● Республикамызда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алу жеңілдетіледі. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, енді еліміздегі кәсіпкерлер жерлерді кадастрлық құнының 50 пайыздық жеңiлдiк бағамен 10 жылға дейін бөліп төлеу арқылы жалға алуға болады. Сонымен қатар, шетелдік компанияларға жерді жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылды.
● Елімізде жалға берілетін тұрғын үйлердің салығы төмендетілді. Бұл «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамының желісі бойынша жүзеге асырылды. Жалпы, аталған компания 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында «Жалдамалы тұрғын үй» жобасының басты операторы.
● Өткен жылы еліміздің оқушылары білім бәсекесінен 1300-ден астам медаль жеңіп алған. Дарынды шәкірттер бір жылда 30-ға жуық халықаралық білім додасына қатысып, 276 алтын, 384 күміс, 629 қола медаль, 20 грамота иеленген. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі биылғы жылы да оқушылар түрлі халықаралық жарыстарда топ жарады деп болжап отыр.
● Астанада 2015 жылы 43 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметовтың айтуынша, Астанада аймақтарды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде 14 үйде 26 лифт жаңаланып, 5 үйдің шатыры жөндеуден өткен. Сондай-ақ, 17 көпқабатты тұрғын үйде 31 лифт ауыстырылған.
● Алматыда полицейлер жол апатына түскендердің өмірі үшін қан тапсырды. Бұл «Мың игі іс» акциясы аясында жүзеге асты. Алмалы ауданының тәртіп сақшылар «Адам өмірін арашалауға өз үлесімізді қосу үшін донор болу біздің азаматтық парызымыз», – дейді.
● Оңтүстік Қазақстан облысында 9 қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы басталды. Жоспар бойынша 48 пәтерден тұратын 9 қабатты екі үй салыну керек. Аталған жобаны «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы мен «Оңтүстік құрылыс сервис» серіктестігі бірлесіп жүзеге асырмақшы.
● Жамбыл облысында «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты флешмоб өтті. Шарада 100-ге жуық жас «Қара жорға» әніне билеп, патриоттық сезімді арттыратын шоу көрсетті. Жалпы, акцияның мақсаты – егемен еліміздегі отансүйгіштік сезімді еселеу, бейбітшілік, келісім, қоғамның бірлігі, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты нығайту болып табылады.
● Ақмола облысы Степногор қаласындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға арендалық баспана берілмекші. Осы орайда қала әкімдігінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аталған топтар үшін қолайлы жағдайлар жасау туралы меморандумға қол қойылды. Айта кетейік, бүгінде бірнеше тұрғын үйлерде әлеуметтік аз қамтылған отбасылар баспанаға қол жеткізген.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары, «ҚазАқпарат» агенттігі және «24kz» телеарнасының деректері бойынша дайындалды.