20 Қаңтар, 2016

Атырауда жүргізуші шартты жаза алды

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
20-01-2016-atyrau 01АТЫРАУ. 20 қаңтар. Атырау облысындағы Исатай аудандық сотының үкімімен жүргізуші бөтеннің көлігін рұқсатсыз жүргізіп, қасындағы жолаушының бірінің өліміне, екіншісінің денсаулығына қатерлі зиян келтіруге себепші болса да 5 жыл мерзімге шартты түрде сотталды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. «Сотталушы алкогольдік масаң күйде «Үш көпір» елді мекеніндегі тұрғынның иелігіндегі «Газ 33021 212» маркалы автокөлігіне жолаушы ретінде үш адамды отырғызып алып, көлік иесінің рұқсатынсыз көлікті айдап кетеді. Х.Ерғалиев селосы бағытына қарай қара жолмен кетіп бара жатып, басқару жүйесін игере алмай, жол апаты оқиғасына ұшырайды. Осының салдарынан автокөлікте отырған жолаушылардың үшеуі де автокөліктің салонынан сыртқа құлап, оның бірі алған ауыр дене жарақатынан оқиға болған жерде қаза тапты. Ал тағы бір жолаушының денсаулығына қатерлі зиян келген. Басты сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындаған», – деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев. Исатай аудандық сотының үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 200-бабының 1-бөлігімен және 346-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылды. Алайда, оған Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, тағайындалған жаза көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзім және 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру шартты деп есептеліп, пробациялық бақылау белгiленді. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі. Сурет: rod-pravo.org.