«Астана Операның» жетекші солисі Әлфия Кәрімова Италияда В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсының тұсаукесеріне қатыспақ. Жарқыраған колоратуралық сопрано иесі 31 қаңтар және 2, 6 ақпан күндері «Карло Феличе» театры сахнасында Донна Анна партиясын алғаш рет орындайды.
Қазірдің өзінде әнші мұнда күнделікті дайындық жұмыстарына ойдағыдай кірісіп кетті. Ол бұл рөлді үлкен жауапкершілікпен орындап шығуды мақсат тұтып отыр. Өйткені, әлемдік деңгейдегі орындаушылардың өзін абдыратпай қоймайтын партияны ол алғаш рет орындамақ, сонымен қатар, ол – әдемі, драмалық күрделі арияларға және нәзік те сазды бірқатар ансамбльдік көріністерге толы болмақ. «Әрбір жаңа сахналық бейне әрқашан хикаяларға, күтпеген оқиғаларға, мейрамдарға толы, сондықтан қажымас еңбекті талап етеді», – деді Ә.Кәрімова гастрольдік сапар алдындағы сұхбатында.
– Солиске, вокалшыға дайын күйінде ештеңе оңайлықпен тие бермейді. Басты партияларды орындау үшін оған қаншама уақыт, үздіксіз жаттығу керек. Олай болмаған жағдайда адамның кәсіби тұрғыда дамуы, өсуі, белгілі бір жетістіктерді иеленуі әсте мүмкін емес. Моцартты шырқау өте күрделі, мұнда дауыстың ырғақтала төгілуі, аспаптарға ілесе алуы, екпінді игеру, вокал позициясын дәл қою және жүз пайыз дауысты игере алу сияқты шеберліктер ауадай қажет, – деді әңгіме барысында ол.
Бір ерекшелігі, қоюшы Розетта Куккидің нұсқасына сай опера желісі 1980-жылдардағы Америкаға ауыстырылды. Ең инновациялық италиялық операның заманауи режиссерлерінің жарқын да батыл спектаклі аса зор көрнекі әсер береді. Дон Жуан – сәнқой да думанды бардың жұлдызы, сондықтан ол айналасындағы әрбір нәзік жаратылыс иелерінің жүрегін тез жаулап алуға тырысады. Ал, Әлфия Кәрімованың кейіпкері Донна Анна әйелқұмар Дон Жуанды еліктірген талғампаз бикеш. Қойылымдағы көптеген қызықты элементтерге, таңғаларлықтай тапқыр идеялар мен әсерлі шешімдерге қарап, операның жеке көзқарасты білдіретін нұсқа екенін түсіну қиын емес.
Айта кету керек, Дон Жуан партиясын Микеле Патти орындайды, Лепорелло – Лучано Леони, Командор – Грэм Бродбент, Дон Оттавио – Патрик Вогель, Донна Эльвира – Раффаэлла Лупиначчи, Церлина – Лилиа Гамберини, Мазетто рөлі Роберто Майетта еншісіне бұйырмақ. 31 қаңтарда операға маэстро Кристоф Поппен, ал 2 және 6 ақпанда Пабл Ассанте дирижерлік етеді деп күтілуде.
Қаршыға КҮЛЕН.