Жаңа инвесторлармен жұмыстар атқарып жатырмыз. Күн сайын министрлікке 5-10 инвестор келеді. Біз оларға қай салаға инвестиция салу керектігі, жеңілдіктер алу тұрғысында кеңес береміз», деді. Осы орайда министр енді инвесторлар қарапайым қызметтерді барынша қысқа мерзімде алуға мүмкіндік ашылғанын баса айтты. Алдағы екі жылда халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саны арта түспек. Ә.Исекешев бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында көп қызметтерді алуға болатынын айта келе, «биыл бірнеше құрылымдарды біріктіреміз, осы орайда ел азаматтары халыққа қызмет көрсету орталықтарында 530 қызметті алатын болады. Біз екі жылдың аясында, әрі кетсе үш жылда барлық 700 мемлекеттік қызметті ХҚО-ларда жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», деді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».