04 Ақпан, 2016

Сайлаушылар саны өсті

308 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
020413_1Қазіргі күні Орал өңірінде биылғы жылдың 20 наурызына белгіленген Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттары сайлауларына қатысуға құқылы сайлаушылар саны әжептәуір өскені белгілі болып отыр. Яғни, облыста биылғы 2016 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша сайлау­шылар саны 430 мың 865-ке жетіпті. Сөз жоқ, мұны оң әрі жағымды жайт деп қарастырғанымыз орынды. Батыс Қазақстан облыстық сайлау ко­миссиясының хатшысы Жасұлан Нұр­ғожиннің айтуынша, өткен жылы өткі­зілген Президенттік сайлау кезінде ай­мақта 404 мың сайлау­шы болған. Жо­ғарыда айтып өткені­міздей, арада 1 жылға жетер-жетпес уақыт өткен кезде олардың саны 27 мыңға өскен. Осыған байланыс­ты облыстық сайлау комиссиясы қо­сым­ша іс-шаралар жүргізуді қажет деп тапты. Бұл, біріншіден, қосымша сайлау учаскелерін құру қажеттігінен туын­­даған. Осыған орай өңірде 21 қо­сым­ша сайлау учаскесі құрылды. Оның 17-сі облыс орталығы – Орал қала­­сында болса, 3-еуі аудандарда ірге көтер­ді. Бұған қоса, барлық сайлау ко­миссия­лары­ның құрамдары орналасқан нүктелер мен олардың шекаралары анықталды. Қысқасы, бүгінде облыста Пар­ламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға әзірліктің бастамасы тәп-тәуір деуге болады. Қазіргі таңда өңірде сайлаушылар тізімі жасалып, олардың саны нақтылану үстінде. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.