15 Қаңтар, 2016

Елбасы үдесі ел ішінде

314 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ҚарағандыдағыҚарағандыдағы «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндіріс­тік холдингінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт ­Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты ­«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласын талқы­лаған жиын өтті. Мәні терең бұл шараға «Фитохимия» холдингінің жетекші ғалымдары, ғылыми қызметкерлері, докторанттар, магис­транттар, жас мамандар және Қарағанды фармацевтикалық зауытының инженер-техникалық қызметкерлері, жиыны 100-ден астам адам қатысты. Елбасы мақаласын талқылау жиынын «Фитохимия» холдингінің басқарма төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Әдекенов ашып жүргізіп отырды. Жиында «Фитохимия» холдингінің бас ғы­лыми хатшысы, химия ғылымдарының кандидаты Гүлім Мұқышева баяндама жасап, жарыссөзге зертхана меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Бораш Төлеуов, Қарағанды фармацевтикалық зауытының директоры, фармацевтика ғылымдарының докторы Евгений Толоконников шығып сөйледі. Гүлім Мұқышева өз баяндамасында Елбасы мақаласында айтылған көкейкесті және өміршең мәселелерге жеке-жеке тоқталып, олардың мән-мағынасын терең талдап түсіндірді. Әсіресе, мемлекеттік қызмет реформасын іске асыру, мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын төлеу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, еліміздің индустриялануын тиімді жүргізу және экономикалық даму, қазақстандықтардың денсаулығын нығайту және өмір сүру деңгейін көтеру үшін отандық дәрілік препараттар өндірісін ұйымдастыру туралы маңызды міндеттердің күн тәртібінде өткір тұрғанын ерекше атап өтті. Инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде техникалық және кәсіптік білімді дамыту, жоғары оқу орындарының ғылыми ұйымдармен және өндіріспен ықпалдастықта жұмыс істеуі, «Барлығы үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» атты жаңа жобаны жүзеге асыру мәселелері де талқылаудан тыс қалмады. Сондай-ақ, Гүлім Мұқышева «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі мен Қарағанды фармацевтикалық зауытының базасында Қарағанды облысында фитофармацевтикалық клас­тер құру мәселесіне баса назар аударды. Бұл кластер отандық фармацевтика саласының дамуы үшін консорциум түрінде жұмыс істейтін болады. Фитофармацевтикалық кластерді дамыту бағдарламасы бойынша отандық фармацевтикалық өндіріс үшін инженерлік қызметкерлер құрамын даяр­лау және қайта даярлау қа­растырылған. Елбасы мақаласында айтылғандай, қазіргі таңда елімізде Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып «Технологияларды коммерцияландыру» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама бойынша 65 ғылыми жоба орындалу үстінде. «Фитохимия» холдингі фармацевтикалық өндіріске инновациялық технологияларды әзірлеп, енгізу үшін өзінің ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру және инвестицияларды тарту бойынша жұмыстар жүргізеді. 2015 жылдың желтоқсан айында «Фитохимия» холдингіне Карачи университеті химия және биология ғылымдары халықаралық орталығының директоры, профессор Мухаммад Икбал Чоудхари (Пәкістан) іссапармен келді. Белгілі ғалым сол сапардың қорытындысында «Фитохимия» холдингінің ғылыми-инновациялық әлеуетіне оң баға беріп, холдингті COMSATS қорының құрамына кіргізуді ұсынды. Ал COMSATS қорының басты мақсаты – ғылым және техника саласы бойынша ислам мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту және бірегей ғылыми-зерттемелерді қаржыландыру. Сондай-ақ, қор ғылым және инновациялық технологияларды дамыту үшін, сонымен қатар, жас мамандарды химия және фармакология салалары бойынша дайындау үшін гранттар бөледі. Холдинг қызметкерлері «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары негізіндегі «Фитохимия» холдингінің алдында тұрған міндеттерді саралап, оларды орындау барысында тиімді болар-ау деген өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.