15 Қаңтар, 2016

Ақтөбеде орталық медициналық жедел жәрдем стансасы салынады

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
15-01-2016-aktobe 01АҚТӨБЕ. 15 қаңтар. Ақтөбеде түріктер орталық медициналық жедел жәрдем стансасын салады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Түркияның Hemogens Health Care компаниясының Ақтөбеде орталық медициналық жедел жәрдем стансасын салатыны туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың компанияның бас директоры Наджие Арпаджымен кездесу барысында белгілі болды. Кездесуде өңір басшысы соңғы бес жыл ішінде аймақта халықаралық стандарттарға жауап беретін 52 денсаулық сақтау нысаны салынғандығын, 52 мекеме ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілгендігін жеткізді. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базаларын жақсарту жолында жұмыстар жүргізілуде, негізінен онкологиялық сырқаттар үшін желілік жеделдеткіш, жүрек ырғағы бұзылған емделушілерге қажетті электрлі физиологиялық лаборатория, көз микрохирургиясы офтальмологиялық жабдық секілді бірегей емдік құралдар сатып алынғанын тілге тиек ете келіп, олардың өңір медицинасын неғұрлым жоғары сапалық деңгейге көтеруге алғышарт жасағанын айтты. Сонымен бірге, денсаулық сақтау саласында шешуді қажет ететін проблемалар да бар екенін жасырмады.  Сондай өзекті мәселелердің бірі – медициналық жедел жәрдем қызметіінің типтік ғимараттың болмауы, автокөліктер мен жабдықтардың шегіне жете тозуы, диспетчерлік қызметтің қазіргі стандарттарға сай келмеуі екенін мәлім етті. «Осыған байланысты біз облыстық жедел жәрдем стансасын аутсорсингке беру туралы шешім қабылдадық. Бұл ретте бізге түркиялық әріптестеріміз көмекке келмек», – дейді Бердібек Машбекұлы. Қазіргі уақытта санитарлық көлік паркінің тозуы 55 пайызды құраса, бұл көрсеткіш бойынша медициналық жабдықтардың да жағдайы мәз емес. Жедел жәрдем бригадаларына жүктеме өте жоғары , өткен жылы ғана ол 29 пайызға көтерілді. Шақырулар саны көбейе түсті, осыған байланысты кешігіп бару жағдайлары орын алуда. Hemogens Health Care компаниясының бас директоры Наджие Арпаджы Түркия мен Біріккен Араб Әмірлігінде өздерінің осындай жобаларды жүзеге асыруда біраз тәжірибе жинақтағанын айта келіп, Ақтөбе өңірінің денсаулық сақтау саласына 5,5 миллиард теңге инвестиция жасалатындығын жеткізді. Облыс әкімі мемлекеттік-жеке әріптестік есебінен тартылған инвестицияның еліміздің батыс аймағында денсаулық сақтау жүйесін және медициналық туризмді дамытуға бағытталатындығына сенім білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша меморандумға қол қойылды. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, сурет: egemen.kz.