16 Қаңтар, 2016

Сарапшылар пікірі салиқалы

328 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Алматыдағы өкілдігінде Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында айтылған өзекті мәселелерге қатысты отандық сарапшылар баспасөз брифингін өткізді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен болған кездесуге Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының Алматыдағы өкіл­дігінің жетекшісі, саяси ғылым­дар кандидаты Мәдина Нұрға­лиева мен Философия, саясаттану және дінтану институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов қатысты. Мемлекеттің дамуы және қо­ғамның рухани-мәдени ілгері басуы үшін ұрпақ тәрбиесі мен қоғамды рухани сауаттандырудың маңызды екенін атап өткен С.Нұрмұратов қазақ халқына ұлттық идеяның ауадай қажет екендігіне тоқталып, әлемнің өркениетті елдердің саяси-рухани даму технологияларынан көптеген мысалдар келтірді. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда жариялаған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламасында өзінің бұдан бұрынғы Жолдауында айтылған негізгі ойларын тереңірек қозғап, елі­міздің стратегиялық маңызды бағы­тын ашып берді. Жолдауда ұсыныл­ған маңызды 5 реформа тікелей өмі­ріміз­дің әрбір саласына аса қажетті тұжы­рымдар екендігі нақты көрініс тапқан. Әлемді жайлаған дағдарыстың ықпалында түрлі үдерістер жүріп жатыр. Экономика, саясат, дін мә­селесінде туындаған түсініспеу­шілік­терден Қазақстан қоғамын сақтап қалу үшін тың идеялар, даму тетігі керек болды. Міне, Мемлекет басшысы осындай адамзаттың дамуына орасан зор ықпал ететін идеяны «Ұлт Жоспары» деген ұғымның ішіне сыйдырып отыр, – деді профессор Серік Нұрмұратов. Ұлттық құндылықтарды өр­ке­ниеттік құндылықтармен қатар дамыта отырып, қоғамның саяси, құ­­қық­­тық сауатын арттыруға ерекше мән берілу жұмысы елімізде дұ­рыс жол­ға қойылып отырғандығын сөз ет­кен Стратегиялық зерттеулер инс­ти­тутының Алматыдағы өкілдігі­нің жетекшісі М.Нұрғалиева журна­листер мен еліміздің өзге өңірлері­нен тікелей эфирде қойылған сұрақ­тарға экономикалық және құқықтық мә­селелер орайында жауап беріп отырды. – Елбасы ұсынған идеяларда біз­дің қоғамға аса қажетті инс­ти­тут­тық жүйелерді жаңғырту талабы алға қойылған. Осының ішінде қа­зақ­стандық қоғам үшін жауапкершілігі жоғары саланың бірі – сот жүйесі. Сот жүйесіне қоғамға пайдалы өзгерістер енгізе отырып, оның құрамында кездесетін сот ісін жүргізуші мамандар біліктілігін саралау, сыбайластық көрініс табатын тұстарды болдырмау, мамандыққа сай сұраныстың аздығы секілді кемшіліктерді болдырмау. Міне, Мемлекет басшысының халыққа ұсынған идеясында ұлт дамуын ілгері бастыратын аса маңызды стратегиялық қадамдар нақты қамтылып отыр. Осыған орай бұдан былайғы жерде сот жүйесіне мамандар тарту жұмысы қатаң талаптарға сай жүргізілетін болады. Сонымен қатар, құқық қорғау саласына да жағымды өзгерістер енгізілуде. Атап айтсақ, жергілікті полиция қызметін жандандыру мәселесі де бүгінгі таңда қоғам дамуы үшін маңызды рөл атқаратын әлеуметтік-саяси құрал. Бұл екі институттық жүйе қоғамның құқық қорғау саласына деген сенімін арттырып, ел тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі кілті деп сенімді түрде айтуға болады, – деді Мәдина Нұрғалиева. Орталық коммуникациялар қызметінің Алматыдағы өкілдігінде өткен баспасөз брифингіне қатысқан мамандар саясат, құқық қорғау, рухани және діни қатынастарға қатысты еліміздің өзге де өңірлерінен тікелей эфир арқылы қойылған сұрақтарға жауап берді. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.