Кеше Қазақстан Республикасында Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия мүшелері (СБРҚК) «Нұр Отан» партиясының сайлауалды штабында болып, оның өкілдерімен кездесті.
Кездесуге СБРҚК төрағасы Нұрлан Ерімбетов пен комиссия мүшелері Жабайхан Әбділдин, Камал Бұрханов, Аманқұл Серікбаев, Тамара Ширмер, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары – «Нұр Отан» партиясы сайлауалды штабының жетекшісі Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясының хатшылары Фархад Қуанғанов пен Қаныбек Жұмашев қатысты.
Кездесу кезінде электоралды науқанның барысы талқыланып, сайлау үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оның барлық кезеңдерінде СБРҚК байқаушыларының «Нұр Отан» партиясының сайлауалды штабымен өзара іс-қимылының әдіс-тәсілдері нақтыланды.
СБРҚК төрағасы Нұрлан Ерімбетов Комиссияның көп жылғы жұмыс тәжірибесі туралы айта келіп, қоғамдық байқау Қазақстандағы сайлаулардың ажырамас бөлігі ретінде серпінді дамып келе жатқандығын атап көрсетті:
– Комиссия бес электоралды циклды табысты өткерді. Біздің байқаушылар сайлау науқанының барлық кезеңдерінде байқау мен жүйелі мониторингтерді қамтамасыз етіп, сайлау күресіне қатысушылардың барлығы үшін бірдей жағдай жасалуын, қазақстандықтардың сайлау құқығының сақталуын қадағалайды, – деп атап өтті Н.Ерімбетов.
СБРҚК мүшесі Камал Бұрханов Комиссия байқаушыларының қатарына үкіметтік емес ұйымдар, тәуелсіз БАҚ-тар өкілдері, қоғамдық белсенділер енгенін көлденең тарта келіп, олардың сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.
Асқар Мырзахметов сайлау науқанының барысында қоғамдық байқаудың маңызы жоғары екенін атап өтті:
– «Нұр Отан» партиясы, еліміздегі жетекші саяси күш бола отырып, сайлаушылар мен кандидаттардың конституциялық құқықтары қатаң сақталуы қамтамасыз етілетін ашық та мөлдір демократиялық сайлау өткізуге мүдделі. Осы тұрғыдан келгенде, СБРҚК тәуелсіз қоғамдық ұйым ретінде маңызды миссия атқарады, – деді А.Мырзахметов.