16 Қаңтар, 2016

Комедия актері ел басқарады

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Без имени-1Бұдан былай Орталық Америкада орналасқан Гватемала мемлекетін комедия актері Джимми Моралес басқарады. Бүгінде ол президент лауазымындағы жаңа қызметін бастап кетті. Жергілікті телевидениенің хабарлауынша, ұлықтау рәсімі ел астанасы – Гватемала қаласындағы ұлттық театрда өткен. Салтанатты жиында Джимми Моралес ант қабылдап, президенттік лента­ны қабылдап алды. Аталған рә­сімге он шақты мемлекеттің басшысы, сондай-ақ, АҚШ-тың вице-президенті Джо Байден қатысты. Д.Моралес 2015 жылдың қазан айында өткен сайлаудың екінші кезеңінде жеңіске жетіп, Гватемаланың 50-ші президенті атанды. Негізі гватемалалықтар үшін Д.Моралес бірінші кезекте комедия жанрындағы актер әрі режиссер ретінде жақсы таныс. Актердің жергілікті телеарналардың бірінен жексенбі сайын беріліп отыратын әзіл-оспақ бағдарламасы зор сұранысқа ие. Сондай-ақ, 46 жас­тағы саясаткер, төрт баланың әкесі кәсіпкерлікпен де айналысады. Одан бөлек, су жаңа президент қорғаныс және қауіпсіздік салалары бойынша мамандықтардың магистранты екенін де атап өткен жөн. Саяси сахнадағы қадамын ен­ді бастаған Моралес жаңа қыз­ме­тінде Гватемала үшін ең ма­ңыз­ды мәселенің бірі – сыбайлас жем­қор­лықпен күрес жүргізуге уәде берді. Сондай-ақ, ол жұмысының ең бас­ты бағыты ретінде әлеуметтік жағ­­дайы нашар жергілікті халық­тың азық-түлік мәселесін шешу, білім беру жүйесіндегі өзекті сұ­рақ­тарды қолға алу және кәсіп­керлікті да­мытуға қолғабыс жасау екенін атап көрсетті. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».