18 Қаңтар, 2016

Атырауда жас маманнан мемлекет пайдасына жәрдемақы өндірілді

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
18-01-2016-atyrau 01АТЫРАУ. 18 қаңтар. Атырау облысының Исатай ауданына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен жұмысқа келген жас маманнан 98 910 теңге көлемінде көтерме жәрдемақы сот арқылы мемлекет пайдасына өндірілді. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Исатай ауданы әкімінің аппараты жас маманнан көтерме жәрдемақыны өндіру жөнінде аудандық сотқа талап арызбен жүгінген. Оған Аққыстау орта мектебіне «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен мұғалім болып жұмысқа орналасқан жас маманның екіжақты келісімді бұзуы себеп болған. Жас маманға бағдарламаға сәйкес жергілікті бюджеттен бір жолғы көтерме жәрдемақысы берілген. Оның көлемі – 98 910 теңге. Әкімдікпен арада жасалған келісім бойынша жас маман сол мектепте 5 жыл жұмыс жасауға міндеттеме алған. Алайда, жас маман көрсетілген мерзімнен бұрын өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазыпты. Демек, бағдарлама және екіжақты келісім талаптары бұзылған. Әкімдік аппараты мен жас маман арасындағы азаматтық істі қараған Исатай аудандық сотының шешімімен жауапкерден, яғни, жас маманнан көтерме жәрдемақы – 98 910 теңге және 2 968 теңге көлеміндегі мемлекеттік баж өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі. Сурет: askeri.sud.kz.