11 Ақпан, 2016

Көмек болған соң, жақсы бір іс бастадым

418 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
11 Қазір дағдарыс туралы сөздер көп айтылады. Ол бір суыт әлем секілді жұрттың талабын кейін қайтарып, еңсесін басып тастайтындай көрінеді. Менің ойымша, дағдарыстан бұлай жасқанудың керегі жоқ. Біздің елдің экономикасы әлемдік экономиканың бір бөлшегі, сондықтан дүниежүзілік қаржы және саяси дағдарыстардың оған ықпалы болғанымен де, әркім ішкі мүмкіндіктерді барынша білімділікпен пайдаланса, тек дами түсетініміз анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауларында және «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында, «Нұр Отан» пар­тиясының кезектен тыс ХVII съезінде сөйлеген сөзінде даму­дың жолдарын соқырға таяқ ұстатқандай етіп, бес институттық реформаны жүзеге асырудың әр нақты қадамына талдау жасап берді. Ең бастысы, іс істеймін дегенге мемлекет тарапынан көмек-қолдау бар. Бұл Елбасы айтқан «100 нақты қадамның» жүзеге асатынына, болашаққа сенім ұялата түседі. Мен Қостанайдағы А.Бай­тұрсынов атындағы мемлекеттік университетін Аудит және есеп мамандығы бойынша бітіргеннен кейін «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамына қызметке тұрдым. Осында қызмет істей жүріп, мені жеке бизнесімді ашсам деген ой мазалай беретін. Ол айналамыздағы экологияның сақталуына үлес қоссам деген ойдан өрістеген еді. Қазір полиэтиленнен жасалған ыдыстар өте көп, өмірімізді «жаулап» алды десе де болады. Өкініштісі, босаған полиэтилен ыдыстар мен қалталар айналаны ластап болды. Экологиялық тазалық әлемдік өзекті мәселеге айналғалы қашан. Полиэтилен қалдықтарынан құтылудың жолы оны өндіріске пайдалану екені аз айтылып жүрген жоқ. Мен осы полиэтилен ыдыс­тарды пайдаға қалай асыру керек деген сауалмен Ресейдегі осы мақсатта жұмыс жасап жатқан әріптестерге де бардым. Зерттедім, экономикалық шығындарын есептедім. Әрине, іс бастау үшін қаржы керек. Бизнес жобамды жасап, тиісті орындарға ұсындым. Жоба бойынша заманауи технологияны пайдалана отырып, мен босаған полиэтилен ыдыстар мен кәдімгі топырақ қоспасынан күнделікті тұрмысқа, өндіріске, құрылысқа қажетті бұйымдар жасап шығаруға тәуекел еттім. Мен сұраған 3 миллион теңгемді грант арқылы ұтып алдым. Шы­нымды айтсам, қуанышымда шек жоқ. Алған қаражаттың бар­лығын да полимер-құм өнімін шығаратын құрылғы сатып алуға жұмсадым. Қазір Жітіқарада менің болашақ өндірісімнің ғи­мараты, жабдықтарды орналас­тыру, құрастыру сатысы жүріп жатыр. Біз үстіміздегі жылдың жаз айларынан бастап өнім шы­ғара бастайтын боламыз. Біздің «Экополимер» кәсіпорнымыз шы­ғаратын жол жағасына тө­сейтін плиталар, брусчаткалар, декоративті албарлар, шатырлар, албарлардың бедерлері, канализация құбырларына арналған қақпақтар, тағы басқа да бұйымдар нарықта сұранысқа ие боларына сенімдімін. Мен мемлекетімнің қолдауы арқасында осындай жақ­сы іс бастауыма мүмкіндік алдым. Оны дамытып әкету өзіме байланысты. Қайрат МҰҚАТОВ, «Экополимер» жекеменшік кәсіпорнының жетекшісі. Қостанай облысы, Жітіқара қаласы.