16 Қаңтар, 2016

Биыл Орталық Азияны қандай оқиғалар күтіп тұр?

232 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі бірлесіп, «Орталық Азия-2016: трендтер мен сын-қатерлер» атты тақырыпта тұсаукесер жиын өткізді. Тұсаукесер деп отырғанымыздың жөні бар, себебі, бұл ыңғайдағы басқосу стратегиялық институт тарапынан алғаш рет ұйымдастырылды. «Негізінде тәжірибеде көптеген экономикалық құрылымдар жаңа жылдың алғашқы айының бірінші жартысында сол жылға қатысты өзінің болжамдарын, өз­дері шұғылданатын бағыттарға байланысты шолулар жасайтын дәс­түр қалыптасқан. Осы дәстүрге сәйкес біз де өз шолуымызбен таныс­тырғанды жөн көрдік. Мұндай бол­жамдардың міндеті сарапшылар қауымдастығын басты тақы­рып­тарға бағдарлау, олардың назарын белгілі бір қызығушылық тудыратын тақырыптарға аудару болып табылады», – деді өз сөзін­де Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің жанындағы Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер инс­ти­тутының директоры Ерлан Қарин. Оның пікірінше, 2016 жылдың басты оқиғаларының ішінде әлемдік нарықтар конъюнктурасының нашарлауы және Орталық Азия елдеріндегі экономикалық өсім қарқынының төмендеуін айтуға бо­лады. Сондай-ақ, Еуразиялық кеңіс­тіктегі экономикалық өзара іс-қи­мыл­дардың жаңа жолдарын іздеу де биылғы жылдың еншісіне тиеді. Бұл заңды да болар. Өйткені, әлемдік дағдарыс, Ресей эко­номикасының бәсеңдеуі өз кезегінде тығырықтан шығудың басқа да жолдарын іздеуге мәжбүрлейді. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұсынып отырған 10 негізгі оқиғаның үштігін – Ор­та­лық Азияда Қытайдың инвес­ти­циялық қатысу үрдісінің кеңеюі түйіндейді. «Қытай Орталық Азия елдері үшін бұрыннан да басты сауда серіктесі болып табылады. Алайда, осы жылы аталған мәртебесінен бөлек Қытай басты инвестициялық серіктес мәртебесін де нығайта түседі», – деді Е.Қарин. Ол сондай-ақ, қытайлық инвестиция Орталық Азияда кейбір өңірлік маңызды жобалардың негізгі қозғаушы күші болып табылуы мүмкін. Осы тұста Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың өткен жылы қыркүйек айындағы Қытайға сапары барысында 23 миллиард долларға келісім жасалғанын еске салып өтті. Енді әрі қарай Қазақстан Рес­публикасы Президентінің жа­нындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сарапшылары айқындаған Орталық Азия елдеріне қатысты қалған басты оқиғалармен оқырманды таныстыра кетелік. Ауғандық фактордың ай­мақ­тық қауіпсіздік өзекті болуы да назардан тыс қалмақ емес. Осы ретте күрделі әскери-саяси жағдайдың ая­сында биліктің шоғырлануы мен үкі­меттің тұрақты жұмыс істеу мә­селелері маңызды бола түспек­ші. Сирия шиеленісіндегі тер­рорлық қауіп-қатерлердің ұлғаюы Орталық Азия елдері үшін жаңа сын-қатер болуы мүмкін. Аймақтық қауіпсіздік сала­сындағы Орталық Азия елдерінің күш-жігерінің белсенденуі. Яғни, 2016 жылы аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланатын бірқатар басқосулар мен кездесулер өткізіледі деп күтілуде. Орталық Азия елдерінің ке­зекті электоралды жүйеге енуі. Ау­ғанстан билігі үшін салмақты сы­нақ болатын парламенттік және жергілікті кеңес сайлаулары өтпекші. Қырғызстанда сая­си күштердің орналасуын анықтай­тын жергілікті кенеш сайлауы да маңызды оқиға қатарында болмақ. Аймақтық көлік және энер­гетикалық жобалардың дамуының жаңа кезеңі. Ең маңызды оқиға­лардың бірі Түрікменстан – Ау­ғанстан – Пәкістан – Үндістан газ құбырының құрылысы және «CASA-1000» Орталық Азиядан Оңтүстік Азияға электр беру желісі құрылысының басталуы болмақ. Өз­бекстанда Қытай – Орталық Азия – Еуропа халықаралық көлік дәлізінің басты бағыт санала­тын «Ангрен-Пап» теміржол магис­тралі іске қосылады деп күтілуде. Иранның аймақтық үде­ріс­терге қайта оралуы. Халықаралық санкциялар алынғаннан кейін Иран экономикалық және сыртқы саяси қызметін белсенді жүргізе бастады. 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанды тұрақты емес мүшелікке сайлану бойынша дауыс беру. Халықаралық қарым-қатынастар жүйесінің трансформациясы мен өсіп келе жатқан жаһандық сын-қатерлердің аясында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше құрамына кіру Қазақстанның ғана емес, тұтастай алғанда ортаазиялық аймақтың халықаралық дербестігін күшейтеді. «Аталған мәселеге байланысты науқан қыркүйек айына дейін жалғасып, қыркүйек-қазан айларында дауыс беру өтуі мүмкін. Қазақстанның кандидатурасын көптеген ел қолдайды. Өйткені, Қазақстан өңірдегі ірі ойыншының бірі болып табылады. Қазақстанның салиқалы халықаралық ұйым тарапынан жаңа мәртебеге ие болуы бүкіл ортаазиялық өңірдің аймақтық, халықаралық саяси процестерде рөлінің артуына септігін тигізеді» деді қорытынды сөзінде Е.Қарин. Сонымен, Орталық Азия ел­дері­нің саяси және экономикалық дамуы, тұрақтылығы мен қауіп­сіздігі үшін мән-маңызы жоғары 10 негізгі оқиғаға байланысты Қа­зақстан Республикасы Пре­зи­дентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сарапшыларының шолуынан жан-жақты хабардар болдық. Аталған таныстырылым барысын­да Ж.Сарабеков, В.Додонов, С.Көш­­кімбаев, Е.Хон сияқты са­рап­шылар өз ойларын ортаға салды. Жақсы тәжірибенің жалғасы қа­лай болатынына, сарапшылардың болжамы қаншалықты ақиқатқа жақындайтынына алдағы уақытта куә боламыз. Келер күндері қауіп-қатерлерді емес, ізгілікті оқиғаларға таныстырылым жасайтын сараптамалар көп болсын. Ал әзірге халықаралық институттардың тәжірибесі қазақ топырағына да жұғысты болғай дегіміз келеді. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».