18 Қаңтар, 2016

Атырауда сұлулық салонында шатасқандар сотқа жүгінді

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
18-01-2016-aiyppul-01АТЫРАУ. 18 қаңтар. Атырау облысының Жылыой аудандық сотында сұлулық салонында шатасқан нәзік жандылардың ісі қаралды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Оқиғаның өрбуіне төмендегі себептер негіз болған. Өткен жылдың 30 қазанында Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы «Санта Мария» сұлулық салонына келушілер тепсе темір үзетін зіңгіттей жігіттердің емес, үйдің берекесін келтірер екі нәзік жандының арасындағы дау-дамайдың үстінен түседі. Нақтырақ айтқанда, кейіннен жәбірленуші ретінде сотқа талап арыз түсірген әйелдің жауап берушімен араздасуына соңғысының теріс әрекеті түрткі болыпты. Жәбірленуші жауап берушіге қызы мен күйеу баласының арасына түсіп, айрандай ұйыған отбасының бұзылуына себепкер болды деп кінә тағыпты. Осы мәселені өзара шешу мақсатымен сұлулық салонына келіп, ашумен ауыр сөздер айтқан. Ал жауап беруші ауыр сөздермен жауап қайтарумен шектелмей, өзін ұрып, көзіне жеңіл жарақат салды деп сотқа жүгінген. Алайда, сот барысында жауап беруші сұлулық салоны ішінде жәбірленушіге қол жұмсамағанын, керісінше, жәбірленуші өзінің ар-намысына тиетін ауыр сөздер айтқанын мәлімдейді. Тіпті сол жерге полицияның да болғанын алға тартып, жәбірленуші сұлулық салонына келгенде көзін уқалап отырғанын, ұрыс-керіс басталмас бұрын оның көзі ауырғанын байқағанына дәлел ретінде түсіріп алған фотоны іс материалдарына тіркеуді сұраған. Жылыой аудандық соты тараптардың уәждерін тыңдап, жауап берушіні Қылмыстық кодекстің 108-бабымен кінәлі деп тануға үкім шығарды. Сөйтіп, оған 35 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 69 370 теңге көлемінде айыппұл салынып, бұған қоса сараптамаға жұмсалған шығын – 8 755 теңге 33 тиын мемлекет пайдасына өндірілді. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі. Сурет: egemen.kz.