16 Қаңтар, 2016

Сайлау – халық бірлігін нығайтады

367 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_3497 Заң ғылымдарының докторы, академик Сұлтан САРТАЕВПЕН әңгіме – Сұлтан аға, қазақтың ең жоғары заң шығарушы органның абыройлы ақсақал ардагері ретінде айтыңызшы: Мәжіліс депутаттарының өздерінің өкі­леттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсынысы нақты қандай себептерден туып отыр? – Бірден кесіп айтайын, бұл арада ешқандай да мәжбүрлік жоқ! Мен қазір Парламент пен Үкіметтің жұмысына ті­ке­лей араласып отырған адам емеспін. Көбінде сырттан ғана бақылаймын. Жақ­сысына қуанамын, жаманына мұңаямын. Саясаткерлердің ішіндегі жас жағынан ең үлкені де менмін. Жасым 90-ға келіп қалды. Ал енді Парламенттің ұсынысы туралы кәнігі парламентші-заңгер ретінде айтарым: бұл заманда өзгермейтін ештеңе жоқ. Төңіректегі дүниенің бәрі-бәрі өмірдің талабына сай болу қағидаттарына сәйкес құрылған. Парламенттің өзі ұсыныс жасап отырса, оны мен мақұлдаймын. Мұны еліміздегі ең жоғары заң шығарушы органның болашақ өрістеуді көздегені деп қабылдаймын. Заң бойынша депутаттар өздерінің өкілетті мерзімі ішінде міндеттерін атқара алмаса, ол да оларға үлкен сын. – Сіз депутаттарымыздың өткен қыз­мет мерзімі ішінде 80-нен астам заң жобаларын жасап шығарғанынан хабардарсыз деп ойлаймын? – Әрине, әрине... хабардармын. Бұл Парламент өз миссиясын ойдағыдай орындап шықты. Оған дауым жоқ. Айтпағым, қазақ Пар­ламенті маған қай кезден де ыстық. Мүмкін болса, олардың атқарып жатқан іс-әрекеттерінен хабардар болып отырғанды жаным жақсы көреді. Жасыратын несі бар, кейде олардың жұмысына қар­ным ашып қалатын кездердің өткенін де еске салуға тиіспін. Әсіресе, мен белсенділік танытпай, депутаттың атын жамылған халық қалаулыларын сондай мәртебелі ғимараттан орын алуы дұрыс деп санамаймын. Ондай депутаттардың елге әкелетін пайдасы, өрісті жолы жоқ. Депутат – ойлы, көреген, көпшіл, білгір, тез шешім қабылдайтын алғыр азаматтар болсын. – Соңғы екі-үш күннің ішіндегі БАҚ көлемінде жариялаған ұсынысты қол­даулар басым дауысқа ие болып отыр... – Өйткені, біздің халық өзінің бола­шағына селқос қарай алмайды. Халық үшін елдің, жердің қамын ойлау үрдісі ешуақытта үзілмек емес. Көп жағдайда біздің тағдырымызды шешетін сол Пар­ламент. Елбасының жыл басында жариялаған қазақстандық арманға бастайтын Ұлт Жоспарын мен де тиянақтап оқып шықтым. Қазір бізге бұл бағытта тындырымды қызмет істейтін қағілез, жылдам, жаңашыл депутаттар ауадай қажет. Адам ағзасында қан ауыс­тырған секілді депутаттар қатарын жаңа заман лебіне үндесетін, үлес қосатын азаматтарымызбен толықтырсақ несі айып?! Олардың қата­рында«Президенттік жаңа жобалар аясында біз елімізді қалай еткенде көркейтеміз?» дейтін халық қалаулылары жүрсін. – Әлеуметтік желілерде кейбір сарапшылар дағ­да­рыс кезіндегі сайлау елге салмақ салады деген пікір­лерін де білдіріп қоюда, бұ­ған не дейсіз? – Мен бұрын да талай айтқанмын, қазір де қайталаймын. Біздің еліміздің байлығы қажет десе 1 миллиард халықты асырауға жетеді. Ол елдегі азаматтарымыздың рухани байлығымен үйлескенде, Елбасымыз Нұрекең айтқандай, біз ештеңеден де тар­шылық көрмейміз. Ендеше, елдің мұқтажын қазіргі заманғы ең жоғары технологиялар негізіне бейімдеп, пайдалана білейік. Біздің ата-бабаларымыз сонау Ұлы Дала демократиясының дүрілдеп тұрған кезінің өзінде халықтың болашағын ойлаған жоқ деп айта аласыздар ма? Ойлағанда қандай! Себебі, оның жарқын жемісін, оң нәтижесін бүгінгі таңда өздеріңіз де көріп отырсыздар. Қазақстанның бүгінгі алға қарай жеделдеген ұмтылысы соның айғағы емес пе? Қазақтың маңдайына 100 жылда бір біткен тұлғасы Нұрсұлтан Назарбаев Алла жар болып, жас мемлекетімізді осынау өрісті жолмен, халықтың ұйысқан келісімімен алға бастап жүре берсін деп тілеймін. Бұл кісі бүгінгі күннің патриархы десек, артық айтқаным емес. – Қоғамдық ұйымдар мен барша көп­шілік жаппай талқылап, Парламент Мәжілісі депутаттарының аталған ұсыны­сын қызу қолдауда. Президентіміз қандай шешім қабылдар екен, тәжірибелі заңгер ретінде өз ойыңызбен бөлісіңізші. – Нұрекең бұл Парламенттің ұсынысын қолдауы керек қой деп ойлаймын. Бұл сайлаудың салмағы өзін өзі ақтайтын сайлау болғалы тұр. Өйткені, депутаттар бастамасы Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауларын өткізу негізіне құрылған. Ол ең ал­дымен, бүгінгі заманның сұранысына жауап береді. Елбасының еліміздің алдына қойған ауқымды міндеттерінің өзі де осынау жаңашылдықты талап ет­іп отыр. Оның үстіне, сайлау қай кезде де халықтың бірлігін бұрынғыдан да ны­ғайтады, дағдарысқа қарсы бағыттың қуатын бұрынғыдан да күшейтеді, сіз білесіз бе?! – Сұлтан аға, маңызды әңгімеңіз үшін үлкен рахмет. Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан».  АЛМАТЫ.