Өткен жылдың соңына таман Тараз төрінде тойланып өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы көне шаһар басшысының жұмысын ширатып, іскерлік қасиетін таныта түскендей. «Сайгез» сайты облыс орталығы әкімдерінің жұмысын сараптай келе, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровтің жұмысын оң бағалап, өз әріптестері ішінде үшінші орын қойыпты. Бұл, әрине, жасыл қала әкімінің жыл өткен сайын шыңдалып, тәжірибесі толысып келе жатқанын байқатса керек.
Қайбір жылдары Тараз қаласының қақ ортасынан «Атшабар» деген тұрғын үй кешені пайда болған-ды. Биік, еңселі әрі өзгеше кейіппен салынған бұл әсем үйлер талайдың түсіне де кіргені анық. Әйтсе де қарқынды басталған құрылыс неге екенін қайдам, соңына жетпей тоқтап қалды. Әлде қаржысы жетпей қалды ма, әлде басқаша себептері болды ма, әйтеуір әдемі ғимараттарға ел қоныстанбай, бірте-бірте сиқы қаша бастады.
Бірақ, осындай құрылыстың елдің көз алдында құрып бара жатқаны жергілікті басшылардың да жандарына батты-ау деймін. Қала басшылары бұл тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып, нәтижесінде құрылысқа қайтадан жан бітті. Өткен жылдың соңында «Атшабар» тұрғын үй кешенінен «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бойынша бірқатар отбасыларға жаңа пәтер кілті табыс етілді. Құрылысты «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ аяқтады. Пайдалануға берілген көп жаңа қабатты үй 210 пәтерлі.
Жалпы алғанда, өткен жылы Тараз қаласындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 28 млрд. 271 млн. теңгені құрады. 2015 жылы бес қабатты 4 үй пайдалануға беріліп, тұрғындар қоныс той тойлады. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 2012-2014 жылдары республикалық және жергілікті бюджет есебінен 4 985,4 миллион теңге қаражат бөлініп, 56,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сөйтіп, негізгі индикатор 109,7 пайызға орындалып отыр. Соңғы төрт жылда қалада 151 көп қабатты тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал қайтарылған 258 миллион теңге қаражатқа қосымша 19 үй қайта жаңғыртылды. Үш жылдың ішінде қала сыртындағы бірнеше тұрғын алқапқа ауыз су құбырлары тартылды. Инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға бөлінген 6765,1 миллион теңге қаржыға газ, электр желілері жүргізілді.
Жалпы, соңғы жылдары мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшалармен толық қамту жөніндегі мемлекет ұстанымына сәйкес өңірдегі балабақшалар саны жылдан-жылға артып келеді. Жақында «Бәйтерек» шағын ауданында жобалық-смталық құны 472,9 миллион теңгені құрайтын «Еркеназ» балабақшасы 280 бүлдіршінге есігін айқара ашса, «Арай» тұрғын үй алқабында 280 орындық тағы бір балабақша ғимараты пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, «Жігер», «Проектировщик», «Рассвет» тұрғын алқаптарына 19 шақырым су құбыры жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды. «Барысхан» тұрғын алқабына 23 шақырым газ құбыры тартылып, алқап тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. «Ақжол» алқабын электрмен, «Мичуринец» алқабын электр және газбен, «Қайнар» алқабын электр және газбен қамтамасыз ету құрылыстары жүргізілуде. «Төрткөл» алқабында 12,5 шақырым электр жүйесі қайта жаңғыртылды.
Тағы да сол «Арай» алқабындағы тұрғын үй кешеніне 22 шақырым телефон, су, кәріз, жылу және газ жүйелерінің магистральды және жақындату желілерінің құрылысы салынды. «Бәйтерек» шағын ауданына 22 шақырым магистральды телефон жүйесінің құрылысы жүргізіліп пайдалануға берілді.
Халқы еңбекшіл елдің экономикасы өрісті, қоғамы тұрақты, тұрмысы түзу болатыны белгілі. Осылайша татулықтың ордасы болған көне Тараздың тірлігі алға басып, тасы өрге домалап тұр.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.