20 Қаңтар, 2016

Алматы кітапханалары Тәуелсіздікке тарту жасайды

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
20-01-2016 library 2АЛМАТЫ. 20 қаңтар. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты Алматы кітапханалары бірқатар шара ұйымдастырмақ. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздігімізге – биыл 25 жыл.  Осы орайда ұрпақ тәрбиесіне қомақты үлес қосып жүрген кітапханалар да   мерейтойлы жылда бірқатар шара өткізуді жоспарлап отыр. Тәуелсіздігімізге тәу ете отырып алғашқы іс-шара ҚР Ұлттық Ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінде «Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз ғұмырлы болсын!» деген атпен бастау алды. Шараға Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасының директоры Сапақова Гүлсім Сағатпайқызы, Алматы технологиялық университетінің тәрбие жөніндегі проректоры Батхолдин Қалтай Сейтқажыұлы ҚР Жазушылар Одағының хатшысы, ақын  Маралтай Райымбекұлы  қатысты. ...Тамырынан таратылып текті сөз, Ал, арманшыл асыл халқым көкті кез. Көк байрақты, қыран текті қазаққа Күн астында қанат жаяр жетті кез! –дейтін ақын Маралтайдың рухты жырлары сарбаздарды серпілтті. Шарада тәуелсіздіктің құндылығы туралы айтылды. ҚР Ұлттық Ұланның 5571 әскери бөлімшесінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары бойынша бөлім басшысы Арман Керімқұлұлы келген қонақтар мен сарбаздарды құттықтап, осы шараға белсене қатысқандарға қолбасшылық атынан алғыс хаттар тапсырды. Салтанатты жиын соңынан дәстүрлі әншілер: Бақтияр Ақымжан, Әліби Бекайдар, Азат Болатұлы және жас эстрада әншісі Бағлан Дархан ән-жырдан шашу шашты. Айнаш Есали. Дерек, сурет: egemen.kz. 20-01-2016 library