16 Қаңтар, 2016

Халық қалауы – жас буын

326 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қаржаубай газеткеЕлбасы Н.Ә.Назарбаев жаһандық қатерлерді шұқып көрсетіп, еңсеретін нақты жоспарын ұсынды. Бес институттық реформаны жүзеге асырудың «Жол картасын» жасады. Жаһандық нақты ахуал жағдайын сарапқа сала отырып «100 қадам» Ұлт Жоспарын дайындады. Осы Ұлы Жоспарды нақты өмірде іске асыру қайнар көздерін көрсетіп «Ұлт жоспары – Қазақстандық арманға бастайтын жол» атты саяси мақаласын халқына арнап іс басында отырғандар алдына қойды. Онда қозғалған мәселелердің бірнешеуіне тоқталсақ: біріншіден, кадрлардың кәсіби деңгейін көтеру. Бұл дегеніңіз басшылық кадрлармен қатар қоғамды алға сүйрейтін жұмысшы тобына қазіргі дәуірдегі ғылыми-техникалық прогресті игерту, әлемдік стандарт деңгейінде өнім өндіретін мамандарды дайындау деген сөз; екіншіден, заң саласын реформалау. Мұның да қатпар-қатпар қыртысы, саяси және саналық иірімі, асу бермес айқай дүниесіне таза ауа кіре бастады; үшіншіден, еңбекті бағалау. Бүгінгі жағдайда жұмысшылар мен дихандардың төккен тері мен еткен еңбегінің жемісін басшысы көретін әділетсіз жүйені орнына қоюға үлкен ықпал ететінін айту жөн сияқты; төртіншіден, ашық мемлекет құру. Жемқорлық жайлаған мына заманда халықтың қалтасынан жиналған үкіметтік қаржы мен жер байлығынан құйылып жатқан мол байлықтың қайда, неге жұмсалып жатқанын анық та ашық бақылап отыру үшін құқықтық тетігі қажет еді. Міне, сол мөлдірлікті, әділеттілікті, адалдықты іске асыратын жүйе көзін Елбасы нақты көрсетіп берді; бесіншіден, инвестиция, инновациялық-индустриялық бағытты мықтап ұстанып ел байлығын молайту жолын Елбасы тағы да нақтылап берді. Осының бәрі, айналып келгенде, Тәуелсіздікті сақтау, ұлттық ұйысу процесін қалыптастыру болмақ. Мұнда экономикалық бірлікпен қатар, елдің идеялық-рухани саласын қалыптастыру мәселесі тұр. Идеялық-рухани бірігу, топтасу ғана емес ұю, ұйысу. Мұнда ұлтаралық келісім, бүкіл халықтың, ұлттың ұлттық ұйысу мәселесін Елбасы сөз етіп отыр. Бұл өте үлкен әрі жауапты және қазақ қоғамы үшін қажетті процесс. Бұл процесті іске асыру арқылы Тәуелсіздігімізді мәңгілікке сақтай аламыз. Елбасы елімді, халқымды қайтсем дағдарыстан алып шығамын деп жанталасып жатқан кезде, Мәжіліс депутаттары мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы бастама көтерді. Бесінші шақырылымдағы депутаттар да хал-қадерінше жұмыс жасады. Олардың жасаған ісін бағаламай қоюға болмайды. Елбасының жоғарыда біз айтқан Ұлт Жоспары және оны іске асыру нақты қадамдарын өмірге енгізу үшін билік пен халықтың арасын ұйыстыратын жаңа күш, жаңа леп, жаңа идея, жаңа буын қажет болып тұр еді. Міне, соның күні туды. Жаңадан шақырылатын Парламент сайлауына ой еркіндігі бар, заманның ауанына қарай тың идеялар ұсына алатын, халық пен Үкіметтің арасын байланыстыратын мемлекетшіл азаматтар, соның ішінде жастар мол болса, ел басқару ісінің жүйке-жүйесіне таза қан жүгірер еді. Сонда бүкіл әлем толғатып отырған осынау алмағайып заманда қазақ қоғамы ұлы өзгерістерге қазіргіден де гөрі белсенді ілесер еді. Және де Елбасы ұсынып, халқымыздың арманына айналған Ұлт Жоспары жүзеге асып, Тәуелсіздіктің қасиетті Көк туын тік ұстап, қазақ қоғамының маңдайы жарқырай түсер еді. Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, профессор, түркітанушы. АСТАНА.