15 Қаңтар, 2016

74 жастағы спортшы Рио Олимпиадасына қатысуға ниетті

304 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
15-01-2016-japan 01АСТАНА. 15 қаңтар. Жетпіс төрт жастағы жапониялық шабандоз 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиада ойындарына қатысып, бағын сынауға ниетті. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Жапонияның Ат спорты федерациясы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жасы 70-тен асқан спортшы Хироси Хокэцу іріктеу кезеңіне қатысу үшін өтініш те жіберген. Егер шабандоз қорытынды бойынша Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдама жеңіп алатын болса, Ойындар тарихындағы ең жасы үлкен спортшы атанбақ. Қазіргі таңда бұл атақ швециялық мерген Оскар Сванға тиесілі. Ол 1920 жылы Бельгияның Антверпен қаласында өткен Олимпиадаға 72 жасында қатысып, күміс медальға қол жеткізген еді. Жапон шабандозы Хироси Хокэцу Олимпиада ойындарына алғаш рет 1964 жылы туған елі – Жапонияда қатысқан. Спортты жанына серік еткен шабандоз осы уақытқа дейін үш рет аталған додаға қатысқан екен. Соңғы рет 2012 жылы Лондонда өткен аламанда бақ сынаған ол сайыс кезінде 71 жаста болған. Еламан Қоңыр. Дерек: ТАСС. Сурет: AP Photo.