16 Қаңтар, 2016

Жаңаша серпін бастауы

356 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Аккали Аубекеров Орал калалык маслихатынын хатшысыПарламент депутаттарының Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың атына жолдаған үндеуі батысқазақстандық жұртшылық өкілдері арасында тиісті қолдау мен терең түсіністік тауып отыр. Ел мен тұрғындар тілегін әрі олардың сенімдерін арқалап жүргендердің бірі жергілікті мәслихат депутаттары екені анық. Осы орайда, Орал қалалық мәслихатының хатшысы А.Ү.ӘУБЕКЕРОВПЕН әңгіме бүгінгі күні барша қазақстандықтар арасында үлкен жаңғырық туғызып отырған мәселелер жөнінде өрбіді. – Аққали Үмбетқалиұлы, Парламент Мәжілісі мен барша деңгейдегі мәслихат депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау жөніндегі бастама сізді қандай ойға қалдырды? – Жеке өз басыма қатысты айтсам, Парламент депутаттарының Елбасының атына жазған үндеуін «Нұр Отан» партиясының мү­шесі ретінде толығымен қолдаймын. Бүгінгі күні әр қазақстандықтың ел мүддесіне қызмет жасай білуі бұрынғы қай кездегіден де маңыздырақ болып отыр. Бұл мәселе Ел­басының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында да жан-жақты сараланған. Қазіргі күні біз бәріміз жаңа міндеттер мен терең жауапкершіліктер жүктелетін күрделі де сындарлы сәттің алдында тұрмыз. Бір есептен үндеу осындай тың істерді тезірек қолға алу қажеттігінен де туындады деп ой түюге болады. Осылайша, Парламент пен жергілікті мәслихат депутаттары мерзімінен бұрын қайтадан сайланатын болса, тың бастамалар мен іргелі ізденістерге мұрындық бола алатын тұлғалар Парламент қабырғасына келеді деген ойдамын. Сондай-ақ, бұл үрдіс қа­зақстандық қоғамның одан әрі жаңғырып, істе жаңа серпін пайда болуына да өз әсерін тигізе алатынына ешқандай күмәніміз жоқ. Ең бастысы, Парламент депутаттары үндеуі мәні жоғары, қисыны бар шешім деп санаймын. Осы арқылы ұлт бірлігін одан әрі тереңдетіп, дағдарыстың тигізетін зиянын жеңілдету жөнінде ұтымды жолдарды белгілеуге болатыны анық. Қысқасы, мерзімінен бұрын сайлау өткізу қазіргі күрделі кезеңнің талабынан туындап отырғаны күмәнсіз. Жергілікті мәслихат депутаттарының корпусы болып саналатын әріптестерім де бұл ұсынысқа келіседі деген ойдамын. – Ұлт Жоспары мен бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша прак­тикалық қадамдар басталып отыр. Бұған байланысты қолға алынған қандай істерді атап көрсете алар едіңіз? – Өте орынды сұрақ. Осы аптада өткізілген облыстық мәслихаттың кезектен тыс сес­сиясының күн тәртібіне ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы лауазымына мәслихат де­­пу­таттарының келісімін беру туралы мәселе енгізілді. Осы мәселе бойынша жергілікті полиция қызметі басшысы лауазымына бұған дейін бұл салада өзін жақсы қырынан көрсете білген Манарбек Ғабдуллинді тағайындауға келісім берілді. Ол бұған дейін Орал қалалық ішкі істер басқармасының бастығы қызметін атқарған. – Бүгінгі күні жергілікті жерде қоғамдық кеңестерді құру мәселесі айрықша ма­ңызға ие болып отыр. Бұл мәселенің қазіргі жай-күйіне қатысты не айтар едіңіз? – Аталған мәселе жергілікті депутаттар корпусы қызметінің мазмұнын байытып, одан әрі тереңдете алады. Оның мүшелері беделді, іскер, ел арасында абыройлы адамдар қатарынан іріктеледі деп есептеймін. Олар қоғамдағы түйткілді мәселелерді жергілікті билік органдарының назарына жеткізе алатын, ой-өрісі кең адамдар қатарынан жасақталуына назар аударып отырмыз. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.